Жалғас ТОЛҒАНБАЙ, актер: Арман болмаса, өмір таусылады…

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық және Республикалық театр фестивальдерінің жүлдегері, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актері Жалғас Толғанбаймен жолығып, ойымызда жүрген бірқатар сұрақтарды қойып көрдік.
– Жалғас аға, 2020 жыл сіз үшін айтулы жаңалықтарға толы болды. «Ердің жасы – елу», «Елуде ел ағасы» деп халқымыз бекер айтпаса керек-ті мерейлі жасыңыз құтты болсын! Бір сөзіңізде «Қожаға ұқсап өлімімді күттім», «Күртешеден қорыққан баламын», – деп балалық шақтың ерекше сәттерін еске алыпсыз. Сол әдемі естеліктер жайлы кітап жазу ойыңызда бар ма?

– «Ердің жасы елу» деп айтып отырсыз ғой. Жалпы, бұл жас бір ойланатын, әр әрекетіңді сарапқа салып, өзіңе есеп беретін жас па деймін. Өз атымнан кітап жазбасам да, естеліктер жазу ойда бар. Қазіргі шақ уақыттың қойнауындағы әдемі естеліктер мен балдәурен кезеңді, есейген шақты еске алатын мерзім деп ойлаймын. Өткен өмірімді, жүріп өткен жолымды ақ қағаз бетіне түртіп қою – болашақ ұрпақ үшін де пайдалы ғой.
– Өнер әлеміндегі алғашқы қадамыңыз Мәдениет ағарту училищесінде басталды. Студент шағыңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз.
– Мен бұзық студент болмадым. Айналаммен қарым-қатынасым дұрыс еді. Бала кезден өнерді, өнер жолында жүруді қаладым. Әкемнің ақ батасын алып, 1985 жылы Мәдениет ағарту училищесіне түсіп, клуб меңгерушісі және дирижер мамандығын оқып шықтым. Домбырадан Ұлбала Серімбетова деген ұстазым дәріс берді. Сол кісіден көп сабақ алдым. Үлкен өнерге жол ашқан барша ұстаздарыма рақметімді айтамын. 1988 жылы клуб меңгерушісі болып қызмет атқардым. Сосын әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, туған жерімде мұғалім болдым. Ауылымызда фольклорлық ансамбль құрып, Т.Жүргенов атындағы театр және өнер институтына түстім. Өмірім өнермен тығыз байланыста өрбіді.

– Өзіңіз айтып отарғандай, өміріңіз үнемі өнермен бітеқайнасып келеді. Өнерде өкінген кезіңіз болды ма?
– Пенде болғаннан кейін, өмірде қуаныш та бәрі қатар жүреді ғой. Өкінішім көп болды деп айтпаймын. Бірақ театрға алғаш келгенде қорқыныш болды. Абыз ағаларымыз бен өнер майталмандарының арасына келген соң, бастапқыда қобалжу жоқ емес-тін. «Рөлдерімді дұрыс ойнап, образ жасай алып жүрмін бе?», «Мен біреудің орнын байлап жүрген жоқпын ба?» деген ойлар жиі мазалады. Кейіннен бір рөлім сәтті шықты да, ары қарай бәрі жақсы болып кетті. Сонымен мен театрға кәдімгідей байландым.
– Театр сахнасында айтулы рөлдерді сомдап жүрсіз. Сіз «ойнасам екен» деп армандайтын рөл бар ма?
– Арман болмаса, өмір таусылады. «Абай» драмалық деректі фильмінде, «Абай-Тоғжан» спектаклінде ойнадым. Мен ойнамаған әлі көптеген рөлдер бар. Елге танымал ұлт жанашырлары мен тарихта аты қалған билер мен хандарды ойнау, оларды таныту – барлық актердің міндеті деп ойлаймын. Әлемдік классикаларда да бірнеше рөлді сомдадым. Бұйырғаны да, бұйырмағаны да бар. Алда қандай рөл кездессе де, әр образды жоғары деңгейде сомдап шығуға ниеттімін.
– Асанәлі Әшімовты қазақ «Халықтың Бекежаны» деп таниды. Бүгінде актерлердің төлқұжатына айналған рөлдерді кездестіре бермейміз. Бұл режиссер кәсібилігінің төмендігі ме, әлде актер шеберлігінің аздығы ма?
– Қазіргі күні актер шеберлігі аз деп айтпаймын. Мықты актерлеріміз бар. Актер бойында жалқаулық болмауы тиіс. Бұл мамандық өмір бойы ізденуді талап етеді. Өнер биігінен көрінгісі келген әр адам режиссерге айтып қойып, жүре бермей, еңбектену керек. Сол кезде ғана арманы орындалады. Бұл жерде режиссерді де, актерді де айыптауға болмайды. Жетістік те, кемшілік те екеуіне де ортақ.

– Қазақ телевизиясында да еңбек еттіңіз. Ел болашағын экранына қарап бағалайтын заманда қазақ журналистикасына көңіліңіз тола ма?
– Қазір журналистер ортасы көбіне рейтинг қуалау, өзін таныту мен пиар бәйгесіне айналғандай. Шын мәнінде қазіргі экранда тұшынып көретін бағдарламалар жоқтың қасы. Өзімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Яғни өзімізді дұрыс көрсете білуге тиіспіз. Шоу жасап, тез танымал болуға ұмтылу жөн емес. Адамға ой салатын хабарлар жасап, өтімді мақалалар жазу (әр журналистің міндеті ) деп ойлаймын. Салт-дәстүріміз бен тарихымызды қазбаласақ, соның өзінен көптеген дұрыс нәрселер таба алар едік. Біз өзімізге ғана керекпіз, басқа ұлттың ештеңесі кетпейді. Жалпы, қатты еліктейтін халықпыз ғой. Бізде қызықтан гөрі көшірме көп. Бүгінгі журналистерде адамдарды бір-бірімен шағыстыру, араздастыру көбейіп кетті. Бұрынырақтағы Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза ағаларымыздың телевизиядағы бағдарламалары ой салатын. Біз ұлтты тәрбиелейміз. Сондықтан ел санасына әсер ететін дүниелерге жеңіл-желпі қарасақ, құрығанымыз құрыған. Ұрпағымызға өзімізді сайқымазақ етіп көрсетуден аулақ болайық. Бұл менің уәжім, назым. Дұрыс хабар жасауымыз керек.
– Адамзат баласына берілген асыл құндылықтардың бірі – кітап оқу. «Әр қазақ оқуы тиіс» деп қандай 3 кітапты атар едіңіз?
– І.Есенберлиннің «Көшпенділерін», М.Әуезовтің «Абай жолын», Ә.Кекілбаев, Т.Әбдіков, О.Бөкей шығармаларын айтатын едім. Қазір жақсы-жақсы жас ақындар легі келе жатыр. Оларды да оқуымыз керек. Шетел классикасына да шолу жасау артықтық етпейді.
– «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар ғой. Қазіргі саяси ахуалға көзқарасыңыз қалай?
– Мен саясатқа көп араласа бермеймін. Біз тәуелсіз мемлекетпіз, өз Ата Заңымыз бен Президентіміз бар. Көп нәрсеге араласа бермеу керек. Қандай істің де байыбына бармай, асығыс үкім шығаруға болмайды.
– Қоғамда күрмеулі мәселелер жетерлік. Солардың біразы театр төрінде сахналанып жүр. Сіз жарыққа шығаруды арман ететін туынды бар ма?
– Қоғамдағы келеңсіздіктер театрда айтарлықтай көрсетілуде. Туынды шығару әлі ойда жоқ.

– Көптеген рөлдеріңізбен халықтың сүйіспеншілігіне бөленген актерсіз, үйде әкесіз! Ұрпақ тәрбиесінде қандай қағидаларды ұстанасыз?
– Атамнан әкеме, әкемнен маған жалғасып келе жатқан тәртіп бар. Ең басты қағида – біреудің ала жібін аттамау. Әр бала бойына ұят деген нәрсені сіңіріп өсуі керек. «Осы жасағаным дұрыс па, бұрыс па?» деп саралай алғаны жөн. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, қазақтың дәстүрін білу ең маңызды борыш екенін балаларыма жиі айтып отырамын. Қанымызға сіңген құндылықтарға сүйеніп жүрсек, адаспаймыз. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді ғой. «Обал болады», «ұят болады» деген сөздердің астарына үңілуіміз керек. Одан жаман болмаймыз.
– Бала Жалғастың барлық армандары орындалды ма?
– Аллаға шүкір! Маған көп достарым: «Сенің жолың болғыш», – деп айтады. Межелеген жерге тез жетпесем де, асықпай келе жатырмын.

– Жолыңызды қуып, өнер табалдырығын аттайын деп жатқан жас буынға айтар кеңесіңіз?
– Ұлым Жансұлтан Қонысбаев өнер жолында. Үйде – балам, жұмыста – әріптеспіз. Ұлыма да, өнерге келген өзге өрендерге де айтарым: «Өз ісіне адал болу, еңбекқор, ұқыпты болу бұлжымас қағидаларыңа айналсын», – дер едім. Қазір еңбек етем деген жастарға барлық мүмкіндік бар.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Төлебай ТАҢСАМАЛ
ҚазҰУ, журналистика факультетінің 4 курс студенті