Ұлттық болмысты жаңғырту мүмкіндігі
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Қазір біздің ел-жұртымыз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауын тілге тиек етіп, оның ең өзекті тұстарын талқылап жатқан тұста мен де өз ойларымды ортаға салсам деймін.
Жолдауда бүгінгі елімізде қалыптасқан экономикалық-әлеуметтік жағдайға нақты баға беріліп, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөнінде, Реформа агентігін құру туралы, мұнай-химия өндірістерін ашу, көдедей көп шенеуніктер армиясын қысқарту туралы, дәрігер мен ұстаздың жалақысын жоғарылату туралы, «Ұстаз мәртебесі туралы» Заң қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жердің шетелдіктерге сатылмайтын болғанына қол шапалақтап қуандық, бұл – табанды шешім! Енді сол жерді бұған дейін сатып алып қойған өз ішімізден шыққан жер иеленуші латифундистерді ауыздықтау туралы мәселеге байыппен, сын көзбен, қатал заң тұрғысынан қарауымыз керек. Әйтпесе, ауыл қазағына үш-төрт ұсағын жаятын ұлтарақтай жер қалмаған!..
Сондай-ақ «судың да сұрауы бар», суды үнемдеу мен ластандырмау жөніндегі бастаманың арғы жағында атқарылар үлкен жұмыстар бас көтеріп тұр.
Әрине, бұлардың бәрі аса маңызды мәселелер.
Дегенмен, ұлт болашағына қашанда алаңдаулы қауымның өкілі болғандықтан Жолдаудың «Ұлттың жаңа болмысы» деген тармағына үлкен үміт арта қарағанымды жасыра алмаймын.
Біз тәуелсіздік алғалы 30 жыл бойы ескі мен жаңаның шарпысуында ғұмыр сүріп, тұрмыс кешіп келеміз. Одан бұрынғы 70 жыл бойы санамызға құйған кеңестік тәрбие біздің буынмен бірге кетеді. Дей тұрсақ та, сол дәуірдегі мектептерде ілулі тұратын «моральдық кодекс» жамандыққа үйретпейтін еді. Жалпы адамгершілік мәселесі біздің ата-бабамыздың ежелден келе жатқан салт-сана, әдет-ғұрпында берік салтанат құрғанын, қайырылып қарасаң «менмұндалап» тұрғанын астын сызып жазып, ауыз толтырып айтуға болады.
Көзіміз жеткен анық мәселе: жаңа заманға, жаңа буынға жаңа қағидалар керек. Ал оны кім жасап береді? Біздің идеологтарымыз асықпайды, философтарымыз әлі толғатып жүр. Ақындарымыз жедел толғап, жазушыларымыз бүгінгінің кенін жанының домнасында қорытып жазып жатыр. Бірақ, жаппай көрерменге айналып кеткен жас буынға ол кітаптарды қалай оқытамыз?
«Дәрігерлерді материалдық тұрғыдан қолдау қажет.
Оларға үстемақы беріледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 150 млрд теңге бөлінеді».
Бұқаралық мәдениет тасқыны салт-санамызды әбден басып, билеп барады. Әсіресе жастардың санасы улануда. Теледидар дегеніміз әлемдік және отандық жаңалықтарды жедел жеткізетініне рахмет, бірақ соған қоса тауысылмас жатжерлік телехикаялардың, тіпті қатыгездік пен рухани жалаңаштанудың шетелдік экспанциялық насихат алаңына айналды. Ұлттық идеология қалыптаспады. Бірақ 30 жыл деген аз уақыт емес қой! Өмір көші – тоқтаусыз, ұрпақ толқыны – толассыз. Тәрбие берер мектеп болғанымен оқулық – сапасыз, беріліп жатқан білім – жүйесіздіктен зардап шегіп келеді.
Өліарада туып-өскен ұрпақтан ұят болғанын мойындау керек. Міне, биылғы Жолдаудың осы олқылықтың орнын толтыруға деген талпынысы, бастамасы қуантты.
Сіз бен бізге «ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлттың сапасын арттыру» міндеті жүктеліп отыр.
Ұлттық болмыс ғасырлар бойы қалыптасатынын, қалыптасып келгенін ескерсек, оны бірден өзгерте қою – аса қиын іс, аса күрделі процесс екенін ескеруіміз керек. Сондықтан бұл мәселеге жеңіл қарауға болмайтыны анық.
Ескі санадан жаңа болмыс жасау мүмкіндігі ескі топырақтан жаңа өнім алумен тең. Тек бидайды кекілінен тартып өсіруге болмайтыны сияқты, мұндайда диқанның бапкерлігі керек.
«Келесі жылы елімізде ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады. Қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр».
Сонымен, жаңа сапалы ұлт өкілі қандай болуы керек?
Жолдауда айтылғандай, жас ұрпақ терең білімді, еңбекқор, өз ісінің маманы, биік саналы, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары, әділ, шыншыл, адал, ұқыпты, тиянақты болып өссе, қазақ баласы еш ұлттан кем болмай, қайта болашақтың әлемдік көшбасшысына айналар еді. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демей ме дана халқымыз.
Әлемдік індеттен кейін біз бұрынғы бойымыз үйреніп қалған көп әдеттерімізге сын көзбен қарап, қалыптасқан көптеген қылықтарымызды өзгерту керектігін түсіндік.
Біз қонақжайлылық пен аста-төк ысырап шылдықтың ара-жігін ажырата алмауға көшіппіз.
Біз бұрынғы көпшіл қасиетімізді жоғалтып, өзімшілдікке бейімделіп, жеке мүддені ғана күйттейтін қарақан бастың қамына бой алдырыппыз.
Біз ізгі қасиеттерді емес, байлықты қастерлейтін болыппыз. «Же, шапаным, же!..» дегендей, үлкендер мен ұстаздар босағаға ысырылып, төр мен құрмет қалталыға ауысыпты. «Аузы қисық болса да» бай баласы сөйлейтін болды.
Жұрт ақыл-ой, біліммен жарыспай, дүние-мүлікпен жарысатын ауруға ұшырапты.
Жастар «ауырдың үсті, жеңілдің астымен», жеңіл пайда тауып, тез байи қоюға ұмтылатын, үзіп-жұлып, қарпып қалуға құлшынатын болды. Баюдың да, өмір сүрудің де негізі адал еңбек, маңдай терде екенін түсінуден қалып барады. Жас ұрпақтың молшылықта жақсы өмір сүруіне біз де мүдделіміз, ешкім де қарсы емес, бірақ сол өмір мәнді болғаны жөн емес пе?
«Ел болам десең бесігіңді түзе» деген Мұқтар Әуезов.
«Ескіге қарап жаңалық таба білген адам көшбасшы болуға лайық» деген екен Конфуции.
Ұлы Абай сақтандырған «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» дегендей жаман қылықтар бойымызды әбден меңдеуге көшіп, қоғамның дертіне айнала бастады.
Той өткізуді реформалау қажеттігін, «отыз күн ойын, қырық күн тойын» дейтін тауысылып бермес ырду-дырдудың дәуірі өтіп кеткенін ел-жұрт, халық боп түсінетін уақыт жетті.
«Полиция халықпен дұрыс сөйлесіп үйренуі керек! Реформа полиция мен халық арасында ашық әрі сауатты диалог орнатудан басталады. «Сергек» секілді бақылау жүйесін көше ғана емес, барлық түзеу мекемелері мен полицияның қызметтік кеңселерінде орнату қажет».
«Жаңа қазақ» дегенде біз үстінде жылжымайтын мүлігі мен астында тез жылжитын көлігі бар, қалталы, маңайына шырт түкіріп астамсып қарайтын өктем, үстем біреулерді көзге елестетеміз.
Ал біз бұдан былай өз қатарынан қаржысымен емес, жанының байлығымен озып, білімімен, мәдениетімен, зиялылығымен ерекшеленетін, іскер, білікті, қайырымды, иманды, дәулетті, еркін ойлы, зиялы, тәуекелден тартынбайтын, ар-намысты, рухы биік, өрелі азаматтарды тәрбиелеп-өсіріп, «міне – жаңа қазақ» деп танысақ, сыртқа танытсақ қанеки! Ұлттың сапасын арттыру дегеніміз осы.
Ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру мәселесін оның алғышарттарын жасаудан бастау керек.
Ұлттық болмыстың, ұлттық менталитеттің негізі – ана тілінде. Ендеше жас ұрпаққа балабақша жасынан бастап, тілі шығып, тірсегі түзелгенге, буыны бекіп, бұғанасы қатқанға дейінгі тәрбиені ана тілінде сіңіру керек. Одан кейін қанша тіл оқытса да сіңімді болады.
Қазіргі балалардың тілі мультфильммен шыға бастады. Бірақ олар бас алмай көретін ең қызықты материалдың бәрі өзге тілде. Ендеше біз де заманға ілесіп, «Мульти.кз» деген қазақ тіліндегі арна ашуымыз қажет. Онда ең алдымен үздік, өнегелі мультфильмдер қазақшаланып, келе-келе отандық мультфильмдер өндірісін жолға қойып, дамыту керек. Әйтпесе, біз қорқып жүрген жаһанданудың келгенін, оған жұтылу – балабақша жасынан басталып кеткенін әлі ескермей жүрміз. Сол жаһандану аранына оң-солын танымайтын шиеттей сәбилерді жұтқызып қарап отырғанымызды ертең Құдай кешірмес.
Сондықтан, Жолдаудағы арнайы қолға алынған «Ұлттың жаңа болмысы» мәселесі – біздің ұлттық идеологиямыздың қалыптасуы үшін беріліп отырған мүмкіндік деп санаймын. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін жаңа үздік креативті жобалар жасалып, аямай қаржыландырылуы керек. Ең алдымен мұны біздің қаржының тізгінін ұстап отырған министрліктер мен мекемелердегі басшылар түсінуі керек.
Ең бастысы, біздің жастардың өз тілінде сөйлеп, білім алғанына, Қазақстан азаматы ретінде әлем алдында, озық елдердің алдында өзін терезесі тең сезініп, Алаш баласы болып туғанына марқаятындай дәрежеде болғанын қалаймыз. Соған біздің жазған оқулығымыз, берген біліміміз, ұсынған әдебиетіміз бен мәдениетіміз, өнеріміз, өнеркәсібіміз сай болуы керек. Әйтпесе, бүгін бетімен кетіп бара жатқан жас ұрпақ тіл мен ділде, салт пен тарихта ісі болмай, «аспанға қарап, жұлдызды санап» жүре бергені ұлтқа абырой әпермейді. Жаңа сапалы ұрпақ тәрбиелеу – Қазақстанның кемел болашағына жол ашу. Сондықтан да, «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру жөнінде Концепция» жасалып, Мемлекеттік бағдарлама қабылданса, оның жүзеге асыру тетіктері анықталып, қаржылық негіздері бекітілсе – Жолдауда айтылған өрелі ойдың іске айналу барысына жұрт түгел жұмыла атсалысар еді. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!» дегендей, біз ұлы Абай ұсынған ұлағаттарға, ұлттық әдет-ғұрпымыздың негізінде тұнып жатқан ғибраттарға жүгінейік, озық дәстүрлеріміз бен өткеннен жеткен өнегелерімізге қайта оралайық. Замандардың сыны мен сүзгісінен өткен адами қасиеттерді жаңа заманның табанына салып қоймай, талабына айналдыра білсек, ұлт сапасын жаңғырту мүмкіндігінен айырылмауға болады.