ЖАҚЫННАН ТАНЫМАУДЫҢ АЛЫП-ҚАШТЫ ӘҢГІМЕСІ
06.11.2015
1714
0
ВалихановШоқан туралы біз көп білетін сияқтымыз. Шоқан –  ғалым, Шоқан – саяхатшы, Шоқан – суретші дегенді мектеп қабырғасынан  естіп келеміз.  Шоқанның  бір еңбегінен үзінді  оқымай-ақ, оның ғалым екендігіне сенеміз. Салған суреттерінің бір де біреуін көрмей-ақ, оны мықты суретші болған еді деп мойындаймыз. Соның салдарынан жоғары оқу орындарына келген студенттерде «Шоқан шынымен-ақ шоқынған ба?», «Шоқан тыңшы болған ба?», «Шоқан әкесі Шыңғыспен араз болған дейді ғой, сол рас па?», «Шоқан 1865 жылы қайтыс болмаған екен ғой» деген сынды «дейді ғойға» толы дүдәмал, арзан сұрақтар желдей есіп жүрді. Мұндай сұрақтар жуырда Сүлеймен Демирел атындағы университетте өткен «Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел» (Ғ.Мүсірепов) атты апталық барысында да жиі қойылды. Шоқанның ғалымдығынан гөрі, пенделік тағдыры бізді көбірек қызықтыра ма?

Олар Шоқан «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырларының бірнеше нұсқасын қалай жазып алды?»,  «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Орақ батыр» жырларын  қалай   қағазға түсірді?» деп  сұрамайды? Олар небәрі жеті жасар Шоқанның әкесі Шыңғыстың жанында отырып, Жаманқұл ақыннан қазақ­тың ең тамаша «Едіге» жырын жазып алғанын айтып, неге таң қалмайды?
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын  алғаш әкесі екеуі Жанақ­тың аузынан жазып алған Шоқан 1864 жылы осы жырды Шөже ақыннан естиді. Екі ақынның нұсқасын салыстыра қараған Шоқан Шөже ақынның нұсқасын толық, таза деп бағалапты. «Шоқан шоқынған ба?» деп сұрақ қоятын балалар «Жанақ пен Шөженің жырларында қандай айырмашылық бар?», «Шоқан  неге Шөженің нұсқасын толық деп санады?» дегенді сұрамайды?
Қазақтардың тірі орысты енді-енді көре бастаған уақытында  Шоқанның «Едіге», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырларын  жазып алып  қана қоймай, оларды орыс тіліне  аударғаны жастарымызды  неге қызықтырмасын?
Шоқан өзінің  әскери қызметімен қатар тарих, география, этнография, өлкетану, бейнелеу өнеріне, сот ісіне қатысты еңбек­терін жаза жүріп,   халық ауыз әдебиеті мұраларын жинақ­тады, әдебиет тарихына, оның теориясына қатысты зерттеулер жасады. Ол – тұңғыш ауыз әдебиеті мұрасын жинақтаушы. Қазақ аңыз­дары мен әңгімелерін, жыр-өлеңдерін, ертегілері мен эпос­тарын, тарихи жырларды жинап, зерттеді. Сонымен қатар, Шоқан­ның ортағасырлық түркі жазба тілінде жазылған жәдігерлерді зерттеп, ғылыми айналымға қосқандығы туралы соңғы жылдардағы ғылыми еңбектерде айтылып жүр. Ғалым  Ш.Сәтбаеваның сөзімен айтсақ: «Қазақ сахарасында «Филология» деген сөзді, ұғымды ғылым мағынасында алғаш және бірнеше рет қолданған да Ш.Уәлиханов. …Өткен ғасырда «филология», «поэзия», «проза», «драма», «эпос», «эпопея», «роман», «поэма», «расподия», «мифология», «сюжет», «силлабика», т.б. әдебиеттік, сондай-ақ, «таза» лингвистикалық терминдерді, ұғымдарды тұңғыш қолданған да әдеби шығармалар мен тіл материалдарын әр тұрғыдан талдау үлгісін қалыптастырған да Ш.Уәлиханов».
«Қазақ поэзиясының түрлері» атты еңбегінде Ш.Уәлиханов поэзияның бес түрін ажыратып көрсетсе, «ХVІІІ ғасырдағы батырлар туралы аңыздар» еңбегінде Абылай хан тұсындағы батырлар, билер, жыраулар туралы аңыздар   айтылады.  Шоқанның  «Аңыз арнасы», «Ұлы жүздің мақал-мәтелдерінен», «Жоқтау жырдың үлгісі», «Тәңірі», «Қазақтың шежіресі» сынды  еңбектері  оның туған халқының өткен тарихы мен әдебиетіне мән бере қарауының  дәлелі.
Шоқан 1856 жылы Ыстықкөл сапарында қырғыз халқының «Манас» эпосын Назар манасшының аузынан жазып алып, тұңғыш рет хатқа түсірген. Бірнеше күн отырып, манасшыға қай­та жырлатып, жазып алған жырды қайта салыстырып, түзе­тіп, түсініксіз сөздерге түсініктеме беріп, орыс тіліне аударған. Бұл – Шоқан арқылы біз үйренетін ғалымдық жауапкершілік, адалдық. Шоқанның «Манас» эпосына қатысты еңбектері Әлкей Марғұланның, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде  жан-жақты  қарастырылған.
Ғалым З.Ахметов Шоқанның зерттеушілік қасиеттері туралы: «…Шоқан қазақтың мақал-мәтелдерін, нақыл сөздерін, өлең-жыр үлгілерін жиі және өте мол пайдаланады. Сонда бір көңіл аударарлық нәрсе қазақша өлең, жыр не әдеби нұсқадан үзінді келтірсе, айшықты, кестелі көркем сөздің қалпын бұзбай  тіл ерекшелігін толық сақтайды. Және орысшалағанда қазақша нұсқаның мағынасын ешбір бұлжытпай, дәл түсіреді», – депті. Демек, Шоқан орыс   ұстаздарының  тапсырмасын орындап, «тыңшылық» қызмет   емес, туған халқын таныту үшін зерттеушілік қызмет атқарған.
Шоқан мұрасы туралы аз жазылған жоқ. Басқа саланы айтпағанда,  Шоқанның әдеби мұрасы ғалым Ә.Марғұланнан бас­тап, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, Ш.Сәтбаева, З.Ахметов, Р.Бердібаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков сынды ғалымдар зерттеулерінде тиянақты зерттелді. Шоқанды әдебиет зерттеушісі тұрғысынан қарастырған Н.Қанафин, Қ.Алпысбаева, Ж.Бейсенбайұлы сынды ғалымдардың кандидаттық, докторлық диссертациялары қорғалды. Шоқанның көркем әдебиеттегі, көркем фильмдегі бейнелері сомдалды. Олай болса, жоғарыдағыдай сұрақтармен ғана шектелетін  бала­лар біліміне кім кінәлі?


P.S.: С.Демирел университетінде өткен  «Шоқан феномені жастарды неге қызықтырмайды» деген дебат соңында студенттер: «Шоқан феномені бізді қызықтырады. Құйрықты жұлдызға алыстан қарасақ, ол ағып түскендей болады. Егер оны жақыннан көре алатын болғанда, ол жұлдыздың ағып түскенге дейінгі ұзақ жолын көре алатын едік», – деді.  Тұлғаларымызға тым алыстан тамсанбай, жақынырақ барайықшы…

Баян Керімбекова,
филология ғылымдарының кандидаты.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір