АЛАШ АМАНАТЫНАРҚАЛАҒАН «АҚ ЖОЛ» КӨСЕМСӨЗІ – 25 ТОМДЫҚТА!
07.06.2020
997
0

Бүкіл Алаш жұртына ортақ ақжолтай хабарды бір-бірімізге қуана жеткізе сала, аталған 25 томдықтың авторы, жинақтаушысы әрі құрастырушысы Ханбибі Есенқарақызына өзіміз хабарласып, аз-кем тілдескен едік.

Ақын Алаш ардақтыларының аманат сөзін халқына жеткізуді парыз еткен осынау мехнатты ауыр жолды қалай жүріп өткенін былайша жеткізді: «Бірде бір басылымнан ол кезде көзі тірі Тұрсынбек Кәкішев ағаның «Осы уақытқа дейін «Шолпан» журналының үш-ақ нөмірі табылды. Енді қалған бес нөмірі де қолымызға тисе ғой, шіркін…» деген өкінішпен өрілген арманын оқып қалдым. Мен ғалым емеспін, ғылыми атақтарым да жоқ, бірақ еліміздің тарихын там-тұмдап болса да кейінгі ұрпаққа жеткізуді алдыма мақсат етіп қойдым. Сол уақытта Оңтүстік Қазақстан облыстық Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры болып қызмет ететінмін. 2008 жылдың соңына қарай Ташкентке іссапарымда Әлішер Науаи атындағы кітапханадан «Шолпан» журналының сегіз нөмірін тауып, елге алып келдім. Сосын Шымкенттен Алматыға жол тартып, «олжамды» Тұрсынбек ағаға көрсеттім. Аға: «Бәрін жинақтап, кітап етіп шығару керек», – деді. Содан араб тіліндегі газетті кириллицаға аударатын тіл мамандарын іздеуге кірістім. Нәтижесінде, 2009 жылы демеушілердің көмегімен «Ан арыс» баспасынан «Шолпан»-ның сегіз нөмірі кітап болып жарыққа шықты. Ташкентке сапарымда «Ақ жол» газетінің де сонда бар 5-6 нөмірін ала келгенмін. Енді «Ақ жол»-ды көп томдық кітап қылып шығаруды мақсат тұттым. Газеттің қалған нөмірлерін Мәскеудің Химкиіндегі Ресей мемлекеттік кітапханасынан, Ташкент қаласындағы Әлішер Науаи кітапханасынан және Алматы кітапханаларынан таптық. Сөйтіп, «Ақ жол»-дың кезінде жарық көрген 613 саны түгел қолымызға тиді. Газетті төте жазудан кириллицаға көшіруде Шығыс Түркістанның Алтай өлкесінен келген жас маман, мұражайдың ғылыми қызметкері Ғалымбек Елубай, араб тілінің мамандары Ғалым Қасымхан мен Үсен Арыстанов аянбай еңбек етті. Жігіттер аударма ісімен айналысса, мен сол материалдарды редакциялап, компьютерге түсірдім. 2012 жылы демеушілердің көмегімен, мұрағат билеттерін сатудан түскен қаржыға және өз зейнетақымды қосуыммен «Ақ жол»-дың 10 томы баспадан шықты. Баспаға жіберер алдында Тұрсынбек Кәкішев, Тұрсын Жұртбай, Сейіт Қасқабасов, Мәмбет Қойгелді, Хазретәлі Тұрсын, Дихан Қамзабекұлы сынды алаштанушы ғалымдардың сүзгісінен өткіздік. 2015 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Ақ жол»-дың 10 томы және «Шолпан» жинағы қайта басылып шықты.

Х. ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ

Енді қалған томдарды жарыққа шығару үшін депутаттарға хат жазып, мемлекет тарапынан көңіл бөлінуге қолдау білдірулерін сұрадым. Бастаған ісімді соңына дейін жеткізу мақсатында, 2017 жылы зейнетақыға шыққаннан кейін мұрағатта тағы  жыл қызмет еттім. Алайда 2018 жылы төсек тартып жатып қалдым. Содан «олай-бұлай болып кетсем, мойныма қарыз болмасын» деп, қолдағы бар дүниені Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтынан хабарласқан ғалым Сұлтанхан Аққұлұлына өткіздім. Сол жігіт күні кеше, 21 мамыр күні хабарласып, «Ақ жол» көсемсөзінің 25 том болып жарыққа шыққанын айтты. «Қарағай басын шортан шалған» қилы ғасырдың толғағында туған қайраткер тұлғаларымыздың осынау еңбегінен әркім өз іздегенін тауып жатса, біздің де Алаш жұрты алдындағы бір парызымыздың өтелгені деп білемін».

25 томдықтың алғашқы жинағындағы алғысөзінде белгілі тарихшы, алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді былай дейді: «Ханбибі ақын осы жұмысты қолға алғандығын айтқанда, шыны керек, алғашында өз басым күмәндандым, екіталай ойда болдым. Маған бұл күрделі жұмысты еңсеру ақын қарындасымның қолынан келмейтіндей көрінді. Менің бұл күмәндануым бекер екен. Ханбибі – ақын. Ол ғалым немесе тарихшы емес. Соған қарамай, студенттер мен ғылыми ізденісте жүрген азаматтарымыз бен қалың оқырманның қоржынына үлкен олжа салды. Өйтпегенде, қай ізденуші қазір шетел саналатын Өзбекстан мен Ресейге жол тарта алар еді, солай еткен күннің өзінде, баршасының араб әліпбиіне тісі батар ма еді? Қазірдің өзінде «Ақ жол»-да жарияланған материалдар бойынша бірнеше ғылыми диссертациялар қорғалды. Оның әрбірінде ақын қарындасымыздың үлесі бар».

Кезінде газеттің алғашқы редакторы Сұлтанбек Қожанов: «Ақ жол» біздің ақ батамыз, ақ жүрегіміз, ақ көңіліміз екенін қазақ-қырғыз жұрты ақылымен біліп, жүрегімен сезеді», – деп жазған екен. Халқының қамын ойлаған Алаш ардақтыларының ақ жүрегінің лүпілін бүгінге жеткізген Ханбибі Есенқарақызының бұл еңбегі қанша алғыс айтсақ та жеткіліксіз. Ең бастысы, бір ғасыр бойы жан-жақта, мұрағаттарда шаңға көміліп жатқан «қазынамыз» қолымызға тиді. Құтты болсын, Қазақ елі!

Дайындаған Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір