ЗЕРДЕҢЕ ТОҚЫП, ЖАДЫҢДА САҚТАЙ БІЛУ ДЕ ҮЛКЕН ҚАСИЕТ
23.07.2020
724
0

Білім мен ғылым жолы қиын жол ғой. Инемен құдық қазғандай дейтін бе еді? Ғылым жолын қумаса да, білімін толықтыруға келгенде алдына жан салмаған мен білетін азаматтардың ішіндегі бірі де, бірегейі де – менің досым Ғалым Доскен дер едім. Тағдыр бізді табыстырған күндерден бері тарихқа, мәдениет, өнерге байланысты болсын, дәстүр-салт, ырым-жоралғыларға, жер бетінде мен білмейтін, тіпті, барынан хабарым да жоқ қайдағы бір ұлттардың тұрмыс-тіршіліктеріне байланысты болсын, білмейтіні жоқ-ау деп қашан да қайран қалып жүрем. «Қазақстан» телерадио корпарациясында бірге қызмет жасаған жылдарда, жаңа хабарлар даярлауда талай мәрте көзім жеткен жағдайлар. Хабарларды талқылаудан бастап, эфирге шығатын сәтіне дейін редакторлардың қасынан кетпей тікелей өзі қадағалаумен болатын. Бұл деген – телеарнадан болсын, радио толқынынан болсын, әрбір хабардың соңғы нәтижесіне бірінші басшы, яғни өзі жауапты екенін түсінгендіктен деп ойлаймын. Бір ғана мысал, өзі көлікте кетіп бара жатса да, Қазақ радиосын қосып қойып, редакторлардың, не болмаса хабар жүргізушілерінің жіберіп алған сәл қателіктерін қалт жібермей, сол мезетте маған телефон шалып: «Нұреке, ана хабардың ана жері олай емес, былай болуы керек», – деп түзету енгізіп бара жататын. Әрине радиоға жауапты орынбасары болғандықтан сол сәтінде қателікті түзететінбіз. Бірақ мені қайран қалдыратыны, «Апырмай, осының бәрін қайдан біледі, қалай ұмытпайды» деуші едім. Тарихи даталарға, хабар кейіпкерлерінің өмір деректеріне байланысты кей кездерде біздің редакторлардың эмоцияға беріліп, орынсыз көркемдеп жіберетін сәттердің өзін қалт жібермей қадағалап отыратын ғой. Ал енді халық әндері мен күйлеріне келгенде өте тыңғылықты. Қай әннің қай өңірде дүниге келгені, қай күйді қандай күйшінің қай байдың асында безілдете тартқанына дейін және ол күйдің неше нұсқасы барына дейін білмейтіні жоқ десем, қателеспеспін. Ес білгелі кітапқа үңіліп көп оқығанның, және сол оқығанын зердеге тоқи білудің көрінісі шығар. Бәріміз де кітап оқимыз ғой, бірақ сол оқығаныңды түгел зердеңе тоқып алу жағы кемшіндеу ме қалай, оны енді мойындауымызға тура келеді.

Қыс мезгілі болатын, бірде жұмысқа сәл-пәл тұмауратқандай болып мазасыз келді, не болды деп сұрағанымда: «Мен таңғы сағат төрттер шамасына дейін кітап оқып жатам ғой, онсыз ұйықтай алмаймын, сол кітабымды оқып жатып ұйықтап кетіппін, ал терезем ашық күйінде қалыпты, міне енді бырқылдап отырғаным мынау», – деп қарап отыр. Ол ол ма, бірде Корпорацияның жұмысымен атақты SONY компаниясының шақыруымен жолсапарға шықтық. Ұшу жолымыз Алматы – Мәскеу – Токио. Сонда Мәскеуден Токиоға дейін он бір сағат шамасында ұштық қой деймін, мен Токиоңызға жеткенше, арасында бір ұйықтап алып, кино көрумен болдым, ал Ғалым болса, әлемдік классиктердің бірінің кітабының қызығына батып, жол бойы соны оқумен болды. «Ой сабазым-ай, көзіңе де дамыл беріп, бір сәт демалмайсың ба», – деймін ғой баяғы. Сөйтсем не дейді деші: «Нұреке, үйде бастап қойып едім, енді үзіп алмай, бітіріп тастайын да», – дейді. Баяғыда бала күнімізде ауылда, жарықтың бірде бар, бірде жоқ кезінде, шырақтың жарығымен сабақ оқып отырсақ, әжем жарықтық айтушы еді: «Көздеріңнің майын тамызып, қара көлеңкеде кітабыңа көп үңіле берме», – деп. Сол айтқандай, Ғалым досым жақында екі көзіне бірдей ота жасатты. Не болды десем: «Е-е, Нұреке, алпысқа жақындағандағы қарттықтың белгісі ме, оның үстіне қанша жылғы езіп шеккен «темекінің де әсері» дейді дәрігерлер, оқа емес отадан кейін тәуір көретін болып қалдым», – дейді досым. «Мейлі ғой, досым, ол ешқандай да темекі, ешқандай да қарттық емес, ол қаншама түндерде тамылжып, кітап беттерінде тамшы болып қалып қойған көз майыңның азайғанынан», – деп қалжыңдадым. Сондықтан досым, мына жарық дүниенің кереметін өз көзіңмен көріп жүргенге не жетеді! Өткенде хабарласқанымда: «Ота дұрыс болды, жақсы көретін болып қалдым», – деп шаттанып отыр едің, кітапқа үңілуіңді қайта бастаған боларсың. Мейлі ғой, үйренген дағдың, оқи берші, тоқи берші зердеңе. Өйткені сенде білімің мен білігіңді, оқығаның мен тоқығаныңды айналаңа жеткізе алатын, ұғындыра алатын жақсы қасиет бар. Айналаңдағы дос-жараның, ізбасарларың кітаптан таппаған мәліметін сенің жадың арқылы тауып жатса, оның несі айып. Сондықтан аман бол, досым, асқаралы алпысың құтты болсын!

Нұрлан  ӨНЕРБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір