Фройдизм және «Қып-қызыл перде»
11.06.2020
1848
0

Sigismund Schlomo Freud

Әлемдік әдебиеттің даму бағыты біз ойлағаннан мүлдем басқа. Дегенмен қазақ әдебиетінде жаңа буын қаламгерлердің арасында жаңашылдыққа деген ұмтылыс бар. Ал осы орайда әдебиет сыншыларының дені шығарманың негізгі идеясының түпкі мәнін бағамдай алмай жатады. Бұған жас жазушы Әлішер Рахаттың «Қып-қызыл перде» атты әңгімесін Фройдтық танымда мысал етуді жөн көрдік. Әңгіме психоаналитикалық талдауға мұқтаж.

Әңгіменің алғашқы сөйлемінен-ақ кейіпкердің түс көріп жатқаны айқын сезіледі. Оған «теңіз жағасында тұр екен дейді» деген сөйлемдегі «дейдісі» анық сілтеме беріп тұр. Әңгімені оқи отырып әйелдің шым-шытырық түс көріп оянатынын білеміз. Әйелдің түс көруінен-ақ әңгіменің өн бойы адамның өзіне түсініксіз сезімдерімен тікелей байланысты болатыны айқындала түседі. Жалпы, түс көру – үлкен процесс. Белгілі неміс ғалымы, психоаналитик Зигмунд Фройд өзінің «Interpretation of Dreams» атты еңбегінде ақыл-ой санадан тыс жатқан қалау мен құштарлықты жасыратынын, бірақ бұл сезімдер өздігінен жоғалып кетпей, ұйқы кезінде түс арқылы санаға жол табатынын жазған еді. Бірақ түсті тек Фройд қана зерттеді деген сөз емес. ХVII ғасырдағы философиялық және психологиялық еңбектерде түстегі символдар туралы ғылыми тұжырымдар болды, ал Фройдтың Шарко, Крафт-Эбинг сияқты әріптестері түстен психикалық ауытқудың, сексуалды қажеттіліктердің белгісін анықтаған. Яғни кез келген адам баласына тән түс көруде адамның өзі саналы түрде түйсіне алмайтын, тіпті өзі ояу жүргенде бейсанасынан конденсацияланып, сүзгіден өтіп, сосын ұйықтағанда айқын көрініс беретін түс ойларынан табамыз. Себебі түстің өзіне тән айқын мазмұны мен жасырын түс-ойлар арасында қарым-қатынас өрбиді. Әлішер Рахаттың әңгімесіндегі әйел көріп жатқан түс шым-шытырыққа толы, бірақ түстегі әр символды (шаш, толқын, теңіз, жел, т.б.) орын-орнымен жоруға мүмкіндік бар дегенді білдірмейді. Адам түсінде әрдайым өзі кезіккен, яки қазір жүрегіне қозғау салып жүрген мәселелерді көреді деу жаңсақ пікір. Солай болған күннің өзінде оны жорудың астарында үлкен репрессиялық сезімдердің тұншығып жататынын айтқан жөн. Фройдтың өзі түс түбегейлі түсіндіріледі дегенді жоққа шығарған. Яғни, түстің әр символынан белгі іздесек оған ықтимал жауап табуымыз мүмкін, тіпті оны «аян» деп қабылдап, дәл солай болады деп иек артуға да себеп жоқ емес. Алайда түс ешуақытта адамның нақты сенімін ақтамайды.

Әлішер Рахат

Әңгімеде түс көріп оянған әйелдің  өзінен жеті жас кіші ер адаммен азаматтық некеде тұратыны және олармен бірге кейіпкер әйелдің бойжеткен қызы да өмір сүретіні белгілі болады. Әйел мен ер адам үстел басында құрған диалогта ер адамның әйелге қарата «Қартайып қалыпсың ба?», «Байқа, ана салмағыңмен орындықты сындырасың» деген мысқалы анық жазылған. Ол әйелден қызын ұйқыдан неге әлі оятпағаны туралы сауал қойғанда ер адамның негізгі саналы ойы ап-анық көрінеді. Ол – сексуалды қалау. Жазушы осы тұста әйел қызының бөлмесіне бару үшін үстелден тұрғанда  оның қызына қатысты мәселеде қобалжитынын байқатады. Бірақ ер адамның жас қызға көз сүзуі бейсаналы емес, саналы әрекет. Әйелдің азаматтық некедегі жарынан бұл эмоцияны сезінуі де саналы әрекет. Бұл диалогта бейсаналы әрекет жоқ. Диалогтың жалғасында әйелдің ваннаға қызыл перде жапқанынан хабардар боламыз. Оның ваннаны соншалықты көлегейлеуі ер адамның көкейін теседі. Кейіпкер әйелдің бұл әрекетін жазушы «Бірнеше күн бұрын, ыдыс жуып болып жатын бөлмеге өтіп бара жатып, душтың жартылай ашылған есігінен мойны күжірейген еркек сығалап тұрғанын көзі шалған еді. Әйнектей полиэтилен шымылдықтың арғы шетінде қызының жалаңаш бұлдыр сұлбасына телмірген еркекті сыртынан көрді. Сол көріністің санасындағы ізі жоғалған секілді еді, қазір қайта жаңғырды», – деп түсіндіреді. Әңгіменің тақырыбы «Қып-қызыл перде», оның өн бойында «перде» сөзі бірнеше рет ұшырасады. Меніңше, жазушы пердені әйелдің бейсаналы әрекеті ретінде бергісі келген. Бірақ бұл айтарлықтай сәтті шықты демейміз, себебі, әйелдің ваннаны пердемен қымтауында қызына деген саналы қамқорлық та жатуы мүмкін. Фройд өз еңбегінде қыздың ананың орнын басуға бағытталған дұшпандық қалаулары болатынын, әке анасы үшін сексуалды нысан болғандықтан, анасының орнын басуға деген іштей қалауы көрініс беретінін жазды әрі ғылыми тұжырым жасады. Мұндай ғылыми тұжырымға келуіне Фройдтың анасына деген сексуалды құмарлығын білдіретін түсін зерттеуі түрткі болған әрі әріптесі Шарконың да пікірлері ықпал етті. Бұл әңгімеде қыздың анасының орнын басу ниеті мен өзінің «өгей әкесіне» деген сексуалды құштарлығы бары анық емес. Мәселен, қыз қысқа киініп, әтірін сеуіп, құрбыларымен серуендеуге кетіп бара жатқанда әйел қызының сырт келбетін көріп, «андағы түрің не?» деген «жағымсыз әуезбен» тіл қатады. Ал оның азаматтық некедегі жары жатын бөлмеден жетіп келіп, әйелге кейіп қана қоймай, қызға «Өзіне жарасып тұр. Әп-әдемі!» деп жылы лебіз танытады. Осы сәтте жазушы резонанстық бетбұрыс жасайды деп күттім. Олай болмады. Қыздың өгей әкесіне «рахмет» деп айтқан тұсында қандай реакция танытқаны жазылмаған. Ал әңгіменің бар көзірі осы тұста еді. Қыз табалдырықтан аттап сыртқа шықты, әйел дел-сал күйде, ал ер адамның жас қызға деген қалауы о бастан белгілі. Қыз серуенге шықпай тұрып, анасы бөлмеге барғанда қызына дауыс көтере сөйлегенін жазушы шешесінің қызға қойған сұрағы «көмейінен ұрыстың нотасымен шыққаны» арқылы білдіреді. Сонымен қатар қыздың осы уақытқа дейін өзінің әкесімен тұрғанын, Алматыға оқуға түскеннен кейін анасымен бірге өмір сүре бастағаны туралы жаңа ақпарат қылаң берді. Анасы мен қызының диалогынан-ақ олардың арасында түсініксіз кикілжің бары сезіледі. Оны жазушының өзі де сөзге тиек етті. Біріншіден, қыз анасының қасында өспеген, әкесімен бірге тұрған. Демек, психоаналитикалық жолмен талдасақ, қызға идеал – әкесі. Жалпы адамға басқа бір адамды идеал ету өз эгосын сол адаммен бірегейлеуден туады. Оған Фройд жоғарыда атаған қыздың анасына дұшпандық қалауын мысал етеді. Яғни қыз бала әкені фемининдік позициядағы объект ретінде қарауы әбден мүмкін, әкемен бірегейлену эмоциясын түсіндіру қиын. Егер отбасында анасы болса, анасымен бірегейлену процесі жүреді. Десе де бірегейлік құбылмалы үрдіс. Мұнда қыз анасыз өсті, оның идеал тұтқан тұлғасы – әке. Негізінен адамның сексуалды қалаулар сезімі жеті айлық кезінен, яғни сәбилік сәтінен бастап оянады. Мұны эволюцияға негіз салған Чарльз Дарвин анықтаған. Осы орайда Дарвиннің Фройдқа ерекше ықпал еткенін атап өткен жөн. Әңгімедегі қыз баланың әкесіне деген сексуалды қалауы гендерлік бірегейлікке өту тұсында болуын, бірақ оны инцестен не қорғап қалғанын, немесе қорғамағанын түсіндіру күрделі. Өйткені қыздың анасы әкесімен бір шаңырақ астында тұрмаған. Ал қыздың өзінің өгей әкесіне қарасты эмоциялары әңгімеде атымен берілмеген. Мұнда маған қыз баланың ер адамға танытатын көзқарасы қызық болды. Көбіне оның шешесіне басым мән беріледі. Онда бірнеше нұсқа ұсынайық.

Оқи отырыңыз!

Берікбол Батан. «Қып-қызыл перде» нені жасырады?

Қыздың өз өгей әкесіне деген қалауы анасымен бәсекеге түскен жағдайда оянуы әбден мүмкін, егер қыз анасының азаматтық некедегі жарын әкесіндей жақын тартса, онда өгей әкесін фемининдік объект ретінде қарастыруын тізгіндейді, яки ер адамға қалауы оны анасының жары, өзінің екінші әкесі екенін іштей түйсініп, сыртқы нысандарға байланысты тепе-теңдікті қалыпқа келтіреді. Егер қыз бала өзінің өгей әкесіне ынтызарлық танытпаса, бірақ өгей әкесі не болса да «қызды иемдену» ниетінен қайтпай, оны еркінен тыс жыныстық қатынасқа тартса, қыз балада есейгенде неврозды мінез-құлық пайда болуы ықтимал. Мұны Фройд невроз ауруын зерттеп жүргенде айқындап, мәлімдеген еді. Ал қыз бен анасының қарым-қатынасында оның шолжаңдығы, шешесіне қарсыласуы әрі шешесінің қызымен жақын қатынас орната алмауы, мұның бәрі – санадағы репрессиядан. Қыз анасымен жеті жасқа дейін бірге тұрған, әрі қарай бөлек күн кешті. Оның бала күнінен анасына сағынышы, сыртқы факторлардың салдары оның сезімдерін тұншықтыра берген. Тіпті болашақта бұл қыз баланың бойындағы басқа бір фобиялардың, яки комплекстердің туындауына ықпал етуін жоққа шығармаймыз. Себебі репрессияға бітісіп кеткен сезімдер бейсанада көрініс табады. Ол ешқайда жоғалып кетпейді. Ал анасының қызымен қарым-қатынасын терең талдау қажет. Анасы қызымен бәсекеге түседі немесе оны қызғыштай қориды деп қысқа қайыруға да келмейді.

Мұнда үш кейіпкер бар. Олардың әр әрекетін таразылауда олардың бала күндегі репрессиясы, жаралары, өзге де сезімдерін сараптау қажет-ақ. Әйелдің бірінші кезекте өзінің бірінші жұбайымен ажырасуы, қызын әкесіне қалдыруы, ол әрекетін саналы не мәжбүрлі жасауы мүмкін, артынша қызымен бірге тұрғанда онымен дұрыс қатынас орната алмауы, азаматтық некедегі өз жарының қызына байланысты көзқарасын сезуі, қызы мен жұбайын қырағылықпен бақылауы. Біріншіден, әйелдің қыздың бөлмесіне барып оған дауыс көтере сөйлеуі қызға емес, жарына деген ашудың я қанағаттанбау сезімінің бейсаналы көрінісі деуге болады, екіншіден, қыздың қысқа шортыда жатуы оның өгей әкесінің сексуалды құмарлығын арттыратын бірден бір элемент деп қарау сигналы, артынша әйелдің өзін тежей салуы өзіне артқан айып сезімімен байланыстырамыз. Себебі, қыз әйелден жеті жасынан бастап бөлек тұрды, ал әйел осы үшін өзін айыптайды. Қыз киініп, үйден шығып кеткенде жазушы әйелдің хәлін «қыз жылы сөзді қабыл алып, пәтердің табалдырығынан ары аттаған сәтте әйел өзін мүсәпір кейуана кейіпте елестетіп қала берді. Тірі пендеге қадірі жоқ, пәтуәсіз сөздерді былжырайтын… Не күйеуіне, не қызына жолатпайтын арада бір селдір перде бардай… Көреді, бірақ ұстатпайды, жақын, бірақ қол жетпес…» деп берген. Жазушы кейіпкерлердің әрекетін мейлінше сенімді сипаттаса да, олардың эмоциялық күйлерін де қосымша беріп отырған. Меніңше, бұл эмоцияны дәл осы тұста сөзбен сиапттау артық. Себебі әйелдің күйеуін қызына жақындатқысы келмейтін әрекеті әу бастан анық, сәйкесінше қызын да солай ұстағысы келеді. Перде бейнелік образды көрсетеді. Мәселен, жапон жазушысы Акутагаваның «Бет орамал» атты әңгімесінде жапон профессоры мен қайтыс болған студентінің анасының арасында әңгіме өрбиді. Кенет профессордың қолындағы қағаз жерге байқаусыз түсіп кетіп, оны көтермек болып аңдаусыз үстел астындағы бейнеге көз салғанда әйелдің бет орамалын күйзеле қысып, шыдамсыздана мыжғылап отырғанын, ал жүзіне қарағанда жылы жымиып қана тұрғаны сөз етіледі. Осылайша, жазушы әйелдің бар күйзелісін, эмоциясын бір ғана орамал арқылы бере салады. Тіпті «әйел мұңайды» деген бір сөз жоқ. Әлішердің әңгімесінде әйелдің ішкі эмоциялары мен әрекеттеріне басым мән берілген. Ер адам әйелге қарағанда жанама кейіпкер. Ал жас қыздың эмоциялық тұрғыда тек анасымен кикілжіңі бары ғана көрсетіледі. Меніңше, мұнда басым назарды қызға аудару керек еді. Себебі өгей әкесінің де, анасының да нысаны – қыз. Қыздың эмоциялары бұлдыр, мүмкін бұл жазушының өзіндік стилін де білдірер. Десе де өмірде әсіресе қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамда мұндай жағдайлардың барын есепке алсақ, ананың, өгей әкенің я өгей шеше мен әкенің қатынасы талқыға салынып жатады да, құрбан немесе нысан болғанын ер бала не қыз бала тысқары қалып қояды.

Әңгіменің соңында әйел күйеуінің ұйқыға батқанын бағып, ол оянып, әжетханаға шықса да артынан барып, қызының бөлмесіне беттейді. Қыздың бөлмесінде перденің жоқтығын айтып, ертең жұмысқа бармайтынын, перде  ілетінін сөз етеді. Кейіпкер әйелдің қызымен сөйлескенде абдырап тұрғанын жазушы тілге тиек еткен. Әйел көзі ілініп кеткен тұста ақ пердеден қызыл қан тамшылап тұрғаны туралы түс көреді. Бұл тұсы меніңше артық образданып кеткен, сендірмейді. Себебі жазушы әңгімедегі кейіпкер әйелдің бар уайым-мұңын осы тұста-ақ бір сөйлеммен бере салды. Бірақ оған айып тақпаймыз. Жазушының өз еркі. Әйелдің түні бойы күйеуі сәл қимылдай қалса, «жат, жатқыштай» беруі сәтті шыққан. Алайда әңгімеде әйелдің күйеуі мен қызының арасында соншалықты шыр-пыр болуын тұтастай өз қызымен бәсекесі деп қарауға негіз жоқ. Себебі, әйел бірінші кезекте – ана, оның аналық түйсігі қамқорлық сезімімен ұштасқан. Сондықтан, бұл эмоцияларын қызын жек көруі, қызғаныш деп келте қайыру жөн емес.

Әлішердің қазіргі қазақ әдебиетінде жастар арасында фройдизм бағытында алғаш болып қалам тартуға тырысқанын айтулы еңбек деп бағалаған жөн. Себебі, Фройд тек психоаналитикада ғана емес, жалпы адамзат жаратылысында үшінші революция жасаған тұлға. Интимді қатынас тақырыбында Фройдтың ойы екіұшты болған. Ғалым жыныстық қатынасты дәріптеуде оған қолдау көрсетті деп түсіну дұрыс емес, бірақ неврозды мінез-құлықтың астарында жыныстық қалау жатқанына толық иланды.

Адамзат өзіне түсініксіз талай сезімді бізге дейінгі ғасырларда, қазір де және бізден кейін де кешіре бермек. Тіпті қазіргі адамның репрессияларына алғашқы қауымдық қоғамдағы адамдардың тұншықтырылған эмоциялары себеп дегенге сенер ме едіңіз?

Сафина АҚТАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір