Белгілі ғалым Шериаздан Елеукенов дүниеден озды
01.08.2020
1681
0
90 жасында көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, I дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері және кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитеттің Төрағасы Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов дүниеден озды.
Ш.Елеукенов 1929 жылы 3 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы, Аршалы ауылында туған.
Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеті орыс журналистика бөлімін үздік дипломмен бітіргеннен кейін, еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық «Алтай большевигі» газетінің редакциясынан бастап, кейін «Коммунизм туы» газетінде қызмет істейді. КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясы әдебиет теориясы бөлімінің аспирантурасына түсіп, «Қазақ романы және қазіргі заман» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғайды. 1964 жылы «Газет жанрлары» атты оқу құралы, 1968 жылы «Казахский роман и современность» атты монографиясы жарық көрген.
Ұзақ жылдар Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің аппаратында, Қазақстан баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі төрағасы және тағы басқа да көптеген лауазымды қызметтерді абырой биігінде атқарды.
Ғалым қазақ әдебиеті мен теориясының зерттелу мәселелеріне өмірін арнады. Әсіресе, Алаш арыстарын ақтау, Мағжан Жұмабаев мұрасын ғылыми зерделеу жұмысына, мағжантанудың дамуына сүбелі үлес қосты.
1989 жылы Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытовтардың өмірі мен шығармашылығы туралы «Жаңа жолдан» ( «С новой строки») атты кітапты жарыққа шығарды.
Ғалымның іргелі зерттеулерінен бөлек, орта және жоғары оқу орындарының тәлімгерлеріне арналған оқулықтардың да шоқтығы биік. Фольклорлық мұралар мен жазбаша әдебиеттің көркемдік дәстүр жалғастығын саралай талдаған зерттеулері қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған айтулы еңбек.
Ш.Елеукенов баспа ісінің теориялық тұрғыдан қалыптасуына да айрықша ықпал етті.
Көркем публицистикасы үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болған қаламгердің, «Емтихан» атты сатиралық комедиясы Жамбыл және Қызылорда облыстық театрларында сахналанған. Бірқатар пьесаларды қазақ тіліне аударған.
«Казахский роман и совремменность», «Замандас парасаты», «От фольклора до романаэпопеи», «Әдебиет және ұлт тағдыры», «Сұлулыққа іңкәрлік, «Ғасырмен сырласу», «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде», «Казахская литература: новое прочтение», «Тәуелсіздік биігінен» , «Мағжан. Өмірі мен шығармагерлігі» сынды кітаптардың және «Әттең, дүние» романы мен «Мұхаметжан – Мархума» атты деректі повесі, «Кітаптану негіздері», «Қазақ кітабының тарихы» (Ж.Шалғынбаевамен бірге) оқулықтарының, «Мағжан Жұмабаев» кітапшасы және мектеп оқушыларына арналған «Мағжан Жұмабаев» атты оқулықтарының авторы.
«Мағжан» монографиясы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақ ПЕНклубының Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық сыйлығының иегері. «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері». Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. «Құрмет Белгісі» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Қазақ руханиятында өшпес із, өлмес мұра қалдырған қайраткер тұлғаның жарқын бейнесі мәңгі жадымызда.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшылығы
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір