ҰЛЫ КІТАПТАРДЫ ОҚУ АРҚЫЛЫ ДАРИТЫН ҚАСИЕТТЕРДІ ӨЗГЕ ЕШБІР ДҮНИЕ СІҢІРЕ АЛМАЙДЫ
09.05.2020
929
5

Марио Варгас ЛЬОСА, Нобель сыйлығының иегері:

Адамдар ешқашан өз өмірлеріне толықтай риза болмайды. Әрқайсымыз   өзіндік қиялдарға иеміз, соның негізінде еншімізге бұйырған нәрседен де артық дүниелерге қол жеткізгіміз келіп тұрады. Барлық адамның ішкі әлеміндегі осы тектес бос қуысты толтырудың бірден-бір дәруі – әдебиет. Әдебиеттің арқасында біз өзге өмірді сүре аламыз, мүлде беймәлім, жат оқиғаларды басымыздан өткергендей  болып, уақыт пен кеңістіктің де орнын алмастыруға мүмкіндік туады. Тосын жағдайларға тап болып, махаббат пен өзге де ғажайып сезімдерді сезіне аламыз. Кітаптардың арқасында өмірлік тәжірибеміз молая түседі. Әдебиет біздің көзімізді ашады, әлемнің қалай пайда болғанын, даму үдерісін көз алдымызға келтіреді, сол үшін де әдебиет, ол – мәңгілік. Жақсы кітаптар біздің сыншылық қасиетімізді дамытады, өмірге әртүрлі көзқарас тұрғысынан қарап, ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алуға үйретеді. Сол арқылы әлемді жақсарта түсу үшін не істеу керектігін түсінеміз. Әдебиет жүйені өзгертуде де ең қуатты күш болып саналады.

Солай десек те, әдебиет қандай да бір мәселелерді шешуге міндетті деп ойламаймын. Әдетте, қуатты шығарманы оқу көңілді қозғап, жүректі тебірентеді. Салдарынан бұрын-соңды ойға келмеген сұрақтар пайда болып,   көзге көрінбейтін, тасадағы түйткілдер жарыққа шығады. Әдебиеттің негізгі міндеті де – осында.

Біз  шекаралық бөліністің бөгетіне мұйынсұнбайтын мультимәдениетті, көптілді әлемде өмір сүреміз. Мұндай тезисті дәуірде аудармашылардың рөлі зор. Тәржімалау барысында түпнұсқадағы шығарма ізіне дендеп түсудің аса қажеті жоқ, менің ойымша. Тілдер мен мәдениеттер арасындағы айырмашылық маманның  жаңашыл әрі өз тілінде неғұрлым еркін болуын талап етеді. Жазушы шығармасы аударылғалы жатқан тілді жақсы меңгергенімен, жат тілдегі нәзік иірімдер мен мәтіннің шұрайын кіргізер қағидаттарды жете біле бермеуі кәдік. Сондықтан аудармашы көмек беруімді сұраса, көмектесемін, алайда одан еркін болуын өтінетінім бар. Тырнақалды романым швед тіліне тәржімаланғанда, әскери мектептің оқушыларын түпнұсқадағыдай темекі емес, есірткі шегетін образға ие етіпті. Мұны аудармашы білмей жасады ма, әдейі жасады ма, хабарсызбын, ойдың түбегейлі өзгергені анық. Ол жылдары Перуде есірткінің не екенін  тіпті ешкім білмейтін. Яғни шведтіктер романымды басқа қырынан түсінген сыңайлы.

Алғашқы кітаптарымды жазғанда, юморға сенбейтінмін. Менің әдебиеттегі юморға деген сенбеушілігіме француз жазушысы, философ Жан-Поль Сартрдың ықпалы зор. Ол қарама-қайшылықтарға толы әрі өте ақылды адам еді, бірақ шығармашылығында юморға мүлде жол бермейтін. Ешбір күлкі араластырмай жазу турашылдықтың көрінісі іспетті. Мен де  жазуға алғаш бет бұра бастағанымда осы қағиданы берік ұстануға тырыстым. Алайда бірде, «Капитан Пантелеймон мен қайырымдылық жасаушылар ротасы» атты кітабымды жазар кезде ормандағы жауынгерлерге жәрдем көрсететін қыздар армиясының қалай құрылғандығын сипаттайтын тосын жайларды кезіктірдім. Оқиға барысын еш қалжыңсыз жазып бастадым да, оны жай ғана бұлай баяндай салуға болмайтынын аңғардым. Және кейбір оқиғалардың шынайылығын арттыру үшін тап осы юмордың аса қажет екенін түсіндім.  Юмордың қатысынсыз шынайы образдалмайтын кейіпкерлер де болады екен. Сол тұстан бастап  менің әр кітабымда, әр туындымда юмордың элементі бар.

Автордың шығармадағы өзекті ойы мен азамат ретіндегі ойы үнемі сәйкес келе бермеуі мүмкін. Екеуінің арасындағы кереғарлықты тудырған жағдайлар аз емес. Мысалы,  Бальзак романист ретінде қоғамды жиі сын тезіне алып, заңсыздық пен теңсіздік, жемқорлық хақындағы өткір ойларын ашық жазатын. Ал азаматтық ұстанымы бойынша, Бальзак, керісінше, өз тұсындағы қоғамдық жүйеде өзін сондай жайлы сезініп, тіпті бір уақыттарда антисемиттік (еврейлерді жек көруші адам) пейілімен танылып, соқыр сенімдердің жетегінде кеткен кездері де болған. Бірақ жазу үстеліне отырып, жазуды бастаған сәттен саяси пайымдарын естен шығарып, уақыттың табын тап басып бедерлейтін, адастырмайтын әдеби интуициясына ерік беретін.

Өмірімнің көп бөлігі Испанияда өтуде, бұл елмен әлдебір туыстық байланысым бардай, мұндай сезім менің қалай жазатыныма да өз әсерін тигізеді. Сонымен қатар мен – перулікпін, Отаныммен тамырластығым ешқашан үзілмек емес. Мен қалам тербейтін испан тілі испандық тілдер шоғырының перулік нұсқасы болып саналады. Испанияда ұзақ жылдар өмір сүруіме байланысты Перу азаматтығынан айрылып қалу қатері төнгенде испан билігінен маған қос азаматтық беруін сұрадым, және  өтінішімді жерде қалдырмағаны үшін алғысымды білдіремін. Әдетте олар мұндай мүмкіндікті ешкімге бермейтін.

Нәтижесінде мен өзімді әлем азаматы ретінде сезініп келемін. Адам тұрғылықты мекенін ауыстырғанда жаңа кеңістікке жол ашып, әлемнің шексіздігіне бойлағандай күй кешеді. Біз үнемі қозғалыста болуға, қадам басқан сайын алдымыздағы кедергілерден арылып, шектеулер мен шекараларды бұзып-жаруға тиіспіз.  Тұжырымдары үнемі таңданысымды тудыратын Карл Поппер есімді философ өткен. Өмірінің соңында одан: «Сізге біз өмір сүріп жатқан уақыт жемқорлықтың, адами рухты жоғалтудың, қатігездіктің шыңына шыққан мезгілі секілді көрінбей ме?» деп сұраған екен.  «Иә, көңілге кірбін ұялатар  жайлардың көп екені рас. Дегенмен адамзат тарихының ұзына бойына зер салсақ, керітартпалық пен кінәраттарға  итермелейтін кесапаттарды жоюға септесетін мәдени, ғылыми, идеологиялық тетіктердің дәл қазіргідей көп болған кезі жоқ. Соған қарамастан, әлі де әділеттілікке, шын мәніндегі  өркениетті қоғамға қол жеткізе алмасақ, бұған тек өзіміз кінәліміз, білместігіміз кінәлі», – деп жауап қатады философ сонда. Әр алуан әділетсіздіктер мен жамандықтың өршіп тұрғаны шындық, бірақ осы түйткілді мәселелер торығушылыққа тойтарыс беріп, күйрегіштікке бой алдырмауымызға, бар игілікті дұрыс пайдалана алуымызға күш беруі керек.

Меніңше, жастарға ақыл айтудың қажеті жоқ. Дегенмен бір ұсыныс айтып көрейін. Кімге болса да, «мейлінше көп оқыңыз» деген кеңес беремін. Жақсы кітаптар сіздің өміріңізді байытады. Мақсатыңызға жетудің даңғыл жолын қалыптастырып, бағдарыңызды айқындауға көмектеседі. Айналаға көкірек көзімен зер салудың кілті де кітапта. Ұлы кітаптар дарытатын ғажайып қасиеттерді басқа ешбір дүние сіңіре алмайды. Егер Сервантесті, дүние жүзінің таңғажайып жауһарларын тануыма мүмкіндік сыйлаған өзге де жазушыларды оқымағанымда менің өмірім мүлде басқа арнаға ойысып, ешкім қалай қоймайтын нашар бағытта өрбитін бе еді… Шытырман уақиғалы ұлы туындылар бізді тау үңгірінен өркениеттің құзар шыңына дейін биіктетті. Кітап адамзатты ізгілендіреді әрі рухтандырады.

Бірді-екілісі болмаса, жазушылардың дені қаламгерлік жолын проза жазудан бастай қоймаған. Барлығы дерлік алғашында ақын ретінде танылған. Білесіз бе, «орташа поэзия» деген ұғым жоқ, поэзия не мықты, не осал болады. Мықты өлең жазу маған бұйырмаған екен,  өзім үшін әлдеқайда қолжетімді жанр – прозаға  ат басын бұруымның себебі де осында еді. Бірақ әр романистің ішінде бір-бір ақын өмір сүреді деп ойлаймын. Поэзия, ол –асқан  кемелдікке, құдіретке бір табан жақындата түсетін жанр.

Мені рухани байытқан кітаптардың арасынан бесеуін ғана таңдап айту өте қиын. Мысалы, Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін» оқығанымда, санамның сәулеленгенін сезіндім.  Толстойдың сондай ауқымды да кішігірім оқиғаларды шендестіре келе, өмірдің мәні мен жалпыға ортақ бақыттың, тектілік пен тексіздіктің аражігін жымдастыра бейнелеуін қаһармандық деп білемін. 58-жылдары Флобердің «Бовари ханымын» оқып, қандай жазушы болғым келетінін түйсіндім. Шынайы оқиғаларға негізделген туындылар жазғым келді. Флоберді оқи жүріп, арманым шындыққа айналды. Көпшіліктің қолынан көп табыла бермейтін «Серілер туралы роман» есіме түсіп отыр. XV ғасырда қағазға түскен бұл шығармада соғыс та, шайқастар да, күлкілі мезеттер мен жеке өмір де, сондай-ақ сарайлардың салтанаты мен Грециядан Болгарияға дейінгі саяхат та – бәрі-бәрі ғажап бейнеленген. Студент шағымда дәл осы кітапты оқи отырып, әдебиеттің борышы не екенін ұққан едім.

Борхесті  дәуіріміздің ең мықты әңгімешісі деп есептеймін, оның әңгімелері осы заманмен  өмір сүріп, осы уақытпен  тыныстайтындай әсер қалдырады. Испан тілі табиғатында мәтін құрамында сөздерді тым көп қолданатын тіл. Борхестің бір мықтылығы сонда, ол туындыларында  ағылшын тіліне көбірек ұқсайтын, аз сөзбен көп мағына үстейтін испан тілін өмірге әкелді. Томас Манн «Будденброктар» романында өзі бел ортасында жүрген қоғамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің көрінісін кескіндеп, құндылықтар мен құлдыраудың  өлшемін шебер қиюластырған. Мана айтып өткенімдей, маған ықпал еткен кітаптар өте көп. Таңдаулылар есебінде бесеуін ғана атау қисынға келе қоймайды. «Сүйікті бес кітабыңыз қандай?» деген сауал ертең тағы да қойылса,  бәлкім, мүлде басқа шығармалар хақында айтатын шығармын.

Жалпы, маған ұнамайтын дүниелердің қарасы аз, білуге, білімге әуес адаммын.  Ғұмыр бойы қоршаған әлемді тануға деген құштарлық жоғалмаса, өмірдің мәні де сонда емес пе?! Қайта туып, таңдау еркі қайта берілсе, ойланбай тағы да әдебиетті таңдар едім. Бір кездері Флобер «Әдебиет өмір сүру салтыма айналып кеткен» деп ақиқатын айтқан. Мен үшін де солай. Бүкіл ғұмырым бірте-бірте әдебиет аңғарына қарай жылыстай отырып, осы саланы өмірлік міндетіме айналдырды, кітаптарға бағынышты етті. Борхестің бір сұхбатында: «Мен әдебиетпен азықтанамын, және сонымен аңқимын» деп әзілдегені бар. Мен де өмірімнің соңына дейін әдебиетпен «аңқимын ба» деп үміттенемін.

Аударған Мөлдір Райымбекова

ПІКІРЛЕР5
Аноним 10.05.2020 | 13:47

Jaksi awdarma. Okingizdar. Okinbeysizder.

Аноним 11.05.2020 | 10:39

Көп рақмет!

Аноним 13.05.2020 | 21:31

Орыс тілінен аударылған

Аноним 13.05.2020 | 21:34

Грециядан … ?

Аноним 13.05.2020 | 21:35

ОРЫСШАДАН АУДАРЫЛҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір