Мұхидин ИСАҰЛЫ: «АДАМҒА ДЕГЕН ҚҰНДЫЛЫҚ ЖОЙЫЛЫП КЕТТІ…»
03.08.2020
806
0

Пандемия дерті күннен-күнге адам баласына жаңа қырынан шабуылдау үстінде. Әлеуметтік желілерде, басылым беттерінде бұл процесті әртүрлі діни жоралғыларға жорып жүргендер белең алуда. Осы түйткілді сұрақтардың басын құрай келе PhD докторы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Мұхиддин Исаұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

 – Халық мінезі бейбітшілікте емес, қиын шақта білінеді. Осы тұста қазақ мінезі өзгерді ме?

– Иә, ол рас. Бұл қазақ халқында қандай түйткілді мәселелер бар десек, соңғы ширек ғасырда менмендік пайда болды. Мұны мойындау керек. Бұл да бір «вирус» еді. Кісіден кемшілік көру, рахымсыздық, төс қағу, жағымпаздық, қол шапалақтау, жұлдыз болу, мансапқа құмарту – осының бәрі адамзатта жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптады. Бұл вирус келіп тұрған індеттен әлдеқайда мықты, жаһанды жойып жіберуге күші жетер індет болатын. Ал қазіргі вирус сол алдыңғы вирусты жою үшін келген дүние…

Өкпені жасанды тыныс алдыратын оттегі концентраторларын сатып алу үшін қаржы жинап жатқандар бар. Сіздіңше, бүгінде ел тұтастығы толық көрініс таба алды ма?

– Осы апаратты сатып алу мәселесіне Қайрат Жолдыбай, айтыскер Айнұр Тұрсынбаева сынды азаматтар мен азаматшалар ат салысып жатыр. Бұл бір қарлығаштың қанатымен су сепкендей іс. Еліміздегі олигархтар, сен тұр мен атайын деген сайдың тасындай жігіттер, кәсіпкерлер бәрі бірігіп апараттарды сатып алып жатыр. Ел тұтастығының көрінісі, әрине, әр тұстан қылаң беруде.

– Ислам тарихына көз салсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) оба болып жатқан жерге бармауға үндегені, Ибн Синаның оба дертіне шалдыққан халықты сабырға шақырғаны мәлім. Қазіргі жағдайда әрі-сәрі болған халыққа қандай басу сөз айтар едіңіз?

– Әрине, Пайғамбарымыздың тиым салғаны рас. Хазіреті Омар оба шыққан жерге бара жатып, кейін қайтқан шақта, бір сахаба: «Ей Омар, тағдырыңнан қашып бара жатырсың ба?» – деп сұрағанда, «Иә, мен тағдырымнан тағдырыма қарай қашып бара жатырмын» деп жауап берген. Бұл оба секілді жаппай қырып-жоятын дерт болмаса да, салмағы ауыр тиіп отыр. Көпшілікті  карантиндік шараларды қатаң сақтауға шақырар едім. Егер өзіме пәтуа бер десе, карантиндік сақтық шараларын қатаң сақтауды талап етемін, егер бұл шараларды сақтамайтын болсаңыз, ешқандай сақтықсыз өзгелерге жұқтыратын болсаңыз, солай өмірден өтер болсаңыз, бұл өз-өзіңе қол жұмсау, өз жаныңа қиянат жасау секілді әрекет дер едім. Тіпті жұқтырғаннан кейін де біреуге жұқтыратын болсаңыз, сен жұқтырған адам қайтыс болар болса, бұл да кісі өлтірумен пара-пар қылық. Алла тағала айтады «Жер бетіндегі бір адамды қасақана өлтіру, жер бетіндегі бар адамды өлтіру деген сөз». Ендеше, өз-өзіңе қол жұмсамауың үшін, біреулердің өліміне себепкер болмауың үшін карантин шараларын қатаң сақтау қажет. Осындай үлкен түсінікпен әрбір адам өз жауапкершілігін нығайтса, індет кері қайтады.

– Пандемия дертінен соң адамзат санасы басқа тұсқа бұрылуы мүмкін бе?

– Басқа тұсқа өзгеретіні рас. Өйткені Құранда Алла Тағала «Қайда маңып бара жатырсыңдар, ей адамзат?» дейді. Пандемиядан соң адамзатта үлкен өзгеріс болады. Адамдар тәубесіне келеді. Адамзат жалпы өлімді ұмытып кеткен ғой. Бір-бірінің жер бетінде бар екенін де естен шығарған. Бірінші Құдайды, екінші адамдарды ұмытқан. Адамға деген құндылық жер бетінде жойылып кетті. Ең бірінші құндылық шынында адам еді. Жан-жануарға деген құндылық бар, бірақ адамдарға деген құндылық төмен сырғыды. Стиб Джобстың о дүниелік болар алдында «өмірдің қызығы ақшада емес, өмірдің қызығы ағайынгершілік» деген сыңайдағы сөзі бар-тын. Жалпы әлемді билеп отырған христиан әлемі десек, сол әлемнің өзі баяғы қалпына қайтадан бұрылады. Ең басында олар Хазіреті Исаны Алланың ұлы емес, құлы деп атайтын, соған қарай өзгереді. Ватиканда үлкен өзгерістер бар. Ол жерде ежелгі түпнұсқаға жақын Інжіл нұсқасы бар, соны бәлкім жария етуі мүмкін. Өзгеріп, таза христиандарға, Хазіреті Исаны пайғамбар деп білетін христиандарға айналуы әбден мүмкін. Осы пандемия себебінен тәубеге келмек. Жалпы адамзаттың қан қысымы көтеріліп, тәкаппарлық тым жоғары санатқа шыққан болатын. Сол өз орнына келіп, мейірім деңгейіне келмек. Сонда бәрі өздерінің адам екендерін ұғынып, Африканың , аз құрлықтардың да тірі ағза екенін ұғынатын деңгейге жетпек. Адамдық көзқарас пайда болады. Бұл пандемияда, байқасаңыз, ешнәрсе қызық болмай қалды. Мансап, атақ, бәрі бос қалдыққа айналды. Әр адам өз жанымен күресіп кетті. Мәселен, фейзбук әлеуметтік желісіне таңертең «Бізді қайтадан тірілткен Аллаға шүкір, күнімізді жақсы өткізсін» деп жазамын. Өйткені, ұйқы – кіші өлім ғой. Құранда да адам ұйықтаған кезде оның жанын қабір әлеміне қарай Алла Тағала алып кететінін айтады. Содан қайтадан кері қайтарады. Бір аятта: «Кейде біз қайтармаймыз», – дейді. Сонда қайтармағандары ұйқыда ажал құшады. Ал қайтқанда жаны адамға тірсегінен кіреді, сондықтан ата-бабаларымыз оны «тірсек» деп атаған. Адам ұйықтап жатқанда оны тірсегінен ұстап «бисмилла» деп оят дейді. Өйткені сол жерден жан біртіндеп кіреді, егер оны жұлқылап оятатын болсаң,  жаны дұрыс кірмейді, сосын адамда ауру пайда болады дейді. Содан күні бойы мазасыз болып жүреді. Міне осындай жазбаларды әлеуметтік желіге жазғанда көбі құптай қоймайтын, соңғы кезде қарап жүрмін, «бүгін бізге Алла Тағала тағы бір өмір берді» деп жазса, астында жүздеп пікір білдіріп жатыр. Міне, адамдардың өзгерісіне қараңыз. Өмірдің қаншалықты қымбат екенін енді ғана біліп жатыр. Бүгінгі кезде дәл осы өзгеріс Америкада да, Еурпада да, Қытайда да орын алуда. Қайткенмен де жан деген тәтті. Жаңа бір заманның алдында тұрмыз. Мұны Мәшһүр-Жүсіп айтып кеткен. Бірақ үкімет өзгеру үшін, алдымен халық өзгеру керек. Халық өзгермей үкіметтің өзгергенінен пайда жоқ. Өйткені сүттің қаймағы сүт болады, айранның қаймағы айран болады. Алда қой үстіне бозторғай ұялаған заман келер деп өз басым сенемін.

– Осы кезде қандай қатаң шараларды қабылдатуды ұсынар едіңіз?

– Дубайды қараңыз, қолдан бұлт жасап, бұлтқа барып антисептик енгізіп, содан жауын жауғызып отыр. Ал, бізден карантин қалай сақталып отыр? Егер автобусқа маскасыз кіретін болсаң, сексен мың теңге айыппұл төлейсің дейді. Бұл не шара? Өздері шаршап жүрген жұртты қинаған үстіне қинау ма? Халықтың көзін әбден жеткізу керек еді. Сақтық шараларды санаға әбден енгізу керек еді. Идеологиялық тұрғыда насихат жүргізу қажет-тін. Бірақ билік халықты сендіре алмады. Вирусты көп адам саясат деп ұқты. Қазіргі кезде кинолар да, мультфильмдер де ауруға қарсы мақсатқа жұмылса деп ойлаймын.

– Бұл мехнат адамзат баласына нені ескертеді?

– Бір-ақ нәрсе: адамзаттың тәубасына келуі, астамшылықтан аулақ болуы. Тәубеден басқа ешқандай жол жоқ. Қияметтік алдында қырық жыл қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болады деген. Міне, осындай заман да жақындап қалған секілді. Бірақ бұған адамзат дайын болмай отыр. Адамзаттың мінезі бұзылғаны соншалық, бұл мінезді жөндеудің өзіне жүз жылдай уақыт керек сынды. Әрине, даналар,  әулиелер өтті, бірақ бұлардың өзін мұсылмандардың өзі жынды санады. Қазақты алып қаралық, бүгінгі діни ұстанымдары бабаларымыздың ұстанған жолына ұқсаса да, негізінен ол түсініктен тым алшақ. Әжелеріміз, аталарымыз, қазіргі кейбір дін ұстанғандарды көріп, «бұлардың діні бөтен» деп жатады. Шынында өзгеріп кеткен. Алла Тағала ғаламзатты жаратқанда адамзатты жаратты. Сонда першітелері: «Бұларды неге жаратасың? Бұлар ертең қан төгеді, тәккаппарланады»,-деді. Сонда Алла Тағала: «Сендер менің білгенімді білмейсіңдер»,-деді. Енді міне, тәкаппарланған адамдарды көріп отырмыз. Адам боп туатындар көп, адам болып өлетіндер аз…  

Әңгімелескен Сартай БӨКЕЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір