Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ. КҮНБАТЫСҚА ҚАРАЙ ҚАШҚАН ӨЗЕН…
04.05.2020
1637
3

*  *  *

Теңіз бетінен күн боп көз саламын саған,

айқұлақ ұлутасқа ұқсап тылсымданасың…

Теңіз бетінен ай боп көз саламын саған,

айқұлақ ұлутасқа ұқсап тылсымданасың…

 

Жағада қалған жалғыз із –

менің ізім емес,

Ол теңіз көбігін қуып,

желге еріп жоғалған

бейбақтардың ізі.

 

Жағада қалған жалғыз тал қауырсын –

Періште қауырсыны емес,

Ол құдайына қауышамын деп

Көкке ұшқан жүректің мөрленген тозаңы.

 

Біз де бір – тозаңбыз –

адасқан,

таппаған қауышар нүкте…

Біз де бір – жалғыз із –

жоғалған,

сусымалы құм құрсауында

армандары өлген.

 

Сонда да

Күн боп көз саламын саған,

Ай боп көз саламын саған

Теңіз бетінен…

…табанын толқын кемірген

мұңжерік далам…

КИМ КИ ДУК

Көктем:

О, бейкүнә махаббатым менің!

жөзекшелердің елесі кезген иесіз үйде

кері айналған сағатқа қарап ессіз күлеміз…

 

Жаз:

Ақырын өліп жатырмыз,

Кіршіксіз күнәдай баяу ұмытылып…

Маңдайына жарты ту қадаған будда мүсіні…

Өздігінен қозғала алмайтын балбал тастар…

теңіздің түпсіз тереңіне жұтылып…

 

Күз:

Қашанда нөлді көрсететін таразы

Барша арман-қиялымызды көтерсе де

нөлді көрсетеді…

 

Қыс:

Біз – жоқпыз…

Ауа ғанамыз…

 

Тағы да көктем:

Құдай салыстырып ойнасақ қайтеді, Гидок?

О, менің бейкүнә махаббатым!

 

 ПЬЕТА

                  «Әлди, әлди…»

Әлі де

Өзің жапқан терезе желкөзі

Теңіз иісімен тыныстайды,

Өзің жапқан гүлді перделер

Айдың көз сұғынан,

Жұлдыздың тіл сұғынан қорғайды.

Әлди, әлди, әлди-ай,

Ұйықтай қойшы, маматай.

Әлі де  

Алғаш ораған құндағыңдамын,

Тербелем жүрегің ұшында.

Табанымдағы ерініңнің дабына

Шаң да қонып үлгермеді.

Әлди, әлди, әлди-ай,

Ұйықтай қойшы, маматай.

Қарын шашым өсіп,

Кіндігім қатпады.

Сүйегім – шеміршек.

Терім түлемеді әлі де.

Әлди, әлди, әлди-ай,

Ұйықтай қойшы, маматай.

Әлі де

Еңбегім алақаныңдай жұмсақ,

Алақаным құшағыңдай ыстық…

Таңдайымдағы ақ сүтіңнің дағын

Шашыңнан көретін көзіме ғана,

Әке бейітіне апарар бұралаң жолды

Маңдайыңнан көретін көзіме ғана

түсті әжім…

Әлди, әлди, әлди-ай,

Ұйықтай қойшы, маматай.

 

«Жылама, әлди, жылама,

Жылама, әлди, жылама,

Жылама, әлди, жылама…»

 МӘҢГІЛІК ОЙЫН

  Әке,

мен сені іздеп жүріп өзімді жоғалттым,

Арланның азуын бойтұмар қылған өзімді.

Қайранмын…

Құрт түскен азуды сақтағаныңа

сарқылғанынша топырақ-демің.  

 

Көзің боп қалған сол азу төсімді бұрғылап,

ала жіп мойнымды қажаған кезде

топыраққа үнсіз үңілем,

кешірім сұрар деп сен болып.  

 

Неге

топырақ деп басқаным тасқа айналып кете береді?

Неге

алақаныңа ұқсатқан аспаным тасқа айналып кете береді, Әке?  

 

Жер беті – шұрқ тесік қағаздай,

сансыз құрт шынжырдан босаған сөздер боп

түнеріп келеді

бойтұмар қажаған жүрегім тұсын бетке алып.

 

Ал  мен өлімге қашамын

қаңғыр жел бойтұмар-азуды көмуі үшін.

Ал  мен өлімге қашамын

баламның мойнына ала жіп оралмауы үшін.

 

Бәрібір

Әзірейіл жанымды суырып оң қолыменен,

Сол қолыменен құрт түскен азуды іледі ұрпағым мойнына.

Қайтадан…

мені іздеп жүріп ол да жоғалтады өзін,

не өзін таппай, не мені…

 

ЖЕҢІС КҮНІ

Балағынан қан сорғалаған күннің

аспаннан көшіп кеткісі келеді,

«атыспақ» ойнаған балалардың қаңғыған оғы жаралап

қайта-қайта…

 

Қара бұлт балалардың «соғыс алаңын»

көлеңкесімен көмгісі келеді,

Батыстан соққан жел сүйреп əкетеді оны

қайта-қайта…

 

Балалар бұрын өлімді білмейтін,

өлуді білмейтін туысқан алдында.

Ал қазір олар тасадан атады бір-бірін

шекеден көздеп,

Содан соң жан ұшыра айқайлайды:

«Аға, сен өлдің!
Ойыннан шық!».

 

Күнбатысқа қарай қашқан өзен жағасында отырмын

ойыннан қалыс қап…

Құлағымда жаңғырып:

«Мен жеңдім! Ура! Ура! Ура!».

қайта-қайта…

 

ОТШАШУ

Мереке сайын

анама «отшашу алып бер» деп жылайтын күндерді қалай ұмытайын?

Түсімде көрген құмырсқаны бақытқа жорып,

Ертесіне илеуіне су толтырып ойнайтын балалық шағым да есімде.

 

Қанатын өрт шалған бейшара құстар айнала ұшып,

түнгі аспанды тіліп

жұлдыздай ағып түсетін.

Илеуін су басқан құмырсқа

босып бара жататын

белі үзілсе де, үміті үзілмей.

 

Сонда деймін

әлдекім отшашу шоғына алақанын жылытып,

Топыраққа сіңіп бара жатқан суға ерінін жібітіп

үлгеретін еді ғой…

 

Әлі де

мереке сайын отшашу атқым келеді,

құлап түскен жұлдыздарды көтермекке биік.

Әлі де

мереке сайын отшашу атқым келеді,

қараңғылықты жарып өтпекке

үй шатырының жанына қалған ұйып.

 

Бірақ тағы да

құстар тас төбемнен жұлдыздай ағып бара жатады

ұясынан жыраққа…

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 05.05.2020 | 03:39

👍👍👍

Аноним 05.05.2020 | 11:35

Супер👏👍👍👍

Аноним 05.05.2020 | 15:48

«Мәңгілік ойын» әдемі өлең екен. Формасы да ойы да өзгеше.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір