КҮЛГЕНГЕ НЕ ЖЕТСІН, ОЙЛАНҒАН ДА ДҰРЫС
Негізін профессор Темірбек Қожакеев қалаған Қазақ сатирасы мен юмор кеңесі Қазақстан Жазушылар одағындағы бірауызды, ұйымшыл топтың бірі еді. Белгілі сықақшы Көпен Әмірбек кеткелі оның жұмысы божырап кеткені рас. Бес жылдай алға бастайтын серкеміз болмай, жан-жаққа шашырап, жайылып кеттік. Тізгінді белгілі сықақшы Еркін Жаппасұлы алғалы бері есімізді жия бастағандаймыз.

Биыл республика сықақшылары үшін қуанышты жыл болды. 2011 жылы біртомдық «Қазақ сатирасының антологиясы» жарық көрді. Енді, үштомдық, 2400 беттік көлемді туынды дүниеге келді. Республикаға жар салып, сықақшы біткенді Қазақстан Жазушылар одағына топтастыруда бұл кітаптың алатын орны зор. Осы үш томды толық оқысаңыз, сықақшылардың көтерген жүгін бөліскендей боласыз. Үлкен дүниемен таныса отырып, кімнің қандай сықақшы екеніне көзіңіз жетеді. Өмірден озған Жүсіпбек Алтайбаев, Садықбек Адамбеков, Оспанхан Әубәкіров, Сақтапберген Әлжік, Темірбек Қожакеев, Сейіт Кенжеахметов, Үмбетбай Уайдин, Мыңбай Рәш, Таңдай Кенеев, Көпен Әмірбек, Табыл Құляс сынды жазушыларды бір жерден табасыз. Қазақ сатирасының майталмандары Ғаббас Қабышев, Қазыхан Әше, Доқтырхан Тұрлыбек, Еркін Жаппасұлы, Мұхтар Шерім, Нұртан Төлепбергенов, Толымбек Әлімбек, Ермахан Шайқыұлы, Нұрмахан Ертай, тағы басқалардың туындылары антологиядан орын алды. Сатирик-жазушылардың жаужүрек тобына республиканың түкпір-түкпірінде тұратын жас әзілкештердің қосылып, шығармалары жарық көруі – құптарлық жай.
Үш томнан тұратын сатира-юмор антологиясына 63 сатирик-қаламгердің туындылары еніп отыр. Әрине, айтуға оңай, қазақ әдебиетінде өзіндік үлкен орны бар антологияның жарық көруіне үлкен еңбек жұмсалды, маңдай тер төгілді. 2000 беттен асатын туындыны құрастыруға сатирик-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қазыхан Әше үлкен еңбек сіңірді. Қазақстан Жазушылар одағы, Мәдениет және ақпарат министрлігі болып, қаржы мәселелерін шешсе, жаңа туынды жақында қолымызға тиіп қалады.
Биыл қазақ әдебиетінің сатира-юмор жанрында тағы бір үлкен жаңалық орын алды. Ертерек уақыттағы сықақшылар Садықбек Адамбеков, Есенжол Домбаевтардың сатиралық романдарын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Сол дәстүрді сатирик-жазушы, талай-талай әдеби сыйлықтарды қанжығасына байлаған шымкенттік қаламгер Мұхтар Шерім жалғастырды.
Жалпы, Мұхтардың кез келген сықақ туындысын оқып отырып, оның ізденгіштігіне, шеберлігіне іштей риза болып отырасың. Ол туындысын әшейін жаза салмайды, шағын ғана әзілінің өзінде салмағы жан сырқыратардай сарказм, ащы шындық бой көрсетіп, езуіңе еріксіз күлкі үйіреді. Күлдіріп отырып, оқырманын ойландырады.
Төрттомдық жинағы мен «Құдағи құшақтай береді», «Бюрократпен
қоштасу», «Біз ұялмаймыз» кітаптарының авторы биыл оқырмандарын елең еткізетіндей жаңалық әкеліп, «Тоғанай Т» баспасынан «Супер бетсіздер» сатиралық романы жарық көрді.
Сараптап қарасақ, соңғы жылдары дүниеге келген тұңғыш сатиралық роман екені көңілге қуаныш әкеледі. Сегіз жүз беттен аса тұратын қалың романның көтерер жүгі қандай? Романның бірінші бетін оқи бастағанда-ақ сол баяғы Шерімнің стилі өзіне баурап алады. Сатиралық сөз саптаулары, диалогтер, кейіпкерлер қақтығысы, кейіпкерлер бет-бейнесі ерекше екені байқалады. Басты кейіпкер Майра пысықайлығының арқасында аудан әкімімен әмпей-жәмпей болып, әуелі ауыл әкімдігіне тағайындалады, одан аудан әкімі, облыстық мәслихаттың депутаты, тіпті денсаулық сақтау министрі болып шыға келгенде де қазынадан жымқыруын қоймайды. Романда алуан тақырып тоқайласқан: нашақорлық, жемқорлық, парақорлық, сатқындық, екіжүзділік, жағымпаздық жан-жақты әшкереленеді. Кейіпкерлері сайдың тасындай. Учаскелік инспектор, маскүнем Нартай, Қалқабай, Крутой, Кислота, Шаман – нағыз сатира кейіпкерлері. Мұхтар Шерімнің сатиралық романының әр беті тұнған күлкі, ащы сарказм, шымыр диалогтермен өрнектелген.
Сатиралық романда еліміздің спорт, сот, прокуратура органдарында орын алған былықтар ащы кекесінмен, уытты тілмен келемежделеді. Мұхтар өз сатирасында штрихтарды, сатиралық детальдарды ұтымды шеберлікпен пайдаланып, шығармашылық құнын арттыра түседі. Бәрін айт та, бірін айт, қазақ сатирасы тарихына қосылған Мұхтар Шерімнің «Супер бетсіздер» сатиралық романы – биылғы жылдың басты жаңалығы.
Жыл қорытындысы бойынша менің қолыма түскен осы екі туынды. Қос шығармаға өз бағасын беруге тырыстым. Бөлінген уақыт өте тығыз. Енді «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған әзіл-сықақ дүниелеріне қысқаша тоқтала кетейін.
Жаңылмасам, үш-төрт жылдай бұл жанр басылым бетінде тиіп-қашып, тұрақты берілмей жүрді. Бауыржан Жақып «Қазақ әдебиеті» газетінің тізгінін ұстағалы бері бұл мәселе дұрыс шешімін тауып, газеттің соңғы бетіне сатира және юмор жанрындағы туындылар тұрақты беріліп келеді.
Бір қуанарлығы, қазіргі қоғамда орын алып отырған келеңсіз жайларды әшкерелеп, сынайтын дүниелер көптеп кездеседі. Бірақ сатира мен юморға жеті қайнаса сорпасы қосылмайтын шығармалар да кездесіп қалады.
Әдеби басылымға шыққан кейбір дүниелердің авторларының атын атап, түсін түстеуге уақыт тапшы. Газет бетінде сатира мен юмор талабына сай болмайтын туындылар бой көрсетіп қалады. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа», деп күшеніп жазғанның керегі шамалы болса керек.
Жазушылар мінбесіне күнде көтеріліп сөз айта бермейміз. Орайы келгенде екі-үш ұсыныс айтсам деп едім. Жастар – біздің болашағымыз деп жатамыз. Жыл сайын ертеңінен үміт күтетін екі-үш жас қаламгерді Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдау дұрыс шешім болар еді. Арамызда сен тұр, мен атайын деген талантты сатириктер аз емес, оларды неге халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ұсынбасқа?! Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясын алып жүрген сықақшылар өте аз. Осы мәселе де ойлантатын жайт. Қазақстан Республикасының жоғарғы марапаттауларына, әртүрлі мемлекеттік сыйлықтарға ұсынылып жатқан сықақшылар жоқтың қасы. Күрделі жанрға қалам тартып жүрген екі-үш жазушының шығармасын Сатира және юмор кеңесінде талқылап, шығармаларын кітап етіп басуға қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Тағы бір айта кететін өзекті мәселе – бірінші сәуірдегі Күлкі күні ұмытылып барады. Сонау 1992 жылы Күлкі күнін дүниеге әкелген Қазақстан Жазушылар одағы екенін ұмытпайық. Бұл игі іске, әсіресе белгілі сатириктер Темірбек Қожакеев пен Қазыхан Әше үлкен үлес қосты.
Атақты актер Чарли Чаплин жаңбыр төпеп жауып тұрғанда қолшатырсыз саябақ ішінде ұзақ серуендейді екен. Бір журналист: «Сэр, жаңбыр шелектеп жауып тұрғанда сізді парктен жиі көремін. Оның себебі неде?» – деп сұрақ қойыпты. Сонда Чаплин: «Мына іріп-шіріген қоғамда аяқ басқан сайын әділетсіздік, адам құқын таптау, байлық пен ақшаны ұлттық мүддеден жоғары қою, шын талантты бағаламау жиі-жиі кездеседі. Мен осыларды ойлап, жүрегім сыздайды, жаным ауырады. Кейде нөсер жаңбырдың астында жүріп, өзімнен-өзім жылап аламын. Көз жасымды жаңбыр жуып, жылағанымды ешкім көрмейді», – деп жауап берген екен.
Осы залда отырған бәріміздің тағдырымыз ұлы актер Чарли Чаплиннің тағдырына ұқсас. Үлкен талант иесі сияқты жаңбырдың астында жүріп жыламасақ та, іштей өкситін кезіміз аз емес. Өйткені бәріміз қазақтың ертеңгі болашағын, елдің амандығын, ана тіліміздің жойылып кетпеуін, ұлттық әдебиетіміздің шаңырағының өшпеуін, әділетті қоғам орнауын ойлап, түнгі ұйқымыз төрт бөлінеді.
Аман болайық, ағайындар! Ұлт мүддесі үшін қолымыздағы қаламды тастамай, қазақтың болашағы үшін қызмет етейік.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК
жазушы-сатирик,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ПІКІРЛЕР1