ДЖЕНТЕЛЬМЕН ОБРАЗЫН ЖАСАП ШЫҚҚАН ЖАЗУШЫ
23.06.2020
1513
3

Қай кітаптың оқырманы көп? Әдетте «көктен түскен төрт кітаптың» бірін (сеніміне ыңғайы келгенін) адамдар жастығының астына қойып тұрып оқитын көрінеді. Бұл – кітап оқылымын зерттегендердің топшылауы. Діни сенімге қатысты кітаптардан кейінгі ең оқылымды әдебиет – детектив жанры екен. Мәселен, Агата Кристидің көзі тірісінде-ақ кітабы 120 млн. данамен басылып шыққан. Ендеше жанрын тапқан жазушының шығармашылығына тоқталып көрелік.

Айнұр ТӨЛЕУ

Агатаның қалам ұстауына анасы Кларис­саның ықпалы болған. Тұйық, өз әлемінде ойға батып жүретін бойжеткеннің болмысын анасынан артық кім түсіне алсын? Оның алғашқы жазбасын оқырман қауым самарқау ғана қабылдады. Себебі ол «Сұлулық үйі» деген әңгіме жазған. Иә, әдебиет мұндай «нәзік» тақырыпты ол шақта асау толқындарымен жағаға лақтырып жіберетін. 21 ғана жастағы Агата оны бірден түсіне қоймады. Бір күні ол әпкесімен детектив әңгімені талқылайды. Талғамы биік Агатаға әлгі әңгіме ұнамайды. Маргарет әпке Агатаны аяп қалсын ба: «Алды­мен өзің осындай әңгіме жаза аласың ба, соны ойла. Жаза алмайсың ғой. Несіне сынап отырсың?» – деп қойып қалады. Бұл сөз Агатаны қамшылай түседі. Жазғанда қалай, әдебиеттегі детектив жанры десе, адамзат алдымен Агатаны еске алатын жағдайға жетті. Жазушы болу үшін Агата адамға бақытты балалық шақ керек дейді. Міне, қызық. Ал біз мұңның не екенін ерте түсініп қойған баладан көп дүние күтеміз ғой. «Бақытты балалық шақ – бұл менің өмірден алған ең үлкен сыйым ғой», – дейді Агата Кристи

Кларисса шеше әңгіменің майын тамызып айтатын. Әдеби шығармаларды да жақсы тал­­дай­тын. 5 жасында хат таныған Агата ана­сымен жағаласып кітап оқитын. Әрине, Кларисса алғашында ерте әріп тануға талпынған баласының қылығын құптамады. Сегізге толғанда оқи бастаса да, бәріне үлгереді деп ойлаушы еді. Бірақ қабілетке құрық жоқ. Агата анасымен бірге Эдит Несбиттің өлеңдерін оқитын болды. Ол кезде Батыстың өзінде «қыз бала ішкі сезімін тысқа білдірмеуі тиіс, бұл бекзадалықтың нышаны» деген түсінік болатын. Сондықтан әкесі Фредерика сыйлаған аппақ күшікті көргенде Агата қатты қуанады. Бірақ бұл қуанышты ол әкесіне көрсетпейді. Бөлек бір бөлмеге барып алақайлап, көзіне жас алып әбден қуанса керек. Адамдар қалыптастырған осындай кереғарлықты Агата кішкентай кезінен сезіне білген.

Агата Кристи

1920 жылы басылған «Стайлздағы жұмбақ оқиға» романында ол қаламының қарымын байқатты. Сөйтті де 50 жыл бойы осы стильді дамытумен болды.

Агата жайлы айтқанда драматургиялық шығармасына мән бермесек болмас. Мәселен, «Қақпан» деген пьесасын жазып болған соң, жазушы осы шығарма 8 ай бойы театр сах­на­сынан түспейтін болады деп болжаған. Алай­да Агата бұл жолы өз мүмкіндігінің ғұ­мы­­рын тым қысқа бағалады. Бұл шығарма театр сахнасынан әлі алынған жоқ. Ол 24 тілге аударылды. 16 мың рет сахналанды. Тіп­ті премьерада қолданған тапаншаның өзін аукционда қымбатқа сатты. Мұнда да жазу­шы аудитория мен көрермен арасындағы қ­а­рым-қатынасты ұмытпаған. «Қақпанға» түскен (келген) көрермен де қойылымның соңына дейін қылмыскердің кім екендігіне бас қатырумен болады. Жазушы, әдебиет сыншысы Мартин Эдвардс оның шығармашылығы туралы былай дейді: «Кристи шығармашылығы ағылшын әдебиетінің феномені. Оның кітап­тары неге осыншалықты танымал болды? Менің­ше, ол детективті оқиғаларды сондай сенімді түрде жұмбаққа айналдыра алады. Шынайылық – оның шығармаларының құпиясы. Романдарының кейіпкерлерін бірден тани кетеміз. Себебі ол әр кейіпкерге жіті мән беріп, өмір кеңістігінде еркін қыдырып жүре алатындай жазады. Әртүрлі мәдениеттегі адам­дар оның кейіпкерлерін жатсынбай, сондай сүйіспеншілікпен қабылдайды. Бұл шеберлік пе? Әрине, қисапсыз еңбек пен шеберлік.»

Стайлздағы жұмбақ жағдай өмірге Эркюль Пуа­роны алып келді. Иә, қателескен жоқпыз. Эркюль әдебиетке емес, құдды бір өмірге келген кейіпкер еді. Жазушы бұл кейіпкерге арнап 33 роман жазды. Осылайша әлем оқырмандары Эркюльді өмірде бар адам деп қабылдады. Тіп­ті New York Times газеті «Эркюль қайтыс болды», – деп некролог жазды. Ал өз кейіпкері жайын­да Агата Кристи былай дейді: «Қай жер­ден қателестім? Бұл сұраққа жауап таба ал­май келемін. Бірақ сол бір қателігімнің кесірінен менің ізкесушім ұзақ өмір сүрді.» Иә, Пуаро қиялдан қашалып, қиялда қайтыс болса да, өмірде қазанама жазылған әдебиеттегі тұңғыш кейіпкер. Сонымен бейнелеп айтар болсақ, Пуаро Агатаның қиялында 1916 жылы дүниеге келді. «Үш актілі трагедия» романында Агата Эркюльдің өмірбаянын жазып шығады. Белгиялық кейіпкер соғыста жараланып, Англияға келеді. Осылайша ағылшын жерінде қалады. Эркюль әйел жазушының қиялынан қашалған джентльмен кейіпкер. Ол ешқашан кешікпейді, қалтасында үнемі сағат жүреді. «Қарызы бар еркектің түнгі ұйқысы тыныш болушы ма еді?» Бұл Эркюльдің ойы. Сосын ол таза жүреді. Ағылшын бекзадалығы мен еуропалық джентельмен образын жазушы Пуаро кейіпкердің образына жинақтады. Бұл типтік образ адамзаттың мінез-құлқына әсер етті. Қырланған шалбар, смокинг киген, көбелек пі­шінді галстук таққан ерлерге деген құрмет қандай дәрежеде? Олар зиялы әрі ақылды азамат сияқты көрінеді. Бір бойына ағылшын бекзадалығын жинақтаған образ көп ұзамай күллі адамзаттың мінез-құлқына әсер етерін кім бажайлаған? Бұны біз әдебиеттің адамзат мәдениетіне әсер ету үрдісі деп қабылдадық. Ал қазір ше? Қазір өмірде Агата жоқ, Эркюль бар. Пуароға арналған сериалдар әлі де түсіріліп жатыр. Кристи Пуароға қарағанда Мисс Марплдың тағдырына қатты алаңдаған сияқты. Алаңдамағанда, анығында Марпл арқылы Агата өз болмысын ашты емес пе? Мисс Марпл 1927 жылы Кристи оқырмандарымен танысады. «Құпияға толы 13 оқиға» әңгімесінің кейіпкері де дамып, үлкен образға айнала білді. Бұл кейіпкер де экраннан ауық-ауық көрініп тұрады. Джейн Марпл оның 12 романына кейіпкер болды. Марплды жақсы көргені сондай, Агата ол жайында берген сұхбатында былай деген: «Егер мен сәуегей болсам, ең алдымен Пуароны емес, Джейн Марплды жазар едім. Бозбала ізкезуші менімен бірге қартайды. Бұлай болар деп ойламап едім. Кейіпкерде де адам болжай алмайтын тағдыр болады.»

Детектив жанрының падишасы оқырманына жұмбақ жасырудан жалықпайды. Оның құпиясы да осы бір қабілетінде болса керек. Жұмбақты шешуге талпынған оқырман бір романды қалай оқып бітіргенін байқамай қалады. Жұмбақ – баланың ермегі емес. Айтпақшы, жазушы балалардың санамақ ойынын да шығарма желісіне енгізіп көрген. Айталық, 1939 жылы жазған «Он негр баласы» деген романы бар. Оның шығармаларында он кейіпкер болса, оқи­ға соңына дейін он рет толғанып, кімнің қыл­мыскер екенін таба алмай дал боласыз. Мисс Марплдың: «Қолайсыз жағдайда барлық адам қылмыс жасайды. Сосын кез келген адам өзін ақтап ала алады» деген пікірі бар. Міне, осы идея Агатаның бұлжымайтын ұста­ны­­мы. Оқылымды шығарма жазуға ол кейде ма­те­­матикалық есептерді қолданғандай әсер қалдырады.

Әлемге танымал үздік романдарының та­ғы бірі – «Шығыс экспрестегі кісі өлімі». Оқиға Лондонға бет алған Шығыс экспресс пойы­зын­да болады. Антиквар заттарды сатумен айналы­сатын Эдвар өзіне қауіп төніп тұрғанын айтып, межелеген жерге жеткенше Эркюль Пуародан қорғауын өтінеді. Бірақ тілдесу барысында тергеуші оның заңсыз әрекеттерге барып, жал­ған бұйымдар сатып жүргенін түсінеді. Агата Кристи бұл романда оқырманның логикасы мен байқампаздығын сынап отырады. Әлбетте ең сатылымды кітаптың бағына қызыға қарайтындар көп. Ал Агата өз шығармашылығы туралы сыр шерткенде: «Шытырман оқиғалы романдарымның сюжеттерін ыдыс жуғанда ойластырамын. Бұл іш пыстырарлық жұмыс болғаны соншалық, қылмыс туралы ойлар еріксіз ойға келеді», – дегенді айтады. Даңқты жазушы, білдей бір жанрдың падишасына айналу үшін бәлкім бізге де іш пысатын іспен көбірек айналысу керек шығар. Оның бойында дегдарлыққа деген құштарлық бұрыннан бар еді. Күтуші әйел бала Агатаға: «Леди бола алмайсың, ол үшін сен граф пен графиняның қызы болуың керек еді», – деп сол кездегі қоғамдық тәртіпті түсіндіріп беретін. Бірақ 1971 жылы қарымды қаламгерді құрметтеп, патшайымның өзі оны леди деп атайды. Демек, бола алмайсың деген сөз – адамдардың өзі ойлап тапқан тығырық қана. 1901 жылы Агатаның әкесі Фред Миллер дүние салды. 11 жастағы Агата жесір әйелдің жылағанын көрді. Жетім қалған ағасының жабыққанын көрді. Ас та төк молшылықтың да шырқы қашты. Асыраушысынан айрылған шаңырақтың қорғансыз ғана қызы осы кезден бастап өзін жігерлендіруді үйренді. 1906 жылы Парижге оқуға кетті. Жазушылық өнер хақында детектив падишасы былай дейді: «Париж мектебінде сахнаға шығатынбыз. Мен сахнадан қатты қорқамын. Жазушылықты неге таңдадым білесіз бе? Жұрт көзінен тасаланып, тыныш қана жазып отыра беруге қолайлы өнер – осы жазушылық қой.»

Канон қақпасын бұзған жазушы

Айтпақшы, Кристи ныспысын ол Арчибальд деген күйеуінен алған. Патша әуе корпусының ұшқышы, сымбатты жігіт бойжеткеннің жүрегін бірден жаулап алады. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Агата медбике болады. Ол дәрілер құрамын жақсы білетін фармаколог болған. Сондықтан шығармаларындағы қылмыскерлер кісі өлтіру кезінде у қолданса, дәрігердің дәрі мөлшерін арттырып жіберу әрекетін жазса, онысы сондай шынайы, әрі дәрігерлік сауат­ты­лықпен жазылатын. 1920 жылы жазушыға шығармашылық еңбегі қомақты қаламақы әкеле бастады. Екі жылдан кейін Арчи екеуі Америкаға саяхатқа шығады. Әлгі қомақты қаламақы таусылғанша екеуі әлем аралағысы келген. Бірақ Нью-Йоркте жүргенде Арчи ауырып қалады. Елге оралған соң, Агатаның анасы қайтыс болады. Арчидің де көңілі суыған. Тіпті екеуі ажырасып кетеді. «Жұт жеті ағайынды» деген бар. Дәл осы кезде сыншылар Агатаға классикалық детектив канондарын бұздың деген мін тағып жатқан. Дәл қазір біз қалыпты қағиданы бұзу – ерлік деп айтармыз. Бірақ қағида бұзу оған оңай болмады. Баспалар келісімшартты бұзып, кітабын шығарудан бас тартты. Күйзеліске түскен жазушы жоғалып кетеді. Полиция қызметкерлері Кристиге іздеу салады. Жазушы он күн дегенде әрең табылады. Бұл оқиғаны жазушының өзі де есіне түсіргісі келмейді. Өмірінің соңына дейін журналистер оған осы құпия 10 күн туралы сұрақты қоюмен болды. Агата: «Ештеңе есімде қалмапты», – деп қана жауап қайыратын. Бұл жағдайдың барлығы оған үлкен сабақ болды. Бұрынғыдан да шымырлана түсті. 1928 жылы Бағдат қаласына сапарға аттанды. Шумер мәдениетін зерттеп жүрген археологтармен араласты. Археолог Макс Мэллоунмен осы кезде танысады. Сөйте тұра Макстың үй болу туралы ойын алғашында Агата қабылдай алмайды. Жазушы-ана Розалинда қызының болашағына алаңдайтын. Макстан біршама үлкендігі де кедергі секілді көрінетін. Ақыры екеуі бас қосады. Археологтың түздегі жұмысы көп. Алайда бұл неке ауыз толтырып айтуға тұрарлық, сүйсініп баяндауға болатындай әдемі одақ еді. Тіпті Макске көмектесу үшін Агата тарих ғылымдарына қызығады. Көп кітап оқиды. Осылайша Макс ағылшын ғылымын­дағы құрметті ғалымдардың қатарынан бір-ақ шығады. Ирак жерінде жүргізген ғылыми ізде­нісі оған даңқ пен абырой алып келеді. Агата күй талғамайтын. Оның жазуға арналған жеке бөлмесі де болмаған. Макстың ғылыми абыройы қалыптасып, екеуі үй сатып алған кезде ІІ дү­ние­жүзілік соғыс басталып кетеді. Соғыс кезін­де Агата жазушы емес, дәрігер екенін тағы да еске түсіреді. Ал Макс соғысқа кетеді. Бірақ Агата қаламын тастамайды. Макс екеуі 45 жыл бірге ғұмыр кешті.

Жазушы 1976 жылы қыста 85 жасында дүние сал­ды. Жазу өнері адамнан жанкештілік пен өлермендікті талап етеді. Талантты болғанға не жетсін? Бірақ жанкештіліктің алдына талант та тәжін шешіп, тағзым жасайтынын біз Агата сынды жазушылардың еңбегіне қарап білеміз. Сондықтан ол теңдессіз талант еді, бітпес биік еді деп қасаң бағалаудан аулақпыз. Біз оның әдебиеттегі әрекеттерін таңданыспен айтамыз. Ал сол әркеттерді орындау үшін әлгі тәжін шешуге дайын таланттың керек екені түсінікті боп шыға келеді. Ол 80 жасында да жазуды тоқтатпаған еді. «Тағдыр қақпасы», «Пілдер ештеңені ұмытпайды», «Пуароның бұрынғы іс-қимылдары» деген кітаптарды Агата осы жасында жазған болатын.

Айнұр ТӨЛЕУ, ақын

 

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 26.06.2020 | 23:02

Жақсы мақала. Жалпы газет шетел жазушылары туралы қызғылықты материалдар беріп тұрады, өте орынды. (Постмодерацияда өте дөрекі, авторлардың жеке басына тиісіп жазатын азаматтар бар. Сайтты жүргізушілер мұндай пікірлерді алып тастауға болмас па екен? Немесе пікіріңізді мәдениетті түрде жазыңыз, деп ескертуіне.) Ал, енді осы екі қонақтың дөрекі пікірлерінде дән бар сияқты. Біздің де ойда жүргендей, осындай талдау материалдарды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері туралы да жариялап отырсаңыздар қатып кетер еді. Амангелді Кеңшіліктің Нобель сыйлығы иегерлері туралы Қазрадиодан берілетін хабарлары да қалың көпшілікке танымдық жағынан пайдалы. Сонымен қатар Мемлекеттік сыйлық алған өз жазушыларымыз туралы да таза теориялық болмаса да, танымдық мақалалар, хабарлар өте қажет.

Аноним 30.06.2020 | 11:54

«Әдебиет пен адамзат» деген жобаны көреміз. Шетел әдебиеті ерекше ұнайды.

Аноним 25.10.2021 | 10:49

төлөу сөлөу

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір