Ойға ой, көңілдерге нұр құйған кеш
09.09.2025
157
0

Бүгін – Қазақстан халқы тілдері күні. Осы мерекеге орай Алматыдағы Принтмедиа технологиялары колледжінде ақын-жазушылармен кездесу кеші өтті.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.
Еліміздегі полиграфия саласындағы бірегей оқу орны – Алматы қалалық білім басқармасының «Принтмедиа технологиялары колледжі» КМҚК оқытушылары мен студент-жастары қатысқан кездесуде ақын-жазушылар тіл мәртебесі, рухани қазынамыз, адамның жан-жақты дамуындағы әдебиеттің орны жайлы ойларын ортаға салып, кеш қатысушылары оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Ақындар Шаяхмет Алжанбай, Бақытбек Бәмішұлы, Саят Қамшыгер ана тіліміз жайлы тебірене сөйлеп, дүркіреп жыр оқыды.
Алматы кітапханаларына қарасты 4-кітапхана ұжымы ұйымдастырған бұл кездесу ойға ой қосып, қиялыңды шарықтатар, көңілдерге нұр құйып, жанға ләззат сыйлар рухани дүниенің маңызын тағы бір сезіндірген кеш болды.
Айта кетейік, 1989 жылғы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданды. Осыған орай 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланған 1998 жылдан бастап тойланып келеді. Дегенмен жиырма жылдан соң үкімет қаулысымен атаулы датаның күні өзгертіліп, Тілдер күні 5 қыркүйек болып белгіленді. Өйткені 5 қыркүйек – халқымыздың тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

Өз тілшімізден

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір