Берікбол Батан. «Қып-қызыл перде» нені жасырады?
08.06.2020
2899
2

Әлішер Рахаттың «Қып-қызыл перде» атты әңгімесін оқып, шама-шарқым жеткенше шығарманың өне бойын шарлап, болмысының іші-сырты қалай толысқаны жайында түсіну үшін талдау жасап көрсем деймін.

Әңгіменің сюжетінде азаматтық некемен бір шаңырақ астында тұрып жатқан отбасының өмірі туралы айтылады. Бір отбасының үйіндегі бір мезет жайында. Тіпті ондағы кейіпкерлердің аты-жөні де жоқ. Алайда, бізге жақын, әрі таныс образдар көз алдымызға елестей кетеді. Мәтін жолдарында біздің санамызға нақты бейнені түзіп, ондағы атмосфера мен көтерілген тақырыпты таныта салатын бірнеше сөйлемдер бар.

Дудыраған шашын буып, киініп, ванна мен қолжуғыш орналасқан тар бөлмеге кіріп бара жатып, ас бөлменің ашық есігінен балконда азаматтық некедегі өзінен жеті жас кіші күйеуінің темекі шегіп тұрғанын байқады.

Асты сызылған сөздерге мән беріңіздерші. Әйелдің ванна мен қолжуғыш орналасқан тар бөлмеге кіріп бара жатқанынан локацияның тар екендігін айтып, олардың шаршы метрі азғантай үйде тұратындығын көрсетеді. Сонымен қатар автор, кейіпкердің сол жерге кіріп бара жатқанында оқырманға күйеуінің азаматтық некедегі және жеті жас кіші екендігін қосып жазады. Сөйлемді толық оқығанда локацияға қатысты айтылған«тар»  сөзі екінші мәндегі символикаға ауысатын секілді. Психологияда жуынатын бөлме адамның интимді кеңістігі, яғни адамның оңаша қалатын жері. Ал әңгімедегі әйелдің жуынатын жеке кеңістігінің  тарылуына күйеуі туралы айтылған статустың қандайда бір қатысы болуы мүмкін деген ойда қалдым. Өйткені жеке кеңістігіне (ванна) кірер тұста оны көрді, және жай ғана көзіне түсіп қана қоймай, еркектің «темекі шегіп тұрғанын байқады». «Байқау» — аса мән беру дегенді білдіретінін алға тартсақ, бір үйде тұрып жатқан жанға аса мән беруіне қандайда бір себеп болу керек қой. Оның үстіне кенеттен байқап қалатындай үйге тосыннан кірген еркек жайлы емес. Демек оқиғаның қатпарлы қарым-қатынастар жайында өрбитіндігінен хабар бере кетеді. Осы сөйлемнен соң, олар жайлы, сыртқы тәндік формадағы ерекшеліктері, жастары, есімдері туралы ойлаған сұрақтардың бәрі салмағын жоғалтады. Өйткені, әңгіме ағысы ішкі әлемге түсіп кетті. Оқиға әрі қарай дастарқан басындағы әйелдің өзін жайсыз сезінуін өрнектей келеді де, үшінші кейіпкерімен таныстырады. Үшінші кейіпкер қалай пайда болды?

Күйеуі бос шыныны беріп жатып, көзіне тура қарады да, оның бар құпиясы өзіне мәлім тәрізді, қулана күлімсіреді. – Қызыңды шайға шақырмайсың ба?!– «Ваннаға пүліш перде іліп, ақымақ болғанша, қызыңа көңіл бөлмейсің бе?» дегендей қып жеткізді ме, әлде ол өзі солай қабылдап алды ма, әйтеуір, әйел абдырап қалды.

Белгілеген диалог еркектің аузындағы сөз. Сол сөзден соң әйел абдырап қалды. Оның мұндай күйде жүргеніне тағы бір себептің бар екендігін түсінеміз. Яғни әңгімедегі басты кейіпкерді әйел деп алатын болсақ, ол эпицентрінде тұр. Бір шеті еркектен басталып, екіншісі қызға байланады. Екінші шеттің бар екенідігін еркек арқылы көру, оқырманды ұстап отырған интригалық күштің үстіне тағы бір қабат қоса түседі.

Ол үйде ме еді? –Азаматтық некедегі еркек мұның әпенділігіне бас

шайқай, көзін тайдырып әкетті. – Бүгін подругаларыммен қыдырам деп жатыр еді ғой,-деп, кенет сасқалақтап шыға келді де, орнынан ебедейсіз тұрып, дастарқанды денесімен сүріп өтіп, шай атаулыны шайқап, қызының бөлмесіне беттеді.

Күйеуінің қызына қатысты сұрағынан соң әйел кенет сасқалақтап орнынан ебедейсіз тұрып кетеді. Туындайтын ой: не себеп? Оның себебін іздеу үшін басындағы түске оралайықшы.

Оқи отырыңыз!

Үздіксіз әуез

         Қазақ әдебиетіндегі «классика» деген айдарға ие болған туындыларды еске түсірер болсақ, бәрінің дерлік сюжетінің астында жасырынған жауһарлары ой тартып тұрады. Ол жауһардың болуы туындыға мифологеманың қосылуы. Мәселен: Жүсіпбек Аймауытовтың Ақбілегі тау етегінде қараңғыда жалғыз қалып, қасқырлармен  шоғы сөнбеген ағаш ұстап арпалысқан сәті бір қарағанда динамикаға толы сюжет болғанымен, сол жердегі тау, түн, қасқыр, от сынды детальдар мифологема. Сол арқылы түпсаналық деңгейдегі философиясын интерпретациялауға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтқанда, өзінің таудай мақсаттарының биігіне жету үшін ішіңдегі жалыны сөнгенше күресіп бағатын архетиптік образды символдайды. Сол сынды осы әңгімеде де түс мифологемасын қосқан. Олай болса, біз түстен не көрдік?

Әйелдің түсі нені ишаралайды?

Шашын жайған әйел, жел, толқын, құрлық пен теңіз, жыртқыш мақұлықтай балықтар, орман, әйелдің аяғына жұқпайтын теңіздің сынаптай суы, құстар.

Шаш. Түстегі әйелдің шашы қара түсті болды. Ал қазақтың түс жоруында қара түсті шаш көрген әйел үлкен бір шешімнің алдында тұрғанын нұсқайтыны белгілі. Түс иесінің қандай да бір таңдау жасайтынына сілтеме болуы мүмкін.

Жел. Қазақтар желді адам ішіне кіріп алатын сұмпайы әрі қуатты жынның символикасына теңейді. Оның үстіне, оның адам көзіне көрінбейтіні тағы бар. Әйелдің түсінде жел алдымен оның шашын жәй ғана желбіретіп, соңында толқынды иектеп әкететін алапат күшке айналып кетеді. «Жел иектеген қап-қара теңіз толқыны алас ұрып, жағаға жақындаған сайын биіктей береді, биіктей береді» деген сөйлем сөзімді қуаттай түседі.

Толқын. Әңгіме қарым-қатынасқа негізделгендіктен, Фрейдтің теориясына жүгінген анығырақ болатын шығар. Өйткені автор толқынның асаулығын әрі алапат күшке айналатынын нақты көрсетіп кетті.

Фрейд дәл сондай сипаттағы толқын туралы былай анализ жасайды: «Мұндай түс адамның төсек қатынасы туралы ойлап жүргенін білдіреді. Ол ойы өзінің құмары қанығатын қол жетімді қатынас емес, оданда терең түсініксіз әрі бөтен қатынас. Ал бұндай ойда қалудың себебі, адам өзінің сыртқы келбетіне деген сенімсіздіктің (комплекс) тууына байланысты өзін толыққанды сезіне алмайтынынан». Әңгімеде басты кейіпкердің сұлбасы туралы ештеңе айтылмайды. Есесіне оның түр-әлпетіне баға беруші күйеуі бар. Ал күйеуінің жанарында әйелінің тәніне салыстырмалы түрде қарай алатын екінші адам бар. Ол жасөспірім қыз. Автордың қызды еркектің сөзімен сахнаға шығаруының себебі осында жатыр. Бұлай сенімді айтпайын десем де, күйеуінің қызға қарата айтқан «Өзіне жарасып тұр. Әп-әдемі!» деген комплименті ойымды нақтылай түседі. Әйел жаратылысының ішкі нәзіктігі қарсы жыныстың комплименттерін жедел қабылдайтынын алға тартқанда кейіпкердің түпсанасында реакция жүріп, комплексін оятауы мүмкін деп ойлаймын. Яғни, әйел өзін толыққанды сезіне алмайды, әлдекімнен төмен, кем санайды.

Құрлық, су және жыртқыш балықтар. Әңгімеде теңіздің құрлыққа тасып жатқанын  сипаттайды. Юнгтің теориясында «құрлықты – сана, суды – бейсана» — деп бейнелі түрде сипаттайтыны еріксіз ойға оралады. Түсті әйел көріп жатқандықтан, оның бейсанасын білдіретін болса, теңіз астынан шығатын жыртқыш балықтар – аузы барып айтуға келмейтін қорқынышты ойларының тірілуі деуге болады. Ал сол теңіздің жағаны жайпауға ұмтылуы — бейсанасындағы әлгі ойлар санаға қарай жақындап, күмән мен үрейін күшейтіп жатқандай көрінеді. Өйткені әңгіме бойы кейіпкердің өз-өзімен әлекке түсіп, қобалжып жүргенін байқадық.

Орман, әйелдің аяғына жұқпайтын теңіздің сынаптай суы. Қазақ танымында баласын «жасыл бағым» деп еркелететінін, «көгеріп, көктеу» депі ұрпақ сүйіп, өсіп-өнуді айтатынын негізге алар болсақ, кейіпкердің ішкі арпалысына бір табан жақындайтын секілдіміз. Өйткені түсіндегі үрей тудыратын көріністердің барлығы дерлік жағалаудағы ағаштарды тамырымен қопара жаздағаны  — оның баласы екеуінің арасындағы қарым-қатынасқа сілтеме жасайды. Ананың балаға деген инстинкті байланысы бейсаналы, түпсаналы әрі саналы түрде де өзінің қызметін атқаратыны түсінікті. Қазақ танымын негізге алып отырғанымның тағы бір себебі, оның бейсанансынан туған үрейді «тек күйеуіне қатысты» деп айта алмаймыз. Әрине, символикалық тұрғыда орманды – қызға, қара теңізді – күйеуіне теңесек те болады. Теңіздің суы оның аяғына жұқпайтын сынап секілді сырғып өтіп кететінін көрдік қой. Олай болса, бейсанасындағы қорқынышы да, нақты қайдан шыққаны да белгісіз деген сөз. Ұстатпайды. Сондықтан бұл тұста баласына деген уайым немесе күмән, қызғаныш секілді сезімдердің бәрін айтып көруге хақымыз бар делік.

Құстар. Құс — сезімнің символы. Түстегі миллион құстардың бәрі әйелдің сезімдері болуы мүмкін дегім келеді. Өйткені ол жерде нақты бір құстың түрін жазбаған.

Бәрінің бірдей алапат күштен үркіп, теңіздің толқынына батып жатқаны – әйелдің күйеуіне немесе баласына дегем сезімдері – үрейіне жеңіліп, өз ойымен шатасып жатқанының сипаты сынды көрінді.

Түсті қорыта айтқанда, ойлауға дәті, айтуға тілі жетпейтін күйді сезіп,  оны қауіп деп танып, кімді қорғайтынын, күмән болса, кімді таңдайтынын шешер уақыттың таяп қалуынан сескенген әйелдің образын көреміз. 

                               Анасы мен қызы бақталас па?..

Мұндай түстен оянған соң қобалжуы мен сандырақтап жүргенінің бәрі бейсанадағы әсер деп түйіндеген кезде, әңгімені әрі қарай мұқият оқып, оның «себептерінің бәрі қайда жатыр?» деген сұрақтың үстімен жүріп өтуге еріксіз итермелейді. Сондықтан қызы мен күйеуінің әрекеттеріне жеке тоқталу керек секілді.

Қызы мен анасы. Шешесі қызының бөлмесіне баратын сәтті қарайықшы.

Төсегіңді неге жинамағансың?- деген сұрағы көмейінен ұрыстың нотасымен шыққанын өзі де аңдамады, әрі неліктен соншама ащы екенін де бағамдай алмай…

Ой, жинаймын, мам! Не болды, сонша айқайлап?- деді бойжеткен шатынап.

— Жоға, ұрысқаным емес, жай айтқаным ғой. Сен қыдырам деп едің ғой?-деді анасы асау үнін жуасытып барып.

— Алдымен кеш болсын да! – Қыз орнынан секіріп тұрып, көрпесін сілкіп қап, жұлқынып, төсегін жинай бастады.

— Мен сені кетіп қалған шығар деп ойлаппын. Шай ішесің бе?- деді әйел дауысын майдалай түсіп.

— Жоқ!

— Бір шыны ішсеңші бізбен?!

Ой мам, ішпеймін, айта бермеші,- деп, жастығын жиналған төсектің бас жағына лақтырып, бойжеткен шалқалай құлады.

Астын сызып қойған сөйлемдер ана мен баланың бір-біріне деген қарым-қатынасын көрсетеді. Анасы себепсіз ашуланды, қызы анасын жақтырмай әдейі қырсықты. Ана мен қыздың мұндай қарым-қатынасы туралы  Зигмунд Фрейд былай дейді: «қыз бала дүние есігін ашқанда, көрген алғашқы еркегі болған соң, түпсанасында өз әкесіне ғашық болады, бірақ өзінің басты қарсыласы – анасы екеуінің арасында бәсекелестік орнайды. Кейін саналы түрде ондай жолдың болмайтынын түсінген соң, әкесіне ұқсас еркекке ғашық болуы ықтималдығы бар». Ер балада да дәл солай. Ал мұны қазақшаласақ, «Келін қайын енесінің топырағынан», немесе «күйеу бала қайын атасының топырағынан», – деп жатады. Осыған сүйене отырып, анасы мен қызы бейсаналы түрде бір-біріне қарсы позицияда болады деген тқжырым жасасақ болады. Ашық білінбейтін, бірақ бүкіл іс-қимыл, сөздерінің астында жататын күш. Осы тұста әңгімедегі күйеуін қосайық. Қыз үшін  өгей әке. Демек, интимді қарым-қатынастан сақтап қалатын ешқандай кедергі жоқ. Күйеуі қызына жат. Туғаны емес. Сондықтан кез-келген уақытта қыздың түпсанасындағы бәсекелестігі оянуы әбден мүмкін. Ықтималдығы жоғары… Тіптен, ол саналы түрде істемеуі мүмкін. Оның үстіне, мұндай ойға сілтеу  үшін автор қызды күйеуінің аузымен таныстырды. Онымен қоймай, әйелді «жаман ойға» сендіруге бағыттайтын еркектің күмәнді әрекеттері бар. Құпия күлкісі, төсектен соң темекі шегіп, өз-өзімен қалуы, әйелмен жыныстық қатынасқа зауқы соқпауы, бәрі бір ойға сендіруге тырысады. Тағы да, әйелдің қорқынышты күмәніне жақын келетін сәтін автор мына көрініспен береді.

Төбеден су сарылдап аққанда ойына көрген түсі қайта айналып соқты. Көрген түсін біреумен бөліскісі келгенімен, сезінгенін айтып жеткізе алатынына күмәні бар. Оның үстіне, өзіне сонша әсерлі болған түстің өзге адамға ешқандай сезім сыйламайтыны, тіптен, қызық болмайтыны – райынан қайтарды. Ешкіммен ортақтаса алмайтын жалғыз ізілік түсін не жақсылыққа, не жамандыққа жоритынын білмей, десе де, түстің аса бір құны болмаған соң, ертең-ақ санадан өшетінін ескеріп, жуынып бітті де, душтың есігін айқара ашқанда, қарсы алдында тұрған күйеуінен селк ете шошынып қалды. Дәл осы сәт, дәл осы көрініс қайталанған сияқтанып…

Жоғарыда ваннаны адамның жеке кеңістігі деп айтып өткен едік. Кейіпкер де соны білетіндей, өз кеңістігіне (ваннаға) еніп, бәрін өзінше анализ жасап, күмәнін жоққа шығаруға тырысады. Алайда еркектің мына әрекеті:

Бірнеше күн бұрын, ыдыс жуып болып, жатын бөлмеге өтіп бара жатып, душтың жартылай ашылған есігінен мойны күжірейген еркек сығалап тұрғанын көзі шалған еді. Әйнектей полиэтилен шымылдықтың арғы шетінде қызының жалаңаш бұлдыр сұлбасына телмірген еркекті сыртынан көрді. Сол көріністің санасындағы ізі жоғалған секілді еді, қазір қайта жаңғырды.

-Туалетке кірейін дегенмін,- деді еркек тура сол кездегідей.

Әйелді тығырыққа тірейді. Осылайша кейіпкер дәлел таппай қалған дәрменсіз образға айналады. Бізге әйелдің ішкі арпалысы белгілі болғанда «еркекті қызынан қызғанады ма, әлде қызын күйеуінен қызғанады ма?» немесе  «Медея секілді сүйіктісі үшін баласын құрбан етуге баратын архетип пе, әлде баласы үшін жанын беруге дайын ананың образы ма?» деген салмақты сұрақ туындайды. Бірақ финалдағы мына сөйлемдерді оқыған кезде:

Түні бойы күйеуі ары-бері аунаған сайын, бірдеңе тырс еткен сайын, әйел шырт ұйқыдан сақ оянып, «қайда барасың? Жат, жат!» дей берді. Әлдебір қауіпті аңдамай қалатындай, құлағын түріп жатқаны…

Мүлдем өзге шешімге жеткенін түсінеміз. Бұл финал – қарапайым, шарасыз жанның образы сияқты сипат беруі мүмкін. Бірақ әйел жоғарыда сұрақ ретінде келтірілген екі архетиптен де терең образ. Өйткені оның соғысының бәрі түпсанада орын алып жатты.

Түпсанадағы соғыс сипаты. Мәселен автор, әйелдің бұрын ажырасқаны жайында хабардар қылғаны, кейіпкердің екінші рет қалай болса да, ажыраспауға тырысатын мотивті барына сілтеме. Өйткені әйелдің қызға шамадан тыс талапшылдығы «қателіктен сақ бол»,- деген ойының сәулесінен туындауы мүмкін. Ал әйелдің үлкен қателігі ажырасуы шығар, бәлкім. Тіпті соны көлегейлеу үшін осы жігітке үйленген болуы да ғажап емес. Демек, әйелдің бейсаналы соғысы тағы да ажырасудан аман қалу үшін басталды. Әрине бейсанадан шығатын команда беруші сигналдарды адам саналы түрде ешқашан түсінбейді. Әңгімеде қандай сигналдар жұмыс істеді?

Бүкіл әңгіменің өне бойында қызыл түс жиі айтылады. Күннің қызыл сәулесі, қызғылтым бұлттар, қызыл перде. Байқасаңыздар әйел өзі түсінбесе де, ваннаға қызыл перде іліп қойды. Ал қазақы танымда, қызыл түс — сұқтанған жамандықтардан сақтаушы деп біледі. Сондықтан «көз тимесін, жамандық атаулыдан сақтасын» деп, жаңа түскен келінге қызыл халат, жаңа көлікке қызыл лента іледі. Мұны Карл Густав Юнгтің «ұжымдық бейсанасымен» қарасақ, бәрі орнына келе қалады. Яғни, ата-бабаларымыз қызыл түстің мәнін жете түсінген, ал кейіпкер әйел оны нақты білмесе де, оның геніндегі ақпараты қайта тірілуде. Қызыл түсті перденің мәнін осыдан аңғарамыз. Енді әйелдің ваннаға ілгені де бейсаналы түрде қызын жамандықтан қорғау үшін жасаған бірінші әрекеті. Оның бейсанасы шаңырағында жамандық болмаса, ажыраспайтынын білді ғой. Сонымен қатар, әйел перделерге назардан тыс мән беруінің себебі де қауіп-қатердің кез-келген сәтте тап беруі мүмкін екенінен сақтану. Қымтау, қоршау, жасыру.

Перде. Діни тұрғыдан жын мен адамның арасындағы перде ретінде символикаға айналса, әрі қыздың пәктік пердесі туралы ойларға апаратын инструмент. Осы тұста әйелдің қызына айтқан мына сөзіне оралайықшы:

Сен ұйықта, ертең ерте мына терезеге перде ілеміз, – деді әйел баласына. – Мен жұмысқа бармай-ақ қоямын.

Перде ілу үшін жұмыстан қалуының өзі әрекет қой. Әрине, терезедегі перде сырттан келетін қауіптен қорғамайтынын әйел түсінеді. Бірақ оны мұндай әрекетке жеткізгені бейсананың ықпалы. Әйел өз басындағы қызы туралы қауіпті ойдың салмағынан сескенеді. «Яғни оның ашық жататынын көзі көргенде, қызының пәктік пердесі жоқ деп ойламауы үшін» — бөлмесіне кірген сайын жабық тұратын пердеге көзі түсіп, санасы қауіпті ойдан аулақ жүруі үшін ілгісі келді. Сырт көзден жасыру үшін. Ал қызының пердесі барына сенген күні, үрейден құтылатыны белгілі. Бұл әйелдің бейсанасындағы күрестің соңғы этапы болатын. Ал нағыз шайқас одан бұрын бітті. Шайқас болған жерде құрбандық міндетті түрде болады.

Кім құрбан?

-Сен қашан ұйықтайсың?-деді әйел шешініп жатып. Артынша,терезені қалың пердемен қымтады.

-Ұйқым келгенде.

-Қашан сонда?

Еркек жанарын теледидардан жұлып алып, жын ұрған адамды көргендей, жүйкесі жұқара, жалт қарады. Әйел сескеніп, өзін күштеп күліп кеп жіберсін. – Жоға,-деді жөн-жосықсыз. – Мен ертең күндізгі смендемін ғой. Соған ерте жатайын дегенмін. Сол сен телевизорды қашанға дейін көресің дегенім ғой. –«Сандырақтай бермеші» дегендей, күйеуі көзін көк экранға қайта қадады. – Саған ертең жұмыс па?

— Жоқ, ертең демаламын.

— Неге?-деді үрке. Дауысын игере алмай…

-Сен есіңнен алжасайын дегенсің бе? Негесі несі? Ертең демаламын. Бүрсігүні жұмыс,- десін еркек тұтығып.

— Жоға, жай сұрадым. Қоя қойшы енді, ашуланбай,- деді әйел кіріптар үнмен. Өтінішпен…Ерінің бұқа секілді күжірейіп қалған мойнын уқалап…

— Бүгін емес,-дейді азаматтық некедегі еркек сәл жұмсарып.

— Жоқ, бүгін болсыншы…

Өз есебі түгел секілді қимылсыз жата берген еркекпен болған ұзақ алысудан соң, пәтер ішін тек сағаттың шықылдағаны ғана тербеп тұрды.

Осы көріністе әйелдің бейсанасындағы сигналы қауіпті нақтырақ жеткізді. Сол түні сезгені болатындай ашық әрекетке көшті. Яғни өз еркінсіз орындалған төсек қатынасына түсті. Ал еріксіз түрде орындалған төсек қатынасына түсу – өзін құрбандыққа шалумен пара-пар. Әйел қауіптен сақтану үшін алдымен өзін, одан кейін, зауқы жоқ күйеуін құрбан етті. Бұл жағдайда екеуінің ерлі-зайыпты екенін есепке алсақ, керісінше, әйел екеуін де бір қауіптен құтқарып қалды деп ойласақ та болады. Енді ойлап қараңыз, бұл біз білетін бір ғана түн. Қанша уақытқа дейін жалғасатынын ойлаудың өзі қорқынышты.

Берікбол БАТАН, жазушы

ПІКІРЛЕР2
Аноним 08.06.2020 | 20:36

Өте жақсы жазылған мақала

Аноним 17.06.2020 | 17:33

Жақсысы жақсы, әрине. білімді. Бірақ психоанализ практикалық ілім, әсіресе Юнгтың аналитикалық және трансперсоналды психоанализі. яғни тірі адамның, жеке тұлғаның жанын зерттейді. оны ойдан шығарылған жасанды әдеби кейіпкерге қолдану, төсегінің қоясын ақтару қаншалықты дұрыс? мүмкін алдымен автордың өзінің эдиптік комплекстерін қарастыру керек шығар?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір