Нағашыбек ҚАПАЛБЕК, жазушы: АУРУ – ӨЛІМНІҢ ЕЛШІСІ

– «Бір ауыз сөз» атты әңгімеңіз күллі әлемді алаңдатқан бүгінгі індетке арналыпты. Тақырып өте маңызды. Әңгіме желісін жазушылық шеберлікпен ойдан құрадыңыз ба, әлде бұл болған оқиға ма?
– Бұл әңгіме өзім ауруханаға жатпай тұрып-ақ көкейімде жүрді. Жамбыл облысында өрімдей жас жігіт осы індетпен ауырып, малда жүріп әбден асқындырып алып, өлмеші халде жедел жәрдем шақыртады. Сонда алып кетуге келген медбикелерге жол жөнекей: «Бес балам бар, өзім отыз бестемін. Аман-сау, тірі қалдыра көріңіздерші», – деп жалынып-жалбарыныпты. Елемеген ауру жаман. Амал не, әлгі жігіт ауруханаға жетісімен ем де қабылдап үлгермей үзіліп кеткенін естігенімде жаным түршігіп, сол бір оқиға есімнен шықпай қойды. Кейін өзім де кеселденіп, емделіп шығысыммен көзіммен көргендеріме бес балалы жігіт образын ойдан қосып, осы әңгімені жазып тастадым.
– «Дүние дөңгелек. Жақсылық та, жамандық та алдыңнан шығады» деген пәлсапаны ұстаныпсыз. Кетік Кәтіштің өлімі осыны меңзейтіндей…
– Әңгімемдегі Кетік Кәтіш ойдан алынған образ. Менің әкем қойшы болды, жыл сайын ұрылар әкемнің отарын торуылдап, көлікке тиеп, басып алып кетіп жүрді. «Ұрылар басынып ұрлайды», әкемнің бүкіл бауырлары ашаршылықта баудай түсіп, бір түтіннен жалғыз қалған жетім жан болатын, одан соғыстан кантожный-мүгедек болып оралды. Міне, сол кісінің қойын, мініп жүрген атына шейін ұрлап кеткендерді білгенімізбен, дәлелдеп, қайтарып ала алмадық. Сонда шешем қырық қойын алып кеткен баукеспе ұрыны қатты қарғады, жылап, зарлап лағнет айтты. Сол ұрлықшыны көктемде қарақұрт шағып өлтірді. Таразының екі басында мейірім мен зұлымдық әрдайым қатар тіршілік етеді. Мен Кетік Кәтіш пен Мақсат арқылы осы ойды айтпақ болдым. Ақтың отын ақымақ өшірмейді, таза алтынды тазартпайды. Әлемді ұстап тұрған – жақсылық, шапағат.
– Әңгімеде адамдардың жауапсыздығы, ауруға немқұрайлы қарайтыны, содан зардап шексе де қорытынды шығармауы әдемі өрілген. Бұл адамзаттың о бастан келе жатқан мінезі ме, қоғамның қазіргі көрінісі ме?
– Немқұрайлылық, самарқаулық бізді әбден сансыратып, берекемізді кетіреді-ақ. Бүкіл әлем дүрбелеңге түсіп, алапат ажал әкеле жатқан індет хабары дүңкілдеп шығып жатса да, жете мән бермедік. Әуелі бұл жұқпалы, аса қауіпті дертке сенбедік-ау… Ақыры қаншама жан мерт болды, қаншама адам мәңгіріп, кеселденіп ес жия алмай жүр. Қазір ел интернет, уотцаптың өсегіне сенетін болып алды. Бізді адастыратын да, алжастыратын да осы қалта телефоны. Біз маймылдан жаратылған жоқпыз, бірақ бәріміз сол санамызға үңіліп, маймыл болып бара жатқан жоқпыз ба? Ел басшыларының, теледидардың айтқанына емес, интернеттің тұтқыны болып, қызыл өсекке сеніп, бүгінгі замандастарымыз қайда, қалай кетіп барады? Тіпті өлім әкеле жатқан қасіретті індет жоқ деп кеуде керіп, ақыры ол өздеріне зор сор, қайғы болып жабысқанын айтуды мұрат тұттым. Он екі мүше саулығы – қазақтың ең үлкен байлығы емес пе?!
– Әңгімеде қоғамды жайлаған жемқорлық, дәрі-дәрмектің тапшылығы да сөз бопты. Бұл прозаға публицистикалық сарын беріп тұрған жоқ па?
– Бүкіл ел-жұрттың көбі осы індетпен ауырып тұрды. Аурухана, дәріханаларда қажетті дәрі еш табылмай, қолдан, алыпсатарлардан қымбатқа сатып алып емделді. Сөйтсек, қойма толы дәрі-дәрмек екен. Әдейі тығып сатып, пайда тапқандар қаншама? Оларға ауырып, жан тапсырып жатқандардың қасірет-қайғысы түк емес. Тұраштың әйелі арқылы осыны бір ауыз сөзбен ғана айтып кеттім. Ауру – өлімнің елшісі ғой.
Ал әңгіме соңындағы айтылар ой: бұл бәріміздің көкейімізде жүрген үлкен проблема. Қай саланы алсаң да таныс-тамырың, не қаражат-байлығың болмаса, ісің өрге баспайды, мәселең шешілмейді. Совет одағы кезінде бұл жағдайға қатты мән берген, тәлім-тәрбие, тәртіп, салт-сананы қалыптастырып, бұл дерттен ұрпақты аулақ ұстайтын. Сондықтан да ой-тұжырымымда әттең-ай дейтін қысылтаяң тұсқа ерекше тоқталып, айтуды жөн санадым.
Әңгімелескен Мөлдір Райымбекова