КӨТЕШ АҚЫННЫҢ ТЕГІН ДҰРЫС ЖАЗАЙЫҚ!
13.02.2025
180
0

Киіз туырлықты қазақ бабамыздың тарау-тарау тарихына көз салар болсақ, «ат ауыздығымен су ішкен» небір нәубет­ті замандарда ел бастаған би мен бектің, қол бастаған батыр мен бағланның қасынан қашан да бауырды бірлікке, туысты татулыққа шақырған ақын мен жырауды көреміз. Әріге бармай-ақ қазақ деген халықтың тағдыры таразыға тартылған ХVІІІ ғасырды мысал етер болсақ, Бұқар жырау, Үмбетей, Ақтамберді Тәтіқара секілді жүйріктердің ұлт намысын оятудағы еткен еңбегі батырлардан әсте кем емес. Сол бір замандарда ел қамын жеген ерлердің қапталында қара домбырасын қару етіп, қаймана жұрт­тың қуанышы мен қайғысын қақ бөліскен ақын-жыраулардың
бірі – Көтеш Райұлы.
Бір өкініштісі, дұрыстап зерделемеудің себебінен осы уақытқа де­йін Көтеш ақынның тегі «Райымбекұлы» деп қате жазылып келді. Ал, шындығында, ол – Райымбектің інісі Райдың ұлы. Өзінің бір өлеңінде Көтеш ақын:
«Арғы атамды сұрасаң, Сексен-Жұлма,
Райымбек Сексеннен туған ұл ма?
Райымбек дейсің де, Райды айтпай,
Райымбек би болса, Рай құл ма?» – дейді.
Осы шумақты бұрыннан оқып жүріп, ақынның Райымбек емес, Райдың намысын қорғап тұрғанын байқап, Көтеш Райдың ұлы емес пе екен деп іштей дүдәмал болып жүретінбіз. Шындығында, шежірені дұрыстап зерделегенімізде солай болып шықты. Өлеңдегі Жұлма- Сексен батырдың үлкен баласы. Жұлмадан Рай, Райдан Көтеш ақын туады.
Көтештің Райдан туғанын растайтын тағы бір дәлел, 1854 жылғы Қызылтау-Күлік болысының мал-жан санағында Көтештің баласы Жайлаубай Рай атасынан тараған ауылдың ішінде көрсетіледі. Егер Райымбектен тараса, олай жазылмас еді. Себебі аталмыш санақта ру ішінде әр атадан тарайтын ауылдардың малы мен жан басы жеке-жеке бөлініп, анық көрсетілген. Бұл – ешқандай дау тудырмайтын дәлел.
Тағы бір жүгінеріміз, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының деректері. Мәшекең Көтеш ақын Райдың ұлы екенін өз еңбектерінің бірнеше жерінде анық жазады. Мысалы, 2007 жылы шыққан 13 томдықтың 10-томының 91-бетінде: «Сексеннен – Райымбек, Рай, Қараша… Райдан – Көтеш ақын», – деп жазылған. Сондай-ақ Мәшһүр-Жүсіптің:
«Жабысты маған өлең он бес жаста
Жұрт айт­ты:
«Не қыласың, – деді, – таста».
Дегенмен бастағасын қоя алмадым,
Сотым жоқ қылған жұртқа мұнан басқа», – деп басталатын өлеңі бар. Он бес жасында Көтеш ақын Мәшһүрдің түсіне кіріп, аян берген екен. «Дәл он бесімде түсімде үш ауыз өлең үйрет­ті, қызға жазатұғын өлең. Ояна келсем, ойымда сайрап тұр. Сонан соң гу-гу өлең ойыма келе берді. Өз ойымда: «Түсімде өлең үйреткен Көтеш ақын-ау, – дедім. «Күлікпін!» деп айтқаны есімде», – дейді. (Күлік – Мәшһүр Жүсіп пен Көтеш ақынның руының атауы. Баянауылды жайлаған Сүйіндік – Құлболдыдан тарайды).
Көтеш ақын туралы тағы бір дерек ұсынатын жазба – Мәшһүр-Жүсіптің «Абылай аспаған сары бел» әңгімесі. Төртуыл мен Қаракесек елінің Жанай және Ботақан ат­ты екі адамын Абылай тірідей зынданға салғызады. Ке­йін зынданнан шығарып алмақ болғанда, намыстанған Ботақан: «Көрге түскен адам тірі шықпайды!» – деп, өзін-өзі жарып жіберіпті. Осы оқиғадан соң ел іші бүлініп, Абылайдан кек алмақ болып, Бес Мейрам баласы атқа қонады. Көтештің он жеті жастағы кезі екен. Ханға бет­теген ел жақсыларының алдын орап шығып:
«Абылай, Ботақанды сен өлтірдің!
Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің?
Хан басың қарашаңмен даулы болып,
Үстіне ақ орданың қол келтірдің!» – деп, Абылайға қарсы қарап тұрып өлең төгеді. (Осы әңгімедегі Ботақан деген адамның сүйегі Құлболды – Тұлпар атасынан болады. Тұлпардан Сарша туса, одан Ботақан. Ботақаннан Дүйсен, одан Шынтемір, одан Нұрлыбай. Нұрлыбайдан Серғазы, Айымғазы, Нұрғазы деген балалар тарайды. Осы Айымғазы, Нұрғазылар патша заманында Ертісте кеме ұстап, ірі көпес болған екен деген дерек жеткен бүгінге).
Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың жазуы бойынша, Көтеш ақынның сүйегі қазіргі Ақмола облысы, Ерейментау ауданының аумағындағы Қараға­йлы шоқыдан төмен, Балықты деген көлдің жағасында жатыр. «Көтешті қартайған шағында Шерудің ағашының жанында қарақшылар өлтіріп, тонап кетіпті. Бірнеше күннен ке­йін ауылдастары тауып алса, денесіне ит-құс тиген екен. Өзі толық адам болыпты, майы жерге сіңіп, айналасындағы топырақ қарайып кеткен екен», – дейді. Көтеш өзін тонамақ болған ұрыларға былай деп бір ауыз өлең айтыпты:
«Әй, балалар, танымайтын
не ел боларсың?
Не бастан, не дәулет­тен
кем боларсың?
Сексендегі Көтешті тонаймын деп,
Айдабол мен Күлікке жем боларсың!»
Ке­йін бір ауылдың балалары осы өлеңді жат­тап алып айтып жүргенде, Құлболдының жақсылары сол арқылы қарақшыларды тауып алып, жазасын бергізген екен.
Ертедегі ақын-жыраулардың мұралары топтастырылып, бұған де­йін жарық көрген «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» т.б. жинақтарда Көтештің тегі «Райымбекұлы» болып жаңсақ жазылып келді дедік. Енді бұдан былайғы уақыт­та «Көтеш Райұлы» болып, дұрысына көшсе екен дейміз.
Жоғарыда Мәшһүр Жүсіп жазған Балықты көлі, Қараға­йлы, Шерудің ағашы секілді жер атаулары әлі күнге де­йін солай аталып тұр. Көтештің сүйегі жатқан Балықты көлі мен Шерудің арасы шамамен 20 шақырымдай болады. Біз 2011 жылы Ерейментау ауданындағы Балықты көлінің жағасына барып, Көтеш ақын осы тұста жатыр-ау деп өзімізше жобалап, топырақ үйілген бір төбешіктің басына ақынның аты-жөнін жазып, ескерткіш-тас қойып кет­тік. Кім біледі, мүмкін, дәл сол жерде жерленбеген шығар. Десе де Көтеш ақынның аруағы риза болсын, ке­йінгілер біле жүрсін деген әрекет қой.

Көтештің ақын болып аты шығуы

Жоғарғы үйсін елінде бір үлкен ас болып, оған арғын елінің адамдары да барады. Өткен қыста жұтқа ұшыраған арғын жағының асқа мініп барған ат­тары күйсіздеу, құйрықтары шолақ болса керек. Үлкендерге атқосшы болып еріп барған Көтештің жастау күні екен. Ас үстінде ата намысын қорғап, ақындар сөз қағыстыратыны белгілі. Бірақ арғындар жағынан өлең айта қоятын кісі табылмайды. Үйсіндер жағы бұларды әбден мазақ қылып: «Тым болмаса, әу деп үретін бір ит­теріңді ерте келмеген екенсіңдер!» – деп келекелейді. Үйсіннің Күлиман деген ақын қызы былай деп тиісе сөз бастайды:
«Жеңгелікке жүреді екі қатын,
Сақтап жүрмін Алланың аманатын.
Арғындардың жігіті алдап отыр,
Шолтаң-шолтаң еткізіп
шолақ атын».
Сонда бала Көтеш шыдай алмай, әлгі қызға:
«Жеңгелікке жүреді екі зайып,
Өлең сөзді айтамын жұртқа жайып.
Ат шолағын, құдаша, көрсең айып,
Исі шолақ нәрсенің бәрі де айып», – депті.
Сонда Күлиман жауап бере алмай, халыққа қарап тұрып қалады. Көтештің ақын ретінде елге тұңғыш танылған жері осы тұс екен дейді көнеден жеткен әңгімелерде.

Сайлау БАЙБОСЫН,
ҚР Еңбек сіңірген мәдениет
қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір