ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛ КҮЙІ ЖАСАНДЫ КҮЛКІМЕН КӨТЕРІЛМЕЙДІ
03.07.2019
264
1

(Мәдениет және спорт министріне ашық хат)

Қадірлі Ақтоты Рахметоллақызы!
Алдымен айтарым: жаңа қызметіңіз құтты болсын! Ел үмітін ақтап, өз қызметіңізді табыс­пен атқаруыңызға тілектеспін.
Мен қазақтың ән өнері мен оның теледидар­дағы көрінісі жайындағы кейбір ойларымды жиындарда бұрын да арагідік айтып жүретін­мін. Бірақ менің пікіріме құлақ асқан ешкім болмады. Бүгін жаңа президент таққа отырып, мәдениет саласына жаңа министр келген кезде сол ұсыныстарымды қайта тірілткім келіп отыр.
Айналайын Ақтоты, мен сенің әкеңді білуші едім, анаңды білуші едім. Университетті бітірген соң «Қазақ әдебиеті» газетінде әкеңмен бірер жыл бір бөлімде қызмет істеп едім. Рақаңның жасы елуден асқанда құдайдан тілеп алған жалғыз тұяғы – сен ол кезде бір жасқа жаңа толған сәби болатынсың. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деген осы, міне, көрдіңіз бе, сол кішкентай Ақтотыға жасым сексеннен асқанда ой бөлісіп, хат жолдап отырмын.
Өзің сол саланың маманысың ғой, білесің, ән – халықтың қазынасы. Әсіресе біздің қазақ әнсіз өмір сүрмеген. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегенді ұлы Абай тегін айтты дейсің бе?! Тал бесіктен жер бесікке дейін ажырамас серігің – ән мен өлең. Ән де өз ортасына, табиғатқа тартып туады, қазақтың даласы қандай ұшы-қиырсыз кең болса, оның әні де алыстарға жететін кең құлашты, асқақ үнді болып келеді. Ғашық жігіттің «Алты қырдың астынан ән шырқасам, қайтып дәтің шыдайды ояу жатып» дейтіні содан. Қазақ музыкасында жан-жануардан ауысқан дыбыстар қаншама. Мәселен қобызға қосылған жыраулар сарынында жылқының арқырай кісінегені, құлан­ның қышқыра азынауы, аруананың боздауы айқын білініп тұрады.
Қазақта екі ауыз өлең шығармайтыны, ойын-тойда «әу» демейтіні кемде-кем. Соған қарамастан, қазақ елінде танымал әншілер тым көп емес-ті. Олай болатыны – «әу» дейтіндердің бәрі өздерін «әншімін» деп санамайтын. Даңғайыр әншілердің мұрасын кім көрінген емес, дауысы барлар ғана орындайтын-ды. Екінің біріне қазақ әні де көне бермейтін. Әсет ақынның: «Бозбала, бұл әнімді үйренерсің, нәшіне келтіре алмай күйзелерсің» деп қауіп ойлайтыны содан. Ол заманда дыбыс жазу құралдары жоқ. Сегіз сері, Біржан, Ақан сері, Мұхит, Естай, Әсет, Жаяу Мұса мұрасын бізге олардың талантты шәкірттері жеткізген…
Ал қазір ше? Қазір әнші де көп, ән шыға­ратын сазгер де көп. Техника дегенің солардың құзырында. Азын-аулақ дауысың болса болғаны, дауыс күшейткіш микрофондар сені қолма-қол «әнші» етіп шығарады. Нақты есебін алған ешкім жоқ, қазір теледидардан түспей­тіндердің өзі мыңнан кем болмас. Қос-қостап шығатын ерлі-зайыптылар қаншама! Бірсы­дырғы дауысың болса, әдеміше келген әйелің болса жетеді, қол ұстас та сахнаға шыға бер. Қазір әннің әуенін де, сөзін де өзі шығаратын «әмбебаптар» көбейіп кетті.
Соңғы жылдары әннің де, әншінің де көбейіп кеткені – ән айтуға бәлендей зор дауыстың қажет болмай қалуынан. Өйткені қазір сахнада, телеэкранда айтылып жүргендер – ән емес, жәй би әуеніне құрылған ырғақтар. Әншінің өзі сахнаға билеп шығады, өзі ғана емес, соңына ерген бір топ бишісі тағы бар. Мұндай би ырғақтарын орындауға ешқандай дауыстың керегі жоқ, дүңкілдеген музыкаға ілесіп, ыңылдап тұрсаң болғаны… Қазір әннің де, әншінің де көбейіп кеткені содан деседі білетіндер.
Теледидар басшылығы үлкен залдарға жұртшылықты жинау үшін (ақша табу үшін десе де болады) Шәмшінің, Әсет Бейсеуовтың, Ескендірдің әндерін алға салып, анда-санда «Сағындырған әндер-ай» деген айдармен концерт қоятыны бар. «Ырғақтан» жалыққан халық, әрине, ашылаған қойдай үймелейді… Менің түсінбейтінім: халық неге өз әнін өзі сағынуы керек? Жақсы әндерді күн сайын, апта сайын неге тыңдап отырмайды?
Біздің ойымызша, ән мен ырғақты шатас­тырмай, екіге бөлу керек сияқты. Жастар би ырғақтарына құмартып тұрса, мархабат, олар театрға өздері барып тыңдасын. Сөйтіп, өз тыңдаушысы бар, шырқап салатын әндерге де бөгет жасамасын.
Екінші мәселе: біздегі күлдіргі сықақшылар жайында. Олардан түскен арыз-шағым жоқ. Керісінше, бізде қазір екі алып биге шығып, үлесін мол қармап жүргендер – сол сықақ­шылар. Мен ерінбей бірнеше дүркін санадым. Сенесіз бе, қазір телеарналарда күлдіргілерге тәулігіне 10-12 сағат уақыт беріледі екен. Санай беріңіз: «Шаншар», «Екі езу», «Әзілман», «Әзіл­дер жинағы», «Әзіл әлемі», «Үздік әзілдер», «Адыраспан», «Күлпаштың әңгімелері», «Нысана»… Осылай кете береді.
Сонда келетін ой: «Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем» дегендей, осы біз тым көп күліп қойған жоқпыз ба? Күлдіргілердің де саны аз емес, жүздеп саналады. Жоғарғы жақтан біреулер: «Өл-тіріл, тек мына халықты күлдір» деп тапсырма берген секілді. Бірақ тәулігіне он екі сағат бойы күлдіру оңай ма, залда отырған көпшілікті күлдіре алмаған соң, сықақшы байқұстар ақырында тарқылдап өздері күледі. Еркегі әйелше киініп, әйелі еркекше киініп, орғып-секіріп, әртүрлі оғаш қылықтар жасап, еріксіз езу тартқызады…
Міне, соңғы он шақты жылда көрген күніміз осы. Соншама мүмкіндік берілгенде жаңағы тобырдың арасынан не марқұм Оспанхан, не бүгінгі Көпен Әмірбек сынды орынға тұратын бір сықақшы шықса екен-ау! Әрине, сан қуған жерде сапа қайдан болсын-ау!
Қорыта келгенде айтарымыз: күлкіні азайту керек. Тәулігіне он екі сағат бойы ыржақтап күле беретін – біздің қазақ соншалықты дарақы халық емес. Біреулер: «Би ырғағымен ән салатындар да, жұртты зорлап күлдіретіндер де өнері тасығандар емес, оларды әуреге салып жүрген – күнкөрістің қамы ғой» деуі мүмкін. Олардың күн көрісіне мен де қарсы емеспін. Алайда, ондай халтура халықтың талғамын бұзады ғой. Естеріңізде болсын, халықтың көңіл күйі жасанды күлкімен көтерілмейді. Қазақ жөн білсе, дәл қазір күлкіні қоя тұрып, шекесін шеңберлеп ойлануы керек. Есірік күлкі – ес жиғызбаудың, алды-артын ойлатпай алдарқатудың амалы ғана.
Ойлан, қазақ!
Әзірге ортаға салар ойлардың бір парасы осындай, Ақтоты. Бұлардың болашақ қыз­метіңде пайдасы тиер деген ойдамын.

 

 

 

Ізгі тілекпен,
Қабдеш Жұмаділов,
Қазақстанның Халық жазушысы

ПІКІРЛЕР1
Нақыпбек Сәдуақасов 03.07.2019 | 21:27

Өте дұрыс ойлар, өте дұрыс ұсыныстар! Халық қолдайды!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір