КРЕАТИВТІ ОЙЛАУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ
30.07.2020
1378
1

Креативті ойлау. Бұл – бүгінгі заманда жиі айтылатын сөз. «Креативті ойлауға» түрлі анықтама берілген. Өнімді ойлау, тиімді шешім қабылдау, жағдайды алдын ала болжау, уақыттың өзі талап еткен жаңа идеялар, әріптестік байланысты арттыру, жаңалық ашу, басқарудың жаңа тәсілдерін ойлап табу, стандартты ойлау жүйесінен тыс идея, т.б. Осылай жалғастыра беруге болады.

Креативті ойлау жүйесі туралы жазылған Еуропа ғалымдарының еңбегін екшеп, саралай келе мынадай ойға берілесің: бұл өз бидайыңды өзіңе қуырып беру ғой… Түбі бір нәрсені түрлендіріп, жаңа термин арқылы түсіндіріп жатқаны болмаса, негізі дін мен дәстүрімізде жатқанына тағы бір көз жеткізесің. Ерекшелігі – ғылымға енгізіп, қолданысқа айналдырып жіберуі…

Ой

Сонымен, біріншіден, ой оңашада туады. Демек, ойланудың алғышарты – оңаша қалу. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке маңындағы Хира үңгірінде оңаша қалып ойланатын. Төбеден Меккеге көз тастап, халықты надандықтан құтқарудың қамын жейтін. Оңашада туған ой амалға асты, қараңғы күн кешкен жұртты Исламға үндеді, иманға ұйытты.

Уайым

 Екіншіден, уайым қажет. «Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсең», – деген халық нақылы бар. Кейбір ғалымдар Исламның алғашқы дәуірінде арақ-шараптың қоғамнан аластатылып, тыйым салынуына базбір сахабалардың уайымы түрткі болды деседі.

Үшіншіден, креативті адам көлденең келген кедергіні айналып өтеді. Алла елшісі алғаш рет өзіне жақын ағайын-туыстарын шақырып, оларды Исламға үгіттегенде насихатына ашық қарсы шыққан көкесі болды. Алайда Алла елшісі келесі жиынға ол көкесін шақырмай, сөзұғар жақындарын жинап, ізгі амалын жалғастырды…

Ізгі адам су секілді болса керек-ті. Ағысқа қарсы ақпайды, арнасынан тасымайды, кедергіге тап болса, айналып аға береді…

Мүмкіндік

Төртіншіден, креативті ойлауға дағдыланған тұлға мәселені мүмкіндікке айналдырады. Мынадай ғибратты әңгіме бар. Аяқ киім шығаратын фирма басшысы екі қызметкерін Африкаға жіберіпті. Мақсат айқын: тұтынушы санын көбейту. Бірінші қызметкер: «Олар мүлде аяқ киім қолданбайды екен. Сондықтан ол жерден ешқандай сатып алушы шықпайды», – деп жігері құм болып оралса керек. Екінші қызметкер: «Олардың аяқ киімді мүлде қолданбайтыны қатты қуандырды. Ыңғайлы аяқ киім ұсынсақ, неге алмасқа? Осыны ойланайық», – депті, жаңа мүмкіндіктің жолын нұсқап. Әлгі фирма басшысы мүмкіндіктен бұрын мәселені бірінші көріп қоя беретін, яғни проблеманы пайдаға жаратуды білмейтін қызметкерін жұмыстан босатып жіберген көрінеді…

Өмір болған соң түрлі сынаққа кезігесің. Біреудің мінезі ұнамайды, екіншінің сөзі жақпайды, т.б. Алайда айналасын имандылыққа үндеп жүрген адам осы сынақты сауапқа айналдыра біледі. Мешіт ішіне дәрет сындырған кісінің өрескел әрекетін әдеппен түсіндірген ардақты пайғамбарымыз оны Исламға шақырып, мұсылман болуына себепші болды. Осы мысалдың өзі көп жайтты ұқтырады емес пе?

Бесінші, креативті ойлаудың тағы бір маңызды тұсы – адамды басқаруда оның табиғаты мен қабілетін білу, соған сай тапсырма жүктеу, өтініш білдіру, насихат айту, т.б. Тағы да сол екі дүние сәруары Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірінен ғибрат аламыз. Кеңес, насихат сұрап келген сахабаларына оның табиғаты мен түсінігін ескеріп жауап береді екен. Білімге бейім адамды – ұстаздыққа, батырды майданға жіберді. Істі өз иесіне тапсырған…

Сауап

Алтыншы, ойды басқару… Сократ былай деген екен: «Адам өз ойын басқара алады, ал эмоция ойдан туады». Демек, психолог айтқандай, сезім деген нәрсе бірде келіп, бірде жоқ боп кететін дүние емес. Бұл – өзіміз таңдайтын реакция. Жамандыққа жол ашатын сезімді тежеген адам көптеген қауіптен өзін құтқарады.

Адамның ойы мен ақылын ешкім тартып ала алмайды. Мысалы, жолда көлігіңіз сынып қалды делік. Мұны Алланың сынағы дейсіз бе, әлде жер тепкілейсіз бе – қалауыңыз білсін… Мәселе – осы сәтті қалай қабылдауымызда. Реакцияны өзіміз таңдаймыз. Содан кейін оны эмоция арқылы шығарамыз. Ақылды адам кінәні көліктен емес, өзінен іздейді. Жөндеуден өткізбегені, үйден шығарда сапар дұғасын оқымағаны еске түседі. Сынақты сауапқа айналдыру дегеніміз осы болар…

 

Тағылым

Ойды басқару – маңызды мәселе. Алла елшісінің сахабаларына ойды басқаруды үйретуі сондықтан. Бағдаршамы Құран болған пайғамбарымыздың ой тәрбиесіне қатысты мынадай тығылымды атап өтеуге болады:

► Ойды жаман нәрселерден тазарту, теріс діни сенімнен босату;

► Әр нәрсені ой електен өткізу. Кез келген ақпарат ақиқатқа жанаса ма? Оны талдау, сараптау, ой електен өткізу, ақ-қарасына көз жеткізу, тексеру керек;

► Мұсылман бауырың туралы жаман ойда болмау. Өйткені, күмән күнәға итермелейді;

► Біреудің іс-әрекетіне сырттай баға беріп, оның үстінен үкім айтпау. Жүректі білуші Алла екенін естен шығармау, т.б.

 

Түйін

Креативті ойлаудың басты өлшемі – көздеген мақсатқа жету, осы жолда кез келген кедергіні еңсеру. Бұған пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам дінін жеткізудегі өлшеулі өмірі мен тұла бойындағы қабілеті, көркем мінезі дәлел. Оның тағылымды хадисінде айтылғандай, білім мен даналық иесі болуға бәрінен бұрын мұсылман лайықты…     

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы

Оймақтай ой

Мағжан ЖҰМАБАЕВ:

 – Жаратылыстың құшағында, меруерт себілген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде, күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеріп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малымен бірге өріп, сары сайран далада тұрып өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, өткір, терең болуға тиіс. 

Жүсіпбек АЙМАУЫТҰЛЫ:

 – Орташа ақыл мен күшті қайрат қосылса, адам талай қызметті орындауға қабілетті болады, әсіресе, қайраты қуатты, жүйелі болып келгенде, бұл қасиеттері болмаса, қандай күшті талант дарыған адам болса да, үздік талантына лайықты қызмет істеп, өзін-өзі көрсетіп, жарқырап шыға алмайды.      

 Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ:

 «Ойлаңыз ақыл, білім қайда болмақ,

Денеде қандай орын, жайда болмақ?

Білу, нану, ұнату – ақыл ісі,

Қайтсе зиян, қайткенде пайда болмақ?

 Тән – сезіп, құлақ – естіп, көзбен көрмек,

Мұрын – иіс, тіл – дәмнен хабар бермек.

Бесеуінен мидағы ой хабар алып, 
Жақсы, жаман әр істі сол тексермек».

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 30.07.2020 | 23:11

Уайым — ер қорғаны, есі барлық.
Абай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір