Жеңіс ОСПАНОВ. ҒАЙШАГҮЛДІҢ КҮЙЕУІ
30.07.2020
1068
0

Мезгіл сары күз еді. Сүмбілесінің тамшысы да ірі еді. Әлсін-әлсін жаңбыр жауып, мазаны алып тұрған мезгіл. Осы айда күн бұлтты болды. Тамыздың аяғы. Күзем қырқып, құс қайтатын қыркүйектің басы. Апта бойы ұлып жел тұрды. Өксіп-өксіп ұлыды. Ызалана соққан желдің өнменіңді тесіп, өкпеңе жететін ызғары сұмдық. Анам кірді үйге. Кірді де:

– Ғайшагүл қайтыпты, – деді. Аңтарылып қалдық. – Өз-өзіне қол салыпты!

– Алда байғұс-ай! – деп, әкем бетін сипады. – Обал-ай, ана екі бала қалай ержетеді, қалайша, қайтып қиып кетті қос мұңлықты?

– Жетеді. Жетіледі. Өседі. Өнеді. Өзін айтсайшы. Қырдың қалампырындай еді ол келін.

– Ажалы шығар, – деп тұтықты әкем.

Ғайшагүл дегенде көз алдыма қараторы, атжақты, көзі мөлдір, биязы көрші келіншек елестеп, бала болсам да іштей егіліп, күрсіндім. Өлімнің не екенін түсіндім де, жылағым келді. Қораның түкпір бұрышында асылып тұрған суалған жанар,  өлі дене көлбеңдеп елестегенде бала жүрегім тітіркеніп шошындым. Ищай!

Ертеңіне сол сүмбіле. Сүмірейіп бүркіп жауды. Тамшысы ірі, моншақтай. Артынан бұршақ төкті. Аспан бұлтты. Түні де түнерген суық. Желі де теріскейден. Ғайшагүлдің анасы аңырап  айтынып  жылады. Жоқтап тұрып кімді қарғады? Білмедік. Әйтеуір жер тепкілеп, өксіп, ызаланып, қарғанып ешкімге дес бермей, естанды күйде күйініп жатты. Әзиз ананың ащы дауысы әлі күнге дейін құлағымда.

Мал сойылды. Қазан көтерілді. Шапаны шұбатылып молла келді. Төрге шығып тізе бүкті. Ләм деп үндемеді. Тырс етіп тым құрымаса тіл қатпады. Сәлемдескен жұртқа дүрдік ернін қимылдатып, ишарат жасады да қойды. Ғайшагүлдің қайын атасы еңкілдеп, кішкентай Бөпешті құшағына қысып алып: «Ботам-ай!» – деп қыстығып күңіренді. Бөпеште үн жоқ. Үндемейді. Себебі туа біткен мылқау. Тілсіз. Үнсіз.

Ғайшагүлді жерледік. Сырлытастың ескі қорымына. Аспан ұзағынан өксіді. Сарнатып қоңыр үнмен үндемес молла құран оқыды. Одан кейін Әкпар, Сейіт, Ғалым шалдар кезектесіп қатым қайырды. Қабіршілер малмандай су болыпты. Ғайшагүлдің күйеуі Аян үнсіз жылады. Жас қабірге уыстап топырақ салдық. Тірінің міндетін орындадық. Бет сипадық. Көлікке қарай асықтық. Бала болсақ та түйсініп, іштей түсініп жүрміз.

Кім кінәлі? Не себептен екі баласын шырылдатып өз-өзіне қиянат жасады бұл? Бір сыры бар. Әлде… шаршап кетті ме екен, төзімі таусылып.

Жұрт гу-гу: «Күйеуі екен кінәлі. Ішпейді. Ащыға әуестігі жоқ. Бірақ суық жүрісі бар екен. Көрші ауылдағы Гүліммен әмпей деседі. Өсек шығар? Өсек емес шын… «Мылқау қызды, екі көзі соқыр, құлағы мүкіс ұлды дүниеге әкеліп, мүгедек, жарымжан перзент сыйладың», – деп сөгіпті. Ғайшагүл осы күнге шейін сыр білдіріп, тіс жарып сыртқа айтпапты. Шыдамдылық танытыпты. Мінезге бай еді ғой». «Өлді. Қалды. Енді үйіне кіргізсін Гүлімін», – деді сөзқұмар жұрт.

Ғайшагүлдің анасы кетерінде тағы қарғанып, егіліп, өз бетін өзі тырнап біраз шерін шығарыпты. Әкесі момын адам екен. Лайсаң жерге отырып алып, гөй-гөйлеп жылап іштей қамығыпты. Бірақ тіл қатпапты. Бар айтқаны: «Алланың ісі, дауа жоқ», – деп келте қайырыпты.

Қабағы қабарып, күз кетті. Аюдай ақырып, қылышын көлденең салып қыс өтті. Көптен күттіріп көктем келді. Жадырап жаз шықты. Ғайшагүлдің жылдық асы берілді. Ақырындап дүниеден өткен марқұмды Аян да, Аянның туыстары да ұмыта бастады. Ғайшагүлдің ізі бар. Бірақ орта жолда қалған. Тірлігі тәмам. Қысқа да нұсқа болды. Тойынғанды көтере алмады десті жұрт. Түрлі пікірде әйтеуір. Қайтадан күз. Сүмбілесіз күз. Бөпеш пен Бөбек аудан орталығындағы мүгедек балалар үйіне табысталды. Аян үйленді. Бірақ Гүлімге емес. Он жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған  немерелес ағасының әйеліне.

«Әу баста сондай сөз шыққан, ағасының әйелімен «әуейі» деген», – деп күбірледі жеңіл ауыздар. «Жетісер ол қатынды алса, қосағаш үйді қатар қондырмайтын, аузы сүйреңдеп өсек тасып, ел-жұртты шағыстырып жүретіні былай тұрсын, нәпсіқұмар бетпақтың нақ өзі ғой!»

Солай шығар! Аянның шағын тойы күні күн күркіреді. Күз ұзақ болатын шығар. Құдалар мәз. Ырду-дырду. Былтырғы аста-төк жаңбыр биыл жоқ. Бірақ  аспан бұлтты…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір