АНАЛИТИЗМ ЖӘНЕ КЛИШЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ТІРКЕСІМДЕР СӨЗДІГІНДЕ ТІРКЕЛУІ ТУРАСЫНДА
20.05.2020
2734
0

Адамзат қоғамының дамуы ақпараттық құралдарды көбейтеді және оқырманның мәтіндегі айтылар ойды, хабарды тез оқып, тез қабылдауына лайықты болуын талап етеді. Яғни БАҚ-тарда дайын тілдік құрылымдар мен модельдерді, үлгілерді пайдалану дағдысы орныға береді. Ал дайын тілдік құрылымдарға оқырманның бойы әбден үйреніп, көзі қанығып кетеді. Ғалымдар қабылдауға оңай, оқырман уақытын үнемдеуге лайықталған мұндай үлгілердің сөйлеушінің және жазып отырған адамның сөз талғамының бұзылуына, тілдің небір нәзік бояуларын, нақыштарын ұғатын сезімталдығы мен түйсігінің жоғалуына әкелетінін, содан әдеби тілдің санқырлы бейнелілігі жойыла беретіндігін айтып келеді. Бұл пікірдің шындықтан аулы алыс емес екенін мына мысалдар байқатады: пікір алмасу, тәжірибе алмасу, жобаны талқылау, жаңа серпін, мәлім ету, өзекті мәселе, тығыз байланыс, атап өту, жылы қабылдау, сенімнен шығу т.б. Осындай клишелерді заман тудырып отыр. Қазіргі кезде, әсіресе, шаршытоп  алдында сөйлегенде, ғылыми еңбектерде, публицистикада жиі қолданыс табуына қарай жастар тілі бұл әсерден ада да, кенде де емес. Стандарт қолданыстар әр түрлі стильдерде кездеседі, олардың қолданысына деген сұранысты әлеуметтік қажеттілік тудырып отыр. Дайын тілдік формулалар ресми-іскери, ғылыми, публицистикалық стильдерде кездеседі.

Жазып отырған адам дайын формулалардың қызметіне жиі сүйенетіндіктен, стандарттардың қолданысы азаймайды. Ал клишелердің қолданыста екені – бүгінгі күннің ақиқаты. Түрлі жанрлардың, стиль түрлерінің  стандарттарға байлаулылығы әдеби тіл заңдылығына сай стиль түрлерінің формаға бағынуымен байланысты, себебі әдеби тіл дайын формалардың, дайын тілдік қолданыстардың қызметін қажетсінеді. Дайын қолданыстарға клишелер жатады және олар сөздік қорда аз емес. Сондықтан қандай клишелер тіркесімдер сөздігінде қамтылуы тиіс екеніне тоқталу артық етпейді. Әрине, шаблон, клишелер танымдық, ділдік мәні бар бірліктермен бір қатарға қойылмайды, бір деңгейде танылмайды, соған қарамастан клише қолданыстарды есептен шығару мүмкін емес. Оның бірнеше себептері бар: а) клишелердің саны әдеби тіл дамыған сайын көбейе береді; ә) клише тұлғалар  жиі қолданылады; б) функционалдық стильдік тармақтардың аражігін айыруда клишелердің рөлі айтарлықтай. Өйткені бір стильге тән клишелер екінші бір стильдің құрылымына жат болуы мүмкін; в) әдеби тіл тудырып отырған құбылыстар болғандықтан, клишелер өміршең болып келеді; г) әдеби тілдегі ең үлкен қабатты құрайтын терминдер құрамында  да клишелер түріндегі атаулық тіркестер бар.

 Сондықтан да клишелер бір қарағанда тілдің бояуын солғындататын стандарт құрылымдар болғанмен, белгілі сұранысты өтеп отырған тілдік құрылымдарға жатады. Яғни саны жағынан болсын, жұмсалудағы жиілігі тұрғысынан болсын реестрге енгізуге болатын тілдік бірліктер болып табылады.

Клишелерді арнайы зерттеген М. Мәмбетова [1] оларды жасалу жолдарына қарай бірнеше топқа бөледі. Осы бөліністі негізге ала отырып, төмендегі тіркестердің ерекшеліктерін көрсете кетуге болады:

  1. Зат есім мен зат есім тіркесуінен жасалған клише-тіркестер сөздікке тіркеледі, өйткені олар ресми тілде, ғылыми еңбектерде, публицистикалық стильде жиі қолданылатын актив тұлғалар: еңбек тәртібі, валюта бағамы, ақша айналымы, жұмыс орны, абсолют белгісі, абсолют биіктік, абсолют шама, абсолют ылғалдылық, абыз адам, абыз би, дала абызы, автопойыз қызметі, аға буын, ағалар алқасы, ұшу алаңы, шағын алаң, алапат айқас, алапат аймақ және т.б.

Осы топтағы кейбір тіркесімдердің алдыңғы компоненті Ілік септігінің жасырын тұруымен ерекшеленеді, мысалы: ағалар алқасы, ұшу алаңы және т.б. Абыз жасы – абыздың жасы,  дала абызы –  даланың абызы, автопойыз қызметі –  автопойыздың қызметі және т.б.

Ал енді бір тобы -ты тұлғасының түсіріліп айтылуына байланысты қалыптасқан клишелер: алапат аймақ – алапатты аймақ, абсолют ылғалдылық – абсолютті ылғалдық және т.б. Осы тіркестер қатарына аға буын өкілі сынды үш компоненттен тұратын клише тіркестерді де  жатқызу артық болмайды. Өйткені сөздікке 4 компоненттен тұратын тіркестер енгізілген дұрыс, дегенмен 4, 5 компоненттен тұратын тіркестерді бірнеше тіркеске бөліп жіберуге болады. Ол, әрине, реестр санын көбейту амалы емес, тіркеудің амалы деген дұрыс, бірақ кейде олай істеу дұрыс та болмайды, оның өзіндік себептері бар, ол туралы сөйлем-клишелерге тоқталғанда білуге болады. Екіншіден, саны жеткілікті болса, 4-тен, 5-тен асатын комопоненті бар  тіркестердің жеке сөздігін құрастыруға болады. Әрине, бұл мәселе арнайы зерттеуді, санын шамалауды қажет етеді.

Келесі бір туындайтын мәселе аналитизмге байланысты. Қазақ тілінің жалғамалылығы тек түбір мен қосымша арақатынасынан байқалмайды, тек соған ғана негізделмеген, жалғамалылық немесе тіркеске қатысты алғанда тіркесімділік  сөз тудырудың да, сөз таптарын да жасаудың да, терминдерді тудырудың да бір тәсілі. Мысалы, аға буын – аға мен буын тіркесуінен жасалып тұр. Ал аға буын тіркесі келесі тіркестерді жасауға негіз болады: аға буын өкілі, аға буын өнегесі, аға буын үлгісі, аға буын өсиеті және т.б. Нақ осы топқа жататын тіркес түрі атаулық түркестердің негізін құрайды.

  1. Сын есіммен зат есімніңқабыса байланысуы арқылы жасалған тіркестерден болған клише тұлғалардың қолданыс жиілігі жоғары, стиль түрлерінде жиі кездеседі, күнделікті түрлі қоғами қатынас қажетін өтейді, сондықтан тіркесімдер сөздігіне енгізілгені дұрыс: ағайындас ауыл, ағайыншыл жігіт, ішкі ағзалар ауруы, заманауи ағым, білімпаз адам, жауапты адам, лауазымды адам, ресми адам, айрықша табыс, айрықша талпыныс, айрықша үкім, аймақтық қауіпсіздік, аймақтық лексика, аймақтық мекеме, аймақтық метаморфизм, аймақтық нарық, аймақтық сөздік, адамзаттық құндылық, адамзаттық ғылым, азаматтық заң, айбынды әскер, айбынды ұран, академиялық еңбек, академиялық есу, академиялық сағат, ядролық алаң және т.б.

Бұл тіркесімдердің алдыңғы компоненті басым түрде салалық терминдерге -лық, -сыз, -и, -ты сын есім жұрнақтары қосылған тіркестер.

Ал келесі тобы жұрнақсыз атау тұлғадағы терминдер, зат есім және сын есімдердің тіркестің келесі компонентін айқындау қызметіне ауысқан сөздер (зат есімдер, терминдер) болып келуімен ерекшеленеді. Аталған тіркестердің де кездесуі жиі.

  1. Есімше мен зат есімнің қабыса байланысуынан болған тіркестер де клише жасаудағы актив құрылымдар: белгіленген тәртіп, аталған мәселе, көп оқыған адам, айыптаған арызжәне т.б.
  2. Етістікті клишелер: атап көрсету, жәрдем алу, қаулы алу, мүмкіндік алу, міндетіне алу, тәрбие алу, теңдік алу, шешім алу, ілтипатқа алу, іске алғысыз, абыройлы қайту, аванс алу, аванс беру, автономия алу, автономия болу, автономия құружәне т.б.

Сонымен клише тұлғалардың жалпы ерекшеліктеріне мыналар жатады: а) құрамындағы компоненттерінің орны тұрақтылығы тұрғысынан клишелер тұрақты тіркестерге ұқсас болады; ә) клишелерге көркемдік, бейнелілік тән емес, осы жағынан клишелер терминдерге қойылатын талаптарға сай келеді; б) компоненттерінің саны жаңадан пайда болып жататын құбылыстардың, атаулардың мазмұнын жеткізу әлеуетіне қарай өсіп отырады; б) негізінен екі не үш компонентті құрылымдардың кездесуі  жиі.

Клишелердің біразы тіркес емес, аяқталған ойды білдіретін сөйлем түрінде келеді: адамгершілігі үшін бағалау, адамгершілігі үшін сыйлау, адамдықтан аттамау, адамшылықты аяққа таптау, қайда екенін айқындау, … көмегі арқылы айқындау, мәліметтер бойынша айқындау, электр энергиясына айналдыру, рухани қазынаға айналу, ақша айналымын икемді ету, ақша айналысын қолдау, зерттеу жұмыстарымен айналысу, айыпкермен бетпе-бет келу, сауданы айырбаспен жүргізу, белгіленген акцияларды жүзеге асыру, ақпар алып келу, ақтаңдақтың орнын толтыру, ақшалай формада несие беру, дер кезінде ақыл беру, достық көңілмен ақыл беру, жас маманға ақыл беру, ізденушіге ақыл айту, жеке шаруа бойынша ақылдасу, жұмыс бойынша ақылдасу, осы мәселе бойынша ақылдасу, ақыл-кеңестен кенде болмау, алақанымен үстел бетін ұру, алашордашылардың қатарында болу, алғы сапта тұру, алдын ала тапсырыс беру, нәтиженің алдын алу, басқа құрылғымен алмастырылу, басқа сөзбен алмастыру, бірінің орнына екіншісін алмастыру, қол күшін техникамен алмастыру, дипломатиялық арналар арқылы алмасу, құнды қағаздар рыногынан алшақтау, комиссиялық алымдарды ұстау, анархияға жол беру, анатомиялық өзгерістерге ұшырату, анонимге мемлекет тарапынан тыйым салу, саяси апатияға ұшырау, аппеляция тәртібін кодекске енгізу, арақатынасты бейбіт жолмен шешу, көрмені аралап көру, қаланы аралап көру, мұражайды аралап көру, жоспарлы аралап көру, арандатушылықты тоқтатпау, аренада мәлім болу, аренада өнер көрсету, дүниежүзілік аренаға шығу, арифметикалық жыл санау және т.б.

Мұндай сөйлемдер «Нақтылайтын мәліметтермен толықтырылатын сөйлемнің бір бөлігі немесе тұтас сөйлемдер болуы мүмкін. Сөйлем клишелер тұтас мәтін композициясын стандарттауға әкеп соқтырады, нәтижесінде дайын форма, бланк, типтік қағаздар шығаруға болады. … олар тұрақты ақпараттарды беру қажеттілігінен шығып отыр» [1, 11-б.].

Клише-сөйлемдердің саны шектулі деген пікірлер бар, шындығында, клише-сөйлемдер санын шектеу мүмкін емес, оларды өмірдің өзі, қажеттілік тудырып отырады. Ал осындай клише сөйлемдердің баяндауышын –у тұлғасына ауыстырса, клише-тіркес түрінде тіркесімдер сөздігіне енгізуге болатын кезі де болады. Әрине,  тұлғасына ауыстыруға болмайтын жағдайлар бар, олардың көбі, негізінен, танымдық мәні бар сөйлемдерге қатысты болады. Клишелерді сөздікке енгізудің енді бір жолы бар, ол сөйлемді тіркестерге бөлу. Бірақ клише-сөйлемдер бөліктерге бөлінбейді, тұрақты әрі тұтастығын үнемі сақтайды деген тұжырым бар. Енді клише-сөйлемдерді тіркестерге бөлуге бола ма, бөлгенде қандай нәтиже шығады, байқап көруге болады, мысалы: алдын ала тапсырыс беру = а) алдын ала беру; ә) тапсырыс беру. Бір қарағанда бөлуге болады, бірақ, клише-сөйлемнің беретін мағынасы бұзылатыны байқалады. Ал бөліктерге бөлмесе, сөйлемдер тіркестер сөздігіне енгізілмейді. Байқалып тұрған ерекшелік мынадай: ақпаратты жеткізу үшін немесе мағына бұзылмас үшін бөліктерге бөлу дұрыс болмайды, егер ақпараттың тұтастығын сақтау міндетті болмаса, онда жай ғана тіркестерге бөлуге болады және ондай бөліктер клише-тіркестерге айналады.  

Тіркесімдер сөздігінің реестрінде мейлінше барлық тіркестердің қамтылғаны жөн және сөздік сөздердің тіркесімділік қабілетін, ең бастысы, дұрыс тіркесуінің көрсеткіші болуы тиіс.

Бағдан Момынова,

филол.ғ.д., профессор

А. Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының

бас ғылыми қызметкері

Әдебиет

  1. Мәмбетова М. Ресми-іскери тілдегі клише тұлғалар. – Алматы: Қазақ универсиетті, 2011. -127 б.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір