ӘЛ-ФАРАБИ МҮСІНІН ҚАЙТА ЖАСАР ЕДІМ
03.08.2020
165
0

Қазақ мүсін өнерінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескен Сергебаевты таныстырудың өзі артық көрінеді. Бүгінде шебердің қолынан шыққан Алматы қаласындағы Мемлекеттік драма театрының алдында орналасқан «М.Әуезов» монументалды мүсіні, сонымен қатар Алатау баурайында орналасқан тағы бір туынды«Әл-Фарабидің» мүсіні көпшілікке кеңінен таныс. Жалпы, елдің кез келген өңірінде Ескен Аманжолұлының қолтаңбасы бар деуге болады. Атыраудағы Исатай мен Махамбет бейнелері, Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов мүсіні, Павлодардағы «Дос Мұқасан» тобына арналған ескерткіш, т.б. 1940 жылы дүниеге келген ол жастайынан мүсін өнеріне қызықты. 1969 жылы Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) кескіндеме, мүсін және архитектура институтын тәмамдаған соң, осы жылдан бастап Алматы көркемсурет училищесінде сабақ берді.
Кейіннен 1978-93 жылдар аралығында Қазақ көркемсурет академиясында ұстаздық қызметін жалғастырған. Профессор Керімбай Қыстаубаев бір сұхбатында Ескен Сергебаевты «өнер академиясын ашқандардың бірі» деп атап, пікір білдіреді. Расымен де, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының іргесі қаланғаннан бастап шәкірт тәрбиелеуде Ескен Аманжолұлының еңбегі зор. Оған бүгінгі өнер биігіне шыққан шәкірттері дәлел деуге болады. Мүсінші Ескен Сергебаевпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Ескен Аманжолұлы, денсаулығыңыз қалай? Шығармашылыққа қалай көңіл бөліп жүрсіз?
– 5-6 метр биіктіктегі мүсіндерді жасауға шамам жоқ. Дегенмен шығармашылығым тоқтап тұр деп те айта алмаймын. Өзім тәрбиелеген шәкірттерім бар. Мүсінді жасап шығаруға көмектеседі. Мен сызба нұсқасын дайындаймын. Жұмысым біткенше басы-қасында жүремін.

– Ең алғашқы жасаған мүсініңіз есіңізде ме?
– Балалық шағым ауылда өтті. Ол кезең Ұлы Отан соғысының аяқталған уақытымен тұспа-тұс келді. Қазіргі ұрпақтың сәби күндерімен салыстыруға келмейді. Ойыншық деген атымен жоқ. Міне, осының бір себі тиген болар. Өйткені басқа ермек таппаған соң лайдан күнге қатырып түрлі аң-құстың кейпін келтіріп алып, ойыншықты өз қолыммен жасап алып жүрдім. Анамның құрт жаятын өресіне жаңағы жасаған мүсіндерімді кептіріп қоятынмын. Дегенмен ол кезде мүсінші боламын деген ой менде болған жоқ. Мүсін өнерінің бар екенінен де хабарсыз едім. Ол арман уақыт өте келе пайда болды ғой.

– Елге жақсы таныс «әл Фараби» және «М.Әуезов» мүсіндерінің тарихына тоқталайықшы?
– 1977 жылы әл Фарабидің 1110 жылдығына орай бүкіл одақтық конкурс болды. Бірінші орынды алдым. Алайда қаржылық жағдай, жалпы сол тұстағы елдің ақуалы да аса жақсы бола қойған жоқ. Сонымен, дәл сол мезетте ескерткіш бой көтермеді. Біраз үзілістен кейін барып тұрғызылды. Бірақ ең алғашқы нұсқаммен жасалған жоқ. Өзгерістер енгізуге тура келді. Әл-Фарабидің артында үлкен арка болуы керек еді. Онда Пифогордан бастап 76 ғұламаны бейнелегенмін. Арканы былай қойғанның өзінде мүсіннің биіктігі де бастапқы мен салған үлгімен сай емес. Биылғы жылы ұлы ұстаздың 1150 жылдығына орай қайта қолға алынуы керек еді. Себебі, әл-Фараби 2000 жыл өтсе де әл-Фараби болып қала береді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа хат жаздым. Бірақ жауап ала алмадым. Ендігі арманым әл-Фараби мүсінін өз деңгейінде қайта жасап шықсақ деймін. Ал театр алдындағы мүсінге келетін болсам, 1978 жылы Әуезов ескерткішіне де дәл сондай конкурс өтті. Барлығы 54 жобадай бәйгеге түсті. Соның ішінде өзім де болдым. Әділқазылар 3 кезеңмен бір жылдай келген жұмыстарды қарады. 1979 жылдың көктемінде қорытынды шығарып, менің ұсынғанымды таңдады.

– Сізді не шабыттандырады?
– Әркім шабытын әртүрлі негіздерден іздейді. Халық арасында өнер адамдары ішімдік ішіп шабыттанады деген де түсінік бар. Өзіме келсем, образдан шабыт аламын. Абайды бейнелегім келсе, қойылымдарын қарап, өмірбаянымен танысып, шығармашылығын қопарамын. Нұрғиса Тілендиевті бейнелегенде әуендері құлағыма келіп тұрады. Кейде сол тұлғалардың туған жеріне барып, сол маңның топырағын көзіммен көріп, ауасын жұтып, толықтай бойыма сіңіріп қайтамын.

– Ұзақ жылдан бері ұстаздықты қатар алып келесіз. Мақтанатын шәкірттеріңіз баршылық шығар?
– Шәкірттерім көп. Осы уақытқа дейін талай талантты балалар сабағымды алды. Алайда бір қынжылатыным солардың бәрі таныла бермейді. Тасада көрінбей, еңбегі еленбей келе жатқандары баршылық. Оған бір жағы өздері де кінәлі шығар. Мына заманда табиғи талантпен қатар ширақтық та қажет. Бұл бәсеке мен динамиканы талап ететін дәуір.

– Уақыттың ағымына қарай ғылымда, саяси жүйеде, жалпы тұрмыста өзгеріс болмай тұрмайды. Бүгінгі мен бұрынғы өнердің айырмашылығы қандай?
– Айырмашылық аспан мен жердей. Бұрын танылмай жүрген таланттарды елге паш ететін конкурстар жиі болып тұратын. Меніңше, бұл жас өнерпаздардың қанатының қатаюы үшін аса қажет дүние. Қазір мүлдем болмай жүр дей алмаймын. Саны аз, сапасы да мәз емес.

Әңгімеңізге рақмет!

Ақылбек ОРМАНБЕКОВ, мүсінші:
– Мүсін өнерінің ілімін Ескен Аманжолұлынан алғанымды үлкен мақтаныш тұтамын. Әсіресе, монументалды мүсін өнерінің заңдылықтарын үйретуде берген білімін өзге ешбірі бере алмас еді. Ескерткіштің қай қырынан қарасаң да кім екенін тани алатындай деңгейде болуы керек деп түсіндірді. Әрбір детальға мән береді. Сонысымен де шебер шығар. Жасаған еңбегінен бөлек, өзінің түр-сипаты да ерекше әсер қалдырады. Биік бойы, тік жүретін бітімімен тірі мүсін сияқты. Академияда ол кісі келе жатқанда Әшірбек Сығай: «Ұлы Ескен келе жатыр!» деп қалжыңдайтын. Сабақ беруінің өзі ерекше. Қатал дей алмаймын. Дегенмен барлық студенттер аяқ тартатынбыз. Сабағынан қалмай, тапсырмаларын мұқият орындауға тырысушы едік. Мінезі бірбеткей. Тура айтып кейбір кісілерге жақпай да қалатын. Ол кісінің қағидасы «Өнерде тазалық болу керек» деп білді. Бізге де соны айтатын. Әуезов мүсінін 15 күннің ішінде жасап шыққанына таңданамыз әлі. Мұны өнерге шын берілген адамның ғана қолынан келетін ерлік деп бағалаймын.

Әзірлеген Неля БЕРІКҚЫЗЫ,
Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА баспасөз қызметінің басшысы

ПІКІР ҚОСУ