Қоршаған ортамыз қорғалған ба?
Қылмыстық заңнамада қылмыстың субъектісі белгілі бір жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға ғана бола алады деп қабылданған. Ал заңды тұлға, осы қабылданған заңдарға сәйкес, тек азаматтық-құқықтық және әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сонымен қатар, ол мысалы, экологиялық апатқа әкеп соқтырған іс-әрекет жасалған жағдайда да қылмыстық жазаға жауапсыз болып қалады. Бізде көбінесе шахталарда апаттар орын алып жатады емес пе. Бұл да көптеген адамдардың өліміне әкелуде. Тәжрибеге сүйенер болсақ, бұл жағдайларда, әдетте шахта учаскесінің бастығы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал осындай жағдайға душар еткен жауаптылар көбіне судан құрғақ шығатынын көріп жүрміз.
Қазіргі уақытта экологиялық құқық бұзушылықтар туралы істердің көпшілігі құқық бұзушылықтың субъектісін анықтау мүмкін болмағандықтан жабылуда. Прокурорлық тексерулерге, жұртшылықтың шағымдарына, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау басқармалары мен басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар тіркеген оқиғаларға сәйкес, адамға, қоғамға және мемлекетке ең үлкен экологиялық залал негізінен кәсіпорындардың құқық бұзушылықтары салдарынан болып отыр.
Логикалық тұрғыдан алғанда, кез келген үлкен кәсіпорын, мысалы, аңшылықпен, теңіз жануарларын аулаумен, жерді немесе атмосфералық ауаны пайдаланумен айналысатын қарапайым азаматқа қарағанда, қоршаған ортаға көбірек зиян келтіреді. Ал ұйымдардың экологиялық құқық бұзушылықтардың салдарынан табиғатқа тигізетін қауіптің ауқымы бұл мәселені қылмыстық құқық аясында қарауды қажет етеді. Бұл жерде әңгіме ұйымдардың экологиялық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптығын анықтау жайлы болып отыр. Осы орайда Қазақстандық заңнамаға заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптығын енгізу қажеттігі туралы сөз қозғауға мүмкіндік беретін кейбір аспектілерді атап өткен жөн.
Әріден қозғасақ, жаңа экономикалық қатынастар, меншіктің алуан түрлі өткен ғасырларда көптеген ірі кәсіпорындардың пайда болуына мүмкіндік тудырды. Бұл аталған кәсіпорындардың өздері жасаған іс-әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылуы бағытында жаңа көзқарастарды қалыптастырды. Дәл осы жылдары ірі бизнестің монополиялануы күрт ұлғайып, кейбір жағдайларда тұтынушы мен қоғамның қажеттіктерін, оның ішінде адамдардың қоршаған ортаға деген құқығын ескермеді. Оған қарсы азаматтық және әкімшілік санкциялар жеткіліксіз болып шықты. Осыған байланысты заңды тұлғалардың, ірі корпорациялардың қызметіндегі жөнсіздіктерді бақылауға алу қажеттігі арта түскені белгілі. Кәсіпкерлік қызметтің жандануы, экономикадағы дағдарыстар мен тауарлардың жетіспеушілігі және кез келген жолмен өмір сүруге һәм өзін-өзі байытуға деген ұмтылыс сайып келгенде қоршаған ортаны қорғаудың ескерілмеуіне алып келді. Бұл фактілер экологиялық қылмыспен күрестің қазақстандық жүйесінде заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптығын енгізу жөнінде шет елдердің тәжірибесін пайдалану қажетін көрсетті.
Екіншіден, жеке тұлғаның келтіруі мүмкін залалымен салыстырғанда, заңды тұлғалардың қылмыстық әрекеттерінің қоршаған ортаға келтіретін залалының мөлшеріне назар аудару қажет. Заңды тұлғалардың қазіргі кездегі «иммунитеті» бәрінен де таңғаларлық, өйткені көбінесе олар қолында бар қаражаттың арқасында халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға, экономикалық тәртіпке, әлеуметтік заңнамаға елеулі түрде зиянын тигізіп отырғаны жасырын емес.
Осыдан келіп заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптығы қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу, айыппұл салу немесе мүлкін тәркілеу шеңберінде ұйымдардан ақша өндіріп алу арқылы табиғат нысандарын қалпына келтіру үшін мемлекеттік бюджетті толықтыру шаралары туындайды. Ақырында, заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптығын анықтау мәселесін тиімдірек шешуге ықпал етеді.
Қазіргі уақытта заңды тұлғалардың азаматтық-құқықтық және әкімшілік жауапкершілігі бар, бірақ олар жеткіліксіз болып отыр. Азаматтық-құқықтық жауапкершілік негізінен мүліктік, өтемдік сипатта орын алған. Алайда бізде әлеуметтік әділеттікті қалпына келтіру және жәбірленушілердің (адамның, қоғамның, азаматтың) құқығын қамтамасыз етуге қатысты жазаның әлеуметтік мәні ескерілмейді. Демек, бұл бағытта заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі шешімін күтіп тұр десек артық болмас.
Қазақстан Республикасының Президенті өз сөзінде заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптығын, оның ішінде экологиялық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптықты белгілеу қажеттігін де атап көрсетті. Қылмыстық құқық бұл жағдайда қорғаныш рөлін атқаруы керек, яғни бұзылған қоғамдық қатынастарды қалпына келтіруге бағытталуы, сондай-ақ қалыптасқан экологиялық мүдделерді қорғаудың құралына айналуы, экономикалық қатынастардағы экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасында және Қазақстан қосылған конвенцияларда көрсетілген басымдықтарды басты назарда ұстау маңызды.
Қарапайым тілмен айтар болсақ, бізде экологиялық құқық бұзған кәсіпорындар болмашы ғана айыппұл төлеумен шектеледі. Мұндай әрекеттер қайталанатын болса, екі еселенген айыппұл салынады. Әрі қарай осылай жалғасып кете береді. Бұл – ірі кәсіпорындар үшін шыбын шаққанмен бірдей. Олар аз ғана ақша төлеп, еліміздің экологиясына орасан зиянын тигізуін тоқтатпайтыны белгілі. Сондықтан айыппұл мөлшерін аса ірі көлемде белгілеп, компания басшылығы мен меншік иесін қылмыстық жауапкершілікке тартуды заңдастырған аса маңызды.
Қуат Қайранбаев