ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЗЫНАСЫ
Қазақ тарихында Шоқан Уәлихановтан бастап А.Байтұрсынұлы, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан сияқты ғалымдардың бірнеше ғылым саласын зерттеп, қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосқанын білеміз. Бүгінде осындай тұлғалардың жолын жалғастырған көрнекті академик Сейіт Қасқабасовты айтуға болады. Академиктің зерттеу еңбектеріне қарасақ, тек фольклористика саласында ғана емес, әдебиеттану, өнертану, мәдениеттану, көсемсөз саласындағы салмақты еңбектері бар екеніне көз жеткіземіз. Ғалымның негізгі бағыты фольклористика саласы болғанымен, фольклористиканың шеңберінен асып кеткені баршаға мәлім. Ғылыми зерттеулерінің аясы өте ауқымды, әрі кең. Ізденістері әлемнің әр түпкірін қамтиды: мұнда Африка, Азия мен Америка, Австралия да бар. Зерттеу нысаны да жан-жақты, әр алуан: алғашқы қауымдағы мифтер мен дамыған мифология, ежелгі Египет, көне Үнді, Месопатамия, Эллада, көне Рим және Скандинавия, сондай-ақ Еуропаның ортағасырлық мәдени ескерткіштері. Салыстырмалы-тарихи және типологиялық зерттеулер барысында осындай аса маңызды, көлемді материалдарды кеңінен қолданды.
Мақпал ОРАЗБЕК,
филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры
Сейіт Қасқабасовтың бұл зерттеулерінің нәтижесінде қазақ фольклорының жалпы адамзаттық сипат белгісі мен ұлттық ерекшеліктері айқындалып, қазақ фольклоры мен әдебиетінің қазіргі бүкіләлемдік өркениетке өзіндік үлес қосқаны және әлемдік әдебиеттің бір бөлшегі екені анықталды.
Бұл мақалада Сейіт Қасқабасовтың ұлттық гуманитарлық ғылымға қосқан зор үлесі болып саналатын ғылыми еңбектері мен жетістіктерін талдап көрсетуге тырыстық.
І. Фольклортану саласында
- Қазақ фольклортану ғылымында мәні зор жаңалықтар ашты. Қазақ фольклорының құрамында ертегіден басқа, жеке бір топ құрайтын жанрлар бар екенін ашты. Ол топқа «аңыздық проза» деген атау берді. Оны іштей жіктеді, сөйтіп ұлттық фольклорымызда миф, хикая, әпсана, хикаят, аңыз деген түрлер барын анықтады. Олардың бәріне ортақ белгілерін сипаттады және әрқайсысының өзіне тән қасиеттерін айқындады.
Бүкіл аңыздық прозаның тарихи даму процесін зерттеді. Әр заманға сәйкес өзгере отырып, қарапайым түрден көркем формаға жеткен жолын көрсетті.
- Қазақта да миф пен мифология бар екенін тұңғыш рет айғақтады. Миф көне заманғы фольклорға жататынын, сол шақтағы фольклордың танымдық түрі екенін дәйектеді. Қазақ мифінің өзіндік табиғатын ашты. Оны әлемдік мифология аясында қарастырып, жалпы типологиялық та, өзіндік те қасиеттерін талдап зерделеді.
- Қазақ ертегілерін жанрлық жағынан екі түрмен байытты. Бұрын ертегілерді қиял-ғажайып, жануарлар туралы, тұрмыс-салт ертегілері деп үш түрге бөлетінбіз. Енді оған новеллалық (ғибраттық) және сатиралық (сықақ) деген екі түр қосылды. Бес түрден тұратын ертегілер тобын «Ертегілік проза» деп атап, бүкіл қара сөзбен айтылатын фольклорға «Халық прозасы» деген атау берді. Оны түгел бір жүйеде қарап, аңыздық проза мен ертегілік прозаның ортақ қасиеттерін, әрі әрқайсысының өз ерекшеліктерін айқындады. Осы екі түрдің көркемдікке жеткен эволюциясын көрсетті.
- Алғашқы болып қазақ ертегілерінің өмір шындығына қатысын зерттеді. Ертегілерде өте ескі замандағы рулық қоғамның алуан түрлі салттары мен әдет-ғұрыптары, діни нанымдары мен ұғым-түсініктерінің сарқыншақ түрінде сақталып, көркемделген формада жеткенін нақты мысалдармен дәлелдеді. Олардың бізге жеткен ертегілерде көркемдік-бейнелеуіш құралға, тәсілге айналғанын көрсетті. Мұндай заңдылық эпосқа да тән екенін тиянақтады.
- Ұлттық фольклортануда алғаш рет «Қазақ фольклорының тарихы» атты арнайы кітапты жоспарлап, жүйелеп, редакциясын басқарып, жарыққа шығарды. Фольклордың тарихын үлкен 3 дәуірге бөліп, «Ежелгі замандағы рухани мәдениет», «Орта ғасырлардағы фольклор», «Жаңа дәуірдегі фольклор» деп саралады. Әр дәуірде фольклордың қай жанрлары пайда болғанын, олардың қалай өзгергенін немесе ғайып болғанын, сондай-ақ қаншалықты көркемделгенін анықтап, зерттеуге мұрындық болды, әрі өзі негізгі тарауларын жазды. Сөйтіп, біздің дәуірімізге жеткен бүгінгі фольклордың ұзақ тарихи жолдан өткенін, үздіксіз дамып отырғанын, ежелгі қарабайырлықтан, синкреттіліктен арылып, көркем руханиятқа айналған эволюциясын көрсетті. Бұл – мүлде жаңа концепция еді. Жалпы, бұл – қазақ фольклортану ғылымының ең биік жетістігі болды. Зерттеуде көптеген жана жанрлар қарастырылды. Мәселен, халық прозасынан басқа арнайы «магиялық фольклор» деген тарауша бөлініп, онда «алғыс», «бата», «қарғыс», «ант» деген жанрлар жекелеп қаралды, сипатталды, оларға анықтама берілді. Сондай-ақ көптеген жаңа ұғымдар, терминдер жасалды.
- Тұңғыш рет ұлттық фольклор теориясының негізгі проблемаларын қарастырды. Фольклордың статусы мен теориялық негіздерін айқындады. Фольклордың негізгі үш сипатын анықтады. а) фольклор – синкретті, көп функциялы руханият; ә) фольклор – ежелгі мәдениет, әрі мұра; б) фольклор – сөз өнері.
- Фольклордың поэтикасын талдап, ондағы тұтастану заңдылығын дәйектеді. Тұтастанудың 5 түрін белгіледі: сюжеттік, ғұмырнамалық, шежірелік, тарихи және географиялық. Бұрын үшеу деп есептелетін.
- Қазақ эпосында бұрыннан белгілі батырлық, ғашықтық, тарихи, көне эпос түрлеріне тағы 2 түр қосты. Бірі – балладалық жыр, екіншісі – дастан. Дастанның өзі ішкі жанрларға бөлінетіні анықталды. Олардың ерекшеліктері сипатталды. Дастан – әдебиеттің емес, фольклордың жанры екенін дәйектеді.
- «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» және «Қыз Жібек» жырларын жаңа тұрғыда талдады. Кейіпкерлердің іс-әрекеттерін, жалпы образын сол заманғы ұлттық сана-сезім мен салт-дәстүрлер негізінде қарастырды. Сөйтіп, Жібек пен Сансызбайдың қосылуын бұрынғыдан басқаша тәпсірледі, сондай-ақ Қодар мен Бекежанның неге ұнамсыз боп көрінетінін де өзгеше тұрғыдан ұғындырды. Бұл екі эпосты қазақ және орыс тілдерінде Мәскеуде «Эпос народов Евразии» сериясы аясында үлкен ғылыми зерттеумен, түсініктермен жарыққа шығарды.
- Фольклордың жалпы руханиятпен байланысын, ара-қатынасын ашты. Атап айтқанда: фольклор және әдебиет, фольклор және музыка, фольклор және театр, фольклор және кино, фольклор және бейнелеу өнері деген аспектілер бойынша зерттеулер жүргізді. Фольклордың – қазіргі рухани мәдениеттің қайнар көзі әрі бөлшегі екенін танытты.
- Қазірде елімізге және шетелге танымал «Бабалар сөзі» атты 100 томдық фольклор жинағына басшылық етіп, жарыққа шығарды. Оның 9 томына кіріспе мақала жазды, жекелеген томдарды құрастыруға, түсініктерін жазуға қатысты. Бұл 100 томдық Германияда Дүниежүзілік кітап көрмесінде өте жоғары бағаланды.
- «Мировая фольклористика» деген 3 томдық ғылыми жинаққа басшылық етті, құрастырушының бірі болды. Жинаққа әлемге әйгілі шет ел ғалымдарының таңдаулы еңбектері енді.
ІІ. Әдебиеттану саласында
- 10 томнан тұратын «Қазақ әдебиетінің тарихын» жобалап, концепциясын жасады, құрылымын жоспарлап, дәуірлері мен кезеңдерін анықтап, жазылуына басшылық етті. 1-томның жалпы редакциясын басқарды. Концептуалды әрі теориялық тарауларын жазды. Сол сияқты 3-томның да редакциясын басқарып, бағдарлы мақалаларын жазды. Бұл еңбектің басты нәтижесі – қазақ сөз өнерінің үш түрі бар екенін дәлелдеді. Олар: фольклор, авторлық ауыз әдебиеті, жазба әдебиеті, бұлардың ерте заманнан бері бірге өмір сүріп, бірге дамып, біздің дәуірімізге жеткенін көрсетті. Осымен «қазақ әдебиеті – младописьменная литература» деген тұжырымды жоққа шығарды. Бүгінгі әдебиетіміздің, фольклорлық кезеңін қоспағанда, екі жарым-үш мың жылдық тарихы бар екенін дәлелдеді. «Осынау ұзақ тарихтың әр кезеңінде қандай әдеби шығарма туды, ол қай жанрға жатады, оның өзіндігі неде?» деген секілді проблемалар дәйекті түрде шешімін тапты. Алаш арыстарының шығармашылығы жан-жақты талданып, әдебиет тарихындағы лайықты орны мен рөлі сарапталды.
- Академик С.Қасқабасов әдебиет тарихын бүгінгі күн талабымен зерделеп, бірнеше еңбек жазды. «ХV-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» атты зерттеуі жаңашылдығымен ерекшеленді. ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған жыраулардың шығармашылық табиғатын өзгеше тұрғыдан ашты, яғни соны тұжырым жасады. Атап айтқанда: Қазақ хандығы сияқты көшпелі-бақташылық мемлекетте міндетті түрде жыраулық институты болатын заңдылығын Түркі қағанаты мен Шыңғыс хан мемлекеттерінің мысалына сүйене отырып анықтады. Жыраулардың саяси-мемлекеттік, рухани миссияларын тиянақтады. Жыраулар – ең алдымен мемлекеттің идеологы, ханның ақылшысы, сонымен қатар әміршіге оппозиция да бола алатын қайраткер болғанын, ұрыста қол басқаратын батыр, жауынгерлерді рухтандыратын ақын ретінде, ел қиналғанда ақыл айтып, алдағыны болжайтын дана абыз екенін көрсеткен аса ірі тұлғалар деген қорытынды жасады.
- ХІХ ғасырдағы әдебиет жайын Махамбет пен Абай шығармашылығы арқылы қарастырды. Махамбет поэзиясын жаңаша талдап, ақынның шығармашылық жолын кезең-кезеңге бөліп тәпсірледі: Жәңгір хан ордасына келгенге дейін өлеңдері, Ордада жүрген кезде туған өлеңдер, хан ордасынан кеткен тұста шыққан дүниелер, көтеріліс тұсындағы туындылар, көтеріліс жеңілгеннен кейінгі уақытта туған шығармалар. Әр кезеңді сипаттап, сол шақта пайда болған шығармаларды нақты атап, болған жәйттермен байланыстыра қарастырды.
- Абай шығармашылығына бірнеше еңбек арнады. Әр аспектіден жазылған бұл еңбектерде бұрын айтылмаған пікірлер мен тұжырымдар көп. Мәселен, мынадай жаңалықтарды айтуға болады:
а) Абай шығармашылығындағы фольклордың рөлі – Абай өз өлеңдерінде қазақтың төл сюжеттерін пайдаланады, ал поэмаларында Шығыс халықтарының сюжеттеріне жүгінеді;
ә) «Ескендір» поэмасының сюжеті көне заманның ескерткіші Талмудта бар екенін анықтап, оның Абайға қандай жолмен келгенін айқындады;
б) Абай – Ренесанстық тұлға, оның поэзиясы ренесанстық сипатқа ие;
в) Абай поэзиясының төрт ерекшелігі бар: жаңашылдық, шыншылдық, сыншылдық және сыршылдық;
г) Абай – қазақ этногенезін және мақал-мәтелдерін зерттеуші;
д) Абай – қазақ әдебиетіне баллада жанрын енгізген («Асқа, тойға баратұғын», «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында»).
- Мәскеуде «Классика литератур СНГ» деген серия бойынша «Льется песня под домбру» және «Небосвод над моей головой» деген атпен 2010 жылы шыққан екі томға басшылық етіп, көлемді екі зерттеу мақала жазды. Ол мақалаларда қазақ әдебиетінің көне түркі заманнан бастап ХХ ғасырға дейінгі өткен жолы тәуелсіздік тұрғысынан бағаланып, ғылыми шолу жасады, аса ірі ақын-жазушылардың шығармаларын жаңаша талдады. 2,5 мың жылғы әдебиет тарихы – біртұтас көркемдік жүйе екенін көрсетті, әдебиет үзілмей, жалғастықпен дамығанын паш етті.
- Ғалым С.Қасқабасов Жамбылтануға да үлесін қосты. Жамбыл туралы жаңа көзқараспен, тәуелсіздік тұрғысынан бірнеше мақала жазды. Шығармашылығын жыраулық дәстүрмен сабақтастыра зерделеп, Жамбыл – әрі жыршы, әрі ақын, әрі жырау деп дәлелдеді. Оның ХІХ ғасырда шығарған дүниелері мен ХХ ғасырдағы поэзиясын салыстыра қарап, Жамбыл – бұрынғы классик жырау деңгейіне көтерілгенін көрсетті. Оны «ХХ ғасырдың ұлы жырауы» деп атады. Жамбылдың таңдамалы шығармаларын орыс тілінде 1 том етіп жарыққа шығарды. Томды құрастырып, кіріспе-мақаласын және түсініктерін жазды.
- Жазба әдебиет мәселелері бойынша да бірқатар жұмыс атқарды. Мәскеуде шыққан томдарда көне түркі жазбалары мен орта ғасырлардағы Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Югнекидің әдеби мұрасын орысша жазып, жеке шығармаларын талдады. Әдеби дәстүрді жаңғыртушы, жаңа жазба әдебиетін жасаушы деп Абай Құнанбайұлынан бастап, Ыбырай Алтынсарин, Шәңгерей Бөкейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Нарманбет Орманбетұлы сияқты көп жылғы «қамаудан» шыққан қаламгерлер туындыларын сипаттап, орыс тілді оқырманға таныстырды.
- Жазба әдебиет үлгілерінің 20 том құрайтын «Әдеби жәдігерлер» атты топтамасын жобалап, жарыққа шығуын қамтамасыз етті. Аталмыш топтамаға ежелгі түркі дәуіріне дейінгі әдеби сюжеттер, тасқа қашалған көне түркілік мәтіндер, сондай-ақ ХІ-ХІХ ғасырларда дүниеге келген, бірақ қалың жұртқа танылмаған әдеби шығармалар енді. Атап айтқанда, Баласағұн, Қашқари, Яссауи, Иүгінеки, Бақырғани, Рабғузи, Бабыр, Жалаири, Хайдар Дулати, Әбілғазы Баһадүр, Халид Құрбанғали сияқты аса көрнекті қайраткерлердің туындылары жинақталып, бір сериямен шығып, көпшілікке ұсынылды.
- ХХ ғасыр мен қазіргі кездегі әдебиет пен әдебиеттану проблемалары туралы жазып, тың ойлар айтты. Әсіресе, бүгінгі әдеби үдерістің барысы жайында, постмодернизм ағымы жөнінде алғашқылардың бірі болып, пікір білдірді. Постмодернистік әдебиет, негізінде, постиндустриялдық елдерде болатынын дәлелдеді. Постиндустриялдық елдегі постмодернистік ағымның етек алуын ол елдерде индустрияның қатты дамып, руханият ішінде әдебиет пен өнер өзінің түп негізінен, халықтық мұрадан, әсіресе, фольклордан қол үзгендігінен деп тұжырым жасады.
- Бүгінгі әдебиет өкілдері туралы және тәуелсіздік жылдары қалыптасқан әдеби өмір жайында жазып, капиталистік қоғам құрып жатқан қазіргі қоғамда әдебиет пен өнердің міндеті өзгергенін, енді әдебиет пен өнерге «шығарма түсінікті болуы тиіс» деген қағидаға қоса «әдебиет пен өнерді түсіне білу керек» деген шарт пен талап алға шығуы керек деген жаңа идеяны ұсынды. Нарықтық қоғамда әдебиет пен өнер өкілдері өздерінің туындыларын кімге, қандай оқырманға, көрерменге арнап жазатынын жақсы білуге тиіс. Себебі нарықтық қоғамда әртүрлі әлеуметтік топтарға бөлінетінін, олардың өз талғамы, өз талабы болатынын атап көрсетті. Міне, ақын-жазушылар да, драматургтер мен режиссерлер де аудиториясының нені талап ететінін білгені жөн. Кедей топ пен олигархтардың өмірге көзқарасы, мәдениетке деген қатынасы әр басқа, олардың талап-талғамдары да бір-бірінен тым алшақ. Сондықтан нарық заманында әдебиет пен өнер әр әлеуметтік топтың сұранысын біліп отыруы, соларға қажетті дүниелер шығаруы қажет деген қорытынды шығарды. Бұл ойлар – әдебиет теориясы үшін де, әдебиет пен өнердің перспективасы үшін де актуальді, әрі жаңалық болды.
- Тәуелсіздік алғаннан кейін әдебиетте тарихи тақырып алға шықты. Оның басты себебі – елге өзінің тарихын таныту, тарихи жадымызды ояту, рухымызды көтеру болды. Бұл тарихи шығармаларда фольклордың, әсіресе, мифологияның элементтері мен сарындары көп пайдаланылды. Осының себебін ашу мақсатында фольклор мен әдебиеттің ара-қатынасы, байланысы туралы жазып, өзі жетекші болып, бұл проблемаға арналған ұжымдық монографияны жарыққа шығарды. Мұнда фольклор мен әдебиеттің байланысына және бүгінгі ара-қатынасына кең шолу жасалды. Автордың бірі ретінде зерттеуге қатысып, мынадай заңдылықты анықтады. Фольклор мен әдебиеттің байланысы төрт кезеңнен тұрады, яғни олардың ара-қатынасы төрт түрде болады және үнемі жалғасып отырады. Бірінші кезеңі – генетикалық байланыс. Бұл шақта әдебиет фольклордан онша алшақ кетпейді, оның әсерінде, бесігінде болады. Екінші кезең – оппозициялық байланыс. Бұл уақытта әдебиет жекеленіп шығады да, аяғына тік тұрған соң фольклорға сын көзбен қарайды, оның белгілерінен қашады, тіпті менсінбейтін жағдайға жетеді. Үшінші кезең – үндестік байланыс. Байланыстың бұл түрі әдебиет қай жағынан болса да жетілген мезгілде көрініс береді. Ендігі уақытта фольклордан қашпай, оның сюжетін, поэтикасын, образдарын, жанрларын жетілдіре, өзгерте пайдаланады, яғни фольклорды басқа деңгейде, басқа мақсатта қолданады. Төртінші кезең – кері байланыс. Бұл жағдайда, әсіресе қазақ жағдайында, әдебиет әбден толысып, биік көркем дәрежеге жеткен соң оның әдеби образдары мен поэтикасы фольклорға әсер етеді, сөйтіп ел арасына тарайды, фольклорлық түрге енеді. Кері байланыстың өзіндік бір көрінісі ХХ ғасырда жасаған халық ақындарының шығармаларында айқын болды.
ІІІ. Өнертану саласында
- Өнертану тұрғысынан фольклорды арнайы зерттеді. Қазіргі профессионалды өнеріміздің барлық түрінің төркіні – фольклор екенін дәлелдеді. Қазақта «фольклорлық театр» болғанын көрсетті. Оның үш түрін анықтады, жіктеді, сипаттады. Бірінші түрі – алуан түрлі халық ойындары мен ғұрып-салттарда кездесетін театрлық элементтер. Екінші түрі – әдейі сауық құру үшін ұйымдастырылатын ойындар мен іс-әрекеттер. Үшінші түрі – кәсіби театр өнерінің алғашқы бастамалары.
- Фольклорлық трагедия жанры екенін атап және оның төмендегідей ішкі жанрларын талдап көрсетті: лиро-эпикалық және дастандық түрлер. Сонымен қатар фольклорлық театрда комедиялық түрлер де болғанын дәйектеді.
- Қазақстанда тұңғыш үш томдық «Қазақ өнерінің тарихы» және бес томдық «Қазақ музыкасының антологиясы» еңбектерінің дайындалуы мен жарыққа шығуына ықпал етті.
- ХХ ғасырда жазылып, сахнада қойылған бірнеше классикалық пьесаларды талдап, олардың түп негізі – фольклорлық сюжеттердің театрда қалай қойылғанын және неліктен өзгергенін, немен толыққанын зерттеді. Атап айтқанда, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қыз Жібек» драмаларын фольклорлық түпнұсқамен салыстырып, әр автордың көркемдік-эстетикалық ұстанымын, қандай идеялық мақсат тұтқанын зерделеді, авторлардың енгізген жаңалықтарын айқындады.
- Өнердің әр саласындағы фольклор сарындарын анықтап, олардың өткен ғасырдың рухани өмірінде атқарған рөлін ашып көрсетті. Кино өнеріндегі, музыка саласындағы, сурет өнері мен театр сахнасындағы, драматургиядағы орны кең әрі әлі күнге дейін маңызы зор екенін анықтады.
Көсемсөз саласында
Сейіт Асқарұлы еліміздің қоғамдық өміріне, ғылымы мен мәдениетіне зор мән берді. Әр кезде жарияланған публицистикалық еңбектерінде басқаларға ой салатын өзекті ойлары мен көзқарасын, пікірін әр уақытта білдіріп, ұсыныс жасап отырды.
1995 жылы «Халық кеңесі» газетінің 10 ақпандағы санында «Ел мәртебесі мәдениетімен жоғары» сұхбатында қазақтың ұлттық мәдениетінің әлсіреп бара жатқаны туралы өткір мәселе көтеріп, «мәдениетімізді ойдағыдай дамыту үшін заңға әрі ғылымға негізделген мәдени саясат жүргізуіміз керек», – деген ұсыныс жасады. Себебі телеарналардағы шетелдік арзанқол телехикаялар мен кинолардың жас ұрпақтың тәрбиесі мен қоғамға тигізетін зиянын айта келе: «Жүйеленген мәдени саясат – мәдени үрдіске басшылық ету емес, оған қамқорлық жасау, оны ұйымдастыру және жандандыру», – деп көрсетті. Осы аталған сұхбатта ғылымды қаржыландыру, зиялы қауымға қолдау көрсету, олардың жалақысын көтеру елімізді рухани құлдыраудан құтқарудың негізі екеніне жете мән берді.
1999 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің 23 маусымда шыққан санындағы «Аралас мектеп амалсыздықтың тірлігі» атты сұхбатта Қазақстандағы орыс мектептерінің оқулықтарында «Моя Родина – Россия», «Наша русская зима», «Наше русское поле», тағы басқа осындай тақырыптар көп кездесетінін мысалға ала отырып: «Орыс мектептерінде оқытылатын тарих, әдебиет, тіл және басқа гуманитарлық пәндерде Қазақстан мемлекетінің төрт құбыласы түгел көрініп тұруы тиіс» деген маңызды пікір айтты. Ол үшін орыс мектептерінің оқулықтарын жазатын мамандарға зор көңіл бөліну керектігін ескертті. «Қазақ мектебінің беделін арттырудың бірінші жолы – заман талабына қарай маман дайындауды мықтап қолға алу, оның беделін көтеру. Оқулықтарға өмір өзгерістерін баланың ой-өресіне лайықтап кіргізіп, сапасын арттырып, батыл жаңарту керек» деген ұсынысы әлі күнге дейін өзекті болып отыр.
2009 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінің 8–14 мамырдағы санында жарияланған «Бір ғасыр бұрын» деп аталатын сұхбатында қазақ кітабының шығу тарихын жан-жақты сөз ете келе: «Қазақ кітабының шығу тарихы он жетінші ғасырдан басталады. Қолжазба түрінде емес, баспаханадан кітап ретінде шығуын айтамын. Типографиялық кітаптың алғашқы нұсқасы 1807 жылы «Сейфүл-Мәлік» деген атпен шыққан. Міне, алғашқы қазақ кітабының тасқа басылған нұсқасының шыққанына екі жүз жылдан асып кетті. Бірақ, 1909 жылы біздің классиктеріміз – Абай шығармаларының жинағы, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы», Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» жеке-жеке кітап болып жарық көрді», – деп қазақтың кітап шығару ісі он жетінші ғасырдан басталғанын анық көрсете отырып, ХХ ғасыр басында шыққан үш кітаптың тарихи маңызын атап көрсетті. «Бұл үш кітап – XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының тәуелсіздік жолындағы алғашқы кітаптары еді. Осы шығармалар арқылы жұрт отаршылдық езгісінен құтылып кетпесе де, жалпы, өзінің отар екенін ұқты. Өз тәуелсіздігін, еркіндігін олар сол заманда аңсады. Үш кітаптың да идеясы осыған саяды», – деп тәуелсіздік идеясының түп-төркіні алаш арыстарының кітаптарынан бастау алатынына назар аударды. Қоғамдық өмірдің басқа жақтарына назар аударған мақалалары көп. Бұл мақалада соның бір-екеуіне ғана тоқталдық. Саяси-қуғын сүргін, ашаршылық оқиғалары туралы, ұлттық мәдени мұра туралы, ән-өлеңдердің текстологиясы жөніндегі, гуманитарлық ғылымның дамуы мен тіл тарихы туралы құнды пікірлер айтқан сұхбаттары көпшілікке белгілі. Әсіресе, гуманитарлық ғылым туралы мақаласында тіл тарихына қатысты жеке-жеке ғалымдардың еңбектері болғанымен «Қазақ тілінің тарихы» деген үлкен, іргелі еңбек жоқ екенін есімізге салған болатын.
ІV. Басқа еңбектері
Жалпы жарық көрген еңбектерінің саны – 450-ге жуық, соның ішінде – 25-і өзінің кітабы.
- Мақалалары мен кітаптары ағылшын, корей, қытай, түрік және орыс тілдерінде жарияланды. Бір топ қазақ ертегілері мен «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қыз Жібек» жырларын орысшаға аударып, Мәскеуде жарыққа шығарды.
- Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 151 томға жетекшілік етті, автор ретінде қатысты, барлығын жарыққа шығаруды жүзеге асырды.
- Ғылым тарихы бойынша біршама зерттеу мен мақала жазды. Аса көрнекті ғалымдар мен әдебиетшілердің еңбектерін саралап, олардың ғылымға қосқан үлесін анықтап, насихаттады (Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Ә.Бөкейханұлы, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, А.Жұбанов, Н.Смирнова, З.Ахметов, т.б.).
- Шет елдерде және Қазақстанда көптеген Халықаралық және Республикалық конференцияға, симпозиумға қатысты, баяндама жасады.
- Көптеген ғылыми зерттеулерге, академиялық мәтін жинақтарына жетекшілік етті, жекелеген ақын-жазушылардың шығармаларын жарыққа шығаруды қамтамасыз етті.
- Елімізде ғылыми кадрларды дайындауға зор еңбек сіңірді. 13 ғылым докторын және 26 ғылым кандидатын үлкен ғылыми-шығармашылық еңбек жолына бағыттады. С.Әбдірахманов, К.Матыжанов, Ш.Керім, А.Әбсадықов, Н.Жүсіпов, Г.Власова, Т.Кривощапова, А.Пангереев, А.Тойшанұлы сияқты т.б. шәкірттері елімізде ғылымның дамуы мен оны ұйымдастыру, басқару қызметінде, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде абыройлы еңбек етуде. Шәкірттері көп жағдайда академик С.Қасқабасовтың өзі жазуға үлгермеген, немесе тезис түрінде айтқан проблемаларды зерттеп, өз саласына айтарлықтай үлес қосты.
Академик С.А.Қасқабасовтың тағы бір атап айтатын еңбегі елімізде тұңғыш Жоғары аттестациялық кеңеске басшылық етіп, ғылыми кадрларды аттестаттау ісін жолға қоюда зор еңбек сіңірді. 1992 жылы маусым айында ҚР Президентінің Жарлығымен ашылған ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестациялық комиссияның (ЖАК) төрағасы болып тағайындалды. Оның бастамасымен Халықаралық мемлекеттік органдарды аттестациялау ассоциациясы – МАГАТ құрылды. Ол осы беделді ұйымның бірінші төрағасы болып сайланды. «ЖАК туралы Ереже», «Ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беру тәртібі туралы ережелер» сияқты алғашқы заңнамалық құжаттарды тікелей өзі дайындады.
Алаш зиялылары Шәкәрім, Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпей сияқты классиктердің шығармашылық мұрасын ақтап, жариялау мен зерттеу туралы құжаттар мен басқа материалдарды дайындау ісіне күш салып, 1930-40, 50-жылдары репрессияға ұшыраған құрбандарды ақтайтын құжаттарды дайындады. Сондай-ақ 1932 жылғы ашаршылық құрбандарына жыл сайын 31 мамырды еске алу күні деп белгілеп, құрбандарға арналған монумент тұрғызу қажеттігі туралы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне ұсыныс енгізді. Кеңес бұл ұсынысты мақұлдап, арнайы қаулы қабылдады. Қазір 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні екені бәрімізге белгілі.
Саналы ғұмырын еліміздің ғылымы мен мәдениетін дамытуға арнаған академик Сейіт Қасқабасовтың еңбектерін мерейлі жасқа келген кезінде атап айтуға тиіспіз. Академиктің елге сіңірген еңбегі туралы қазақ әдебиетінің алыбы, белгілі ғалым Серік Қирабаев та: «Сейіттің ғалымдығы туралы, қайраткерлігі туралы көп әңгімелеуге болады. Ол ұлттық фольклортану, әдебиеттану және өнертану ғылымдарының бас-аяғын жинап, бағыттарын айқындап, жаңа өрлеу сатысына көтерілуіне себепкер болып, қайта жаңғырып жатқан егемен еліміздің өркендеуіне осылайша лайықты үлес қосып келеді», – деп әділ бағасын берген болатын.