Тоқаев неге ұлттық құндылықтарға бет бұрды?!
15.05.2020
1288
0

Ақжарылып айтар болсақ, соңғы жыл бедерінде еліміздің дамуында ұлттық құндылықтарға, рухани бағытқа (тұлғаны, тегіңді тану, тарихты таразылау, т.б.) басымдық беру байқалады. Президенттік қызметін «Қазақтың тілі – қазақтың жаны» деп бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев бірден ұлттық құндылықтарға ден қойды. Абайдың 175 жылдығына байланысты жыр эстафетасын өзі бастап, Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге пәрмен берді. Одан соң Елбасы белгілеген Ұлттық домбыра күнінің маңызын одан сайын арттырып жіберді. Мектептерге домбыра пәнін енгізуге және арнайы оқулық жазуға тапсырма берді. Бұл істі атақты күйші Жанғали Жүзбаев жүзеге асырып, оған Мемлекет басшысының өзі үшкіріп берді. Ұлы шайыр Абайға қайта оралып «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты ойлы, танымдық мақала жазды. Күні кеше «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында осы мәселелерге қайта бір тоқталып, бұл бағыттағы жұмысқа жаңа бір соны серпін берді. Бұған дейін де мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тілі деңгейіне көтеруді әлденеше рет айтқан мемлекет басшысы Бас басылымға берген сұхбатында:
«Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді.
Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады.
…Келешекте шын мәнінде ұлтаралық қатынас тіліне айналатын қазақ тілін жылдам дамытуымыз қажет» дей келе, өз ұстанымын тағы бір мәрте анық байқатты.
Біз бұған дейін экономикада, саясатта белгілі бір жетістікке жеткен болсақ, түптің түбінде ендігі бағдар осы болуы керек. Әрине, елдің әлеуметтік мәселесі ұдайы назарда. Бұл қалай болғанда да ағымдағы жұмыс. Ал ұлт болмысын сақтап, елдің мәңгілігіне қызмет ететін дүние – руханият. Демек, ендігі жерде аймақ басшылары да осы тұрғыда жұмыс істеудің мән-маңызын терең түсінуі қажет. Ашынған қарын тойынар, ал рухыңды жоғалтсаң бәрін жоғалтасың. Өз тілінде сөйлеп, өз өнерін өрістеткен басшы халқына жақындап қана қоймайды, туған бауырындай боп кетеді.
Бізді биікке көтеретін рушылдық емес, рухшылдық. Осы ойды мақтаныш ететін дәрежеге жетуіміз керек. Біз тарихымызды діні де, ділі де бөлек бөтендер жазған, бұл мәселеде көп кешіккен елміз. Сондықтан ендігі жерде рухани тұлғаға айналған әкімдер ғана бұл бағытты барақаттандыра алары сөзсіз. Осы бағдарға әлдеқашан мойын бұрған Алматының бір мысалына тоқталған толғаныспен бөліскім келіп отыр.

Қали СӘРСЕНБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президент сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір