БАЛА КЕЗІМДЕ ТӘПІШКЕ ОЙЛАП ТАУЫП ЕМ…
22.05.2020
829
0

Тұрсынхан ЗӘКЕН, жазушы

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Адамшылық, яғни «Адам» деген атқа лайық болу.
– Ер азаматтың басты қасиеті не?
– Турашылдық, тұрақтылық және қолымен істегенді мойнымен көтеру.
– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Бақыт деген жеке адам жөнінен алғанда денсаулық деп ойлаймын, «Денсаулығың бар болса – қара басың ханмен тең» дейді қазақ. Ал бүкіл ұлт атынан айтқанда, бақыт деген – тәуелсіздік, еркіндік, теңдік.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– Әйгілі тарихи тұлғалар.
– Ең басты кемшілігіңіз қандай?
– Шығармашылыққа ден қойғанда басқа нәрселер ұмыт қалып жатады.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бос уақыт бола бермейді, бола қалса туыстардың, ауылдастардың арасында болу, табиғатқа серуендеу мен үшін ең үлкен демалыс.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар
едіңіз?
– Туған жеріме, ұлтыма, жасаған заманыма, кәсібіме, жеке өміріме өкінбеймін. Керісінше ризамын! Енді басқа біреу болуды армандамаймын әрі ол мүмкін де емес! Өмірде өкініштерім, қателіктерім жоқ емес. Оларды сол болғанындай қабылдаймын.
– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Қазақ жерінде.
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Әттең, оқыған, естіген нәрселердің бәрін толықтай есте сақтап қалатын бір мүмкіндік болса ғой.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Сөз өтпейтін, селт етпейтін дүмше-дүлейлердің алдында жігерің құм болады, әрине.
– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
– «Ғайыпқа сену» бір нәрсені ғайыптан бола қалса екен деп ойлайтындарға қаратылса керек. Бірақ Құдайдың бұйрығына сенемін, оған тәуба келтіремін, кешірім сұраймын, жалбарынамын.
– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?
– Бала кезімде қатты ағашқа қайыс бау тағып, тәпішке ойлап тапқаным бар. Ол кезде ел тәпішке дегенді білмейтін.
– Неден жиіркенесіз?
– Бюрократ ағаларына еліктеп өзінше болып қалатын жастардан жиіркенемін әрі түңілемін.
– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?
– Түркі дәуірінде жасаған Ашына Сымақ деген болған, ол түрік Ел қағанның ең сенімді көмекшісі еді, кейін Табғаш ордасының «қарғылы төбеті» болып кетті. Тарихта одан басқа да ұнамсыз тұлғалар көп.
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– «Мен бармаған той қызық емес».
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Кей-кейде көңіл толқитын сәттер болады, әрине.
– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?
– «Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды».
– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?
– Бауырмалдық, мейірім мен қайырым.
– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?
– Мықты ақын – жазушылар бар, өкінішке орай, біз бір- бірімізді уақыт тауып оқи бермейміз, тек сырттай ғана білеміз. Өзін жақсы көрмейтін адамның шығармасы саған бірден ұнап қалуы ғажап емес. Ол – оның жан дүниесі.
– Жастар талапшыл әрі жаңашыл, бірақ араларында сөзді сырттай қызықтаушылар, жөнді-жөнсіз тықпалап қолданушылар жоқ емес.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір