КАМЮ ЖӘНЕ ХИЧКОК. «БӨГДЕ» ЖӘНЕ «ПСИХО»
30.05.2020
1829
1

Жазмыш алдындағы қорқыныш туралы не білесіз? Әрине, әркімнің өз хикаясы бар. Әзірге мына әңгімеге назар аударып көріңіз…

 Әлқисса, ежелгі грек аңызына айналған Фив қаласында Лай есімді патша билік құрыпты. Күндердің күнінде патша ай десе аузы, күн десе көзі бар, сұлу Иоакастаға ғашық болып, үйленуді ойлайды. Қырық күн той, отыз күн ойын өткізіп, сүйіктілердің шаңырақ көтергеніне біраз уақыт өтеді. Жалғыз ғана сәбиге зар Лай мен Иокаста Аполлонның бір көріпкелінен бал ашып беруін өтінеді. Көріпкел Иоакастаның аяғы ауыр екенін, келешекте дүниеге келетін нәресте ер жеткен соң әкесін өлтіріп, анасына үйленеді деген болжам айтады.

Көріпкелдің сөзін көңіліне алған Лай баласы дүниеге келген күні оны қызметшілердің біріне беріп, шаһардан алыс жерде өлтіруді әмір етеді. Мұндай әмірге жүрегі ауырған байғұс қызметші бейкүнә нәрестені өлімге қимай, Киферон тауының қойнауына тастап кетеді. Жаңа туған нәрестені сол маңайда мал бағушылардың бірі көріп, сәбиге зар болып отырған Коринф халқының патшасы Полибке апарып береді. Полиб патша сәбиді бауырына басып, Эдип деген ат беріп, туған баласындай өсіреді. Ер жеткен сайын Эдипті «өзге елдің баласысың» деп мазақ ететін құрдастары көбейе түседі. Күдік пен ызаға булыққан Эдип дельфиялық көріпкелдерге барып, мұңын шағады. Көріпкел алдына келген шарасыздың тағдырына қарап, тағы бал ашады: «әкеңді өлтіріп, анаңа үйленесің», – деп кеседі. Мұны естіген Эдиптің есі кетіп, өз әкесі деп таныған Полибтен қашады. Өскен қаласынан ұзап, Фивке апарар жолда Лайды кездестіріп, оның қызметшілерімен тәжікелесіп қалады. Ақырында кикілжің төбелеске, төбелес қылмысқа апарады. Сөйтіп, Эдип төбелес кезінде білместікпен туған әкесі Лайды өлтіреді. Лай Фив қаласының патшасы екенін білгеннен кейін, Эдип жеңімпаз ретінде сол қалаға аттанып, таққа отырады. Патша болған соң, Лайдың жесірі Иокастаға үйленеді. Сөйтіп, өз анасына білместіктен үйленген Эдип шаңырағында бірнеше бала дүниеге келеді… Аңызға сүйенсек, болған оқиғалардан кейін Фив қаласы құдайлардың (ежелгі грек аңыздарына сәйкес көпқұдайлық) қаһарына ұшырайды. Күндердің күнінде Эдип шындықты біледі. Иоакаста өз-өзіне қол жұмсап, ал Эдип көздерін көр етіп, өзін-өзі жазалап, дала кезіп кетеді.

Қылмыс және жаза. Жазмыш әлде Қорқыныш…

Адам баласы тас қашап, таңба салғаннан бастап, жоқ әлде одан да ертерек, иә, бәлкім, одан да ертерек жазмыш, қылмыс, жаза, тағдыр сынды дүниелерді талай хикаялардың сюжеттеріне арқау етіп келеді.

Альбер Камю

  Белгілі француз жазушысы Альбер Камюдың «Бөгде» («Посторонний») повесі – ХХ ғасырдағы француз әдебиетінің ең таңдаулы шығармаларының бірі. «Сегодня умерла мама. А может быть, вчера – не знаю» деп басталатын шығарма алғашқы сөйлемінен соңғы нүктесіне дейін оқырманнан тапжылмас бақылауды талап етеді. Отыз жасар Мерсо (қазақ тілінің ерекшелігіне орай Меғсо деп жазсақ, тіпті керемет, қазақша қаріп француз есімдерін дәлме-дәл транскрипциялауға өте ыңғайлы) қарапайым тұрмысты сипаттаумен оқырманды өзіне жақындатып, кейіпкердің шынайылығына сендіреді. Меғсо (французшада «Mersault», «Meursault» – өлім және күн) – оның тегі, есімі белгісіз. Әңгіме бірінші жақтан баяндалады. Анасының өліміне қайғыра алмау кез келген ұлт өкілі үшін жат қылық екені анық. Дәл осы қайшылық әңгіменің дәмін келтіріп тұрғандай. «Бөгде» – адамзатқа өмірлік философиялық сауалдарды қоя білуге, оған жауап іздеуге, жауап табуға көмектесе алатын үйрену, түсіну қағидасы іспеттес. Меғсоның анасы қайтыс болды. Қарттар үйінде көз жұмған әйел материалдық тұрғыдан аса зардап шекпеген деп айтуға болады. Ана мен бала арасында еш кикілжің болмаған. Алайда бас кейіпкерге маза бермеген ар азабын қалай түсіндірсек болады?

 Альфред Хичкок

Осындай сұрақтармен оқырмандарын оңаша қалдырған Камюді түсіну үшін уақыт қажет. Кітапты оқып біткеннен кейін бұл оқиғадан қалған сауалдардың жауабы кездейсоқ көрген бір фильммен байланысын тапты. ХХ ғасырдың екінші жартысында кинематограф әлеміне ерекше құбылыс болып келген Хичкокты кім танымас?! Детектив жанрының шебері – режиссер Альфред Хичкок тек қана әсерлі картиналарымен танымал десек, қателесерміз. Хичкоктың фильмдері көрерменді үздіксіз баулып отыруымен қоса, ежелден келе жатқан психологиялық қарама-қайшылықтарды аса шеберлікпен суреттейді. Біз бен сіздің бастаған әңгімеміз үшін режиссердің «Психо» атты психологиялық триллер жанрындағы фильмін талдау маңызды болмақ.

 «Психо» фильмі – әлем кинематографы классикаларының алтын қоржынына енген дүние. Сюжет сол кезде аса танымалдылыққа ие болмаған автордың кітабына сүйеніп құрастырылған. Оқиғаның ортасында бас кейіпкер (Мэрион Крэйн) қылмыскердің қолынан ойламаған жерден қаза табады. Қылмыс сахнасы тым қорқынышты. Ал ең қорқыныштысы – қылмыскердің нағыз түрін көрсетпеуі. Бұл тәсіл Хичкокқа тән: көрермен оқиғаның куәгері ретінде басқа кейіпкерлер нені көре алса, соны ғана бақылай алады. Бұл орайда операторлық жұмысқа «Бәрекелді!» дерсіз. Фильмде көрермен жоғарғы қабаттардан төменге қарап, қабырғадағы тесіктен бақылап, ашық қалған терезеден сығалауға ғана мүмкіншілік алады. Өзгесін болжап білу мүмкін емес. Фильмнің ортасында өлтірілген бас кейіпкерсіз сюжет қалай жылжымақ? Біздің назарымызға жалпы өнер тарихындағы қызықты, тылсым кейіпкерлердің бірі Норман Бейтс түседі. Қарапайым жігіт анасымен бірге жол бойында бір мотельді (қонақ үйді) басқарады. Мотельге апарар жол ескі болғандықтан, келімді-кетімді адамдары да аз. Бас кейіпкер М.Крейн де бұл жерге кездейсоқ келеді. Жалғыз қалған келіншек кешқұрым Норманмен бірге шай ішуге келіседі. Норманның сырт келбеті өте тартымды, бір көргеннен оны жөні түзу жан деп қабылдайсыз. Асылында, ол – сондай адам. Әдемі келіншекті көрген соң, оны ұнатып қалғаны анық байқалады. Осы тұста фильмдегі мотельдің безендірілуіне назар аударғаныңыз жөн: Норман бір бөлмені түрлі аң-құстардың мумияларымен безендірген. «Олар қозғалыссыз болса да, өз өмірін жалғасытырып келеді, осы бөлмеде өмір сүріп келеді», –дейді сөз арасында Бейтс мырза. Мотельден жоғарылау жақта Норманның үйі орналасқан. Ол анасымен тұрады. Анасы ұлының әдемі келіншекті көріп, ұнатып қалғанын байқаған соң, үйде айқай-ұрыс шығарады. М.Крейн бұл айқайлардың бәрін естиді. Сол кештің соңында келіншек қылмыскердің қолынан өлім құшады. Келіншектің жансыз денесін тапқан Норман бұл қылмысты анасы жасағанын бірден біледі. Біледі де, анасын құтқару үшін қыздың денесін бүкіл жеке заттарымен сол маңайдағы сазды балшыққа батырып жібереді. Қылмыстың ізін жояды. Әрине, қыздың іздеушілері табылып, оқиға одан сайын қыза түседі. Бір қылмыстың соңы екіншісіне ұласады. Сөйтіп, соңында заң қызметкерлерінің қолына Бейтс те, оның анасы да түседі. Алайда екеуінің бейнесі бір адамның ішінен табылады. Міне, қызық! Оқиғаны там-тұмдап қайта жазғым келмейді. Бұл фильмді міндетті түрде көру керек. Егер көрсеңіз, төмендегі әңгімемізге қосылыңыз.

Фильмдегі нағыз қылмыскерді табу қиын. Норман Бейтс тым қатал тәрбие көрген. Анасы оны толықтай өз айтқанымен жүргізген. Сондықтан Норманның психологиясы анасымен тығыз байланысты: онсыз өмір сүру мүмкін емес. Қатал қағидалардың құрсауында қалған Норман бір уақытта психологиялық дамуы мен есеюін тоқтады да, іштей бала болып қалады. Мұны оның үйіндегі бөлмеде сол қалпы қалған кішкентай баланың ойыншықтарынан аңғаруға болады. Психологиясы бұзылған Норман анасын басқа еркектен қызғанып, екеуіне де у беріп өлтіреді. Есін жиған соң, әрине, өкінеді. Бірақ анасының назарын басқа еркекпен бөлісудің өзі оған қорқыныш ұялатқанын біледі. Норман анасының өліміне келісе алмай, оның мүрдесін мазарынан алып шығып, одан мумия жасап алады (мотельдегі аң-құстар сияқты). Ұзақ уақыт онымен тілдесуге тырысады. Алайда өлікпен сөйлесуге ұмтылған сайын санасының екіге бөліне бастағанын байқамай қалған болу керек. Норман анасының даусын салып, сол сияқты ойлап, киініп, жалған шаш тағып өмір сүре бастайды. Енді оның денесінде екі адам өмір сүреді: баласын қатал ұстаған анасы және есейе алмай, анасына байланған баласы. Екеуі бір-бірін қатты қызғанады. Сол себептен Норманның мотельге тоқтаған жас келіншекті ұнатқанын байқаған анасы ұлын ешкіммен бөліспеу үшін қызды өлтіреді. Фильмнің соңында Норманның санасын толығымен анасының ес, рухы басып алады. Бейтстің жеке тұлғасы әбден таусылып өледі. Сөйтіп, түрмеге Норманның денесіндегі анасы түседі.

Кинодағы сюжеттің Камю жазған «Бөгде» повесіне қандай қатысы бар? Мәселе – қылмыста. Меғсо да дәл Бейтс сынды қылмыскер. Неге? Әңгіме басында Эдип туралы аңызға тоқтала кеткен болатынбыз. Жалпы психологияда қабылданған ақиқат бар – ана мен бала арасындағы байланыс тылсым күшке ие. Оның үстіне ұл бала мен ананың рухани байланысы мүлдем бөлек. Жесір қалған немесе күйеуімен айырылысқаннан кейін басқа ер адаммен араласа бастаған әйелдің ұл баласы бар болса, көп жағдайда кикілжіңнің пайда болуы шарт екені белгілі. Ана – табиғи заң бойынша ер бала үшін әйел затының абсолютті идеалы. Бұл байланыстың психологиялық ауытқуларға апарып соғатыны да мәлім. Меғсо анасының өлімі жайлы естігенде салқынқандылық танытуы – ауыр үрей кешіп, трансқа түсуімен парапар. Повестің соңына дейін ол қай тұста, қай сәтте қателік жібергенін іздеумен болады. Бірақ оны өзі де түсінбейді. Анасының өлімінен кейін қалай өмір сүруді білмей, қалай әрекет ететінін білмей, ештеңе өзгермегендей кейіп танытады. Бұл – оның санасында болған психологиялық қақтығыс,есінен адасу, үрей. Суық хабарды естіген сәттен толық күйзеліске түседі.

Бірақ шығарманың құрылымы ерекше назар қойған оқырман үшін кейіпкердің психологиясын ашып көрсете алады. Ол үшін келесі детальдарға назар аудару керек.

 Меғсо анасының өліміне еш алаңдамайды. Ол басқа қылмыстық оқиғаға тап болып, істі болады. Демалыс күндерінің бірінде теңіз жағалауына келген Меғсо досымен бірге алыстан бақылап тұрған екі арабты көріп, түрлерінен сескенеді. Екінші күні күдіктілерді тағы көріп қалам ба деп, жанына револьвер алады. Меғсо жалғыз қалған сәтінде арабтарды тағы да көреді. Көкте күн шақырайып тұр. Меғсо күннің жарығына шыдай алмай, аспаннан түскен бір өктемдікті сезеді. Бейтаныс арабтар жақындап келеді, күннің сәулесі болса Меғсоға одан сайын төніп келеді. Оны жақындап келе жатқан арабтар емес, қанжардай өткір күннің көзі қорқытады. Күннің көзі қызған сайын Меғсоның жанарынан тамшылап жас аға бастайды. Табиғат күшіне қарсы жалғыз қалғандай, өзінің бір күнәсін, қылмысын түсінгендей көз жасы парлап қоя береді. Сол кезде күнге қарсылық көрсету үшін қолындағы револьверін қолданады: «как будто постучавшись в дверь несчастья четырьмя короткими ударами». Бұл цитатаның маңызы зор. Есікті төрт рет қаққан тағдыр… Иә, бұл Бетховеннің №5 симфониясы… Тағдыр айналып келіп өз кесімін жасады. Меғсо қылмыскер атанды. Бірақ ол бейтаныс арабтарға қарсы емес, өзіне қарсы, анасын қарттар үйіне өткізген сәтіне қарсы тұра алмай, қылмыскер атанды. Оның қылмысы – көзі тірісінде анасынан бас тартуы. Оның жазасы – аспан, күн. Қылмысы үшін жауапқа тартылған сәті де, жалғыз жылаған сәті де сол күнге қарсы шыққан сахнаға сайып келеді.

Жалпы, «Бөгде» повесінің айтары мұнымен шектелмейді. Бұл ойларым – жазушының әдеби кеңістікте құрған философиялық тереңдігінің бір ғана жылғасы. Бастысы – қарама қайшылықтарға толы адам психологиясының терең қойнауларын көре білген қаламгердің биіктігін сезіне білу керек. Шындықты қабылдай алу, өзіңді тану. Дәл осы талаптарға сай келген Камюдің шығармасы – таусылмас қазына. Повесті Хичкоктың киносымен, Эдип туралы аңызбен, қазақ ертегісімен, орыс мифологиясымен, батыс дінімен, шығыс ділімен – қандай да болсын бағытпен байланыстыра қарасаңыз, ортақ нүкте табуыңыз мүмкін. Себебі саясат пен дін бізді мың бір бөлшектерге бөлсе де, адамзаттың ар-ождан, жаратылыс философиясы бір болып қала бермек. Себебі оны біріктіретін әдебиет бар.

Ақерке АСАН, әдебиеттанушы

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.06.2020 | 12:50

» Бөгде» туралы бұл пікірмен келісу қиын. Айтылған қисын адамды нандырмайды. Дегенмен, өз болжамын айтуға деген ұмтылысын қолдауға болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір