Шөмішбай Сариев – ҚОС ҚАНАТТЫ АҚЫН
10.09.2020
2733
0

Естай ӘЛІКЕЕВ, ақын, композитор

«Шөмішбай Сариев – поэзиямызға 70-жылдары келген БІР ТОП талантты ақындардың ортасында өз өлең өрнегі , өз алдына дауысы ә дегенде белгілі болған ақындардың бірі… Шөмішбай – қос қанатты ақын. Біріншісі, лирикалық жырлары болса, екіншісі ­– ән-өлеңдері. Поэзияның екі саласы ақынның қос қанатына айналған», – деп ақын Ғафу Қайырбеков жоғары баға берген.
Оның есімі өлеңсүйер, әнсүйер қауымға кеңінен таныс. Ақынның лирикалық жырлары мен ән өлеңдері көптеген қазақ композиторларының шығармашылығына арқау болды. Бұл салада ол кешегі Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев сияқты ән мәтіндерін көп жазған ақын ағаларының өнегесін ұстап қалғандай көрінеді. Оның талантты туындылары халық сүйіспеншілігіне бөленіп, көптеген мемлекеттік және қоғамдық, әдеби марапаттарға ие болған. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медальмен марапатталған және «Платина Тарлан» сыйлығын, «Жыл Адамы – Алтын адам», «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығын алған ақын.
Оның жиырмаға тарта өлең кітабы жарық көрген және де ол әдебиет зерттеуші ғалым ретінде кең құлашты еңбектер жазып келеді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері. Қазақстан тәуелсіздігіне арнап шығарған «Қазақ лирикасы: көркемдік ізденістер және ұлт тәуелсіздігі» атты ғылыми еңбегін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесі бекітіп, кітап болып жарық көрді.


Шөмішбай Сариев 300-ден астам халыққа кең тараған ән сөздерінің авторы. «Айналдым сенен, Атамекен-ай», «Сәлем саған, туған ел», «Толғау», «Аралдан ұшқан аққулар», «Домбыра», «Жусан исі», «Қазағымның күйлері-ай», «Сарыарқа», «Бозжорға», «Қазақстан», «Дос керек», «Аяулым», «Арайлы Астана», «Аға, сенсің – Алатауым», «Сағынышым – Астана», «Сүйінші», «Асыл ана», «Ғашықтар жыры», «Аққу сенім», «Ойлан, балам», «Сағындым, сағым жылдар», «Қайран уақыт» тағы басқа ән-өлеңдері көпшілік қауым сүйіп айтатын туындыларға айналды. Кезінде ғалым, Шөмішбайдың ұстазы, қазақтың біртуар тұлғасы Зейнолла Қабдолов ағамыз: «Әннің ғұмырлы болуы – ол тек сөз мәтініне ғана байланысты, әннің сөзі жақсы болса ғана әнді халық сүйіп айтады, ғұмырлы болады, мен сондай әндердің мәтінін Шөмішбайдың жазған ән-өлеңдерінен көріп, сезінемін, әнге мәтін жазудың шебері», – деп бағалаған еді. Дәл сондай пікірді Қазақстанның Еңбек Ері, әнші Роза Рымбаева да: «Шөмішбайдың өлеңіне жазылған әндер осыдан 30-40 жыл бұрын жазылса да, әлі күнге дейін жаңа жазылған ән секілді, сахнадан түскен жоқ, өзінің өзектілігін, өміршеңдігін сақтап келеді», – деп айтқан. Шөмішбай Сариевтың көп әндерінің алғашқы орындаушысы Роза Қуанышқызы. Әнші «Айналдым сенен, Атамекен-ай», «Сәлем саған, туған ел», «Аралдан ұшқан аққулар», «Домбыра», «Еркеледің сен», «Толғау», «Қазақ елі» тағы басқа көптеген ән-өлеңдерін халыққа кеңінен жеткізіп келеді.
Ақынның «Сәлем саған, туған ел» кітабына халқымызға кеңінен танылған нотасымен басылған ән-өлеңдері енген. Ақын кітабының басты темірқазығы – тәуелсіздік және ұлттық патриотизм. Ел туралы, халқымыз туралы парасатты ойлармен көмкерілген лирикалық ән-өлеңдері – ұлтымыздың жүрегінде. Халық әртісі Роза Рымбаева орындайтын «Айналдым сенен, Атамекен-ай», Бағдат Сәмединованың репертуарындағы «Сарыарқа», Астананың тұсаукесерінде ресейлік «На-на» ансамблі орындаған «Бозжорға», әлемге қазақ әнін, үнін жеткізген әнші Димаш Құдайбергеновтың орындауындағы «Қарағым-ай» әні, композитор Ренат Гайсин музыкасын жазған «Сағынышым – Астана» әні тағы басқа көптеген ән-өлеңдері Тәуелсіз Қазақстанның үніне айналған.Сонымен қатар қазақтың майталман әншілері Мақпал Жүнісова, Нұрлан Өнербаев, «Дос-Мұқасан», «Музарт», «Ринго», «Кэшю» топтары, Карина Абдуллина және де қазіргі жас әншілер – Қайрат Нұртас «Мазала» әнін, Әли Оқапов «Бозжорға» әнін жаңа ритммен айтып, халқымызға кең таратып жүр.
Шөмішбай Сариевтың композитор Төлеген Мұхамеджановтың музыкасына жазған «Аяулым» әні Халықаралық «Азия дауысы» конкурсында әнші Бауыржан Исаевтың орындауында тыңдарманға жетіп, алғаш рет қазақ әні Гран-при жүлдесіне ие болды. Композитор Ерұлан Қанапияновтың музыкасына жазған «Әнұраным – Азиада» әні Қазақстанда тұңғыш рет өткен 7-қысқы Азия ойындары алау эстафетасының ән-ұраны болды. Ол ән Кувейттен бастап, Астанада жалғасқан, барлық облыс орталығында Азиада алау отын жаққанда орындалды. Ән-өлеңді орындаған әншілер – Қазақстанның халық артистері Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева. Ақынның «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра туралы баллада» ән-өлеңдерін әнші Роза Рымбаева Ыстамбулда өткен Халықаралық конкурста орындап «Алтын микрафон» сыйлығының лауреаты атағын жеңіп алған еді. Композитор Кеңес Дүйсекеевтің музыкасына жазған «Қарағым-ай» ән-өлеңі алғаш орындаған әнші Нұрлан Өнербаевтың ән әлеміндегі бағын еселеп, кейін әнші Сүлеймен Ибрагимовтың және қазіргі ұлтымыздың мақтанышы Димаш Құдайбергеновтың репертуарына еніп, әлемге кең таралып жатыр. Композитор Карина Абдуллинаның музыкасына жазған «Сен мұңыңды бер маған» әні халқымыздың қайраткері, саяси тұлғасы Мұстафа Шоқай фильміне арналды.Кеңес Дүйсекеевпен жазған «Ойлан, балам» әні Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлына арналған «Өгей әке» фильмінің өзегіне айналды.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мұражайында орналасқан «Үшқоңыр» полотнасында бір жағында Тұңғыш Президенттің «Елім менің» әнінің бір шумағы жазылса, екінші жағында Шөмішбай ақынның «Атамекен-ай» әнінің бір шумағы жазылған. Бұл да ақын үшін үлкен құрмет, мақтаныш.
Ақынның «Сәлем саған, туған ел» кітабы Нью-Йорк қаласында Қазақ әдебиетінің тұңғыш рет өткен форумында ресми түрде таныстырылды. Бұл кітапқа ақынның ұзақ жылдардағы еңбегінің, талантының жемісі, уақыт сынынан, халық талғамының таразысынан өткен көркем дүниелері топтастырылған. Ән-өлеңнің мәтініне сай жазылған ақын Шөмішбай Сариевтың «Сәлем саған, туған ел» кітабын ҚР Абай атындағы Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп санаймын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір