ӘДЕПТІ ДИСКУРС ИЕСІ
30.07.2020
1150
1

Тынымбай НұрмағанбетовСайын Мұратбеков сияқты 1960-жылдары қазақ әдебиетіне келген жазушылардың көрнекті өкілдерінің бірі. Жазушы Мәскеудегі Әдебиет институының бір жылдық курсында оқығаны белгілі. Ауылдан шықпаған жазушылар мен Мәскеу немесе шет елді көрген жазушылардың ерекшелігіқазақ әдебиетінің басқа контексте мойындалуына қызмет етеді. Мәскеудегі әдеби институтта оқыған жазушы, сыншылардың қазақ ұлттық сөз өнерінің мәртебесін көтеру үшін істеп жүрген үлкен азаматтық, патриоттық істері баршылық. Тынымбай ағамызды да осы қатарға қоса аламын.

Бұл қатардағылардың осы ерекшелігі жазу мақсатында да білініп тұрады. Кешегі Аманхан Әлім сияқты, үлкен әдеби орта­да оқыған жазушылар сол замандағы ор­ыс, басқа ұлттардың әдебиетімен са­лыс­­тыра отырып, «солардан біз қай жағынан қалып барамыз? Қай тұ­сы­мыз кем тартуда?» деген оймен өзде­рі­не үлкен шығармашылық талаптар қоя­ды. Сондай жазушының бір өкілі – Тынымбай Нұрмағанбетов. Студент кезімде жазушының «Қауынның иі­сі» атты керемет әңгімесін оқыдық. С.Мұ­рат­бековтың төлқұжаты – «Жусанның иісі» болса, 1970-жылдардың басында жазылған Т.Нұрмағанбетовтың «Қауын­ның иісі» жазушының басты тақырыптық құжаты дер едім. Осы мәтінді сол кезде үлкен кісілердің өзі оқып риза болатын. Ауылдың несібесі болған қауынды басты концепт етіп осы арқылы сол кездегі тір­шілікпен қатар рухани хал ахуал на­ным­ды суреттелген. Жазушы қысқа әрі нақты жазады. Бұл кісі қаламақы үшін жазбағандардың қатарынан. Тағы бір ерекшелігі – өзі жақсы білетін, сондықтан немкұрайлы қарай алмайтын, қазіргі ауылдағы замандастарының бас­тан кешіп жатқан оқиғаларын жазады. Шы­ғармада маңайындағы тірлікке көңілі толмайтын қариялар болса – олар тура өзінің жасы мен күйіне сай сөйлейтіндер. Әйелдері – әйелдерше сөйлейді. Бүгінгі смартфоннан бастарын көтермейтін, өз ойларын ауызша айта ал­майтын жастар бейнесі де нанымды. Кейіпкерлердің сөйлеу мәнерлері шы­найы – өмірде қалай сөйлесе, жазушы шығармасында оны сол күйінше береді. Біздің прозамызда кейіпкерлер бірыңғай әдеби авторлық ұқыпты тілмен сөйлейді ғой. Ал Т.Нұрмағамбетов мәтіндерінде әр кейіпкер өзіне ғана тән тілімен сөйлейді. Қорқыт Ата жатқан киелі Қызылорда өңірінің ерекше тынысын, кеңес зама­нындағы ауыл өмірі көріністерін, 1990 жылдардағы сол елге де жеткен нарыққа көшу қиын кезеңі, қазақ ауылына жаба­йы бизнестің қалай келгені, әкімдердің белсенділігі, билік иелерінің елді ат­тап өтіп жатқан абыройсыз істері, тендер ойнату, ауылдағы коррупцияның белең алғаны сияқты бүгінгі тіршілік – жазушының басты тақырыбына айналған. Бұл мәтіндердің авторы ауылға жаны аши отырып жазады. Қазақ ауылы бүгінгі күні неден айырылып жатыр? Бұрын біреуге қиянат жасауды білмейтін ауыл адамдары бұған қалай еті үйреніп икемделуде? Совет кезінде де арлы мен абыройлы ақсақалдары мен сыйлы аналары баршылық болған қазақ ауылы таза болған ғой, сондықтан ауылда кімнің не істеп жатқаны бүкіл ауылдың көз алдында өтеді. Осының бәрін Т.Нұрмағамбетов шынайы түрде жазады. Бірақ баяндаушысы әдемілеп, қолдап – кейіпкерлеріне жаны ашымайды да. Бейімбет Майлинше, эмоциясыз, шын­дықты жазады. Көп жазушылар кейіпкердің іс әрекеттік қозғалыстарына эмоцияны қосады. Бейімбетше Тынымбай ағамыз оқырманын аямайды, қатыгездікті, немқұрайлықты сол күйінде жаза салады, кейде күрсініп де баяндайды, бірақ оқыр­манның өзі баға берсін дегенге апарып қоя салады. Екіншіден, жазушы А.Чеховты көп оқитын болу керек. Ұнатпайтын кейіп­керлерін, сумаңдағандардың бар іс-әрекеттерін Чеховша боямасыз бар қалпында береді. Яғни бүгінгі заттық әлемнің тұтқыны болған кейіпкердің қылығын оқырман соның қасында жүр­гендей сезінеді. Бүгінгі Тынымбай Нр­ма­ғанбетовтың қатарындағы замандастары заман дертіне ұшырап – жыныстық ара-қатынасты жазуды шынайы деп түсініп оны қуып бара жатқаны да бар. Себебі қазіргі 70-80-дегі бейсболкамен жүрген Битлздың замандастары атеистік қоғамның ұрпағы ғой. Осы ретте жазушының қазақи әдептілік пен шынайылықты Чехов сияқты сақтап келе жатқанын ризашылықпен қабылдаймын.

Қазақ ауылы неге тозып жатыр? Сов­хоздар тараған кезде халық жерінен, малынан айырылып қалды. Енді қазір ауыл тозған кезде қазіргі қазақ қалай жаны мен малын сақтап қалады? Ел неге қалаға кетіп жатыр? Осындай маңызды сұраққа жазушының қазіргі мәтіндерінде жауаптар баршылық. Жазу­шының жеке мәдениеті деген салада Т.Нұрмағанбетовтың орынды, әдепті дискурсын әбден пайдалануға болары анық. Тозып бара жатқан ауылға автордың жаны ашып жазған мәтіндеріндегі әд­еп­тілік пен шынайылық Чеховтың жазу­шылыққа қойған шартын еске сала­ды. Қай романын ашсаңыз – диалогы болсын, баяндауышының сөзі болсын – бәрі қысқа әрі нақты. Бейімбеттен келе жатқан қазақи классикалық шынайы прозаны Тынымбай Нұрмағанбетов ұстанып келе жатқандай. «Қауынның иісі» классикалық мәтін . «Қош бол, ата» мәтіні де мұңды ғана емес, ой салады. Жазушы шығармаларының тақырыптары да ойландырып қояды: «Қарлығаштар ұясы», «Бәйтеректер», «Туған ауыл тү­тіні», «Балалық шақтың әуендері» т.б. Осыдан біраз жыл бұрын Қазіргі роман деген бір жарыс өтті. Авторлары аталмай біз тек мәтіндерді оқыдық. Солардың ішінде «Әруақтар бізді тастап кетті » атты романның ерекше ұнағанын айтып, бес бет сараптама жазып берген едім. Кейін бұл роман авторы Т.Нұрмағанбетов екенін білдім. Жазушы бұл романының атын қазір басқаша өзгерткен сияқты. Бірақ жүлде басқа бір орыстілді жазушыға бұйырды. Бұл романда – қазіргі қазақ ауылына келген ессіз нарық, әкімсымақ пен оның айналасындағылардың бел­сен­ділігі мен осыны Елді аттап өтіп іске асыру әрекеттері – ар мен ұятты ат­тап өтуі шынайы берілген.Кеңес кезін­дегі коммунистер мен комсомол бел­сен­ділері билікке әкім болып келгендегі ауылдың «көркеюіне» тигізіп жатқан әсері мен кесірі бар қалпында сөз етіл­ген. Өкініштісі – олар тура өздері сияқты жастарды өсіріп өз орындарына отырғызып үлгергендері… Бүгінгі элита мен билік өкілдерінің аяқ астынан байып, небір көзбояушылыққа баруы да нанымды суреттелген. Осындай сұмдықтарды рұқсат етілген деп көрген жастардың келешегі не болады? Олар сондықтан ауылды тастап кетуге неге мәжбүр? Ауылда неліктен келешек жоқ? Ауыл неге құлдырап жатыр? Осы ретте романда ауылдағы адамдық, ақсақалдық, қазақи жетім мен жесірге қарайласатын этиканың жоғалуы шынайы суреттелген еді. Қазіргі заманның ақсақалдары біздің аталарымыз сияқты емес. Қа­зір­гі 70-80 жастағы үлкен кісілер Бей­сенбай Кенжебаев сияқтылар емес. Бұлар кеңес заманында өскен атеист қарасақалдар. Ауылды қанап жатқан осылардың жандайшаптары… Бай болуды басты еткендердің қарайған елдің мүддесін аттап өтуі, олардың қиянаттары, жесір әйелдерге көрсетіп жатқан әділетсіздіктері, жалғыз басты аналардың көріп жатқан қиыншылығы бұл романда боямасыз берілген. Қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздіктер, оны көрмеуге тырысатын әкімшіліктің басындағы адамдардың салғырттығы, немұқұрайлығы баршылық. Қолында билігі бар адамдардың сауатсыздығы, қара басының ғана жағдайын ойлаған­дығы жақсы келтірілген. Мысалы, кешегі ештеңесі жоқ әкімнің бай болып шыға келуі . Бұның қалай болғанын Ел көрмей отырғандай өзін еркін ұстануы. Осы ретте кейіпкердің: «Олар бұрын біз сияқты еді ғой. Осы заманда қазіргі байыған адамдарды «ол қалай байыды?» деп ешкім сұрамайтын болып барады ғой»,– деуі де жай реплика емес ау! Ар мен ұяты бар ауылда бұрын бұлай болмаған ғой. Осылай кете берсе, қазақ жастары қайда барады? Біз қазіргі заманның қиындықтарын айтамыз да қоямыз. Тынымбай ағамыз романында біз мақтана алмайтын шындықты жазып жүрген шыншыл жазушы: бірақ оқырманға жазған сөйлемінің астарында не тұрғанын «өзің түсініп ал» деп қоя салатын автор. Сөзді ысырап етпей, ұтымды пайдаланатын жазушының мәтіндеріндегі диалогтары да нақты және қысқа. Қазіргі ауыл кешіп жатқан заман шындығын көркем сөзбен жазып келе жатқан Т.Нұрмағанбетов бүгінгі прозада өз орны мен өз тақырыбы бар, талғамы биік жазушы.

АЙГҮЛ ІСІМАҚОВА, профессор, әдебиеттанушы

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 29.08.2020 | 15:23

Қауынның иісң

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір