Қабдеш Жұмаділов. Арқаның арқыраған әні қайда?
21.09.2020
1152
0

Мен осыдан бірер жыл бұрын Ақтоты Райымқұлова Мәдениет министрі болып келгенде, ол кісіге ашық хат жазып («Қазақ әдебиеті»), қазіргі қазақ өнерінің теледидардағы насихаты жайында ойларымды ортаға салған едім. Онда шырқап салатын дәстүрлі әндерге орын тимей, теледидарды биге бейімделген жеңіл ырғақтар басып кеткенін, биік дауысты қажет етпейтін ондай әуендерді орындайтын дарынсыз әншілердің де күпінің битіндей қаптап кеткенін айтқан едім. Сондай-ақ, тәулігіне 12-15 сағат экраннан түспейтін сайқымазақтардың көрерменді әбден мезі еткенін айта келіп, министрлік тарапынан осыларды сараптан қайта өткізуді өтінген едім. Алайда  Ақтотының шамасы келмеді ме, әлде теледидар маңындағы пысықтар ырық бермеді ме, әзірше ешқандай өзгеріс байқалмайды.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, Қазақстанның халық жазушысы


         Әсілі, биік дауысты қажет ететін, екінің бірі тұмсық сұға алмайтын шырқау әндердің мектебі Арқада қалыптасқан. Ондай әндерге шек қою, орын бермей шетке қағу – қазақ классикалық ән өнерінен бас тарту деген сөз. Мәселен, сонау Сегіз серіден бастап, Біржан мен Мұхитты, Ақан серіні, Жаяу Мұса мен Үкілі Ыбырайды, Жарылғапберді мен Әсетті, Мәди мен Иманжүсіпті сызып тастап көріңізші, қазақ әнінен не қалар екен? Осындай асқақ үнді әнші-композиторлардың бір мезгілде іркес-тіркес шығуы жайдан-жай кездейсоқ нәрсе емес. Арқа – құт қонған, өнер дарыған қасиетті өлке. Жалпы, аққу бейнесіндегі өнер құсының қазақ даласын қалықтай ұшып өтіп, соңында Арқаға барып қонғаны туралы Шоқанның ел аузынан жинаған жазбасы бар.

         Ал біз ұлы ғалымның сол өсиетін ескеріп жүрміз бе? Жоқ. Сол баяғы теңгермешілік. Өнер атаулы кім епті, кім пысық болса, соның қанжығасында. Билеп жүріп ырғақпен ән салатындар биік дауысты Арқаның әндерінен қашады. Оларға өз дауыстары жетпейтін шырқау әндерден гөрі қайырмасы қысқа, елтең-селтең оңай әндер тиімді. Қазір әншінің тым көбейіп кетуі де сондықтан. Солар жан-жақтан жабылып жүріп, ақыры тыңдаушылардың талғамын бұзып болды. Қазір концерт залына барып қалсаңыз, жеңіл ойлы ыржақай жастар симай отырады. Солар билеп жүріп ән салатын тепеңкөк әншілер мен дарынсыз күлдіргіштердің бәлдір-батпақ сөздерін естіп мәз болады. Екі езулері екі құлағында. Осылар өз ұрпағына не тәрбие береді? Қандай үлгі қалдырады?

         Бұл күнде өз әнін өзі орындайтын халық композиторларының заманы өтті. Есесіне, солардың әнін орындайтын ұлы әншілер шықты. Өкініштісі, біз солардың мектебін жалғастыра алмай жүрміз ғой. Бізге толық жетпеген Әмірені айтпаған күннің өзінде, одан бері де көзіміз көрген Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ермек Серкебаев, Кәукен Кенжетаев, Байғали Досымжанов, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сынды әншілердің таспадағы дауыстарын неге қайталап беріп отырмасқа?

         Соңғы айларда талантты әншіміз Айгүл Қосанова «Күміс көмей, жез таңдай» деген айдармен дәстүрлі әндер тарихына терезе ашқан екен. Жақында Біржан мен Мұхит әндерін жастардың орындауында тыңдап бір жасап қалдық. Осы «Күміс көмей» айдарында Бекзат деген жас жігіт Жарылғапбердінің «Ардағын» бабына келтіріп бір орындады-ау! Осы әннен кейін мен өзімді бірнеше күн жақсы сезініп жүрдім… Іске сәт, Айгүл!

         Арқа әндерінің ішінде небір дүлдүлдері бар-ау! Бір кездесуде оқырмандардың бірі менен: «Қандай шығарманы шедевр деп атауға болады?» – деп сұрап қалды. Шедеврлер әдебиетте де бар, әрине. Бірақ оны қолма-қол ұғындыру қиын. Сондықтан мен шедеврге әннен мысал келтіріп:

         – Бибігүл айтатын «Гаухартас» пен Ермек орындайтын «Сұршақыз» әндерін шедевр деп ұқсаңыз қателеспейсіз, – дегенім есімде.

         Қазір телеарналарда «Жұлдыздар жекпе-жегі» деген айдармен жас әншілердің байқауы өтіп жатады. Әркім өз дауысы жететін әндерді айтады. Көпшілігі – би ырғағына құрылған жаттанды жеңіл әуендер. Солар және төрешілерден жоғары баға алып, әнші деген атаққа ие болады. Бұл енді, сыпайылап айтқанда, өнерге деген есікті айқара ашып тастағандық. Мұндайда талапкерлерге биік дауысты дәстүрлі әндерді айтқызу керек. Дауысы жоқ па? Онда өкпелемесін, халтураның қатарын көбейтпей үйіне қайтып басқа кәсіппен шұғылдансын.

         Соңғы жылдардағы ән өнеріндегі үлкен жаңалық – Димаш Құдайберген. Феномен. Құдай ерекше жаратқан талантты әнші. Мен оның Нью-Йоркта, Мәскеу мен Киевте өткен концерттерін зор мақтанышпен ықылас қоя тыңдап отырдым. Димаштың соңғы кездегі репертуары негізінен шетел тыңдаушыларына арналған. Басты кемшілігі – үлкен сахналарда «Дәйдидаудан» басқа қазақ әндерін айтпай жүр. Осы жағын мықтап ойлануы керек. Менің ойымша, Димаштың дауысына қазақтың «Қараторғай», «Шапибаяу», «Япурай» секілді әндері, Мұхиттың «Зәуреші» біршама үйлесер еді.

         Қорыта келгенде, мен осынау шағын мақаланың атын «Арқыраған Арқаның әні қайда?» деп атап, зор дауысты, кең тынысты әндерді неге іздеп отырмын? Оған себеп, шынтуайтқа келгенде, ән дегеніміз – дауыс. Адамның рухын көтеретін, қазақтың кең даласына тән, асқақ үнді зор дауыстар. Бір сөзбен айтқанда, ән – адамның жан айқайы. «Алты қырдың астынан ән шырқасам, қайтып дәтің шыдайды ояу жатып?» – дейді қазақ жігіті сүйген жарына. Өз дауысының діттеген жеріне жететініне сенімді. Мәселен, көп адам топтанып ұран шақырғанда арқаң қозып, неге жігерленіп кетесің? Дауыстың бір сиқыры осында… Өкінішке қарай, кейінгі кезде хорға арналған шығармалар қожырап кетті. Мүмкіндік болса, көп дауысты хорды жандандыру керек.

         Сонымен, бізде қазір ән көп. Әншілер одан да көп. Нақты есебін алған кісі жоқ, жалпы әншімін деп жүргендер мыңдап саналатын шығар. Әнге қойылатын талаптың арзандағаны сонша, қазір ерлі-зайыптылар экранға жұптасып шығатын болды. Бала-шағасын шұбыртып, ертіп шығатындар да жоқ емес. Үстірт қараған адамға бүкіл Қазақстан ән салып тұрғандай болып көрінуі де мүмкін. Бірақ бұл ән өнерінің шарықтап өсуі емес, кім көрінгеннің өзін жарнамалайтын ермегіне айналып, қатты құлдырауы деп түсінгеніміз жөн.

         Әсілі, би ырғағында, микрофонның көмегімен ілдебайлап ән салатын, азын-аулақ дауысы бар арзанқол әншілерге кең жол ашатын – телеарналар. Теледидарға бәрібір, өздеріне пайда түсірсе, бағдарлама орындалса болғаны. Әннің сапасына қарап жатпайды. Мұның ең зиянды жағы – жаңағы халтура телеэкран арқылы бірден миллиондаған көрерменнің алдына шығады ғой. Осыдан барып, қалың көпшіліктің талғамы бұзылады.

         Біз, әрине, теледидардың жергілікті жастарды әртүрлі формада өнерге тартуына қарсы емеспіз. Бірақ осы «қамқорлықтың» өзі біркелкі емес, ала-құла көрінеді. Қарап отырсаң, телеэкраннан түспейтіндер – кілең бір өңірдің адамдары. Не үшін екен, Арқа жеріндегі өнерлі аймақтар қағаберіс қала береді. Біздіңше, миллионмен күнде тілдесетін теледидарды белгілі бір топтың еркіне беріп қоймай, мәдениет министрлігі сияқты құзырлы орындар күнделікті қадағалап, теңшеп-теңгеріп отырса теріс болмайды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір