Еңбектен қашқан құмырсқа
03.08.2022
670
0

Ерте, ерте, ертеде құмырс­қалар патшалығында бір кішкентай құмырсқа өмір сүріпті. Ол да илеудегі басқа құмырсқалар секілді таң атқаннан кеш батқанға дейін тыным таппай еңбек ететін. Бірақ күндердің бір күнінде құмырсқаны осы тіршілігі жалықтыра бастады. Күнделікті бір нәрсені қайталай беруден әбден ығыры шықты. Құмырсқалар күні бойы илеуді тереңірек қазып, ішіне азық тасумен айналысады. Басқа жәндіктер гүлге қонып, бау-бақшаны аралап ұшып, сауық-сайран салып жатқанда құмырсқалардың тіршілігінде еш қызық жоқ.
«Осы біздің тірлігіміз тым сұрқай, ісіміз өнімсіз емес пе? – деп ойлады құмырсқа. – Өмірге келгелі әйтеуір тыраштанып келеміз. Адамдар болса, әне, біз туғалы көкпен таластырып қаншама биік үйлер салды. Ал біз қара жерді тырмалаймыз да жатамыз, тырмалаймыз да жатамыз… Биікке ұмтылудың орнына, жердің астына бұға беретініміз қалай? Мен сірә мұндай сұрықсыз тіршілік үшін жаралмасам керек…».
Осы ойы өзіне ұнап, құмырсқа бір түнде заттарын жинап илеуінен көшіп кетті. Біреу кетті екен деп алып патшалықтың жұмысы тоқтаған жоқ. Таңнан бастап қызу жұмыс қайта жалғасын тапты. Құмырсқа болса кетуін кетсе де, абдырап қайда барарын білмей біраз сенделді. Көп жүріп ағаш діңіндегі аралар патшалығына ат басын тіреді. Сөйтсе, гүлге қонды деген аты болмаса аралардың өмірі бұлардан да ауыр екен. Ешкімнің дем алуға, бір-бірімен сөйлесу­ге уақыты жоқ. Дегенмен аралардың ұялары әлдеқайда үлкен әрі әсем екен. Еңбектің қиынынан қашып келген құмырсқа бұл патшалықта тұрақтағысы келмеді. Содан соң, өмірлері көңілді шығар деген оймен көбелектер қалашығына келді. Көбелектер расында да көп еңбектенбейді екен. Дайын жемістің шырынын ішіп, күндіз билеп, кешке ән айтып, түнде ұйқыларын қандыратын көбелектердің өмірі құмырсқаға ұнап қалды. Бір күні құмырсқа бір көбелектен сұрады:
– Айналайын, қанатты досым, маған айтшы. Осы сендердің өмірлерің өте қызық. Отбасы құрмайсыңдар, оны асырамайсыңдар, біздің патшалықтағыдай үлкейіп, әлсіреп қалған ата-әжелеріңнің жағдайын жасамайсыңдар. Үй де салмайсыңдар. Қай гүл әдемі, сол гүлдің жапырағын жастанып жата бересіңдер. Тіпті артығымен азық алып қойып жатқандарыңды да көрмедім. Сонда күн суығанда қайда тұрып, немен қоректенесіңдер?
Бірақ құмырсқаның сұрағына ешкім жауап бере алған жоқ. Себебі, көбелектер алғашқы салқын білінгенде-ақ бүрісіп, тіршілігін тоқтататын еді. Әзірге біреуі де өздерін не күтіп тұрғанын білмейтін. Құмырсқаға осындай қамсыз өмір қанша ұнаса да қанатты жәндіктердің арасында ұзақ тұрақтап қала алмады. Жаңбыр жауғанда қай жерді пана қыларын ойламайтын көбелектердің бір күндік сауығының да қызығы тез басылды. Осылайша құмырсқа, әрі қарай жолға шықты. Құмырсқа енді өзіне жұмбақ болып келген адамдардың өмірін көрмекке бет алды. Бақшадан шығып ұзақ-ұзақ жол жүріп, алғаш төбесі көрінген үйге кіре салуды ұйғарды. Есік-тесікті жағалап үйге кірсе отбасы мүшелері кешкі ас ішіп отыр екен. Құмырсқа ас үй еденінің астынан ыңғайлы жер тауып, сол жерде түнеп шықты. Ұйқысынан тұрса үйдегі адамдардың біреуі де жоқ екен. Құмырсқа ас үйде ашық қалған тамақтардан тойғанынша жеп қайта ұйықтауға кетті. Күн сайын адамдардан қалған тамақтарды бөлмесіне тасып алып, қорек ету оның әдетіне айналды. Көп күн өткеннен кейін құмырсқа бір өзінің тым көп тамақ жеп жүргенін, егер патшалықты осында көшіріп алып келсе құмырсқалар ауыр еңбектен құтылып дайын асқа қарық болатынын ойлады. Осы оймен ол қайта илеуіне барып барлық құмырсқаларды керемет шаһарға ертіп баратынын айтып, қоныс аударуға шақырды. Қалыпты тіршілікке еттері үйреніп кеткен құмырсқалар бірден келісім бере қойған жоқ. Бірақ құмырсқа барлық жерлестерін жарқын болашаққа сендіріп көшуге көндірді. Осылайша бір түннің ішінде құмырсқалар илеуін тастап, адамдардың үйіне көшіп келді. Күн көзі көп түспейтін, кең әрі жарық мекенге көшіп келгеніне, әсіресе балалар қ­у­а­н­ы­­ш­­­­­­ты еді. Үлкендер болса, бастапқыда жан-жағына жатырқай қарап өздерін жайлы сезіне алмады. Бірақ дайы­н­ ас пен тыныш өмір кімге ұнамасын?! Көп ұзамай құмырс­қалар әулеті бұл жерге де бой үретіп алды. Енді бұлар ұйқыдан қалаған кездерінде тұрады, зиянкестер аулап әуре болмайды, тіпті илеу қазудың да қажеті жоқ. Істейтін іс, ұмтылатын мақсат та жоқ.
Құмырсқалар үй иелерінің жерге түсірген қиқымымен қоректенетін. Ал балалар дастархан үстіндегі әлдеқайда дәмдірек тамақтарды жегісі келетін. Алайда патшалықтың ақсақалдары «біреудің адал асына қол сұғушы болмаңдар!» деп оларды тыйып отыратын. Жайлы өмір, жақсы күндерге үйреніп алған балалар бір күні дастарханға шығып алып тәтті тоқаш, нан мен бәліш атаулының бәрінің дәмін көреді. Сол күннен бастап олар дастархан, қала берді сөреде тұрған тамақтарды жеп кететінді шығарды.
Әйткенмен үлкен құмырсқалардың хәлі тіпті, мүшкіл еді. Олар ештеңемен айналыспаған соң әлсіреп, табиғат аясын сағынып, кейбіреуі құсадан сырқаттанып та қалып жатты. Жұмысшы құмырсқалар қажыр-қайратын қайда жұмсарын білмей бір-бірімен төбелесетінді шығарды. Бұрын илеу салып, азық тасып жүргенде ата-аналар өсіп келе жатқан бала құмырсқаларға жол көрсетіп, еңбекке баулитын. Ортақ іс болмаған соң отбасы мүшелері бір-бірімен сөйлесуден қалды. Осылайша бұрынғы дүркіреп тұрған «Құмырсқалар патшалығы» бір сәтте бар береке-бірлігінен, абырой-беделінен айырылды. Бірақ бұл да ең жаман жаңалық емес. Бір күні үй иелері дастархан бетін жайлаған құмырсқаларды көріп қояды. Адамдардың келгенін көріп үлгерген бала құмырсқалар еденнің қуысына қашып үлгерді. Болған жайтты үлкендерге баяндап жатқаны сол еді еден қуысынан ащы сұйықтық төгіліп бұлардың қонысын басып қалды. Адамдар құмырсқалар мекенін улап жатыр екен. Патшалықты осында көшіріп әкелгені үшін құмырсқа алғаш рет өкінді. Осындай қиын кезде жауапты шешімді тез қабылдамаса бәріне қауіп төніп тұрғанын сезген ол: «Уа, құмырсқа патшалығының тұрғындары. Адамдар бізге у шашып жатыр. Тезірек елімізге қайтпасақ аман қалуымыз екіталай», – деді.
Бұл кезде улы сұйықтыққа тұншық­қан қарттар мен балалардың жағдайы нашарлап, өз беттерімен жүруге жарамайтын хәлде еді. Осы кезде құмырсқа өзін дереу қолға алып былай деді:
– Жұмысшы құмырсқалар! Мен сендердің өздеріңнен екі-үш есе ауыр жүкті қалай таситындарыңды көргем. Осы жерде әлсіреп қалған құмырсқаларды арқалап, бұрынғы илеуімізге қайтайық.
Ешкімнің ойлануға да, қарсыласу­ға да шамасы келген жоқ. Бәрі бала-шағасы мен үлкендерін арқалап жолға шықты. Бір кештің ішінде олар адамдар мекенінен алыстап, өз илеулеріне қалжырап жетті. Табиғат аясына келгенде әлсіреген балалар да, үлкендер де естерін жиды.
Кішкентай құмырсқа болған оқиға үшін барлық патшалық тұрғындарынан кешірім сұрады да, жұмысшыларға құм басып қалған илеуді тазалауды тапсырды. Бірнеше күннен кейін бұлар қалыпты өмірлеріне қайта оралды.
Ең қызығы, құмырсқаның қателігін ешкім есіне де алған жоқ. Қайта оның, бұрынғыдан өзгеріп, көбірек еңбектенетінін көрген тұрғындар кішкентай құмырсқаны патша етіп сайлады. Құмырсқа патша болғалы бері бұл жерде көп нәрсе өзгерді. Ол бұрын аралар ұясын сондай әдемі етіп салатынын көргені естеріңде ме?! Енді құмырсқалар да аралар сияқты илеулерін ерекше өрнектеп, зерлеп салатын болды. Бұрын кішкентай құмырсқа көбелектердің көңілді тұрмысына да қызыққан еді. Қазір құмырсқалар патшалығында аптасына бір мәрте ән-би кешін ұйымдастырылып жүр.
Адамдар үйіндегі жайлы өмірге қызығып, патшалықты көшіргені кішкентай құмырсқаға үлкен сабақ болғаны анық. Еңбекпен келетін нанның ғана тәтті, жан-жағыңа пайда тигізсең ғана тіршіліктің мәнді болатынын сендер де біліп жүріңдер, балалар!

Арманшыл өрмекші

Адам аяғы баспаған көне жертөле өрмекшілердің ата қонысына айналғалы қашан?! Осы бір өрмекшілер өлкесінде жыл сайын ерекше жарыс ұйымдастырылатын. Дәстүрлі жарыстың шарты бойынша шеберлер өрмек тоқудан сайысқа түсіп, жеңгендер ерекше сый-құрметке ие болушы еді. Себебі олар үшін өрмек – тек сұлулықтың көрсеткіші емес. Өрмегі мықты өрмекші ғана өзін өмір бойы асырай алатын. Олар үшін азықтарын аулаудың жалғыз тәсілі де осы еді. Бұл жарыста бағын сынайтындардың ішінде «арманшыл өрмекші» де бар. Бірақ оның тоқыған өрнектері бұл сайыста ылғи жүлдесіз қала берді. Рас… Ол тоқыған өрмектің әсемдігіне көз тоймайтын. Бірақ жәндік аулау мақсатында қолдануға жарамайтын тым әлсіз жіптері тез тарқатылып, сыннан өтпей қала берді. Ол өзінің өрмек тоқуда тәжірибесі аз екенін мойындағысы келмейтін. Үлкендер ылғи алдын орап, жолын әдейі болдырмай жүргендей өз өлкелестеріне ызамен қарайтын. Көп жаттығып, жақсырақ тоқудың орнына, қиялдап жүріп келесі жылы жарысқа қайта қатысатын. Бірақ құр арман ешкімді алысқа апарған емес. Қайта-қайта жеңілуден шаршаған арманшыл өрмекші «Мекендестерім менің дарыныма қызғанышпен қарайды, сондықтан жүлдесіз қалып жүрмін» деп ойлады. Осылайша, өрмекші алғаш рет басқа жаққа көшіп кетуді армандайды.
Келесі күні-ақ бұл жақта бұйырмаған бақыт, басқа жақтан табылар деген оймен сапарға аттанады. Көне жертөледен сыртқа шығып, ұзақ жүрген ол алғаш рет ескі тұрағынан да әдемі жерлердің бар екеніне куә болады. Биік үйлер мен кең көшелерді көріп таң-тамаша болып, қас қарая қаланың ең салтанатты ғимаратына тұрақтауға бел буады. Сарайдың едені жылтыр, іші мұнтаздай таза екен. Арманының орындалғанына қуанған өрмекші сол ғимараттың бір бұрышында түнеп шығады.
Келесі күні өрмекші өрмек тоқуға кіріседі. Бір қуанғаны, бұл маңда өрмекшінің кемшілігін айтып кекететін көрші де, бәсекелес те жоқ. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Мұндай таза зәулім ғимарат өрмекшінің тор тоқуына лайық жер емес еді. Өйткені салтанатты ордада күніне үш мәрте тазалық жұмыстары жүргізілетін. Еңбекпен тоқыған торын шаңсорғыштың жұтып жатқанын көрген өрмекші, бұрынғы көне де болса қамсыз, қауіпсіз мекенін сағына бастайды. Өрмекші кең сарайда тұрып жатқанымен, тор тоқып өзін асырай алмаса бәрінің бекер екенін сонда түсінді. Күн өткен сайын ол дос-жаран, тума-туысты сағынып өзін жалғыз сезіне түсті. Ешқандай зиянкестер жүрмейтін, жүрсе де оның шұрық-тесік торына жәндік ілікпейтінін ұққан ол бұрынғы тұрағына қайта оралады. Қайтып келгенде оны ешкім жазғырған жоқ. Шет мекенге, беймәлім аймаққа жалғыз аттанған ерлігі үшін көпшілік өрмекшіні жақсы көріп кетті. Тіпті зәулім сарайлар, зуылдаған көліктер, шулаған адамдар жайлы әңгімесін қызыға тыңдаушылар да табылды. Қазір арманшыл өрмекші барлық тәкаппарлығын ұмытып, ең жақсы шеберлерден өрмек тоқуды үйреніп жүр. Себебі жай ғана армандау өрмекші тұрмақ, адамға да жеткілікіз емес пе?!

Айым АЛТАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір