Өзі батыр, өзін әнші Жақсыгелді
14.09.2020
1257
1

«Өзіндік қасиетінен айырылған ұлт өледі, Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана» деп Жақаңның ағасы Ахаң айтып та, жазып та кетті. Шыңғыстаудан Көкшетауға, одан Ұлытау, Балқашқа дейінгі созылып жатқан Сарыарқаның сахарасында қаншама әнші, жыршы, сал, сері өтпеді. Ғалымдардың, өнер зерттеушілерінің айтуынша, Еуропадағы ең сұлу әнші ел италиялықтар болса, Еуразия кеңістігіндегі ең сұлу әнші ел – қазақ елі. Негізі Арқа жерінде қазақтың ұлы әншілік дәстүрі дамыған. Арқаның сал-серілерінің теңдессіз ғажап әндері бұхара халықтың ғана емес, шынжырбалақ шұбар төс, бай шонжарлардың да пайдасына шешілді, атағын елге жайды. Мысалы, Біржан арқылы Азнабайлар, Ақан арқылы Батыраш, Қотыраш, Жаяу Мұса арқылы Шорман әулеті, Мәди арқылы Қақабай, Бәпи, тағы басқаларын озбырлығы жағынан болса да ел таныды. С.Сейфуллиннің тапсырмасымен 1922 жылы қазақтың көркем табиғаты мен жерін аралап, ән, жырын жазған жиһанкез А.В.Затаевичтің өзі әсем музыкасы жанды баурайтын сахарадағы әнші ел – қазақ елі екенін мойындағанын білеміз. Арғы дәуірдегі аты аңызға айналған Арқаның атақты сал-серілері кейінгі ұрпаққа ұлы мұраларын табыс етті. Олардың көзін көрген Балуан Шолақ, Иманжүсіптерден мұраны аманаттап қабылдаған Қосымжан Бабақов, Қуан Лекоров, Қали Байжановтар әнді өз тұғырынан тайдырмай қоздата білді.
Байғабыл домбырасын қолына алсын,
Азырақ әуелетіп әнге салсын.
Талапты жастар болса айтып жүрер,
Үлгі боп кейінгіге артта қалсын.
Домбырам төл жолдасым жасымдағы,
Мұңайсам, көңілімді ашар қасымдағы.
Қадірлеп жетпіс үш жыл алып келдім,
Ағартып шашымды да басымдағы, –
деп құйқылжытқан Байғабыл Жылқыбаев бұл дәстүрді жалғастырып, бергі ұрпаққа жеткізді. Бұлар қағидалы заңы бар, сайын далада еркін жүріп ән салған, дала мектебінің өкілдері болатын. Осы Арқа дәстүріндегі үлкен мектептің жалғастырушылары Жахаң өзі ұстаз тұтатын Игілік Омаров, туған ағасы Мыңбай Кемалов, Қарақойшы Мұхаммедин, Гүлбаршын Ақпановалар еді. Енді біз әңгіме еткелі отырған өзі батыр, өзі саңлақ әнші Жақсыгелді Кемалов та осы құдіреті күшті дала мектебі өкілдерінің бірі әрі бірегейі. Жахаңмен таныстығым асқар Алатаудың бауырындағы Алматыда 1985 жылы өткен жастардың Республикалық «Жігер» фестивалінде басталды. Алдын ала хабарланып, консерваторияны, Эстрада цирк студиясын бітірген түлектер ағылып, елдің түкпір-түкпірінен филармонияның сен тұр мен атайын сақа әншілері мен күйшілері тегіс жиналды. Қазылар алқасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов, Қазақстанның халық әртісі, профессор Қаршыға Ахмедияров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ермұрат Үсенов, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Қалампыр Рахимова, ақиық әнші Жәнібек Кәрменовтер болған еді. Жүзден аса өнерпаз қатысып, жарыс үш күнге созылды. Күйшілерден Алпысбай Тұрсынбеков пен Секен Тұрысбек жүлделі болды. Осы кезде менің есімде қалғаны, сахнаның сәнін кіргізген, бойы да, ойы да биік, әншілігі ешкімге ұқсамайтын ерекше қуаты мол қоңыр дауысты, алып қазақ болды. Ол ән салғанда сахнадан Сарыарқаның самалы есіп, жусанының жұпар иісі аңқығандай сезімде қалдық. «Мен арнайы оқу орнын бітіргенмін, кәсіби әншімін» дегендерден асыра сілтеп, үкілі үміті ақталып, лауреат атанды. Қасымда осыларға жанкүйерлік танытып отырған әнші, күйші достарым Рымтай Бөдесов, Саламат Қазақбаев, Алпысбай Тұрсынбеков, Жоламан Құжиманов, Әбдразақ Қазаншиев, Ғабиден Нұртаевтар бар, сол жерде Жахаңмен танысудың сәті түсті. Сахнада жүрген саңлақ әншінің бірі ме десек, Қарағанды мемелекеттік университеті, тарих факультетінің ІІІ курс студенті екен. Әншілікті шебер меңгере бастаған Жахаң өз мүмкіндігін пайдаланып, алға қарай адымын алшаң басып, құйысқаны көтеріліп, енді үлкен байқауларға да араласа бастады. 1988 жылы Әміре Қашаубаевтың 100 жылдығына арналған ІІ Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы конкурс тағы да әсем Алматыны әнге бөледі. Қазылар алқасында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кенжебек Күмісбеков, Қазақстанның халық әртістері, әнші, композитор Дәнеш Рақышев, шертпе күйдің шебері Мағауия Хамзин, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Жәнібек Кәрменовтер болды. «Тұлпар мен сұңқарға баға жоқ» демекші, бұл жолы да Жақсыгелдінің бағы жанып, бәйгенің алдын бермейтін қазан аттай қарқындай, самайынан тер моншақтап, маңдайынан сұлудың лебізіндей ерке жел есіп, дипломант атанды. Осыдан кейін-ақ мұны тыңдап, әншілігіне бас иген Симановский Қарағанды облысы басшыларына айтып, солардың шақыруымен филормонияға әнші боп қабылданып, бабалар дәстүрін шаршамай, талмай насихаттауға кірісті. Қазақтың небір саңлақ әншілерін өмірге әкелген Жаңаарқа ауданының Ақтүбек ауылында өнерлі отбасында туған жас өреннің еңбегі бағаланып, ол кезде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын азаматтарға ғана берілетін Қазақстан жастар одағы сыйлығының иегері атанды (бұрынғы Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты). Кеңес өкіметі құлап, егемендіктің алғашқы жылдары урбанизация дәуірі басталып, ел босып, ауылдан қалаға ағылған жұртта есеп болмады. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» демекші Арқадан Алматыға да ел қоныс аударды. Жұмыссыз халық базар жағалады. Өнер орындары жабылып, «Байтал түгіл бас қайғы» болып, қазақ музыка насихатының бәрі қым-қиғаш өзгеріске түсіп, бей-берекет дүние басталған кезде, өнердегі айтулы тұлғалардың өзі сең соққан балықтай есеңгіреп, пұшайман күй кешті. Бұл уақыт кешегі Жоңғар шапқыншылығында босқан елдің бір көрінісін еске салды.
Сарыарқаны сайрандап,
Кең даланы ен жайлап,
Алшаңдап жүрген, ханым-ай!
Еліңе тұтқа болып ең,
Разы қылып бәрін-ай.
Абылайлап ұран салғанда,
Алды-артына қарамай,
Беттесуге жарамай,
Қашушы еді жауың-ай.
Атадан асып туған, ер Абылай,
Арқада алшаңдаған, сері Абылай.
Ырту-ырту өрлерде,
Асу-асу белдерде,
Алыста қалған жерлерде,
Талай істер басыңнан,
Өтіп еді жасыңнан.
Тұрымтайдай күніңде,
Үргеніштен мұнда кеп,
Қалың қазақ елім деп,
Сарыарқаны жерім деп.
Жұртыңа келіп хан болдың,
Ақылың асқан жан болдың.
Кейі батыр, кейі би,
Үйсіннен шыққан Төле би.
Бар қазаққа төбе би,
Қаздауысты Қазыбек,
Керейде батыр Жәнібек,
Кіші жүзде Әйтеке,
Серке, Қара Тілеуке,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай.
Сүйіндікте Олжабай,
Шапырашты Наурызбай,
Бағаналы Баяндай,
Хангелді батыр Райымбек,
Шақшақұлы Жәнібек,
Қойгелді Шымыр, ер Мәмбет,
Қарабұжыр Жаңатай,
Бердіқожа, Сатай, нар Бөлек,
Қарақалпақ Қылышбек,
Батырларың тағы бар.
Уақ сары Баяндай.
Оразымбет Балталы,
Садақты кере тартады.
Байғозы батыр Тарақты,
Бұған және қосыңыз,
Көкжарлы көкжал Барақты –
деп, Бұқар бабамыз заманында халықтың қамын жеген Абылайхан бастаған айтулы батырларды суреттеп жырына қосқан еді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі аумалы– төкпелі кезеңдер халқымыз үшін де жеңіл болған жоқ. Осы бір ауыр күндерде қарағай домбырасы қолында, Бабасы Байғозы батырдай табандылық танытып, өз тұрағын өзгертпей төрттағандап, Қарағанды халқына әнмен демеу берген қара бала – болды. Бүгінде Жахаң, кезінде Қазақстанның халық әртістері Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков, бертін келе Жаңыл Қартабаева қызмет еткен, кейіннен халқы құрметтеп, атын берген Қарағандыдағы облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі. Сонымен қатар Тәттімбет атындағы өнер-саз колледжін ұстазы. Заманында бірінші болып Париждің төрінде ән салған Әміре Қашаубаев, артынша «Гүлдер» ансамблімен барып Парижді таң қалдырған Қайрат Байбосыновтардың жолын бүгінде Жахаңдар жалғастырып келеді. Жақсыгелді Кемалов өзі құрметтейтін Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұжымымен талайға арман болған, ешкімнің маңдайына жазыла бермейтін үлкен сапарларға шығып, Вашингтон, Лондон, Иордания, Швецария, Швеция, Германия, Венгрия, Түркия, Иран, Ирактан тартып аралап, ақбас бурадай күркіреп, қазақ әнінің құдіретін танытты. Атақты әлем әншілері ғана ән салатын Мәскеудің «Колонный» залында өнер көрсетіп, түрлі ұлт өкілдерін таң қалдырып, қол соқтырды. Бұл еңбегі де бағаланбай қалған жоқ, асқақ әнші Президент жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бүгінде Қазақ радиосының алтын қорында Жақсыгелді Кемаловтың орындауындағы ән, толғаулар, оған арналып жасалған хабарлар қатталып тұр. «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың» демекші, уақыт өте Жахаңның өнер жолындағы тағы бір қыры ашыла бастады.
Көгенде қозы,
Желіде құлын байлауда,
Жерошақ бықсып,
Қазанда бағлан қайнауда.
Қазақы үйдің қайыра түріп іргесін,
Қайғысыз, қамсыз отырушы едің жайлауда, –
деп жырлаған өзінің феномен ақыны Мұқа­ғали Мақатаевтың сөздеріне жазған әндері ел көңілінен шығуда. «Өлмейтін атақ қалдырып, дүниеге көңіл бөлмепті» деп һәкім Абай айтпақшы, қазақ өнеріне аянбай тер төккен тектілігі зор саңлақ әншіні 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапаттады. «Сары аязда қата ма, қайнардың аққан тұнығы. Қап түбінде жата ма, болаттың асыл сынығы» деп Ақтамберді жырау айтқандай, әлі де шығар биігіңіз, алар асуыңыз алда. Отбасыңызға бақыт, еңбегіңізге жеміс тіледік!

Қошан МҰСТАФАҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ПІКІРЛЕР1
Аноним 09.03.2021 | 21:29

Керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір