Сағынтаев неге Жазушылар Одағына барды?
15.05.2020
1045
0

Күнделік жүргізбейтін қаламгер жоқ шығар. Оған шын сөз түседі, онда өтірік сөйлеу, көлгірсу, жағымпаздану деген болмайды. Ол сенің өз сөзің, желкеңнен қарауыл қарап тұрған ешкім жоқ, ешкімнің құқы жүрмейді. Бүгін емес, келешекте жариялануға тиісті ойларың да онда жеткілікті болуы әбден мүмкін. Үлкен жазушылардың кейбір ұлы туындыларын уағында осы күнделіктен бастағаны да мәлім. Күнделікте сен өзіңмен яғни шындықпен, болмыспен бетпе-бет келесің. Ар алдында отырасың. Соңғы уақытта күнделігімдегі деректер мен дәйектерге сүйеніп, өзге форматта («Храпуновтың қалпағын қайырып жіберген ғалым», «Колбинді кетірген «Сталинге хат», «Байтұрсынов неге қарыз сұрады?», «Қадырды күткен күн», «Мәмбетов алтынша қатарда отырды» т.б) мақалаларым, эсселерім жарық көрді. Бұл мақала да сол күнделіктің негізінде жазылған ой-толғаныстың бір үзігі. Әңгіме – тұлғатану, Жазушылар Одағы т.б. тақырыптар төңірегінде.

***
Ертеректе Алматыға елден келген кісі Жазушылар Одағы мен әкемтеатрға соқпай кетпейтін. Күні бүгінге дейін осынау қасиетті қара шаңырақтарға деген сол баяғы құштар көңіл қалып қойған. Осы құштар көңіл қайсыбір жолы дүр сілкінді.
***
Алматыны өзім бірге қызметтес болғалы бері төрт әкім басқарды. Олардың әрқайсының қолтаңбасы, қалдырған ізі сайрап жатыр.
Иманғали Тасмағамбетов Алматының бетін мемлекеттік тілге бұрып, іс-қағаздарын қазақшаға көшіріп, артында «Алматы қазақша сөйлемей, Қазақстан қазақша сөйлемейді» деген атақты сөз қалды.
Ахметжан Есімов кеңес кезінен бері кенеуі кетіп тұрған «Барахолканы» тезге салды. Шығыс айналма жолын салып, қаланың тынысын ашып, көлік кептелісін сәл де болса сейілтті. Елбасының қатысуымен арман болған метроны ашты.
Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясының доктринасында атап көрсетілген ұлттық құндылықтарды дәріптеуді бастап, Алматыға айтысты алып келді, жердің асты-үстінде күй күмбірлеп кетті. Шаһардың мың жылдығын Елбасының қолдауымен ЮНЕСКО деңгейінде дүркіретіп өткізіп, ел рухы көтеріліп қалды.
Қысқа қайырғанда осылай. Оның әрқайсысын талдап айтатын болсақ, мазмұны салмақты бір қітапқа арқау болары сөзсіз.
Бақытжан Сағынтаев ше? Бұл кісі де жоғарыдағы әріптестеріндей ел таныған, мойындаған тұлға. Алматыны басқаратын адам айрықша қабілет иесі болу керек. Бұл тұрғыдан келгенде үлкен сенім білдірген Елбасы мен мемлекет басшысы қателескен жоқ. Марқұм әкем «бір ауылға, ия ауданға басшы болған кісі ең алдымен сол жердің мұражайына барғаны жөн» дейтін. Үкімет басшысы болған, бар оқу-тоқуы осында өтіп, осында өсіп-өнген адамның Алматыны мұражайына бармай-ақ бес саусақтай білетініне ешкімнің күдігі бола қоймас. Есесіне Бақытжан Әбдірұлы Жазушылар Одағына барды (17.08.2019), неге барды? Бұдан артық қандай мұражай, тарих керек!? Тірі шежіре, игі жақсылардың ізі қалған, кие қонған жер.
Біздің қазақ әзелден қаламгерлерін «құдайындай» құрметтеген. Өзге өнер өкілдерінен гөрі жазушыға келгенде ілтипаты ерекше болған. Әкем жарықтық Сәбит Мұқановты сұмдық жақсы көретін еді. Шынында кеңес кезінде Горькийден кейін ең көп оқылған жазушы ғой. Жалпы әкелеріміз басқасын былай қойғанда, бұл жазушыны көп оқығаны рас. Қысқасы, халық қаламгерлерді әулие көрді. Әкелеріміз демекші, соның ішінде Бақытжанның әкесі де бары анық. Өйткені суреткерге деген мұндай сүйіспеншілік осы буынға ерекше тән еді. Бақытжанның бала күннен санасына сіңген сол үлкендердің ынтық сезімі оны қасиетті шаңыраққа жетелеп әкелгені хақ. Қала әкімінің қаламгерлермен кездескен беттегі беташар сөзінде Одақтың босағасынан аттағанда қандай көңіл-күйді бастан кешкенін тебіреніп айтуы осы ойымыздың бұлжымас дәлелі.
Жазушылар Одағы – рух ордасы, ұлт ұстыны. Қай кезде де елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауда алдыңғы шепте тұрған бұл шаңырақ қоғамдық ойдың мінбері болып келген, бола да береді. Бұл – ұлт мұраты жолындағы күресте кешегі Мұхаңдар, Ғабеңдер бастаған, Жұбан, Сафуан, Шерхандар қоштаған, Темірхан, Ұлықбектер жалғаған үрдіс бүгінде Ақберендерге дейін жетіп, шындық шырылдап жататын жер.
Бақытжан Әбдірұлы алғашқы қадамын қаланың сегіз ауданының тыныс-тіршілігімен танысудан бастағаны белгілі. Кейбір аудандарға екі-үш мәрте барды. Бұл түсінікті жағдай. Алайда көпшілікті «Сағынтаев неге Жазушылар Одағына барды?» деген сауалдың айрықша қызықтырғаны анық. Бұл барысқа аса кірпияз, абыз-аңыз, аракідік өлім-жітім кезінде болмаса, 1973 жылдың наурыз айынан бері бұл жерге бас сұқпаған Қазақстанның Еңбек Ері Әбді-Жәмил Нұрпейісов бастаған жазушылардың неге іші жылып сала берді? Әрине, бұған көп түсіндірменің қажеті жоқ. Жазушылар Одағының кезекті мерейтойы үшін бе? Жоқ. Сый-сияпатты онсыз да жасайды. Бұл ойымызға «рухани биік кісі – ұлтының ұйытқысы» деген Қадыр сөзі бар жауабын беріп тұр. Тіпті қалабасының бұл барысына ел ішіндегі азаматтарға дейін қуанып жатты. Демек, қаламгерге деген құрметке елге деген құрмет өлшемімен қарады. Бұл ойымызға дәлел-дәйектер мақала бойында қоса-қабат өріліп отырады. Осыдан соң іле-шала Бақытжан Әбдірұлы қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Бұл жолы да алдымыздан руханият шықты. Шаһар басшысы өзін қаланың рухани дамуы айрықша толғандыратынын, бұл бағытта танымал зиялы қауым өкілдерімен көп сұхбаттасып жүргенін айтты. Алматы қай кезден де мәдениеттің, әдебиеттің ордасы ғой. Сол мәртебесін сақтап қалуымыз керек деп өзінің ой-пікірімен бөлісті. Тіпті «сіздің ауданыңызда кім тұрады, білесіз бе?» деген мәселеге дейін сөз болды. «Алматыда еліміздің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар тұрады. Олар Алматының ғана емес, исі Алаштың рухани төлқұжаты десе де болады» деп түйіндеді сөзін.
Қала сөзі арабшадан алғанда маданият деген ұғымды білдіреді. Сондықтан қаланың мәдениетсіз мерейіміз өспейтіні белгілі. Мәдениет бар жерде мағына, мән бар. Осындайда Әбіш Кекілбайдың мына бір қағытпа жауабын еске алудың жөні келіп тұр.
Бірде Әбекеңнен қырғыздың бір зиялысы «Мәдениет министрлігі Астанаға көшті ме?» деп сұрапты. Сонда ағамыз: «Көшуін көшті-ау, бірақ мәдениет Алматыда қалып қойды» депті. Шынында да Алаштың Алматысы рухты, киелі шаһар. Кейде көшеде келе жатып осы жолда кезінде Сейфуллиннің, Байтұрсыновтың табанының ізі қалды-ау деп ойға түскенде, тұла бойыңды бір керемет рух күші билеп кетеді. Сол рухты аласартпай, киені қашырмас үшін мәдениетке айрықша көзқарас керек екені сөзсіз. Мәдениет қай кезден де Алматыдан басталған. Бүгінде халқымыздың шырқау биікке көтерілген дарынды адамдарының бәрі әкім мырза меңзегендей, осында тұсауын кесіп, осында қанаттанғаны әмбеге аян. Әріге кетсек, бұл қазақтың байырғы интеллигенциясының отаны. Сондықтан «көргені бар көш бастайды» демекші, тегінде бар, қазақылығы басым тұлға, бала жасынан әдеби кітаптарды жастанып оқыған Бақытжан Сағынтаевтың бұл жағдайды тұла бойымен сезініп, көкірек көзінен өткізуі таңсық болмаса керек.
Бүгінде оқу азайғалы өзіміз бала күнімізден атына мәшһүр болып өскен қаламгерлерден оқырмандар ажырап қалғалы қашан?! Бұл ретте шаһардың шеткері өңірлерді дамытуды көздеген «Алматы-2050» Даму стратегиясында қаланың рухани-мәдени даму бағыты да егжей-тегжейлі сөз болады. Соның бірі сол аймақта қаламгерлермен жаңа форматта кездесу өткізіп, көшпелі кітапханалар ашу көзделген. Сондай-ақ, өмір бойы Алматыда еңбек еткен жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы бейнебаян жасауды Алматы телеарнасына тәптіштеп тапсырды. Қазір кәсіби деңгейі жоғары шығармашылық топ бұл іспен түбегейлі айналысып, телеантология жасады. Оның үстіне «Жазушылардың анықтамалығы», «Әдеби өмір» атты кітаптар жарық көріп, «Қазақ әдебиеті» (бұл басылымды әкім мырза жаздырып алып оқиды), «Простор», «Жұлдыз» басылымдарының қаржылық жағдайы жақсарып сала берді. Сондай-ақ жүзден астам қаламгердің әрқайсына 500 мың теңгеден грант белгіленуі де бұрын соңды болмаған жағдай еді. Бүгінде қасиетті шаңырақты күрделі жөндеуден өткізуге 250 млн. теңге бөлінді. Мұның сыртында «Алматы – еліміздің өркениетті ордасы» атты әдеби жанрлық, оның ішінде драмалық шығармаларға арналған байқау жарияланып, үздік атанғандары қаржылай марапатталып, шаһардың басты театрларында қойылуына да жағдай жасалмақшы.
Мына бір ұрымтал сөз естен кетпейтіндей. Бақытжан Әбдірұлы қаламгерлермен қауышу барысында «Сіздердің жер жарған аттарыңыз бар, сол аттарыңызға сай өмір сүру мүмкіндіктеріңіз де жоғары болу керек!» деді.
Жазушының қоғамдағы орнына бұдан артық баға бола қоймас. Жалпы Жазушылар Одағына жасалған бұл бетбұрыс тек Алматының емес, Алаштың руханиятына, идеологиясына жасалған бетбұрыс деуге әбден болады. Міне, осылайша бұйығы тірлік кешіп, бір қарағанда жаралы жолбарыстың күйін кешкендей боп жатқан қасиетті қара шаңырақ бір күнде дүр сілкінді.
Ұстазымыз Ақселеу Сейдімбек ғылымға тарихты тұлға арқылы зерттеу концепциясын енгізген еді және өзі осы бағытта батыл, жанкешті жұмыс жасады. Осы тұрғыдан келгенде ұрпақтар сабақтастығы, яғни тұлғаны тану, қадіріне жету тұрғысынан қарасақ мың жасаған шаһарда бұл бағытқа арналған шаралар өзгеше сипатпен өріс алды.
Бір нәрсе анық. Кешегі Алашқа өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалардың қадіріне жетіп, олардың еңбегін ұлықтамай тұрып, бүгінгі тұлғаның тірлігінде де бәтуә бола бермейді. Демек, қашанда тұлғамен бірге тұлғаның да тұғыры биіктеп, ісінде алға басу болады. Оның тосын сыры мен құпиясын, ел үшін еткен ерен еңбегін терең сезініп өскен буынның өмірінен де өнеге алыстамайды. Әсіресе қалалық жердегі ұрпақ үшін мұндай шараның маңызы зор.
Тұлғаға құрмет – елге құрмет. Тұлға – бағдар беруші адам. Демек, оны терең тану арқылы ұрпақты да елді, жерді сүюге тәрбиелейміз.
Бізде бір дағды бар. Тұлғалардың мерейтойын күтіп отырамыз да, сол тұста ғана құрмет көрсетуді міндет санаймыз. Меніңше, бұл дұрыс емес, тұлғалардың қызметінен түйетін тағылым әр кезде орайын тауып жалғасып отыруы қажет. Бұл ретте белгілі бір қасаң қағидаларға құрылып, қатып қалған нұсқаулардың бұл кісілерге қатысы болмауы керек. Кез-келген басшы мұндай шектеулерді, шеңберлерді өзінің ақыл-парасатына сай бұза алады. Бұл ретте оның саяси тұлға ғана болуы жеткіліксіз, ол ең алдымен рухани тұлға болуы керек. Сол мәртебеге ие тұлға халықтың көңілінен шығатынына сөз жоқ. Өйткені, елді бір-бірімен жақындастыратын өнер, рухани тұлғалар. Міне, осының сырын түсінген адамның өзі рухани тұлғаға айналады. Осы ділгір қасиет өз тегінен тамыр тартатын Бақытжан Әбдірұлы сондай тұлға екенін аз уақыттың ішінде дәлелдеп, әлгіндей санамызды шиырлап алған шаблонды бұзды. Әрине, әкімге саясатты да, экономиканы да, әлеуметтік мәселені де жетік білгені жөн. Әкім – әмбебап қызмет. Дейтұрғанмен де, рухани бағытты қолға алған адамның қай кезде де ұтары көп. Рухани тұлға болу халық үшін екі есе бақыт. Олай дейтініміз, мұндай адамның өзі де, сөзі де түзу болады. Халық осы арқылы оның парасат-пайымын, білім-білігін, тегін таниды. Осы тұрғыдан келгенде Бақытжан Сағынтаев өзін сол биік өреге сай екендігін танытып үлгерді. Әрине, біреуге жағымпазданатын жағдайымыз жоқ, дейтұрғанмен де көргенді, сезінгенді өзге де білсін, үйренсін деп айту парыз.
Бір мысал келтірейін. Шерхан Мұрта­заның тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашылды (04.10.2019). Сонда Бақытжан Әбдірұлы былай деді:
– Бізде көп дүние қағазға байланысты шешіледі. Қағазға әлденені жазамыз да, сол сияның артындағы азаматтың кім екенін ұмытып кетеміз. Біз бәрін таразыға салып қоямыз. Өкінішті-ақ. Осыны жасап жүрген өзіміз. Ал Шерағамыздың дүниеден өткеніне жыл толып жатқан кезде, қағазға қарап қаламыз ба? Осылай қағаздың бәрін ысырып тастап шешім қабылдадық. Мұндай шешім бір жылдан кейін емес, бес жылдан кейін емес, марқұм болған күннің ертеңінде қабылдануы керек. Өйткені, бұл азамат – елдің азаматы. Тек «елім» деп қана өтті. Сол себепті осындай ізгі шаруаның басы-қасында жүргеніме қуаныштымын.
«Мәдениеттілік – адамның рухани өрісімен өлшенеді» деп Баукең айтқандай, осы бір ауыз сөздің өзі оның ішкі мәдениеті мен тазалығынан жеткілікті хабар берсе керек.
Алматыдағы бір жылдан астам уақыт ішіндегі санаға сілкініс, рухани жаңғыру әкелген сәттердің бір үзігі ғана бұл.
Ұлы Конфуцийдің «Егер заң арқылы басқарылса, жазалау арқылы реттелсе, халық аяғын тартады, бірақ ұятты сезінбейді. Егер ізгілік арқылы басқарылса, оны дәстүрге айналдырса, халық ұялып қана қоймайды, көндігуге тырысады» дегені бар екен.
Экономика, саясаттағы жетістіктер көбіне мемлекет мүддесіне қызмет етсе, ал руханият, демек, ізгілік арқылы басқарудың ұлттық мүддеге етер қызметі өлшеусіз екені даусыз. Өнердің, мәдениеттің негізінде ізгілік, ізгі мұрат жатады. Руханияттың түбіріне үңілсеңіз, рух-ұят деген бір зор мағынаны да сезінуге болады. Демек, өнер, мәдениет басым жерде ұят-аятты сезіну сезімі күшейіп, рухтың қайта оралуы, оянуы көрініс береді.
«Дүниеде адамдардың бір-бірімен түсініскенінен артық байлық жоқ» депті Антуан де Сент-Экзюпери деген кісі. Айтқандайын, Бақытжан Әбдірұлының қала жұртшылығымен есептік кездесуінде «сенім – біз бір-бірімізді тыңдай білгенде ғана болады» (19.02.2020 «Халық арена») деуі осы оймен үндесіп жатыр. Демек, ұлт, ел мүддесіне негізделген үлкен тірліктердің қай-қайсысына да серпіліс сазын алып келетін ұлы күш те сол сенім.
Айтуға ғана жеңіл бұл ізгі шаралардың орындалуы, жүзеге асуы жолындағы жанкешті жұмыстың сапасы да сол сенім берік орнаған жерде ғана өз жемісін берері сөзсіз. Мұндай маңызы зор істі тиісті құрылымдардың тізгінін ұстап отырған азаматтар, демек, рухани өресі биік, болмысы ұлт рухына байланған басшылар, былайша айтқанда, кәдімгі кәтепті қара нарлар ғана тарта алады. Бұл ретте қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың осынау ұлттық, елдік мүддеге негізделген идеологиялық жұмыстардың орындалу барысында білім-білігі, парасат-пайымы биік деңгейде байқалатынын да баса айту керек.
Бүгінде «Алатау ақпарат» ЖШС-і болып бір мекемеге бірігіп жатқан «Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы» басылымдарында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жазылып отыратындықтан оған егжей-тегжейлі тоқтаудың қажеттілігі де бола қоймас.
Тұлғатану процесі үздіксіз жалғасқан жағдайда ұлт ұпайы да түгенделе береді. Шаһар көлеміндегі бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды бір мақала бойында түгендеп шыға алмаспыз. Алайда мына бір ұсынысты да қаперге сала кеткен жөн-ау. Кейінгі уақытта қаладағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің тағдыры туралы «Алматы ақшамында» бірнеше рет мәселе көтерілді. Бүгінде Ахаңның табанының ізі, демі қалған қасиетті шаңырақ жабырқау күй кешіп тұр. Айтпағымыз, ұлы ағартушы үйін қазынаның иелігіне, қамқорлығына беру. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов мұражайлары иеленген мәртебе Ахаңа да бұйырса деген ұсыныс айтылып, құзырлы орындарға белгілі тұлғалардың атынан хат та жолданған. Әрине бұл мәселеден Бақытжан Әбдірұлы хабардар болса, көп ұзамай шешімін табатынына шүбә жоқ.
Атақты «Қыз Жібек» фильмінің жарық көргеніне биыл 50 жылға жуықтады. Күні бүгінге дейін жалықпай көретін, бүткіл қазақ элитасы жанын салып шығарған киноклассика алғаш рет Алматыдағы «Целинный» кинотеатрында көрсетілген екен. «Алматы ақшамында» да осы оқиғаны есте қалдыруға қатысты ұсыныстар (26.02.2013) аз жазылған жоқ. Осы кинотеатрдың атын «Қыз Жібек» деп өзгертіп, оның алдындағы алаңқайға фильмді жасағандардың жиынтық бейнесін сомдайтын сом ескерткіш қойылса болмас па?!
«Ұлттық идея туады, жасалмайды. Саяси идеология жасалады» деуші еді жарықтық Қалағаң – Қалтай Мұхмеджанов. Рас. Елді ұйыстыратын ұлттық идея. Саяси идеологияның бірсыпырасы науқандық, басқа да мақсаттарды көздеп жасалуы мүмкін, бірақ ол да ел бірлігіне, ынтымағына қызмет етуге бейілді. Ал елдің мәңгілік бітімін, болмысын сақтайтын да ұлттық идеяға негізделген идеология. Оның негізі мәдениетте, өнерде, руханиятта жатыр. Ең алдымен, жоғары деңгейдегі мәдениетке жетпей, қай салада болсын ілгерілеуді күтпеңіз. Айтатын нәрсе аз емес, әсіресе, дарынды балаларды қолдау жөнінде қосымша бағдарламалардың қолға алынуы жан сүйсінтеді. Дейтұрғанмен де бір мақала бойында Алматының рухани-мәдени сипаты туралы сараптама жасап шығу мүмкін емес. Қазір той жарыстыру емес, ой жарыстыру заманы. Демек, Алматыда да дала мен қала өркениеті тоғысып, базар қаласынан руханият қаласына айналу жолындағы идеологиялық жұмыстар легі сәтті басталды деуге әбден болады.

Қали СӘРСЕНБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президент сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір