ШОҚАН ШЫҚҚАН ШЫҢ
06.11.2015
4571
0
valihanov01Шоқан Уәлиханов жайлы толғар сөз көп. Ол бағындырған биік пен еткен еңбегі жайлы деректер легі молынан кездеседі. Шоқанның тұлғалық бітім-болмысына қаншалықты үңіліп көрдік, Шоқанды бізге қайта таныстырғандардың шығармашылығымен таныспыз ба деген сауалдар төңірегінде белгілі қаламгер, филология ғылымдарының кандидаты Жарылқап Бейсенбайұлы және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Зирабүбі Төленованың пікірі төмендегідей…

– ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ге­о­г­­рафиялық саяхаттар кезеңі болды. Сол дә­уір әлемге әйгілі картографтарды, географтарды, т.б. ғалымдар мен әде­биет­­ші­лерді өмірге әкелді. Демек, Орта Азия мен Қазақстанды жетік білетін, од­ан арғы жат­қан елдерге кескін-кел­беті сай келетін адамды даярлау – заман қа­жеттілігі еді. Шо­қан дәуірінің «гео­г­рафиялық ашулар» кезеңі­мен тұспа-тұс келуіне – заман ың­ғайын таныған Шың­ғыс төренің қан­шалықты ықпалы болды деп ойлайсыз?
Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ:

– Шыңғыс сұлтанның сол кездегі көзі- қа­рақты, білімді адамдардың бірі болғаны белгілі. Мұрағаттық мәліметтер әуелі Сырымбет медресесінде қазақша сауатын ашқан Шыңғыстың, кейіннен жиырма жасқа таяған шағында Омбы әскери училищесінің жанындағы Азиялық мектепке түсіп, онда үш жылдай тәлім алғанын дәйектейді. Сол оқуды бітірген 1834 жылы Аманқарағай округінің ашылуына байланысты, орыс әкім­шілігі әскери тәртіптің шет жағасын көрген, әрі Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің бел ба­ла­сы боп келетін оны жаңа дуанның аға сұл­тандығына сайлайды. Келер жылдың қа­раша айында, дуанбасының Обаған өзені атырабындағы Күнтимес деп аталатын табиғаты әсем, қалың орманды өңірінде арнайы салдырған  сәулетті ордасында, болашақта қазақтың ұлы ғалымы атанатын Шоқан дүниеге келеді. Ілім-білімге әуелден жақын Шыңғыс, үлкен ұлы жеті жасқа толар жылы, дәл сол Күнтиместе қазақ балаларына арналған мектеп ашады.
Ол мектептің тәлімі жаман болмаған­ды­ғын, Шоқанның он екі жасында Кадет корпу­сына барғанға дейін-ақ біршама білім ал­ған­дығынан да пайымдауға болады. Күн­тимес мектебінде шәкірттер қазақша сауатты жаза білуді, көне қыпшақ-шағатайша кітаптарды түсіну, арабша, парсыша оқу, сөйлей алу дағдыларын үйренді, шығыс ақындарының өлеңдерін жаттады, қазақтың халық жырларымен танысты, тарих пен есеп пәндерін өтті. Осыған қарағанда байырғы дәстүр бойынша, сұлтан балалары «жеті жұрттың тілін білуі керек» деген талап Шо­қанды оқыту барысында кәдімгідей жүзеге асқан сияқты. Ғалымның өзі қалдырған де­ректерге көз салсақ, оның тіптен мектепке бармас бұрын да хат  танығанын байқаймыз. Мұны Шоқанның алты-жеті жасында-ақ әкесімен бірге «Едіге» жырын жазып алуға қатысқанының өзі аңғартады.
Әлбетте, қабілеттілігі мен алғырлығы айқын аңғарылып тұрған Шоқанды   ауыл мек­тебімен шектеуге болмайтынын аға сұл­тан­ның да жақсы ұғынғаны анық. Ол көр­шілес Орынбор облысының билікке жақын жүрген қазақтарының өз балаларын бірталай жылдан бері Орынбордағы Неплюев Кадет корпусында оқытып жүргенін естігеннен кейін, Шоқанды да Омбыдағы дәл сондай оқуға бергенді жөн көреді. Бізге белгілі деректерге қарағанда, Шоқан осы кіші офицерлік оқуға түскен алғашқы қазақ баласы. Омбы облысы қазақтарының арасында Кадет корпусына беру үрдісі Шоқан­нан кейін ғана басталған.
Әрине, Шыңғыс ол кезде, баласы бола­шақ­та ұлы ғалым атанады, маңызы зор гео­графиялық жаңалықтар ашады деп ойлай қоймаған шығар. Өзі сияқты ел басқаруға араласқанын, билік орындарында жоғарғы лауазымда жүргенін, реті келсе, ақ патша ұлықтарымен иық тірестірер биікке көте­рі­ліп, әулет мерейін мейлінше асырғанын қа­лағаны анық. Алайда, тумысынан зерек Шоқанды Ресейдің шет түкпірінде жатса да мәнді оқу бағдарламасы, бір шоғыр білікті ұстаздарымен ерекшеленген Омбы Кадет корпусының түбегейлі тәлімі басқа бағытқа, зерттеушілік, саяхатшылық арнаға бұрып әкетті. Бастапқыда орысшадан қиналғаны­мен, аз уақытта үздіктер қатарынан көрінген алғыр Шоқанға, оның он бес-он алты жасар кезінің өзінен-ақ корпус оқытушылары Қазақ даласы  мен  Орталық Азия тарихының болашақ үлкен білгірі ретінде қарай бастайды. Оған бас кітапхана қорындағы сирек кітаптарды, журналдарды  алып оқуға  рұқ­сат береді. Сол кездерден ол әйгілі жиһан­гез­дер Палластың, Гумбольдтің, Рычковтың, Ковалевскийдің саяхатнама кітаптарымен қызыға танысады. Левшиннің, Бичуриннің, Клапроттың, Березин мен Миллердің Ор­та­лық Азия халықтары мен қазақ тарихына қатысты зерттеулерін зерделейді. Бабырдың, Әбілғазы мен Жалайыридің шежірелері арқылы көршілес жұрттар мен қазақтың билеуші әулеттерінің тарихына бойлайды…
Шыңғыс төредей әке мен Айғанымдай асыл әженің өнегелі тәлімінің  нәтижесінде қазақ пен шығыс әдебиеті шығармаларымен терең сусындап өскен Шоқанға Кадет корпусында білім алу (оның ішінде орыс және Еуропа әдебиетінің озық үлгілерімен жақын танысу) мүмкіндігінің өзі-ақ оның қабілетінің жарқырай ашылуына, айрықша тарихи-географиялық білікке жетуіне, шығыстану әлеміндегі ерекше дара тұлға Шоқан Уәли­ха­нов феноменінің дүниеге келуіне септігін тигізді. Сол замандағы орыстың озық  қалам­герлеріне тән аса көркем тарихи-публицистикалық стильмен өрілген, төрт құбыласы түгел – Ыстықкөл мен Құлжаға жасалған сапарлар туралы күнделіктер, қырғыздар туралы жазбалар, келе-келе: өз заманында «шын мәніндегі айтулы геогра­фиялық жаңалық», «әлем ғылымы үшін аса пайдалы зерттеу» ретінде танылған, әрі осы күн­ге дейін құнын жоғалтпаған «Алтышәрдің немесе Қытайдың Нан-лу провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жайы» атты аса құнды еңбекке ұласты. Шоқан есімін әлемнің ұлы географтарының қатарына қосты.
Зирабүбі ТӨЛЕНОВА:
– Шоқанды Шоқан еткен әжесі Айға­ным­ның қазақы тәрбиесі мен әкесі Шыңғыстың өз заманының алдыңғы қатарлы ұлы бола білгендігі дер едім.  Шыңғыс – өз заманының көзі ашық азаматы, орыс тілін жақсы мең­герген, қазақы ортада өте беделді адам болған. Оның сұлтандығымен қатар, қайрат­кер­лігі, өз халқына деген сүйіспеншілігі жеке әңгіменің өзегі. Шыңғыс ғылым мен мәде­ниет­ті аса жоғары бағалай білді. Оған дәлел – Шыңғыс сұлтан қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне қатысты деректердің бәрін жи­нас­тырып, бір кездергі Шоқанның досы Кос­тылевский, Потанин сияқты зерттеу­ші­лерге тапсырып отырған. Шыңғыс сол заманда ұйымдастырылатын көрмелердің көрермені ғана болып қана қоймай, белсенді қатысушысы да еді. Кезінде Шыңғыс сұлтан музейлерге өткізген Абылай хан мен Уәли ханның ер тұрамандары, асыл тастармен көм­керілген  түрлі жеке заттары осы күнге дейін сақталып, бізге жетсе, онда Шыңғыс Уәлихановтың үлесі бар.
Орыс қоғамының алдыңғы қатарлы адам­дарымен жақын араласқан ол бола­шақ­тың білімде екенін ертеден болжады. Балаларын да білімді қылып өсірді.

– Зерек, зейінді ғалым Шоқан қазақ халқының бастауын, өткенін, тарихын, болашағын қалай көрді? Оның қазақ ғылы­мының әр саласында қосқан жаңа­лы­ғын жекелей әңгімелеуге де болар. Алайда, ғалымның ең басты ғылыми «та­бы­сының» негізі қандай?  
Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ:

– Шоқан зерттеулерінде қазақ – бағзы замандардан қазіргі мекендеп отырған же­рінде тұрақты ғұмыр кешіп келе жатқан ха­лық ретінде сипатталады. Шоқан Бичурин ең­бек­теріндегі хұндар, түрктер туралы мәліметтерді сабақтастыра келе, қытай де­ректерінде ҮІ ғасырда Батыс Түркістан өң­ірін мекендеген жұрттардың  «түрк жазуын қолданғанына» қатысты дерекке айрықша назар аударып, «ол шақта араб жазуының өзі әлі өмірге келе қоймаған кезі, сонда түрк жазуы дегеніміз қай жазу болды екен», деп өз-өзіне сауал қоятыны бар. Шоқан заманында орхон-енисей жазуларының сыры әлі ашылмаған болатын. Егер Шоқан өзімен түй­дей құрдас Потанин досы сияқты ұзақ жасаған болса (ол 1920 жылы көз жұмған), орхон жазуларының түрк жұрттарының төл әліпбиі екені анықталған соң, осы тақырыпқа қатысты ғылыми еңбек жазуы да әбден мүм­кін еді.
Шоқан қазақтың тарихы мен әдебиетін Ал­тын Орда заманымен сабақтастыра қа­рас­тыруға бейіл береді. «Едіге» жырының ең көркем әрі ежелгі нұсқаларының бірін жазып алған ол, жырды Жошы ұлысының соңғы ыдырау кезеңіне арналған соқталы шығар­ма, сол замандардан бері қазақ арасында айтылып келе жатқан, тілдік тұрғыда да көп өз­геріске түсе қоймаған жыр ретінде пайымдайды. Профессор Березиннің «Хан жарлықтары» туралы еңбегін зерделеу барысында Алтын Орда билеушілерінің жар­лықтарындағы сөздердің әлі де қазақ арасында кеңінен қолданыста екенін дәйектейді. Профессор Березинге: «…Сіз аударған Тоқ­тамыстың Ягайлоға жарлығы және Темір­құтлық пен Сағадатгерейлердің тархандық жарлықтарын оқығаннан кейін, мен осы күнге дейін қазақтар арасында қолданылып келе жатқан бірқатар сөздерді таптым және олардың біздің халқымыздағы қазіргі мағынасын Сізге хабарлауға бекіндім. Егер менің ескертпелерімнің Сізге пайдасы тисе, менің де мақсатымның орындалғаны», – деп хат жазады. Шоқан Жошы ұлысының мемлекеттік тілі болған көне қыпшақшамен жазылған хан жарлықтарында Алтын Ор­даның – Ұлұғ ұлұс деп жазылғанына назар аударады. Ал қазақ аңыздары мен батырлық жырларында ол – Ноғайлының ауыр жұрты деп аталады. Қазақтар өздерін сол Алтын ор­да түрктерінің ұрпақтары ретінде есеп­тейді. Жалайыридың «Жамиғ ат-тауарихында» Алтын Ордаға «Еділ-Жайық» ұғымы сәйкес келеді. Еділден шығысқа қарай жатқан орданы Көк Орда, Көк теңіз немесе Сыр-Қуаң делінеді. Алтын орда дәуірінің белгілі тұл­ға­лары мен батырлары Едіге, Тоқтамыс, Орақ мырза, Еркөкше мен Ерқосай туралы жыр­лардың қазақ арасында кеңінен тарауы да бекер емес. Осының өзі де қазақтар сол орда ыдырағаннан кейін жеке-жеке хан­дық­тарға бөлінген жұрттардың бірі екенін көрсетсе керек, – деп ой түйеді.
Шоқанның қазақ халқының болашағы жар­қын болуын, бостандыққа жетуін аңса­ғаны анық. Егер де ол, жоғарыда айтыл­ғандай, Потанин досы сияқты ұзақ жасаған болса, жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялылары секілді, ұлт-азаттық қозғалысының басында тұрары, алаш қайраткерлерінің бірден-бір көсемі ретінде танылары кәміл еді. Бұл ретте сол Потаниннің алаш қозғалысының арыстары Әлихан, Ахмет, Міржақыптармен пікірлес болғанын, олардың да Потанинді аса қадірлегенін айт­сақ та жеткілікті. Ә.Бөкейхан Г.Потаниннің 80 жылдығына арналған мақаласында, осы орыс оқымыстысы айтқан: “Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, “Қозы Көрпеш – Баянды” шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Мiр­жа­қыпты тапқан қазақтың кiм екенiн Еуропа сонда бiлер едi-ау. …Қазақ жұрты келешекте кіммен болса да қатар отыруға ұялмайды”,-  деген пікірлерін ерекше мән бере атап өтеді. «Саяси жолда бiзге жылы көрiнетiн бiр негiз­дi пiкiр осы», – деп ой түйіндейді. Әлиханның бұл байыптауының аржағында, «әттең, Шо­қанның көзі тірі болғанда ол да  дәл осындай  пікірлерді айтар еді-ау» деген аңсарлы лепес жатқанын аңғару да қиын емес. Сөз жоқ, ХХ ғасыр басында қазақ аспанында үркердей боп ұйыса көрінген «Алаш» зиялылары Шоқан сияқты аты зор, саңлақ көшбасшыны ерекше қажетсінді. Егер Шоқан сол кезеңге дейін тірі жүргенде, оны «Алаш» арыстары өздеріне бірден-бір көсем тұтып, қазақты автономия қылу мәселесін Шоқанның өз аузынан да тікелей естіген болар еді. Алайда бұл ойды оның Потаниндей адал досы да шын ниетімен айтқасын, «Шоқан тірі болса, ол да дәл осы саяси жолымызды қолдар еді» деп, өздері ұстанған ұлы мақсатқа жұмыла құлады. Шоқанды «қазақтың оқыған азаматынан ең бірінші бұқараның мұңын жоқ­таған, ұлтшылдық негізін салған…» (Қ.Кемеңгерұлы) тұлға, деп бағалады.
Бар болғаны 29 жарым жас қана жаса­ған Шоқанның ғылыми табыстарын бір-бірі­нен бөле-жара қарастыру да қиын. Оның ең­бектерінің қай-қайсысы да маңызды. Қа­зақ­тың ауыз әдебиетінің ең озық нұсқа­ла­рын жазып алғаны, қырғыздың «Манас» жы­рын тұңғыш рет қағаз бетіне түсіргені, әрі ең көркем «Көкетайдың асы» тарауын таңдап алғанының өзі неге тұрады. Оған қазақ тарихына қатысты құнды мәліметтер жинақтал­ған Мұхаммед Қайдар Дулаттың «Тарих-и Ра­шиди» еңбегінің Еуропадағы тұңғыш зерт­теушісі болғанын да қосыңыз… Дегенмен, оның табыстарының ішінде әлем ғылымы үшін, соған дейін құпия болып келген Қаш­қар аймағына жасырын барып, қауіп пен қатердің ортасында жүрсе де аса құнды мә­лі­меттер жинап қайтқан «Алтышәр … жайына» қатысты басты еңбегінің жөні бөлек. Ол күні бүгінге дейін осы Шығыс Түркістан өңірі туралы жазылған зерттеулердің ең шоқтығы биіктерінің қатарында саналады.
Зирабүбі ТӨЛЕНОВА:
– Шоқанды өз халқының тарихын, мә­де­ние­тін, дәстүрін сүйген адам ретінде ба­ғал­ауы­­мыз керек. Ол өз халқының болашағын қалай көрді? Шоқан қалыптасқан ортаға, қоғамға, кезеңге көз жіберсек, Шоқанның өз халқының болашағына үлкен үміт артқа­нын бағамдар едік. Шоқан өскен орта екі түрлі, бірі – таза қазақы орта; екіншісі – орыстың алдыңғы қатарлы демократиялы ойшылдары, азаматтары бар орта. Шоқан осы екі ортаның айырма­шылығын, артықшы­лы­ғын, ерекшелігін жақсы білді. Ол әртүрлі саяхаттарға шыға жүріп, өз жиған деректері­нің өз халқының болашағы үшін аса құнды екенін білді. Ол сызған карталар, салған суреттер, жинаған ауыз әдебиеті – Батысқа қыр баласын таныстыру мақсатында ғана емес, қазаққа өзін-өзі таныту мақсатын да көздеді. Шоқан қалам тербемеген сала жоқ­тың қасы. Ол тіпті, қазақ  күйлерін де жинады. Оның мұрағатында 14-ке жуық күй атауы, оның кімдерге қатыстылығы туралы деректер бар. Шоқан – тұлғатану саласының  да негізін қалыптастырды. Осы күнге дейін Шо­қан географ, тарихшы, этнограф, т.б. деп жүр­міз ғой. Отандық тарих ғылымында тұлға­тану саласындағы Шоқанның еңбегін де айтуымыз керек. Ол соңғы кездерде  ғана айтылып жүр.

– Ұлтымыздың ақындығына, әде­биет­шілігіне, сеніміне, өнерпаздығына де­ген Шоқан берген баға өзгерді ме?
Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ:

– Өзгерді деу қалай болар екен. Қайта оның берген бағалары одан әрі нақтыланып, дамып, өрістей түсті емес пе? Шоқан қазақ ше­жірелері мен әпсаналары, мифтері мен аңыз, ертегілерінде халықтың ойы мен мұра­тының, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің көркем бейнеленіп қалғандығын терең байыптады. Көнеге деген ынтызарлық пен аңыздар бай­лы­ғы – дала көшпелілердің ерекше мол қазынасын құрайтынын, ел арасындағы әп­са­налық, шежірелік әңгімелердің халық тарихын, байырғы әдеби мұралардың биік деңгейін анықтаудағы орны зор екеніне мән берді. Жас ғалым сол кездің өзінде «қазақ» сөзі – түрк жұрттары арасында бұрыннан еркін өмір сүруші, даланың айбынды серісі, рыцары деген мағынаны білдіргенін, сол ұғымнан  «қазақ болу, қазақ шығу, қазақылық жасау», яки еркін ғұмыр кешу үрдісі туында­ғанын байыптай алды. Сондай-ақ, Абылай дәуірін қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры деп бағалады. Ғалым нақтылы жырлар мен аңыздардың қазақ жерінің әр бұры­шын­да өзгеріссіз сақталғанына ерекше ден қой­ды және мұны ғажайып құбылыс деп қарады. Қазақтың  байырғы әдеби мұра­ла­ры­­ның үлгілерін, жауһар жырларын кеңінен зерделей жүріп, олардың көркемдігі мен тарихилығына, эпикалық бітіміне қатысты ойларын ортағасырлық жазба жәдігерлер­мен, тарихи еңбектердегі деректермен сал­ғас­тыра, салыстыра отырып зерттеді. Ға­лым­ның бұл орайда атқарған жұмыстары өзінің тереңдігімен, жан-жақтылығымен, білік­тілігі­мен, ғылымилығымен, құнды түйін­деулерімен әлі де мәнді.
Зирабүбі ТӨЛЕНОВА:
– Жоқ. Қазақ халқының ақындығы, ауыз әде­биетіне деген Шоқан берген баға өзгер­ген жоқ.  Дәл Шоқандай баға беру, оны ғылы­ми түрде талдаудың құндылығы жойылмайды.
– Шоқантанудағы Марғұлан еңбегін қан­­ша­лықты бағалай алдық? Жан-жақ­ты тұл­ғаның бар бітім-болмысын ашуда Ә.Марғұланға қаншалықты жүгінеміз?  
Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ:
– Әлкей Марғұланның Шоқантануға сіңір­­ген еңбегі аса зор. Оның тікелей бас­қа­руы­мен 1961-1972 жылдары жарық көрген Шоқан Уәлихановтың бес томдық шығар­ма­лар жинағы бүгінде теңдессіз құнды мұраға айналып отыр. Ол бес томдық 1984-1985 жыл­дары жаңа табылған мәліметтермен, құжаттармен толықтырылып, хронологиялық принципке негізделе қайта жарық көрді. Осы екі басылым бүгінде шоқантанушылар үшін ең негізгі дереккөз ретінде танылады. Алайда кезінде, Әлекеңнің өзі айтқандай, бұл бес томдықтарда Шоқанның барлық еңбектері мен оған қатысты мәліметтер толығымен қамтыла қойған жоқ.
Әлі есте, өткен ғасырдың жетпісінші жыл­да­рының бас кезінде Әлекеңнің өзі Алма­ты­да­ғы М.Әуезов атындағы музей-үйінде ха­лық университеті тыңдаушыларының ал­­дында Шоқан туралы дәріс өткізді. Шо­қанға, ұлы ғалымның мұраларын зерттеуге қатысты көп жыл бойы жүргізген еңбектерін айта келе, әйгілі академик дәрісін түйіндеу кезінде «Шоқан түпсіз тұңғиық, оның шы­ғар­маларын біз әлі толық жинадық деп айта ал­маймыз. Шоқанды бір жағынан, мұхиттағы айсбергпен теңестіруге болады. Айсбергтің су бетіне аз ғана ұшы шығып тұрады, ал не­гізгі бөлігі су астында көрінбей жатады емес пе. Шоқан да сол айсберг сияқты, оның көп­те­ген ең­бек­тері әлі де белгісіз, кей архив­тер­дің терең қойнауларында жатуы мүмкін», – деген болатын.
Дәріс соңында жас тыңдаушылардың бірі Әлекеңе: «Аға, Сіз Шоқан туралы көп еңбек­тен­діңіз, оның шығармалары мен ол туралы мәліметтерді жинаудың жолын жақсы біл­е­сіз, Шоқанның белгісіз зерттеулерін табуды өзіңіз неге әрі қарай жалғастыра бермедіңіз», – деген сұрақ қойды. Оған академик: «Балам-ау, сонда мен өз еңбектерімді қашан жазамын, мен де соңыма өз мұрамды қал­дырып кетуім керек емес пе. Шоқан мұра­ларын зерттеуді енді кейінгі жас ұрпақ қолға алуға тиіс, оларды бұл бағытта үлкен ізде­ністер күтіп тұр», – деп жауап берген еді.
Шоқантанудың бас білгірі атанған әйгілі академиктің осы сөзінің біздің бүгінгі тәуел­сіз еліміздің жас ғалымдарына да толық қа­тысы бар екендігінде дау жоқ. Шоқанның көпке мәлімсіз еңбектерін табу, ұлы тұлғаға қатысты құнды деректерді іздестіру әлі де өзінің білікті, қарымды, зерделі  зерттеу­ші­ле­рін күтіп жатыр.

Зирабүбі ТӨЛЕНОВА:

– Егер қазақ халқына Абайды таныстыр­ған Мұхтар Әуезов болса, Шоқанды танытқан Әлкей Марғұлан. Әлкей Марғұланның бір ға­на еңбегіне тоқталып өтейін. Шоқан ең­бек­терінің бес томдығын шығарудан бұрын Мәскеудегі Орталық мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағатында сақталынған қордан Шоқан араб қарпінде тапсырған Абылай ту­ралы жырды архивтен алып, Шоқанның бес томдық шығармалар жинағына орысша аудармасымен берген – Ә.Марғұлан, оған көмектескен – Кармышова. Шоқан жинаған әрбір сурет, кітаптар, тарихи мағлұматтар, түсініктемелер қажет болса, біз ең алдымен Марғұланға жүгінеміз.

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір