Мұрат БЕКЕЙ. КӨКСЕМЕЙДІ  БҰЛ КЕЗДЕ НЕНІ КӨҢІЛ…
01.06.2020
967
0

Мұрат Бекей

ЖЫР ЖАЗАЙЫН

Ой-һой, өлең жазайыншы бір бүгін,

Десе десін «сандырағы жындының».

Балталасам-дағы үзілер болмады

Музамменен бірге біткен кіндігім.

 

Мейлі, еселеп мұңыма мұң жамай ма,

Мейлі, ағымды қалыңдатсын самайда,

Қанша бүккім келгенімен сырымды,

Әйгілейді тағдыр дейтін шарайна.

 

Өлең – шұбар жыланым ғой, құлдығым,

Қашан жатқан балалы үйдің ұрлығы?

Қасқаюмен жел өтінде тұрған соң,

Жан-сарайдың желпілдейді түндігі.

 

Жайсын жұртқа…

Қалдырмасын түгімді,

Жасырынар қу емеспін жырынды.

Құдіретімен тастың төсін идірген

Наурыз сынды жыр жазайын бүгін бір.

 

ҚАЛАДЫ ҒАШЫҚТЫҒЫМ

Жылдар жол салып бөтен,

Кетері анық, көкем.

Жастықтың мен, бәрібір,

Жазында қалып кетем.

 

Көп болсын тартар қайғы,

Кеміріп жарыта алмайды.

Қаусар тек тәнім менің,

Ал жаным қартаймайды.

 

Ойымды ән ұрлайды,

Болмайды жаным қайғы.

Қатыгез кәрілікке

Ақындар бағынбайды.

 

Азары көркімді алар,

Базары еркімді алар.

Бәрібір жүрегімде

Жігіттік сертім қалар.

 

Сарқылар бұлақ емен,

Жапырар құрақ, емен.

Оралар жыл құсындай

Жыр болып тұра берем.

 

Аялай ашық күнім,

Аямай шашып нұрын,

Саялы дәуренім боп,

Қалады ғашықтығым.

 

Ризамын Тәңіріме,

Ризамын әміріне.

Өлсем, гүл өніп шығар,

Бәрібір, қабіріме.

ҮНСІЗДІК

Мен үнсізбін…

Сен де маған үндеме.

Тылсым әуен – бір күйге елтіп тұр дене.

Оқтын-оқтын жанарлардан жүректі

От па, шоқ па… осып жатыр бірдеңе.

 

Бір қадалып,

Көзіңді алып қашқаның

Шатырлатты сезімдердің аспанын.

Ғашық жаны шуақ төкті

Жанардан,

Түнді түріп бір-ақ сәтте қас-қағым.

Сыр шерткендей жазғы кештің іңірі,

Қарашыққа ұғым ұйып бір ұлы.

Сезімдердің салмағынан майысып,

Сыр ұқтырды кірпіктердің дірілі.

 

Жолыққанша тағдыр қанша асатты у,

Жағалауда егілгендей босап ну.

Іңкәрліктің үнсіз әнін шырқауда

Айдындағы қатар жүзген қос аққу.

 

Жырақтарда сан аңсағам даусыңды,

Кездескенде неге үнсіздік қаусырды?

Бірақ осы үнсіздікте

Сарылған

Сағыныштың жанайқайы бар сынды…

 

ШАЛҚЫП КЕЛЕМ

Шалқып келем…

Түнгі аспан

Шырақтарын тек мен үшін жаққандай.

Басқан әрбір қадамым

Жұмыр жерді дөңгелетіп жатқандай.

 

Шалқып келем…

Он сегіз мың ғаламның

Мен секілді иесі.

Адамзаттан маған ғана қонғандай

Құдірет – жыр киесі.

 

Шалқып келем…

Зұлымдықтың барлығын

Жапырардай қолыммен.

Аластардай арамдардың қауымын

Түре қуып төрімнен.

 

Шалқып келем…

Тереңдегі дауылдан

Бір тұтанып, бір сөнді ой.

…Осы ұйқымнан келмейді еш оянғым,

Өңде осылай жүрсем ғой…

 

ШАБЫТТЫ ШАҚ

Мен тауларға тігіліп, таулар маған,

Күш бітеді ғаламат – жаулар ғалам.

Ақиқаттың жарқылдап алдаспаны,

Жалған біткен жүзінен сау қалмаған.

 

Мезгілдерді тұрамын ауыстырып,

Қабағымнан ығады бар үскірік.

Сеңгірлерде мұз шайнап, бұршақ бүркіп,

Тамырымда оянар барыс қылық.

 

Жан дүниемді серпілтіп жаңа тыныс,

Жаңғырады, жайнайды жаратылыс.

Жүрегіме жыр болып ұялайды

Жасындардан жанарда қалатын із.

 

Көзінде от шабыттың шатынайды,

Шақырамын жаныма жақын Айды.

Елшіліктің міндетін арқалаған,

Екі араға сәулелер қатынайды.

 

Жанардай боп елеусіз кіл еңбегім,

Ойдан-қырдан барымды түгендедім.

Аяулыммен жүргендей қол ұстасып,

Төрт құбылам сол шақта түгел менің.

 

ШЕКПЕН

Төрде ілулі шекпен тұр,

иісі сіңген атамның.

Жеттім жасқа көсемсір,

мен де ата атандым.

Сезіп тұрам сынаған

көзқарасты қырағы.

Сүмірейтіп еңсемнен

мысы басып тұрады.

Сипақтаймын замана

зәйіліне көндігіп.

Мен өткенде немерем

қояр екен немді іліп?!

Төрде ілулі шекпен тұр…

 

ДҮНИЕ

Қиялдарға пендеміз мәңгі бейім,

Жан қалаған шырқардай әнді кейін.

Саваннаның сарылып сағымына,

Құдіретке қол жайған зәңгідейін.

 

Тербегенде көңілді сенім – бесік,

Жасырынып жанардың төрінде шық,

Ататын әр ақ таңға арзу айтып,

Алаңдаумен жүреміз өмір кешіп.

Атып келер ұрпақтың жаңа таңы,

Шырылдайды жас өмір балапаны.

Шолушы – ой жұбатса жанды бірде,

Тағы бірде өзіңе оқ атады.

 

Жабыққанда жан жаурап, құрып әлім,

Екенімді дәрменсіз ұғынамын.

Аз күн алдап шығарып салатұғын,

Мына бес күн жалғанның сыры мәлім.

 

Үміт гүлі дәйім «бір кемнен» өнген,

Түк таппайсың арманды жерлегеннен.

Тылсымына тірі жан бойламаған,

Дүниеңіз осы ғой дөңгеленген.

 

ЖАЛҒЫЗ АҒАШ

Жалғыз ағаш жапанда

Басын кімге сүйемек.

Жететін жер-жаһанға

Саясын ит иелеп.

 

Қанша көзді мөлитті,

Шығарған шөл ығырын.

Түсімде де сол иттің,

Мазалайды ырылы.

 

Шапағаты саяның

Көзден бұл-бұл ұшты ма?

Бұтағына аядым

Қона алмаған құсты да.

 

Ақыры ағаш қурады,

Жанарын жас шылаған.

Тамырына су-дағы

Тамыза алмай бір адам.

 

Көк желегін жел тарап,

Күндер өткен жан тербер.

Еске алады бір қарап,

Жасын ұрған өртеңге ел.

 

Амалың жоқ тағдырға,

Басқа қолда кілті оның.

Нәсібі елдің алдында,

Итке, бірақ, ит – өлім.

 

Жалғыз ағаш жоғалған,

Сая айналып сағымға.

Келем сонда сан арман,

Сансыратқан шағымда.

 

Беріп ерік көп тұрам,

Қиялға алыс жол шегер.

Көктеріне жоқ күмән,

Тамыры аман болса егер.

 

АЛПЫС

Алпыс деген – бар-жоғы алтыншы қыр,

Тартатын тек тағдырдан талқың, шымыр.

Аңызыңның қанбаған бір аңқасы,

Айналса да арнада алтын шығыр.

 

Өңмеңдетіп ұлы сый «өмір» деген,

Қай-қайда алып қашпады көңіл-дөнен.

Жетінші қыр белгісіз жарылқары,

Жас күнінде көңілді семірмеген.

 

Демесем де додаға араластым,

Тұлпарлардың тұяғын тағаластым.

Шөлдетті тек шіліңгір,

Терлетті өмір –

Түсініксіз қысындай Сарыағаштың.

 

Адырымен сол жердің шектелді ізім,

Тіздім өлең дегенмен дәптерге ұзын.

Сол шілде мен есімде қыс қалыпты,

Қысқа ғана байқамай көктем, күзін.

 

Жұбатқанмен сол қысқа күліп көктем,

Сұрақтар мың көңілді күдікті еткен.

Қалқаямын үмітпен қыр басында

Жылқышыдай үйірі ығып кеткен.

 

Үміттерсіз бола ма өмір – өмір,

Шығардайсың арманның төріне бір.

Дөңбекшітіп түндерде ауыр ойлар,

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір