Өңіріміздің рухани өмірінің темірқазығы 
27.05.2020
810
0

Дәл осыдан 48 жыл бұрын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы Әмірсейіт Әлиевтің қалауымен Түлкібас ауданының «Шамшырақ» газетінен Мархабат бізге қыз­метке ауысып келді. Таңертеңгі лездемеде:

– «Жазуы тәуір, қалам сілтесі қарымды» деп мақтап жүрген Мархабат Байғұтов деген азамат осы. Танысып қойыңдар. Бүгіннен бас­тап мәдениет, әдебиет және тұрмыс бөлі­мінің әдеби қызметкері, – деді редактор Әбекең.

Мархабатымыз орнынан тұрды. Енді бар ғой, біреуіміз түшкіріп жіберсек, Құдай біледі, қалпақтай ұшқалы тұр. Сырықтай бойы мен сидиған түр-келбетіне қарап, көңіліміз толмаса да, редактордың қалауына үнсіз келіскендей болдық.

Арада 5-6 күн өтті ме, өтпеді ме, біздің бөлмеге Досалы Ісметов деген түлкібастық фототілші кіріп келді. Досекеңді жақсы танимыз. Редакцияға жиі келіп тұрады. Аң­қыл­дақ, ақпейіл ағамызды көргенде қуанып қалдық.

– Біздің газеттен сендерге Мархабат деген жігіт қызметке келген еді. Қай жерде отыратынын айтып жіберіңдерші? – деді ол кірген сәттен, тік тұрған бойы.

– Досеке, отырсаңызшы. Ол шибор­байыңыз мына көрші бөлмеде, – дедім мен.

Әзілі жарасқан Әшекеңмен

Досекең асығыстау ғой деймін, тез кері бұрылды. Есікті ашар-ашпас маған қарап:

– Байеке, біліп қой, сол сен меңзеп отырған шиборбайың барлығыңнан озып, сендердің атақтарың мен абыройларыңды көтеретін болады, – деді де шығып кетті.

Ауданның қарапайым фототілшісі, сурет­тің текстін біздерге жаздыратын Дос- е­кең ағамыз әулие екен. Жылдар жылжып өте берді. Мархабаттың әр жазғанын оқырмандар құмарта оқып, асыға күтетін болды. Арқа еті арша, борбай еті борша болып, бес жыл бойы пәтерсіз, үйсіз, күйсіз жүрсе де, «Оңтүстіктен» кетпеді. Шыдады. Төзді. Соңында бір жақсылық боларына сенді. Сөйтіп жүріп-ақ ол газетіміздің гүліне, оңтүстік өңірінің үніне айналды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары­ның басында тәуелсіздіктің тәтті дәміне мас болып жүрген шағымыз. Дүкендерде түк болмаса да, газ, жарық, жылу сияқтылар көзімізден бұл-бұл ұшса да, арқа басымыздың кеңейгеніне, тынысымыздың тарылмай, еркін демалғанымызға шүкіршілік етіп, алдымыздың ашық, мақсатымыздың биік екеніне күмәнсізбіз.

«Оңтүстік Қазақстанның» сол кездегі редакторы Кәрім Үкібаев пен облыстық әкімдіктің бөлім басшысы Мархабатты ер­тіп, қадірменді ағамыздың ұлының үй­лену тойына бардық. Екі інім жанымда. Көң­іл көтеріңкі. Дастархан жайнап тұр. Ақ мойын­дар мен қызылшырайлы шөлмектер көздің жауын алады.

Кәрім екеуміз бұйырғанын қылғытып отырмыз, Мархабат болса көлеңкеде қалып қоя береді.

– Мархабат, сенің ішек-қарныңның бәрі қаптаған микроб. Етегіңді тартып, еңсеңді көтертпей жүрген солар. Шыр бітпей, көкбақа болып жүруіңнің басты себебі де осында жатыр. Ең болмаса екі жүзді тартып жіберші, мұндай сойқанды көрмеген әлгі сұмпайы микробтарың мүрдем кетпесе маған кел, – деп алдында тұрған стақанға 100-120 грамм ақаңды сылқылдата құйдым.

– Байекең дұрыс айтады. Осыны іш­кен­нен соң, олардан қылжиып құлауы сөзсіз, – деп Кәрім стақанды Мархабаттың қолына ұстат­ты.

Мархабат біресе маған, біресе Кәрімге қарап:

– Алсам алайыншы, мүмкін ем болар, – деп көзін жұмып, тартып жіберді. Жол ашылды. Көңіл көтерілді. Тағы да бір-екі стақан мысық жалағандай тазаланды. Ән-күйлетіп үйге қайттық.

Ертесіне Мархабатқа телефон соқтым. Тым-тырыс. Ол кезде қалта телефон жоқ. Үйімен хабарластым. Телефонды Қыздаркүл келін алды.

– Мархабат керек еді, – дедім.

– Ініңіз бүк түсіп жатыр. Кеше тойда ұртта­ған ғой шамасы. Түнде дәрігер шақырт­тық.

Кінәлі екенімді сездім де телефонды қоя салдым.

Содан кейін де талай тойлар мен мере­ке­лерде бірге болып жүрміз. Жұп жазбаймыз. Қатар отырамыз. Рюмкаларға «ақаңдар» құйыла бастағанда күтушіге:

– Оған құймаңыз, – деймін.

Махаң болса:

– Құя бер, – деп әсем күлімсірейді.

Мен аң-таңмын. Ол сол әдемі жымиыс­пен маған қарайды.

– Іштегі микробтарға шамасы кел­ме­генмен, сырттағы микробтарға таптыр­май­ды, – деп әлгімен қолын ептеп жуады. Екеуміз де мәз-мейрамбыз.

Мархабат сырт көзге тұйықтау, ұяңдау көрінеді. Жүйрік сәйгүліктер өзінің тұлпар екенін жасыратындай, Мархабатта да осы қасиет бар. Шешіліп әңгімелессең шешендігіне, ойының алғырлығына, қай мәселеге болса да тосылмайтын білгірлігі мен білімпаздығына көзің жете түседі.

Мархабаттың көп ізденетіндігі, көп оқитындығы, ауыл мен қаланың өмірін жетік білетіндігі қоғамдық жұмыстарда, кездесулер мен басқадай жиындарда айтқан сөздерінен, келелі мәселелерді талқылаған кездегі орнықты, салдарлы, салиқалы әңгімелерінен айқын байқалады. Қазақтың тілін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін қызғыштай қорғаған сәттердегі жалынды сөздері ұлтжанды азаматтардың жан-жүрегін тебірентеді. 

Бірде қазақтың ұлттық тағамдары әңгіме болған кезде «бешбармақ» сөзіне жасаған шабуылы, бұл сөздің ұлттың абыройы мен беделіне айрықша нұқсан келтіретінін, ұлтымыздың мәдениетін, тілін қорлайтынын, мұнда сайқымазақтың ұшқыны жатқанын нақты дәлелдермен түсіндірді.

«Қуана білгенге құт қонады, бағалай біл­генге бақ қонады», «Ауылдан алыстаға­ның – бесіктен безінгенің» деген қанат­ты сөздерді алқалы отырыстарда жиі пай­да­ланады. Тәуелсіздік алғаннан бері жеткен жетістіктерімізді мақтана, шабыттана әңгімеге арқау етеді. Қазақ елінің қабырғалы елге айналып, мәртебесінің жоғарылай түскеніне шүкіршілік жасайды. Бесігіміз берекелі болса, жалпы қазақстандықтардың дастарханының дәмге, өрісінің малға, даламыздың қойнауы қазынаға толатынын үнемі айтып, ел құлағына құйып жүреді. Отаншылдығы, елін ерекше жақсы көретін­дігі, мемлекеттің иесі өз ұлтына деген жа­на­шыр­лығы әр іс-қимылынан айрықша байқалып тұрады.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жыл­дығы қарсаңында газеттің сол кездегі бас редакторы Бақтияр Тайжанның ұсынысымен Мархабат екеуміз аудандарды аралап, оқыр­мандармен кездесіп, елдің бірлігі мен ынтымағы, халықтың жасампаздық ең­бегі, оны қалың қауымға жеткізудегі газеттің рөлі туралы өз ойларымызды ортаға салдық. Билік пен халықтың ортасында алтын көпір атағына иелік ететін бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі кезде ат­қару­шы қызметтерін алдарына тарттық. Бұл кездесулер халыққа да, өзімізге де айрықша әсер етті. Тіліміздің тозбайтынына, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің азбайты­нына, рухани өсуіміздің өрлей түсетініне екі жақты көзіміз жетті. «Әдебиет – адамзаттың рухани әкесі» екендігін Мархабат әрбір сөзімен дәлелдеді.

Мархабаттың осы кездесулерден кейін:

– Байеке, ел ағалары мен аналарының, болашақта еліміздің тұтқасын ұстайтын ұлдары мен қыздарының қадірменді қыз­мет­шісі құрметіне ие болсақ, қазымыр болып қартаймай, қазына болып қартайсақ қой. Алла осы тілекке жеткізсін. Мына қым-қуыттау, қатігездеу заманда салмақтылық пен сабырлылық көптік етпейді. Солай емес пе? – деген сөзі әліге дейін жүрегімнің түкпірінен терең орын алып, үні құлағымнан кетпейді.

Өткен жылы облыс әкімдігі Мархабат­тың «Әпкемнің ауылы» кітабын мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Қалың оқырман мұны қуана құптады. Алайда құзырлы комиссияның қабылдаған шешімінде Мар­хабат Байғұттың кітабының есімі аталмады. Кітап авторын былай қойғанда, қалың оқырмандар бұл хабарға өкініш білдірді.

Кейінірек Мархабатпен сөйлескенімде:

– Әдебиет майданының шегі жоқ. Бітпейді. Қайта өрши түседі. Бұл майданда Бексұлтан, Дулат, Төлен, Сайын ағалар сияқты мықтылар да, әйтеуір қолына қалам ұстаған жазғыштар да жетерлік. Осылардың қай тобына жататынымды зерделегенде байқағаным, мықтылардың қатарына қосыла қоймаған сияқтымын. Комиссиядағылар да осыны шамалаған-ау деймін. Мықтылардың қатарына қоспапты. Оған өкінбеймін. Қайта қамшымды денеме батыра сілтейтін боламын, – деген еді.

Биылғы қыста Мархабат өз қаржысына қаламгерлерді жинап, өмірден озған ақын-жазушыларымыздың рухына ас берді. Әрқайсысының атын атап, әруағына құран бағыштады. Бұл – нағыз кісілік. Екінің бірінің ойына келе бермейтін парасаттылық пен пайымдылық. Адамгершілік қасиеттің асқар биігі. Сонау жылдары ұлы Баубек кездейсоқ жағдайда қазаға ұшырағанда орны ешқашан да толмайтын ауыр қазаны нар жігіттерше көтерді. Езіліп, еңіреп тұрса да, еңсесі түсіп тұрса да, қолына қалам алып, жан перзентінің бейнесін тарихта қалдырды. «Әдебиет пәнінің періштесі» повесінде Баубектің бар болмысын көз алдыңа әкеледі. Повестің өн бойы мұңды сезімге, толқыған шерге толы. Бақилыққа жол тартқан періштенің іс-әрекеті мен бейне-келбетін ана тіліміздің кәусар мәйегімен баяндады. Повесті оқығанда табиғаттың дүлей күшіне өшпенділігің артып, әрбір жолдың қайғы-мұңға толы екендігін сезініп, көзіңе еріксіз жас аласың. Бұл шығарма қазақ әдебиетінің алтын қазынасының біріне айналды.

Мархабатпен ағалы-інілі болып, бір қалада өмірдің ащысы мен тұщысын қатар сезініп келе жатқанымызға 48 жыл болды. Әлі қанша жыл бірге жүреміз, әңгіме-дүкен құрамыз, бір-біріміздің жетістігімізге қуанып, қиыншылықты бірге бөлісіп жүретініміз тек Аллаға ғана аян.

Мен 1941 жылы соғыс басталғанда дү­ниеге келсем, ол осы соғыс жеңіспен аяқтал­ған 1945 жылы өмір есігін ашыпты. Мен соғыс өртін тұтандырсам, ол өшіріпті. Ай-күнімізге келсек, мен 1 қыркүйекте, мектептерде алғашқы қоңырау соғылғанда, дүниеге келсем, ол болса, 25 мамырда, мектептерде соңғы қоңырау соғылғанда туыпты. Мұндай сәйкестіктердің өмірде кездесе беруі некен-саяқ.

Екеуміздің арамызда әдемі, ерке әзіл де бар. Орайын тапсақ, әкемізбен әзілдесетін қазақпыз ғой. Кейде оның, кейде менің ұпай­ым жоғарылау болып жатады. Өкпе-реніш жоқ. Естіген ел де, әзілдескен біз де ризамыз.

– Мархабат, сенің де алға шығатын кезің бар екен, – дедім оңаша отырғанда.

– Қалайша? Бар жолды сізге бердік қой.

– Жоқ, бар!

– Ал айта қойыңызшы? – деді болмаған соң.

– Келіннің есімі – Қыздаркүл ме?

– Иә, онда тұрған не бар?

– Біздің үйдегі жеңгеңнің есімі – Құтты­қыз ба?

– Иә, – Мархабат таңдана маған қарады.

– Ал ойласайшы. «Қыз» деген келіннің есімінде бірінші тұр, біздің үйдегінің есімінде соңында тұр.

– Ой, Байеке, ойламайтының жоқ екен.

– Мархабат-ау, келіннің арқасында ғана алға шыққаныңа қуанбайсың ба? Әйтпесе… – дей беріп едім…

– Қойыңызшы, біз соңыңыздан жауы- ң­ыз­ды жеңіп, алдымызда сіз дауымызды жеңіп жүре берейік те, – дегені.

Атың өшкір індеттің кесірінен Мархабат­пен кездеспегелі үш айдың жүзі болды. Ортада қызметте тек телефон ғана. Жүз көріспейміз. Қол алыспаймыз. Алланың құдіретіне не шара?!

– Мархабат, құттықтаймын! Ұлың туған жеріңе әкім болыпты, – дедім телефонды нығырлай ұстап, – енді сәлемдесуің қиынға соғатын болды-ау, біздей бейбақтармен.

Сәл-пәл үнсіздік. Шамасы ойланып қалды-ау.

– Сіз құттықтап отырсыз, мен қорқып отырмын. Халықтың көңілінен шығу қиынның қиыны. Біреу мақтаса, біреу қарғайды. Енді «тіл-көздерің тасқа тисін» деп сіздермен екі қол­ды ұсынып сәлемдесуге мәжбүрмін.

Оның үні бәсеңдеу, бір­түрлі мұңлы естілді.

Қаратаудың қазыналы қариясының мына сөзі кім­ді болса да үлкен ойға қал­дырады. Көнекөз жақсы­лар­дың «Ұлық болсаң, кішік бол» деуінің мән-мәнісі де осында жатса керек.

Мархабат көркем сөз бен көсем сөзді мұрат тұтумен қа­тар үнемі қоғамдық жұмыс­тардың бел ортасында жүреді. «Ұлысымыздың ұйыт­қысы – Оңтүстік» деген тақырыппен еліміздің тұлғалы азамат­тарымен өт­кіз­ген кездесу­лері, халықты бірлікке, бауыр­малдықа, достыққа, еңбекке шақырған «Ырыс алды – ынтымақ» тақырыбымен жүргізіп жүр­ген форумдары қай жа­ғы­нан алып қарасақ та бүгінгі күннің талабымен үндесіп жатады. Тәуелсіз еліміздің болашағына деген сенімді адамдардың жүрегіне жалынды, көркем, кестелі сөздермен ұялата біледі.

Оңтүстік әдебиетінің сардары, өңірі­міздің рухани өмірінің темірқазығы –Мархабаттың мақтау мен марапат­тарға масайрамай, қолпаштау мен құрметтеулерге етене еліктемей, астана­лар­ды араламай, абырой мен атақты қуала­май, туған жерінің, өскен қаласының түтінінің түзу шығуына жасап жатқан еңбектерін жерлестері жақсы біледі. Телегей теңіз көңілмен өскен өлкесін аймалаған Мархабатты Оңтүстіксіз, Оңтүстікті Мархабатсыз ой елегінен өткізу мүмкін емес. Оңтүстік пен Мархабат егіз жаратылғандай.

Байдулла ҚОНЫСБЕК,

Қазақстанның құрметті журналисі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір