Саян ЕСЖАН. Төртбұрышты ойлар жадын қоршаған…
07.05.2020
1773
4

* * *

Қарашаның қабағында бір мұң бар,
Қара шалдың қасіретіндей тым қалың.
…Түсіне алмас бұл қалалық тұрғындар,
Ұғына алмас кіл баянсыз жылдарың.

Қоңыр түнде Күз күрсінер, түз емес,
Жапырақтар сыбырлайды нені осы?
…Бұл қалада адасқан жан біз емес –
Біздің өткен шағымыздың елесі.

Біздің өмір – сандырағы қаланың,
Сен бəрін де білесің ғой, Қараша?!
…Бір сауалдың табу үшін жауабын –
Жетіп жатыр шексіздікке қараса…

 ҚАҢТАРДАҒЫ МОЗАИКА

Айдың әлсіз жарығы.
Қаңтар.
Соқпақ.
Күміс қар.
Қысқы тірлік сарыны –
Үнсіздік һәм дыбыстар.

Ұйықтамайды бұл қала
қақпас бір сәт кірпігін.
Асфальт жолдар сұрлана
Күтер Көктем «дүмпуін».

Айдың әлсіз жарығы –
Түн жанары қыраулы.
Дүниенің қалыбы

Дүниедей тұманды.  

Мезі қылған мезеттен,
Уақыт та жалыққан.
Күн қайтады кезекпен
Күнделікті «сауықтан».

Айдың әлсіз жарығы.
Қаңтар.
Соқпақ.
Күміс қар.
Түн.
Уақыт үнсіз ағады,
Уыстан…

 ТҮНГІ АБСУРД

Ақпан түні. 
Шамның жарық көз жасы құйылады әйнектен.
…Төрт қабырға төрткүл дүниеге ұмсынған.
Тереземнің түбіне қатқан суық ақ қар тірі –
Буланады даурыққан кіл қоғами былшылдан.
…оны мәңгі ұмыттырар қай Көктем?!

Жалыққандай Мезет Сәттің өзінен,
Ғасыр Жылдан шаршаған.
Ақ қар тілі ұшынған дертті қоғам Сөзінен…
Төртбұрышты ойлар жадын қоршаған —
Тереземнің көзімен.
Ақпан түні.

Ақпан түні.
Ақ кебіндей суық әрі ызғарлы.
Жалқы сәтте көрінді алғаш ақ қар кірі –
…Тереземде Қоғам кірі сіңіп кеткен із қалды. 
Әр тұрғынның жүрегіне қатқан түбі.

Ал не дейсіз, Сіз жарлы?!

* * *

…Жансыз ұран  «тақ-тағы»,
Кілең жансыз «қуыршақтар» тақпағы,
Ар кітабын шимайлаған шатпағы,
Жан кітабын шиырлаған жадтағы —
(Болмас сірә, тоқтауы —
Хақ бәрі.)
…Қала жатыр айыға алмай Тұманнан,
Дала жатыр айыға алмай Күмәннан.
Күн артынан күн ауған,
Жыл артынан жыл ауған…
«Еркіндік…» деп біз оқыған Ертегі —
Желге сіңген Серт еді.
(Сол Ертегі мұздай қарып кеудені
Жалынымен бүгін тағы өртеді.)
Дәуренім-ай, мерекешіл, сауықшыл,
Жанарыңнан кетер Уақыт, тамып сұр.
Тезге салған тарихыңнан не тоба,
халық – шіл.
Жансыз Ұран Жарлығына иланған,
Шаршады ма, ертегішіл ми даудан.
Шаршады ма, дала сыйған жүрек бұл
Бір шеңберге сыймаудан?
…Енді тағы не дейін?
Бұл күндердің көбі Ойын.
Тас қабырға күбір етті осы сәт –
Құмға толды көмейім.

Жансыз Ұран, Ода да —
Мәңгілігің өтсе-дағы модада.
…Бәрінен де Ертегімен көз ілген
Бұл дала обал, ә…

* * *

 /Әр адам айналасынан өзіне қажет Ақиқатты ғана іздейді./

 Арды күзетпек болдым –
Арсызға айналдым.
Жанды түзетпек болдым —
«Жансызға» айналдым.
Сан сұрақтарға сансыз байландым…

…Сізді әлі тірі дейді,
Ақиқат, Сіз, барсыз ба, айбарлым?!

 

…Жан — Нұрға, ұмтылады Көңіл — Күнге,
Қараңғы қапас Тірлік,
Өмір — түрме.
Құйылған құдіреттің қаламынан
Сөйлейді бір Жалғыздық қоңыр түнде.
Бір Жалғыздық сөйлейді ақ қағазда,
Көп Жалғыздық көмілген «көк қағазға»
Тап пенен топ күресі — Өмір деген,
Бөлінген Көп пен Азға.
…Қаланың санасындай тұманданған,
Тірлік мәні — белгісіз!
Күмән…Жалған…
Уытты, салқын Сөзден жан тұмаурап,
Ақылдың жанарына қырау қонған.
…Соқпақпен құлдыраңдап бағыты жоқ,
Тән тозды, Ар қажыды, Жан үһілеп,
Дертті қоғам демінен құйылып тұр
Әлі түнек.
Маңдайдың бар мазмұнын Тәңір жазып
Қойса да, қу тірліктен сабыр қажып,
Анығы — дүр дүние адастырған —
Бағыт пен бағдары жоқ Темірқазық.

 

Арды күзетпек болдым —
Арсызға айналдым.
Жанды түзетпек болдым —
«Жансызға» айналдым.
Сан сұрақтарға сансыз байландым…

…Сізді әлі тірі дейді,
Ақиқат, Сіз, барсыз ба, айбарлым?!

* * *

Селт еткен жоқпын Дүбірге,
Жалт еткен жоқпын Тасырға.
Түңілген жоқпын Күбірге,
Үңілген жоқпын Жасынға,
Не дейсің, Өмір,
Расында?!

Өмір,
Мен емес – соңың, басың да,
Сынағың бар ма?
Тосылма!
Жұмбағың бар ма?
Жасырма!
…Сенен артық жалғанда
Жоқ, білем,
досым, қасым да.

…Не дейсің көңілі бос ұлға,
Көмілген жоқпын Жақұтқа.
Айнала алмадым Ғасырға,
Байлана алмадым Уақытқа…
Жиырма жеті жасымда.

ТОҚТАҒАН САҒАТ.
FELO-DE-SE.

Тоқтап қалған сағаттың «қылышынан»
Жер тоқтап қалмайды.
Өлмейді Уақыт ешқашан.
Ғасырлар сусып кетпейді уысынан
Сұрықсыз күндер бір сәттік сипатын сақтап қалмайды,
Сәт сайын құбылады кеш масаң.

Көлеңкелер көшеді қаланың қуыс-қуысынан.

Тоқтап қалған сағаттың дыбысынан;
Теңіз шайқалып кетпейді әлемнің анау алыс нүктесіндегі.
Күнді жапқан бұлт өртенбейді күн ұшынан,
Сұрланған атомдар жарылып кетпейді өздігінен бұлт көшіндегі.

Көшеді мезгіл.
Жер бетінде Ауа ғана алмасады.
Тән әлемінің тұрғындары Жан әлемінің мәңгілік мекенін бетке алып.
Көзге көрінбес жарды асады, тауды асады
Сәтте анық.

Тоқтап қалған сағаттың «жүрегінде»
Өткен шақтың естеліктері дүрсіл қағады соңғы рет.
…Үстел үстіндегі ақ қағаз бен мұңайған гүл өңінде
Жазбаның салқын сұлбасы тұнып тұрады –
«болды», — деп…

 

УРБАНИЗАЦИЯ
Қара басты…
Табанымнан Құт кетті – Дала қашты.
Кірпігіне Күн қонған күлімкөзім,
Қайтпас!..
Теңіз болып кетсе де жанар асты.

Көшті Дәуір,
Көшті бауыр – өшті ошақ.
Кеңістіктің түбінде бір көш жосап…
Балалықтың елесі жүр бұл маңда –
Балбал-күннің маңдайына тас қашап.

Құлазыған ақ шағыл,
Қайтем, 
қоштасуым жүрегіне батса ауыр.
…Теңіздей-ақ шулап қалар қара орман,
Жоқтап болар ертең мына шақ сәуір.

Гүлің едім өсіп шыққан өртеңге,
Қасиетіңді ұға алдым ба, Мен пенде?!
…Қашып барам қадірі жоқ Бүгіннен
Бәрі кеткен соқпақпенен Ертеңге.

Сенде өткен әрбір күн –
Әліппесі болды білем Тағдырдың.
Жан қалмады. Мен де кеттім.
Қош, аман…
Өткенімді аманат қып қалдырдым.

КӨНЕ САРАЙШЫҚ 

І

Сыр шертіп тұрғандай-ақ далам абыз –
Құмынан толғайтындай заман аңыз.
…Бағзы бір ғасырлардың сөзін сөйлеп,
Жайыққа қонды тағы сары ала күз.

Дерегін оның Уақыт, Жел біледі,
Əулиеағаш басындағы ел біледі.
Қасымның қасқа жолын жырмен өріп,
Иллаһи нұрға ғажап сендіреді.

Ақ Жайық, 
қанды Жайық не көрмеген,
Жағаңнан Өмір көрем, Өлең көрем.
Өткеннің өзін көрем толқыныңнан,
Сəт сайын толқып ағып, төмендеген.

Сөйлейтін күй тілінде абат қырдың,
Селеуін жүрегіммен тарап тұрмын.
Көшкен құм – тарихым ол тереңдегі
Жұтылған жанарына манат түннің.

Байсын ел, байырғы жұрт, ай-хай далам,
Мəңгілік өтсе-дағы қартаймаған.
Басынан осы жұрттың бақ таймаған,
Тасының өзінен де əр таймаған.

…Шіркін-ай, абыз далам, аңыз далам,
Көз жасын кім бар Сен деп ағызбаған?!
Тəңірдің ең бір көркем қолтаңбасы —
Таралған тоғыз арнаң – тоғыз ғалам.

\…Жайық-ау, көздің мөлдір кəусарындай,
Жүре алман сені сүймей һəм сағынбай.
Бұл Өлең – Жан көзінің бір тамшысы
Төгілген көрген мезет барша құмды-ай…

ІІ

Жел кеміріп басқан қадам, əр ізді,
Сол сəт өмір тоқтап қалған тəрізді.
Тағдырымның жазуындай құпия
Сипап тұрып көмескілеу бəдізді 
Шын деп ұқтым, жұрт сенбейтін аңызды.
«Аққу көлдің» жарқыраған айнасы,
Жұмақ күнің қайда осы?
Мыңжылдықтар тіл қатқандай құмыңнан,
Əлкей шалдың тиген сəтте қайласы.
Қайран, Тарих!..
Біздер сенен нені ұқтық?
Қайран қалдық, сүйсіндік һəм зеріктік.
…Алтын дəуір – біз көрмеген тұнықтық,
Алтын қайық – біз көрмеген беріктік.
Сыр ашпайды ұлы Жайық арнасы,
Сыр дегенің – көмілген-ді жарда осы.
Көбік атып, толқын сүйген арнаңда
Қалды дейсің тарихыңның ал, несі?
Сөзіне өзі айналған-ды ол Дəуірдің,
Зілінен де құламаған кəуірдің.
Мына дала – өткеніңнің жазбасы,
Қаламымен өрнектелген Тəңірдің.
«…Алтын қайық, аққу көл…
һəм бəрі аңыз» —
Деп сенген ел, біз де соған нанамыз.
Жайық түгілі сансыз ғұмыр көшірген,
Бұл жер беті – біздің ортақ моламыз.
…Жел жұтады күнде келген əр ізді,
Жұтқан жəне біздер сенген аңызды.
Тағдырымның жазуындай оқылмас,
Сипап тұрмын əлі сол бір бəдізді.

* * *

Он жыл бұрын…
Ол кезде әлі баламыз –
Әрі жақын, әрі шалғай арамыз.
…Бір-ақ күнде таныстырды көктеме,
Бір-ақ сәтте табыстырды қара Күз.

Сол уақытта аштым жаңа Әлемді,
Сол уақытта жаздым алғаш Өлеңді.
Жарық дүние қапелімде жаңарды –

Ішкі дүние ғалам сынды көнерді.
Ұмыта алмай сол бір көркем кезеңді,
Сан төңкердім Тағдыр тартқан көземді…
Қанша раушан көкірегімде гүлдеді –
Айтылмастан іште қанша Сөз өлді.

Жан жылыған әрбір ыстық хаттардан,
Жанарымда әр әріпі жатталған.
Әр күн сайын қаншама рет оқылып,
Әр күн сайын жүрегімде сақталған.
…Уақыт өтті.
Бәріне де «қош» дедік.
Өмір ғой бұл!
Өмір деген – естелік.
Кеттік сосын екі тарау жолменен,
Кеттік, солай…
«кетеміз деп дос болып».
…Солай, солай Қылықтым,
Мұз құрсаған жетім көлдей тыныппын.
…Қаншама жыл ұмытам деп жүргенде
Бір-ақ күнде өз-өзімді ұмыттым.
Он жыл бұрын…
Ол кезде әлі баламыз.
Әрі жақын, әрі шалғай арамыз.
…Он жетінші көктемімде ғайып боп –

Алғаш рет мұңға ораған қара Күз.

Он жыл өтті…
Қазір соның бәрі аңыз!

* * *

Түйісті екен жол қайдан?
Санамда сансыз фотолента көп сарғайған.
…Он Көктем, он Күз өтпестей болып көрінген —
өткінші екен ол да, айнам!

Он Көктем, он Күз!
Зымырап өтті, не керек…
Бақытқа сендік, Уақытқа сендік «төре» деп.
Сол шақта қалған сауалдың сансыз жауабы
Бүгінге жетіп, есіме түсті неге көп?!

…Телефон соққан әр сәтте іштей үздігіп,
От шарпып бойды, кей сәтте суық мұз қылып —
Талай шаншыды желікке толы жүректі,
Жетілді солай, дәл біздей қанша қыз, жігіт.

Аппақ көңілдей ақ хаттар сонда келетін,
Ақ жүрегің алғаусыз соған сенетін.
Он жылда енді кір шалды неге көңілді,
Он жыл ішінде өзгердік екен неге тым?

…Бүгінде сол шақ ертегідей боп көрінер,
Естелік қана — өткен күндердің көрігі ол.
Ең соңғы рет екіге бізді айырып,
Сықылықтап: «Баянсыз махаббат!», — деді Жол.

…Өшкендей едің мәңгі ойдан,
Санамда сансыз фотолента көп сарғайған.
…Дәл мына Жол — біз табысып, қоштасқан жол еді,
Кездестік бүгін неге бұл жерде енді, айнам?!

БІЗДІҢ ЖАЙ

Қалды, білемін – қиырда көп із,
Тағдырдың жолын шиырлап.
Бүгінім…
«Республика 29».
Шағын мемлекет.
Түйір Бақ.
Шайқалған теңіз толқыны сынды
Өмір –
Тоқтау жоқ күресін.
…Мысқылдап мыстан-күн алтын ұсынды,
Құны жоқ құн-жұн ол,
Білесің.
…Базарда мынау баз кешіп кетпен,
Шайқысы көп онсыз шәрінің.
Көңіл орнында.
Жаз көшіп кеткен.
Басқа түк те жоқ, бауырым.
Түйінсіз қалған Өлең секілді,
Қисынсыз қисап күндер көп.
Өзгердік бүгін, Әлем секілді
Өзгесін енді білгем жоқ.
Ойлар көп, Ойлар…
Көнерген қоста.
Рас, қызық емес басқа дым.
Сүйенішің жоқ Өлеңнен басқа
Өмірде мынау қас-қағым.
Қалды, білемін – қиырда көп із,
Тағдырдың жолын шиырлап.
Бүгінім…
«Республика 29».
Шағын мемлекет.
Түйір Бақ.

(Galina Felikson-нан еркін аударма)

Дір-дір еткен бұталар көкке жайып қолдарын,
Әуеніне ұйыған қара басқыр қарғаның.
Жол бойында билеген көлеңкелер асықты,
Шайдай күрең іңірдің көру үшін шамдарын.
Терезеде үнсіздік – айқара ашпас құшағын,
Жаңғырығы көшенің қайталайды құс әнін.
Қалжыраған көліктер ештеңені елемес
Көмейінен Вокзалдың шыққан сәтте құсалы Үн.

Бағыты жоқ Жолдардың,
бағдары жоқ мезгілдің,
Шексіздікті аңсатқан Уақыт, нені сездірдің?!
Жылтыраған рельстің айнасынан жымыңдап
Көрінеді жанары һәм тырнағы жез күннің.

…Пойыз – біздің тағдырдай Мәңгілікке асыққан,
Мұраты жоқ бұл елге қарайтындай қашықтан.
Көз салады алыстан арманы өлген халыққа –
Уақыт жүзін қартайтып, жылдар жанын жасытқан.
Көңілінде пойыздың жан түсінбес алаң бар,
Аяй ма екен біздерді, жансыз қызыл вагондар.
Шақырады оларды – Мәңгіліктің пейзажы,
Шақырады ормандар, өзендер мен орамдар.

…Пойыз кетті.
Тыныштық.
Іңір түнді құшақтап,
Жолдар – мылқау,
Ай – тыныш,
Көретіндей түс аппақ.
Жалқы сәтте Жалғыздық тілгілейді жүректі,
Миллионға бөлшектеп, тастайтындай ұсақтап.

Түн.
Қара түн.
Сәлден соң таң атады тұманды,
Дір-дір еткен бұталар кешегіден қылаулы.
Қара басқыр қарғаның жөтеліндей сұп-суық –
Тамшылардың биімен оянады кіл әңгі.

Дәл осы бір суретпен қаншама Күн, Жыл ауды?!

* * *

Менің қызым талдармен сөйлеседі,
«Әй» деседі, назданса, «өй» деседі.
Не дейді екен жарықтық,
періштеме,
Қандай ой кешеді?

Ыңылдайды.
Талдар да оны ұғады.
Бәрі жаңа.
Бәрі тың.
Бәрі-бәрі…
…Қалтыраған кәрі тал қолын жайып,
Күрең түспен қара ойға малынады.

Жел ғана тыныштықты бұзады кеп,
Тіршіліктің тынымсыз ұзаны боп.
…Сол тілді түсінер ек, шама келсе,
Ой шегінен алыстап біз әрірек.

Мына талдар – сыйлайды әр үйге құт,
Тілін бірақ, кете алмас жан игеріп.
Оны ұғынып, түсіну үшін бәлкім
Туу керек шығар-ау, сәби болып?!

Қызым күнде талдармен сөйлеседі,
«Әй» деседі, назданса, «өй» деседі.
…Не дейді екен жарықтық,
періштеме,
Қандай ой кешеді?!

Қызық…

 

ПІКІРЛЕР4
Аноним 08.05.2020 | 23:25

Тамаша олендер!

Аноним 09.05.2020 | 07:52

Ғажап екен!

Аноним 11.05.2020 | 23:51

Жазар көбейсін!

Аноним 31.05.2020 | 21:01

Зор!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір