ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚАЙТКЕНДЕ ТОЛЫҚҚАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ АЙНАЛАДЫ?
10.09.2020
1152
0

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ, жазушы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры

 

Жалпы, кез келген тіл қағаз жүзінде ғана емес, шын мәнінде іс жүзінде мемлекеттік тілге айналу үшін ол қарапайым завод пен банктерден бастап, Үкімет пен Парламенттің, Президенттік аппараттың іс қағаздарын жүргізу тіліне, яғни кеңсе тіліне айналуы қажет. Ал мұндай ауқымды функцияны толыққанды атқаруға кез келген тілдің әлеуеті жетпейді. Ол үшін жаңағы біз айтып отырған тілдің өнер мен ғылымның толыққанды тіліне айналмағы ләзім.

Құдайға шүкір, біздің ана тіліміз қазіргі уақытта толыққанды өнер тіліне айнала алды. Олай дейтініміз, бұл күндері қазақ тілінде өнерге қойылатын әлемдік көркемдік стандарттардың деңгейіне жауап бере алатын ән мен жыр мәтіндері, новеллалар мен хикаяттар, романдар мен балладалар, поэмалар, пьесалар, киносценарийлар, либреттолар жеткілікті. Ал бірақ ғылымға келгенде ақын Сара әпкеміздің: «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» дегені секілді кәдімгідей күмілжіп қалатынымыз рас. Неге? Себебі біздің ана тіліміз әлі күнге дейін толыққанды ғылым тіліне айнала алмай отыр.
Рас, филология, тарих, әлеуметтану, философия, т.б. гуманитарлық ғылым салалары бойынша қазақ тілінде жазылған жақсы мақалалар, диссертациялар, монографиялар мен оқулықтар бар, алайда финанс, юриспреденция, биохимия, нанатехнология, телекоммуникация, т.б. секілді ғылым мен кәсіп салалары бойынша қазақ тілінде дүниеге келген мұндай ғылыми еңбектер жоққа тән, болса да бірен-сараң. Егерде сіз осы саланың мамандарына: «Бұның себебі неде?» деп сауал тастар болсаңыз, олардың бірауыздан: «Бұған ең алдымен ғылым мен білімнің осы салалары бойынша қазақ тілінде толыққанды терминологияның қалыптаса алмай отырғандығы кінәлі» деп жауап берері хақ. Сондықтан да біздің ана тіліміз қазіргі таңда тек жартыкеш мемлекеттік тіл деңгейінде қалып отыр.
Енді қайтпек керек? Біздіңше, ол үшін Қазақстан Үкіметі Алматыдағы Ұлттық Ғылым академиясы жанынан көп сөзбұйдаға салмай, Қазақ ұлттық Терминология институтын ашуы қажет. Мұндай институттар Германия, Франция, т.б.секілді дамыған өркениетті елдерде бұрыннан бар, сондықтан да оларда ғылыми терминологияға қатысты түйткілдер біздегі секілді ұзақ жылдарға қордаланып қалмай, заман талабына сай күнделікті, дер кезінде шешіліп отырады.
Бұл күндері ғылым мен техника ғарыштық шапшаңдықпен өте жедел дамуда. Қазіргі замандық ғылымның ең басты тілі – ағылшын тілінде жылына емес, айына ондаған, тіпті жүздеген жаңа терминдер, неологизмдер дүниеге келіп жатыр. Солардың бәрін мемлекеттік тілімізге аударып, оны дер кезінде ғылыми айналымға енгізіп отыруға біздің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының терминология бөлімінде қызмет ететін екі-үш ғылыми қызметкер мен айына, жылына бір-ақ рет екі-үш сағатқа жиналатын Республикалық терминология комиссиясының қауқары ешқашан жетпейді. Сондықтан да тиісті ғылыми сараптамадан дұрыстап өтпей, асығыс-үсігіс қабылдана салған біздің шикілі-пісілі жартыкеш терминдеріміз қарапайым тұтынушыларды былай қойғанда, зерттеушілеріміз бен ғалымдарымыздың өздерін шатастыратын бірдеңелер болып шығады көбінесе. Және олардың бірсыпырасы бірізді нормаға түсірілмегендіктен де екі-үш вариантты болып жатады, яғни бір халықаралық терминнің қазақ тілінде екі-үш нұсқасы бар болып шығады, сөйтіп жұрттың миын ашытады.
Бір ғана мысал келтіре кетейін. Сөзіміз дәлелді болуы үшін. Жуырда өзіміздің бір отандық банктің кеңсесіне кіріп, өзіме қажетті бір шарттың үлгісін беруді өтіндім әлгі мекеменің менеджерінен. Менеджер жап-жас қазақ қызы екен, менімен таза қазақ тілінде сыпайы амандасып, маған әлгі шарттың орыс тіліндегі нұсқасын ұсынды. Мен одан шарттың біздің мемлекеттік тіліміздегі нұсқасын беруін талап еттім. Әлгі қызымыз сәл-пәл ұялыңқырап: «Өй, ағай, одан Сіз шарттың талаптарын анық түсінбейсіз, болмаса мен де қазақпын ғой, оны Сізден жасырып қалғалы тұрғаным жоқ», – деді. «Неге?» – дедім мен оның нақты себебін білгім келіп. Менеджер маған шарт­тың қазақ тіліндегі нұсқасында кейде бір ұғымды қазақ тіліндегі екі-үш терминмен беретінін, ал кейде оған керісінше екі ұғымды бір-ақ атаумен атайтынын, сондықтан да қазақ тілді клиенттердің өздері осының бәріне басын қатырып жатқысы келмегендіктен, шарттың орыс тіліндегі нұсқасын оқи салатынын айтты.
Меніңше, біздің қасиетті ана тіліміздің қазіргі кезеңдегі ең басты трагедиясы осында жатыр. Және бұл мәселе қазақ тілінің кедейлігінен, сөздік қорының жұтаңдығынан немесе басқа бір табиғи кемшілігінен болып отырған жоқ, нақ осы біздің ана тіліміздің терминология саласының кенжелеп қалуынан, оны жолға салудағы біздің жайбасарлығымыздан, салғырттығымыздан болып отыр. Әйтпесе қазақ тілінің икемділігін, оның синонимдік қатарының өлшеусіз молдығын, лексикалық қорының байлығын, образдылығын дүние жүзіне әйгілі түркологтар мен тіл мамандары айтудай-ақ айтқан, нақты ғылыми дәлелдермен әлдеқашан талай дәйектеп берген.
Біздіңше, бұл қиыншылықтан құтылудың дүниежүзінің өркениетті елдерінің озық тәжірибесі дәлелдеген ең айқын бір жолы бар, ол – жоғарыда айтып өткеніміздей, Ұлттық терминология институтын ашу. Өйткені қазіргі замандық экономикалық дамудың локомотиві — ғылым, ал ғылымның тілі – термин. Сондықтан ғылыми терминологиясы дамымаған елдің ғылымы да біз күткендей қарыштап дамып кете алмасы қазір мектеп оқушысына да түсінікті.
Егер біз көптен күткен сол институт құрылып жатса, ол мекеме ең алдымен қазіргі интернеттегі әлеуметтік желілердің бірінен «Қазақ ұлттық терминологиясы. Сіздің пікіріңіз қандай?» деген сайт ашулары керек. Сөйтіп әлгі сайтқа ағылшын немесе басқа бір шетел тілдерінің бірінде жуырда пайда болған су жаңа терминдер мен ғылымда бұрыннан бар, бірақ әзірге дейін қазақ тілінде сәтті баламасы табыла қоймаған тағы бірнеше терминді қатар салып, қазақ тілді қадірлі қауымнан осылардың біздің мемлекеттік тіліміздегі атауларын табуға көмектесулерін өтінулері ләзім. Міне, сол кезде дүние жүзіндегі жүрегі ұлтым, халқым деп соғатын бүкіл интеллектуал қазақтардың мемлекеттік, жалпыұлттық маңызы бар бұл іске бір кісідей жұмыла кетеріне еш күмән жоқ.
Міне, сол кезде қазіргі күндері күрмеуі қиын болып тұрған осы мәселенің сәтімен шешілері сөзсіз. Өйткені бір бастан екі бас, екі бастан екі мың бас, екі мың бастан екі миллион бас жақсырақ. Меніңше, қазіргі таңда дүние жүзінде тіршілік етіп жатқан 20 миллионға жуық қазақтың арасынан 2 миллион болмағанмен, ғылым мен техниканың, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің сан қилы саласында жемісті қызмет атқарып жүрген екі жүз мың милы қазақтың табылатынына еш күмән жоқ. Алдағы уақытта біздің терминология мамандары, міне, ең алдымен осы бір өте зор интеллектуалдық потенциалды тиімді пайдалана білулері керек. Өз қазандарында өздері ғана қайнай бермей.
Сөз соңында айтарымыз, бұл біз ойлап тапқан жаңалық емес, бар болғаны өркениетті, білімді елдер көптен бері тиімді пайдаланып жүрген осы замандық озық ақпараттық технологиялардың бірі ғана.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір