ЖҰЛДЫЗДАЙ АҒЫП ӨТКЕН АҚЫН
Кез—келген халықтың әдебиеті зымыраған уақыттың ағымына ілесіп, үнемі жаңарып, жас толқынмен толығып отыруы керек. Бұл үшін әдебиеттегі алдыңғы буын кейінгі ізбасарларына шығармашылық жетістіктерімен үлгі—өнеге болып, ағалық ақыл—кеңестерімен бағыт—бағдар беріп, қолдау көрсетіп отырулары тиіс. Мен шығармашылық жолымның алғашқы бастауында осындай қамқорлық танытып, әдебиеттегі жетістіктерімен үлгі—өнеге болған жақсы жандарды біраз кездестірдім. Солардың бірі атақты ақын Төлеген Айбергенов еді.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы—драматург, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер
ӨЛЕҢДЕРІНДЕ ТАСҚЫНҒА ҰҚСАС ЕКПІН БАР ЕДІ
Төлеген ақын әдебиетке сонау алпысыншы жылдардың басында келді. Бұл жылдар қазақ әдебиетінің жарқырап көрініп, ерекше жаңалықтармен биік белеске көтерілген кезеңі болды. Әсіресе, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов сынды әлі отызға толмаған жас ақындар айрықша көзге түсті. Осылардың алдыңғы қатарында Төлеген Айбергенов те бар еді.

Төлеген Айбергенов
Бұл ақындардың өлеңдері бір-біріне мүлдем ұқсамайтын; егер авторы көрсетілмесе де поэзиядан хабары бар кез-келген адам шығарманың кімдікі екенін бірден ажыратып, айтып беретін. Соған орай, ақындардың көпшілікке танымалдығы, халықтың ынта-ықыласына бөленуі қазіргі әнші «жұлдыздардан» ешқандай да кем емес еді. Әрине, бүгінгідей интернет жоқ, теледидардың өзі кең тарай қоймаған; есесіне халықтың бәрі кітап оқиды, жаппай газет-журнал жаздырып алады; әсіресе, көркем әдебиетке деген ынта-ықылас ерекше; бір жақсы шығармасы жарық көрген ақын-жазушы ертеңіне бүкіл Қазақстанға танымал болады.
Төлеген Айбергеновті мен де алғаш рет баспасөзде жарық көрген өлеңдері арқылы танып, білдім. Ол кезде мектепті жаңа ғана бітіріп, енді ақын боламын, сол үшін екі жыл жұмыс істеп, Қазақ университетінің журналистика факультетіне түсемін деп, «Бірінші май» дейтін туған ауылымда әкеммен бірге қыстау мен жайлаудың арасында көшіп-қонып, қой бағып жүргенмін. (Ол кезде журналистика факультетіне екі жыл еңбек өтілімен ғана қабылдайтын.) Жайлауға он-он бес күнде совхоз орталығынан арнайы почтальон келіп, газет-журнал жеткізіп береді. Мен газет-журналдарды таңертең өзіммен бірге алып шығып, қой өріске жетіп, мамыражай жайылуға кіріскенде көлігімнен түсіп, биіктеу жердегі көп сексеуілдің біреуінің көлеңкесіне жайғасып, рахаттана оқуға кірісемін. Ақын боламын деп жүргендіктен оқуды ең алдымен өлеңдерден бастаймын. Сондай күндердің бірінде Төлеген Айбергенов дейтін ақынның өлеңдеріне көзім түсті. Ол өлеңдердің бірі төмендегідей еді:
Көп адамды дос еттім мен осынау аз жасымда
Бірін жолдан кездестірдім, бірін қырман басында.
Бірі үстінде ту ұстады, ту ұстаған жарыстың
Біреуімен бау ішінде бауыр болып табыстым.
Біреулері жанын салып сан қатерден қорғады,
Біреулері мендегі үлкен адамдықты қорлады.
Бірі реніш, бірі шаттық, бәрін жаным сезеді,
Менің кеудем сан толқынның сарқыраған өзені.
Мен өлеңді тездетіп оқып шықтым да, түкке түсінбей аңтарылып қалдым. Мына оқығаным өлең емес, әншейін қара сөз сияқтанды. Сосын асықпай қайта оқыдым. Сонда ғана мұның мен білетін өлеңдерден мүлдем басқа екендігін ептеп аңғара бастадым. Бұған дейін мен өлең деген сегіз не он бір буынмен жазылып, төрт жолдан тұратын бір шумақтан құралады; ол ережеден ауытқуға болмайды деп есептейтінмін. Және мен оқып жүрген ақындардың бәрі де осылай жазатын сияқты еді.
Ал Төлеген Айбергеновтың мына өлеңі оларға мүлдем ұқсамады. Буын заңдылығына да, өлең жазудың басқа ереже-тәртібіне де бағынбайтын өзінше бір дүние. Біздің қыстауымыз Сырдария өзенінің жағасына таяу еді: дарияның көктемге салым арнасына сыймай, аласапыран нөпірмен сарқырап, гүрілдеп тасығанын әлденеше рет көргенмін – Төлеген ақынның өлеңдерінде сол тасқынға ұқсас екпін бар еді. Бірі бірінен өткен керемет теңеулер, жалт-жұлт еткен ағыл-тегіл әдемі тіркестер!..
Мен сол күннен бастап ақындықтың жаңа бір әлемін ашып, өлең жазудың жаңа бір бағыт-бағдарын тапқандай болдым. Сөйтіп, Төлеген Айбергеновтың баспасөзде жарық көрген өлеңдерін жібермей оқи бастадым. Бір-екі рет басылымдардан суретін де көрдім. Шашы бұйра, жүзі сұсты сияқты; өлеңдері болса әлгіндей – басынан аяғына дейін аласапыран тасқынға толы; мұндай дүниелерді күш-қуаты бойына сыймаған, баяғының батырларындай алып денелі адам ғана жаза алатыны анық; мен де Төлеген ақынды батыр тұлғалы кісі деп ойлап жүрдім. Ақынды сыртынан болса да бір көрсем деп армандап та қоятынмын. Сөйтіп жүргенде арманым орындалып, сыртынан таңырқап, өлеңдеріне барынша қызығып жүрген ақынның өзімен жүздесіп, танысудың сәті түсті.
АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУ
Бұл сонау 1966 жылдың сәуір айының басы еді. Мен бұл кезде екі жыл қой бағып, журналистика факультетіне түсуге мүмкіндік беретін еңбек өтілін жинап, енді жаз шыға Алматыға барамын деп жоспарлап қойғанмын. Және бұл екі жылда жәй қой бағып қана жүре бермей, үзбей өлең жазып, ол жазғандарым аудандық, облыстық газеттерде жарияланып, ауыл-аймаққа кәдімгідей танымал ақын болып үлгергенмін. Содан көктемге салым дария бойындағы қыстаудан көшіп, әкем екеуміз Сарысу өзені бойындағы жайлауға қой айдап шықтық. Дайралықтың тақыры деген жерге келгенде артымыздан бір жеңіл машина қуып жетті. Машинадағы кісі – аудандық комсомол комитетінің хатшысы екен – айтуына қарағанда, жақында Қазақстанның Орталық комсомол ұйымы жас ақындардың республикалық фестивалін өткізген, мен сол фестивальге қатысып, үшінші орын иеленіп, жүлдегер атаныппын; сол үшін тездетіп Алматыға баруым керек.
Мен ақындар фестиваліне қатыспақ түгілі, ондай бәйгенің өтіп жатқанынан хабарсыз едім, сенер-сенбесімді білмедім. Сөйтсем, менің жергілікті газеттерге шыққан өлеңдерімді жинап, бәйгеге қосқан сол кездегі облыстық комсомол ұйымындағы Садықбек Хангелдин бастаған жастарға жанашыр азаматтар екен.
Сонымен не керек, Сыр мен Сарысудың арасында, Бетпақдаланың бір түкпірінде қой бағып жүрген мен аяқ астынан Алматыдан бір-ақ шықтым. Қазақ телевидениесінің қызметкерлері күтіп алды, қонақүйге орналастырды, сосын ертең теледидарға шығып, өлең оқитынымды айтты. Мұны естігенде кәдімгідей қорқып та қалдым; өйткені, өлеңді теледидар түгілі, ауылдағы жұрт алдында да оқи бермейтінмін. Бірақ шегінуге жол жоқ; қонақүйде отырып, қай өлеңімді оқимын, қайтіп оқимын деп дайындала бастадым. Осылай отырғанда басыма және бір ой келді – бөлмедегі көршім орыс жігіті екен, қолында фотоаппараты бар, теледидарда өлең оқып отырғанымды суретке түсіріп алған дұрыс сияқтанды. Көршім де бірден келісті. Ертеңіне көршімді ертіп, айтылған уақытта телестудияға бардық. Теледидарға шығар алдында танысып жатырмыз: хабарды жүргізетін сол кездегі танымал тележурналист Совет Масғұтов, ал негізгі әңгімені фестивальдің төрағасы, атақты ақын Мұзафар Әлімбаев айтады екен. (Кейін бұл кісімен редакциялар үйінде біраз жыл қатар жұмыс істедік, жақын тартып Мұзаға деп атайтын болдық.) Ал үшінші қатысушы бойы ортадан сәл төмендеу, болмыс бітімі нәзік, бірақ жүзі қаталдау көрінетін бұйра шашты жігіт. Жүзі таныс, бір жерден көрген сияқтымын, бірақ кім екенін ажырата алмадым.
– Бұл кісі – Төлеген Айбергенов дейтін ақын ағаң, – деді тележүргізуші, менің осы ойымды сезіп қалғандай.
Төлеген Айбергенов?! Сарысу даласында, қойды өріске айдап тастап, сексеуіл көлеңкесіне отырып, өлеңдерін сан рет қайталап оқыған, сырттай алып денелі, батыр тұлғалы кісі деп жүрген атақты Төлеген Айбергенов! Мен сенер-сенбесімді білмедім.
– Не, сенбей отырсаң ба? Бұл кісінің Төлеген екені рас. Және осы фестивальде бас жүлденің бірін алғаны да рас. Солай ғой? — деді тележүргізуші, Мұзағаңа қарап күлімсіреп.
– Иә, рас! – деп Мұзағаң да күлімсіреп басын изеді. Ал мен болсам бәрібір сене алар емеспін. Мынадай шағын денелі, болмыс-бітімі нәзік кісінің сарқырап-күркіреп таудан құлаған тасқындай керемет екпінді өлеңдер жазуы мүмкін емес сияқтанады.
Сәлден кейін тікелей эфир хабары басталып та кетті. Жүргізуші алғашқы сөзді Мұзафар Әлімбаевқа берді. Мұзағаң жас ақындар фестивалінің мән-жайын түсіндіре келіп, кезекті Төлеген Айбергеновке ұсынды. Төлеген ақын кіріспе сөзін көпке созған жоқ, бір-екі ауыз әңгіме айтты да, бірден өлең оқуға көшті. Және өлеңді бастағаны сол еді, жаңа ғана көз алдымызда отырған бойы шағын, болмыс-бітімі нәзік адам бірден жоқ болды. Оның орнында екі иығын қомдап, жанары жарқылдап, жекпе-жекке шығуға дайындалған баяғының батырлары сияқты мүлдем басқа біреу отырды. Күркіреген дауысында өзгеше зор екпін, сонау ескі замандардан қалған тылсым да жұмбақ үн бар. Телестудиядағы басқаларды қайдам, ал мен таң-тамаша болып, аңтарылып отырдым да қалдым. Соның әсері шығар, сөз тигенде не айтқаным, қандай өлең оқығаным қазір мүлдем есімде жоқ.
Тікелей эфир аяқталған соң Төлеген ақынмен бір сәт оңаша қалып, жақынырақ танысудың реті келді. Көбіне ол кісі сөйлеп, мен жауап беріп жатырмын. Менің сонау Сарысу деген жерде қой бағып жүргенімді, енді биыл Алматыға келіп, университетке түссем деген ойым бар екенін естігенде ақын жүзі жадырап, күлімсіреді: «Дұрыс! Міндетті түрде кел! Ақындар бәйгесінде жүлдегер болған сені алмағанда, университет басқа кімді алады? Оқуға түсесің! Тілектеспін!», — деді.
Өлеңдерін сан рет рахаттана оқып, енді өзін бір көрсем деп армандап жүрген ақыннан жанында тұрып, тілектес болған жылы сөзін есту өңім түгілі түсіме де кірмеген еді – төбем көкке жеткендей болды. Тіпті, ақынның «Түсесің, тілектеспін!» деген сөзін естігенде бала күннен армандап жүрген оқуыма біржолата түсіп қойғандай сезімге бөлендім. Оның үстіне, фотоаппараты бар көршім теледидарда ақынмен бірге өлең оқып отырған суретімнің бірнеше данасын шығарып берді. Сөйтіп, үлкен шаруа тындырғандай болып, тездетіп елге қайттым. Ауылға барар-бармастан соңымнан «Лениншіл жас» газетінің соңғы саны да жетті. Газетте Мұзафар Әлімбаевтың жас ақындар фестивалының төрағасы ретінде жазған «Бұлар Москваға барады» деген шағын хабарламалық мақаласы жарық көріпті. Мақалада фестивальдың бас жүлдесін алғандардың бірі Төлеген Айбергенов екендігі айтыла келіп, соңына таман үшінші бәйгеге ие болған «Сырдария ауданы, «1-май» совхозының шопаны» деп мені де атап өтіпті. Оған қоса «Ойлар» атты екі жарым шумақ өлеңім басылған. Мақалада фестивальде жүлде алғандардың жақын арада Москваға, бүкілодақтық фестивальге баратыны да айтылыпты.
Кейін, неге екені белгісіз, бізді Мәскеуге ешкім шақырған жоқ. Мен өзім оған онша ренжімедім. Өйткені, Мәскеуге бармасам да, арада үш-төрт ай өткенде Алматыға келіп, бала күннен армандаған оқуым – университеттің журналистика факультетіне түстім. Дәл сол жылы екі жылдық еңбек өтілі туралы ереже күшін жойып, журналистикаға мектепті жаңа бітіргендер де қаптап, конкурс өте көп болса да түсіп кеттім. Бұған әруақты Төлеген ақынның тілектестігі себеп болған шығар деп ойлаймын.
Оқуға қабылданып, жатақханаға орналасып, көңілім жайланғаннан кейін ақынды қайтадан көрсем деп, іздей бастадым. Ұзамай мұның да сәті келді. Университетте әдебиет және өнер қайраткерлермен кездесу өткізіліп тұрады екен. Сондай кездесудің біріне Төлеген Айбергенов келді. Зал лық толы, мен орта тұста отырып, ақынның өлең оқуын асыға күте бастадым. Міне, ақын сахнаға қарай көтеріліп барады. Тура осыдан бірнеше ай бұрын, телестудияда алғаш көргендегідей – болмыс-бітімі нәзік, күркіретіп өлең оқуға мүлдем шамасы жетпейтін сияқты. «Иә, сендер шынында солай ойласыңдар ғой» дегендей ақын, екі қолымен мінбенің екі жағынан ұстап, залдағыларды көзімен шолып, бір сәт тұрып қалды. Биік мінбеден бойы қылтиып әрең көрінетіндей. Сосын демін терең бір алды да өлеңді бастап жіберді. Сол сәтте жаңа ғана бойы мінбеден әрең көрініп, өте нәзік сияқтанып тұрған адам, тура ана жолғы телестудиядағыдай, бірден жоқ болды. Енді оның орынында дауысы күркірген, күш-қайраты бойына сыймаған, аңыз-ертегілердің арасынан шыққандай батыр тұлғалы мүлдем басқа адам тұрды. Және ақын ағыл-тегіл өлеңін бастаған сәтте бүкіл зал бірден сілтідей тынды; тыңдаушылардың дүниенің бәрін ұмытып, аласапыран тасқынға, ғажайып сұлулыққа, тылсым әуенге толы мүлдем басқа бір әлемге өтіп кеткендей жағдайда отырғандары анық байқалды.
Әйтсе де ең таңқаларлығы – өлеңді неғұрлым шабыттана оқыған сайын ақынның алдындағы мінбе аласарып, өзінің бойы биіктеп, өсе түседі екен. Бұған ешкім сенбеуі мүмкін. Тіпті, алғашқы кезде өзім де сенбедім; әншейін көзім бұлдырап, солай көрінген шығар деп ойладым. Бірақ Төлеген ақынның мінбеге шығып өлең оқығанын кейін тағы да бірнеше рет көрдім, соның бәрінде де әлгі көрініс сол қалпында қайталанды — күркіреп өлең оқи бастаса болды, мінбе аласарып, ақынның бойы өсіп, биіктей бастайды.
Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті; менің жасым біраз жерге келіп, көрген-білгенімнің көбі ұмытылды; бірақ Төлеген ақынның алдындағы мінбені төменге басып, бойы асқақтай биіктеп, күркіреп өлең оқып тұрған бейнесі әлі күнге көз алдымда. Күркіреген дауысы құлағымда.
Шынайы ақындық өнердің не екенін мен сол кезде алғаш рет сезініп, түсіне бастап едім.
ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ ЖАС ТОЛҚЫНМЕН ТОЛЫҒУЫНА ӨТЕ МОЛ ЫҚПАЛ ЖАСАДЫ
Қазақта екінің бірі өлең жазады; бірақ нағыз ақындық қасиет сол сан мың адамның арасынан тек санаулы ғана пенденің бойына бітіп, маңдайына жазылады екен; Төлеген Айбергеновтың болмыс-бітімінде сондай ерекше қадір-қасиет пен дарын-қабілет болған екен. Жұрт алдында күркіреп өлең оқығанда ақынды екі қолтығынан демеп, табанын жерге тигізбей, көтеріп әкететін де сол қасиетті дарын-қабілет болып шықты.
Әрине, ол кезде ақын бойындағы сиқырға ұқсас мұндай құбылыстың қалай, қайдан пайда болатынын мен бірден түсіне алмадым. Шынымды айтсам, оның себебін іздеп, онша ойланбаппын да. Әйтеуір ақынның жұрт алдында өлең оқығанын көрумен ғана шектелмей, әрегідік Жазушылар одағына барып сәлем беріп тұрғаным анық. Ақын сондайда мені ескі таныстарынша жақын тартып, жылы сөйлесіп, әдебиет туралы әңгіме қозғап, түрлі ақыл-кеңесін де беріп қоятын. Осы кезеңде кітапханалардан ақынның бұрын жарық көрген «Жас дәурен» жинағындағы өлеңдері мен «Арман сапары», «Өмірге саяхат» атты кітаптарын іздеп жүріп, әлденеше рет оқып шықтым. Бұл да менің ақынның шығармашылық ерекшеліктерімен жете танысуыма өз ықпалын тигізді.
Дегенмен мен Төлеген Айбергенов сияқты атағы дүрілдеген ақын бола алмадым, кейін шығармашылық жолым мүлдем басқа арнаға бұрылып, әуелі прозалық, кейін драматургиялық шығармалар жазып кеттім. Бірақ қайда жүрсем де; қолыма қалам алып, не жазсам да көңілімнің бір түкпірінде Төлеген ақынның бейнесі тұратын болды. Ақынның баспа бетін көрген шығармаларының оқырманды бірден еріксіз тартып, қызықтырып әкететіні; өзі мінбеге шығып, өлең оқыса жұртты жым-жырт тыныштыққа бөлеп, баурап алатыны ешқашан есімнен шыққан емес. Сосын не жазсам да бұл шығармам жұртшылықты Төлеген ақынның өлеңдеріндей қызықтырса, сахнаға қойылатын пьесаларымның әр сөзі көрермендерге Төлеген ақынның айтқандарындай әсер етсе деп армандайтын болдым. Және бұл салада кәдімгідей жетістікке де жеткен сияқтымын, еліміздегі пьесалары ең көп қойылатын және көрермендері де көп келетін драматургтердің бірі болғаным рас. Мұндай жетістікке жетуіме әдебиетке жаңадан қадам басқан кезде Төлеген сынды шынайы ақынға кездесіп, шығармашылық ерекшілігінен үлгі алып, ақыл-кеңесін тыңдауымның үлкен ықпалы болғанын ешқашан ұмытқан емеспін.
Төлеген Айбергенов поэзиямыздың жаңа деңгейге көтеріліп, әдебиетіміздің жаңа, жас толқынмен толығуына өте мол ықпал жасады. Бұл жөнінде талай айтылып та, жазылып та жүр. Сондықтан да сөзімізді тура осы жерден аяқтасақ та болар еді. Бірақ ақынның шығармашылығы туралы әңгіме қозғағаннан кейін және бір мәселеге міндетті түрде тоқтала кетуге тиістіміз. Ол –ақынның туып, өскен жері туралы әңгіме.
Төлеген Айбергенов 1937 жылы Өзбекстан Республикасына қарасты Қарақалпақстандағы Қоңырат ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде білім алған. Оқуды бітірген соң екі-үш жыл туған жерінде мектеп мұғалімі, кейін Қазақстанға қоныс аударып, Сарыағаш ауданында кешкі мектептің директоры болған. Өмірінің соңғы жылдары Алматыда тұрып, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында қызмет атқарған.
Жақсы ақын болып қалыптасу үшін қабілет-дарынмен қатар сол дарын-қабілетті ұштап, жарыққа шығаруға мүмкіндік беретін ерекше орта да өте қажет. Төлеген Айбергенов – бұл жөнінен де жолы болған ақын; оның туып-өскен Қарақалпақстан жері ақындық дарын-қабілетті жарқыратып көрсетуге толық жол ашып, барынша мүмкіндік беретін ерекше орта еді. Мұны мен өз көзіммен көрдім деп айта да аламын. Сонау сексенінші жылдардың ортасынан бастап әуелі қызмет бабымен, кейін шығармашылық жұмыспен ұзақ уақыт Қарақалпақстанмен тығыз байланыста болдым. Бұл өңірдегі Беруни, Тахияташ, Қоңырат, Тақтакөпір, Шымбай аудандарын сан рет араладым. Қарақалпақ халқының Төлепберген Қайыпбергенов бастаған жазушыларымен, Қуатбай Әбдірейімов, Нәжіметдин Аңсатбаев сынды белгілі режиссерлермен жақсы танысып, тығыз араласып тұрдым. Нөкістегі екі театрда бес-алты пьесам сахналанып, бірнешеуінің прьемерасына қатыстым. Солардың бірі – Бердақ атындағы театрдағы «Бізде ғашық болғанбыз» спектаклі күніне екі реттен он күн бойы үзбей сахналанғанда, көрермендердің бірде бір бос орын қалдырмай, ағылып келіп жатқанын көріп, кәдімгідей таңырқап едім. Сөйтсем бұл қарақалпақ театрлары үшін үйреншікті жағдай екен.
Яғни, Амудария бойында тұратын бүкіл халық – қарақалпақтар да, қазақтар да, өзбектер де өздерінің ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне деген сүйіспеншілігіне бір мысқал да сызат түсірмеген; өз өнер қайраткерлерін, ақын-жазушыларын, театрларын өзгелердің бәрінен биік қойған, өздерінің ана тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпы мен басқа да ұлттық асыл қазыналарын баяғы қалпында түгел аман сақтаған ел екен. Біздің Қазақстандағыдай қазақтардың біразының өз ана тілінен теріс айналуы ол өңірде атымен болмаған. Төлеген ақын кішкене күнінен осындай ортада өсіп, ана тілдің барлық сұлулығын, қадір-қасиетін, әсем әуезділігі мен терең ойлылығын құлағына құйып, жан дүниесіне сіңіріп өскен.
Қазақ ауыз әдебиетінің ең құнды байлықтарының бірі – жыраулық өнердің де Қарақалпақстанда ерекше сақталып қалғаны баршаға мәлім. Бұл жырларда қазақтың бүкіл өткен тарихы, арманы мен қайғы-мұңы, сан ғасырлардан бері жалғасып, айтылып келе жатқан інжу-маржан сөздері, ғажайып сұлу теңеулері, жүректі тербеп, намысты оятатын ұранды асқақ ойлары ағыл-тегіл төгіліп жатады. Жыраудың көмейінен сан құбылып шығатын мақамнан баяғы замандарда жаумен шайқасқан батырлардың, домбырасын қару етіп майданға аттанған ақындардың жаңғырыққан үндері естіледі. Төлеген Айбергенов бала күннен осындай жырларды сан рет тыңдаған, олардың біразын түгелдей жатқа білген. Тек қазақтың ғана емес, өзбек, қарақалпақ халқының да жыр-дастандарымен жақсы таныс болған.
Ана тіл мен ауыз әдебиетінің осындай ұшан-теңіз байлығы шынайы дарын иесінің кеудесіне жиналып, жан дүниесінде әбден қорытылып, сосын ағыл-тегіл өлең болып, ақын көмейінен сыртқа қайта төгіледі екен. Және бұл өлеңдерінде ақын қазақ тілінде ежелден қалыптасқан ең асыл, ең әдеби көркем көркем сөздерді ғана таңдап, іріктеп пайдалана білген.
Осыған орай, сөз реті келгенде төмендегідей бір мәселені де айта кеткен жөн. Қазір әдебиетімізде жас толқын жақсы өсіп келеді; олардың ізденістері де ойдағыдай. Әсіресе, жазатын шығармаларын, айтар ойларын батысқа еліктеп неше түрлі жаңа тәсіл, ерекше формамен беруге деген құштарлықтары ерекше. Әрине, мұның бәрі құптарлық ізденіс; дегенмен жас толқынның біразының қазақ тілінің көркемдік байлығына жете көңіл бөлмейтіні анық байқалады.
Нақтырақ айтқанда, бұл мәселеге жүрдім-бардым қарап, тілді бұзып-шатып қолдана беретін жағдай жиі кездеседі. Ал өз ана тілін дұрыс білмейтін адамнан ұлттық әдебиетті өркендететін жақсы ақын, танымал жазушы шығуы екі талай. Сондықтан әдебиеттегі әрбір жас талапкер Төлеген Айбергенов сынды ақынның қазақ тілінің ежелден қалыптасқан баға жетпес қазына-байлығын өз шығармаларына қалай, қайтіп тиімді пайдаланғанына ерекше назар аударып, үйренсе дұрыс болар еді.
ТӨЛЕГЕНДІ САХНАДАН ҚАЙТА КӨРСЕМ ДЕП ҚИЯЛДАЙМЫН
Төлеген ақын 1967 жылдың тамыз айының соңында Қарақалпақстанға іссапармен барып, сол жақта қайтыс болды. Топырақ туған жерінен бұйырды. Біз ол кезде Қостанай жақтағы алыс ауылда, студенттердің жылдағы әдетінше егін жинаумен айналысып жүргенбіз. Күні кеше ғана дүрілдетіп жыр оқып тұрған ақын кенеттен жарық дүниемен қоштасады деп кім ойлаған; бұл хабар төбемізден жай түскендей әсер етті; тіпті, курстас қыздарымыздың бірінің көзінен жасы төгіліп, кәдімгідей жылағаны әлі күнге есімде.
Қазақ поэзиясының шырқау биігіне жарқырап көтерілген бір жұлдыз жарқыраған қалпында, міне, осылай көзді-ашып жұмғанша ағып өте шықты. Ақын бұл кезде бар болғаны отыз жаста ғана екен. Ал егер ең болмағанда тағы да он жыл өмір сүргенде, ақын қандай керемет шығармалар жазар еді; көркемдік сапасы өзгеше қаншама керемет өлеңдерді дүниеге әкелер еді. Дегенмен, шүкіршілік ететін жағдайлар да әбден бар.
Төлеген Айбергенов сол отыз жыл ғана ғұмырында қазақ поэзиясына ерекше жаңалық әкеліп, артына айтарлықтай мол мұра қалдырды. Және сол мол мұрасы тасада қалмай, ылайықты бағаланды да. Ақын дүниеден өткеннен кейін «Құмдағы мұнаралар», «Мен саған ғашық едім», «Аманат», «Бір тойым бар», «Таңдамалы өлеңдер», орыс тілінде «Мир созвездья» атты жыр жинақтары жарық көрді. Ақын туралы «Біргемін мен сендермен» атты естеліктер жинағы да оқырмандармен жүздесті. 1974 жылы шығармашылығы жоғары бағаланып, дүниеден өткен ақынға сол кездегі ең үлкен марапаттардың бірі – Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Қазір ақын атындағы көшелер мен мектептерге де бар. Мерейтойлары да ескерусіз қалған жоқ. Ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы бірнеше телехабарлар да түсірілген.
Ақын есімінің ұмыт қалмай, осындай атақ-құрметтерге ие болып, шығармашылығының барынша кең насихатталуына Қазақстан Жазушылар одағында бірге қызмет атқарған әріптестері үлкен ықпал етті. Сонау оңтүстік өңірде жүріп шығармашылық пен достық көңілдері шынайы жарасып, жақын араласқан композитер Шәмші Қалдаяқов, ақын Мұхтар Шаханов, жазушылар Қалаубек Тұрсынқұлов пен Зәкір Асабаевтардың да ақын мұрасын жарыққа шығарып, жұртшылыққа жеткізуге қосқан үлестері мол.
Дегенмен ақын мұрасын ардақтауда ең көп еңбек сіңірген, бұл жолға кейінгі бүкіл ғұмырын арнаған – ақынның жан-жары Үрниса екені анық. Төлеген ақын дүниеден өткенде Үрниса жеңгеміз Салтанат, Махаббат, Құсни, Айнар атты төрт қызы, Дәурен дейтін бір ұлы бар, отызға енді ғана толған жас әйел екен. Әйел адамға осындай жап-жас кезінде шиеттей бес баламен жесір қалудан артық қандай қиындық болуы мүмкін?
Төлеген Айбергеновтың асыл жары осы қиындыққа қайыспай төтеп берген; кішкене бес баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, алақанына салып, аялап, оқып, білім алуларына барлық жағдай жасап, ешкімнен кем қалдырмай қатарға қосқан. Сонымен бірге, Үрниса жеңгеміз ақынның артында қалған өлең-жырларының өз халқына толық жетуіне жанын салып соңғы демі үзілгенше аянбай қызмет еткен. Қазір аяулы анасының бұл еңбегін үлкен қызы Салтанат жалғастыруда. Мұндай іс-шаралардың алдыңғы қатарынан ақынның күйеу баласы, ақын әрі ғалым Бауыржан Жақып та үнемі бой көрсетіп жүр.
Мұның бәрі шын көңілмен қуанатын, ақынның өз ғұмыры қысқа болса да артында қалған мол мұрасы, асау толқындай буырқанған жалынды жырлары туған халқымен мәңгі бірге жасай беретінін көрсетеді.
Ал менің де бір кезде өлең жазғаныма, тіпті, Төлеген Айбергенов сынды дүлділ ақынмен бірге жыр додасына қатысып, жүлдегер атанғаныма қазір ешкім сенбейді; тіпті, кейде өзім де сенбейтін сияқтанамын. Сондай сәтте баяғы телестудияда атақты ақынмен қатар өлең оқып отырған суретіме қайта қарап қоямын. Сол сәтте Төлеген ақынның бейнесі жарқ етіп көз алдыма келеді; күркіреп өлең оқыған дауысы құлағыма жетеді. Сосын көңілімнің түкпірінде көптен жүрген бір ой қайтадан мазалай бастайды. Сөзімнің соңында осы жөнінде де айта кетсем деймін.
Мәдениет пен өнер қайраткерлерінің еңбегін, оның ішінде, әсіресе, ақындардың жаңа ұрпаққа үлгі болар ұлағатты ғұмырын, шығармашылық ерекшеліктерін жан-жақты насихаттайтын қасиетті орындардың бірі – театр. Ұлы Абай мен Мұхтар Әуезовтан бастап, ұлттық әдебиетіміздің озық тұлғаларының шығармалары мен өмір тарихының спектакль болып сахнаға қойылып, көрермендермен жүздесу дәстүрі бізде үзбей жалғасып келеді. Төлеген Айбергеновпен әдебиетке қатар келген белгілі тұлғалар да осындай қадір-құрметке бөленді. Мысалы, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шахановтың шығармалары еліміздің ең үлкен театрларында сексенінші жылдардан бастап әлденеше рет сахналанды. Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Фариза Оңғарсынова туралы да бірнеше қойылым сахналанып, кинофильм де түсірілді. Міне, осылардың қатарында алдағы уақытта Төлеген Айбергенов те тұрса дейміз.
Пьеса болып жазылып, сахнаға қойылуға, фильм болып түсіріліп, экраннан көрінуге Төлеген Айбергеновтың азаматтық тұлғасы мен тағдыры, шығармашылық қазына-байлығы әбден ылайық. Әсіресе, ақынның Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне жазған өлеңдерін пайдалана отырып, қалың көрерменнің көңілінен шығатын жақсы спектакль дайындауға болады.
Ақын туралы осындай музыкалы пьеса жазсам деп мен өзім көп ойланып жүрдім. Бұл бір жағынан шығармашылық жолымның алғашқы бастауында кездескен асыл азаматтың алдындағы парызым да сияқты еді. Бірақ әртүрлі себеппен сәті түспей жүрген, оның реті енді келетін сияқты. Біраз жылдардан бері мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотеледраматургия мамандығы бойынша курс жетекшісі болып, ұстаздық қызмет атқарамын. Бұл қызметімнің нәтижесі де көңілімнен шығады; тәрбиелеген шәкірттерімінің шығармалары еліміздің біраз театрларында сәтті сахналанды. Болашақта осындай үлкен үміт күтетін шәкірттерімнің бірі – академияны биыл бітіретін Камалля Болатқызы. Өзі ақын әрі драматургияға бейімділігі бар. Осы шәкіртіме өткен жылдан бастап Төлеген Айбергенов туралы «Ақын арманы» атты пьеса жазуды тапсырып, жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп келемін. Шәкіртім жақында бұл пьесаны жазып бітіріп, диплом жұмысы ретінде ұсынды. Шығарма көңілімнен шықты. Енді пьесаны әлде де біраз жетілдіріп, алдағы уақытта театрларға ұсынсақ деген ойымыз бар.
Күндердің күні осы пьеса театрда қойылса, сөйтіп қуат-қайраты бойына сыймай, дауысы күркіреп, жұрт алдында жыр оқып тұрған баяғы Төлеген ақынды сол қалпында сахнадан қайта көрсем деп қиялдаймын.
Бұл қиялымның шындыққа айналатынына шын көңіліммен сенгім келеді…
ПІКІРЛЕР5