Жеңіс Кәкенұлы. Суретшіні алдымен «көруші» деген дұрыс
12.06.2020
1639
1

Табиғат көріністері мен адам жанының, тіршілік құпияларының ақ қағаздағы бедері кім-кімді де таңдандырудан танған емес. Бүгінгі қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі Жеңіс Кәкенұлының туындылары өзіндік ерекшелігімен елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де кеңінен танылған. Қылқалам шеберімен әңгіме барысында суретшілерге тән қасиеттерге бойлай отырып, кескіндеме өнерінің әртүрлі қырларына ой жүгіртіп көрдік.

– Бейнелеу өнеріне деген қызығу­шы­лығыңыз қай кезеңнен бастау алды? Бұл өнер жолын таңдауыңызға қандай жағдайлар әсер етті?

– Суретшілік деген қызығып, таңдап алатын мамандық емес. Бұл өнер Тәңірден келетін несібе. Мұхтар Мағауин айтқандай, талғау­сыз, сұраусыз, берілген сый емес, несие – парыз арқалатқан, қарызға енші­лен­ген қасиет. Яғни, суретшілік өнер о баста қанымда болыпты, ата-анамнан дарыпты.

Анам шебер жан еді. Ылғи құрақ көрпе тігіп, киім пішіп, ши тоқып жүретін. Мен де сол, ес білгелі бері шимайлап, сурет салумен келемін.

 – Сурет өнерінің, суретшілердің басты қасиеті неде деп ойлайсыз?

– Суретшінің басты қасиеті – оның жасаған дүниесін барша жамағаттың жұтқан ауа, ішкен су сияқты тұтынатынында, суретшінің көпшіліктің көрмегенін көретінінде, жұрт байқамағанға назары түсетінінде. Әрі мұндай процестер көбіне тасада қалып жатады. Киген киіміңізден, ас ішетін қасығыңыздан бастап, еңкейіп барып мінәжат ететін мешітіңізге дейінгі барлық ғимараттар мен бұйымдардың, шағын үйлер мен кең сарайлардың күллісі, әуелі суретші сызған сызықтан басталады.

– Картиналарыңыздың денінде ұлттық құндылықтарға жан бітіріп, көпшілікті жылқы жануарының ішкі әлеміне де үңілдірдіңіз. Әр суретіңіз өзіндік өрнегімен сыр шертеді. Жалпы, суретші ретінде сізге қандай образдарды бейнелеген ұнайды?

– Әкеміз жылқы төлін өте жақсы көретін. Мәпелеп бағып, сұлы жегізіп, судың тұнығын ішкізетін. Жауыр қылмай, аяғына қан түсірмей мінетін. Ол кісінің тақымындағы жылқы біткен қысы-жазы түгі жылтырап, қунақ жүретін. Әкейдің сол жылқыға деген ерекше ықылас, пейілі маған да беріліп, жылқы суретін сала бастаған болсам керек. Оның үстіне, халқымыздың өмір салты, генетикалық болмысы Қамбар атамен біте қайнасып жатқандығы және бар, мендегі бейнелеу өнері ағысы жылқы образына әкелді. Басқа әріптестеріме ұқсап жылқыны бәйгеге салып, өкпесін өшіртіп, додаға салып езуін тілген жоқпын. Оны адам секілді, тап өзіміз сияқты шаттанып күлетін, шарықтап қуанатын, қай­ғы­ратын, азап та шегетін адам образында салуға әрекет етіп, түрлі жолдарын іздеп, тәсілдерін таптым. Сол еңбек өз нәтижесін беріп, өзіңіз тұрпатты көрушілердің көзіне түсіп, көкейіне тұнып, желе басып, ұзап кетті.

«Сәйгүліктер семан­тикасынан» өзге, «Қала көріністері», «Күміс қауырсын», «Көз көрген­дер» дейтін сериямен майлы бояу, графика жанрында талай кенеп пен қағазды «бүлдірген» жайымыз бар. Кітап безендіру, журнал графикасы да параллель жүріп, өз нәтижесін беруде.

 – Бояу түрлерін қалай талғайсыз? Қандай кезеңдерде сурет салғанды ұнатасыз? Күй, мезгіл таңдайсыз ба?

– Әр суретшінің өз палитрасына қарай бейімделген бояулары болады. Оны сатып алатын арнайы дүкендер де бар. Тіпті, өзімізде табылмай қалған күнде берідегі Ресейдің, арыдағы Еуропаның сурет бұйымдары мен бояу өндіретін фирмаларына шығып, қажет бояуды табуға тырысамыз.

Уақыт зырлап бара жатқанын көре тұра, күй талғап, мезгіл күтіп жату мәнсіз нәрсе. Уақытында ұйықтап, дер кезінде тұруға дағдыланған соң әрбір күн сурет салуға, ең болмаса, бір эскиз-нобай жасауға жұмылдырылады. Әрине, күндер мен айлардың бәрі бірдей нәтижелі бола да бермейді.

 – Суретшілерде тоқырау кезеңі болуы мүмкін бе, ондай сәттерден қалай шыққан жөн?

– Кейбір суретімнің көңілімдегідей шықпай, әуреге салып, бітер аяғы ұзап кеткен кездері бар. Ал, «не салсам екен, енді қайттім?» деп, торыққан-тоқыраған, дағдарған кезіміз болмапты. Суретші Құдай берген талантына сеніп қол қусырып отырып алмай, жан-жақты ізденіп, биіктей-тереңдеп, үнемі кемелдене беруі тиіс. «Әріптестеріңнен бастап, әлемдік айтулы бейнелеу өнері шеберлері картиналарын қайтіп салды, қандай тәжірибеге сүйенді, қалай сызып, қалай жазды?» дейтін мың сан сұрақтарға үнемі жауап іздеп жүруі және керек.

Суртешіні алдымен «көруші» деген дұрыс. Өйткені оның көп уақыты сурет салғаннан гөрі, жүздеген, мыңдаған, жүз мыңдаған картиналарды көрумен, альбом, иллюстрациялар ақтарумен, музей-галереяларды аралап, адақтаумен өтеді. Оған қоса интернет арқылы жер шарының ана басындағы әріптестеріңнің көсілте салып жүргенін көріп отырып, һәм парыз арқалап отырып, уақытша келген тоқырауға «тоқтадым, таусылдым» деген ұят қой?

Рас, біреуге талант молынан, ал біреуге там-тұмдап қана берілуі мүмкін. Бірақ екеуінің де өтетін дәлізі – қиямет еңбекқорлық. Демек, жұмыс істеген сайын тәжірибе молаяды. Сол тәжірибе, талғамың мен талантың, еңбегің небір қиян соқпақтан алып өтуі тиіс.

– Қазақ сурет өнерінің даму үдерісі мен әлемдік деңгейдегі орны туралы ойыңыз қандай?

– Қазақ бейнелеу өнерінің ахуалын, оның үдерісі мен әлемдегі алатын орнын тап басып айту мүмкін емес. Ол турасында алыс-жақын елдердің суретшілік деңгейін қалт жібермей бақылап, тіл біліп, саралап, өзіміздікімен салыстырып барып айтқан жөн. Бұндай мүмкіндік те, мақсат та алдымызға қойылмағандықтан, біз, суретшілер, ондай сұраққа жауап бере алмаймыз. Бұл сұрақтың жауабын өнертанушылар беруі тиіс. Онда да көзі қарақты, қазақ бейнелеу өнерін бүге-шігесіне дейін зерттеп білген, кәнігі, көңіл сарайы кең, аса сауатты өнертанушының сараптамалық пікіріне құлақ асқан дұрыс болмақ.

 – Сізді өзіндік қолтаңбасымен қайран қалдырған суретшілер турасында әңгімелеп берсеңіз?

– Бізді картиналарымен бала жастан тәнті етіп, әлі күнге қайран қалдырумен келе жатқан суретшілер қатары көп. Ол тізім Қастеев, Таңсықбаевтан басталып, Фешин, Рембрандтармен ауқымы кеңейе, күрделене жалғасып кете барады. Біреуінің идеясы керемет. Екіншісінің шеберлігі ғаламат. Үшіншісі майлы бояумен таңдандырады, төртіншісі графикамен тамсантады. Бесін­шісінің мүсіншілігі есіңді тандырады. Әр суретшінің өз ерекшелігі бар.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

                                                                                                       Сұхбаттасқан   Мөлдір Райымбекова

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 13.06.2020 | 16:40

Жақсы сұқпат болған екен .
Дөп жауаптарда оңынан айтылған . Дұрыс .
Қуаныштымын !!!
Суретшілер , ел сенен биіктікті күтеді Жеңіс бауырым .

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір