ДАҢҚТАН БИІК АБЫРОЙ
02.05.2020
1190
0

Күн артынан күн сырғыған мына дүниеде қас-қағым сәттің өзі тарих қойнауына еніп жатады. Бірақ сол тарих қойнауына енген, қатпарына сіңген сәттің барлығы жұрт жадында сақтала бермейді. Адам баласының жүріп өткен ізі осы тарих деп аталатын замана дәптерінде жазулы бүгінде. Бірақ санаулы ғана оқиғалар енген. Соның бірі – Ұлы Отан соғысы.

Дүние жүзі халықтарының 80 пайыздан астамы қатысқан сұрапыл соғыс қазақ халқын да айналып өтпеді. Сол кездерде кеңес үкіметінің құрамында болған мемлекетіміздің 1,5 миллионға жуық оғланы майданға аттанды. Олар жаудан ортақ Отанымызды қорғау үшін жанын аямай қаншама сұрапыл шайқасқа қатысты.

Биыл Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 75 жыл толып отыр. 1941-1945 жылдары өткен Ұлы Отан соғысы да тарих қойнауына кіріп, алыстап барады. Сол бір сұрапыл соғыс жылдарында Отанымызды, жерімізді елімізді жаудан қорғау жолында қан төгіп, өз басын қатерге тіккен батырлардың арасында менің атам Сұлтан Өтегенұлы да бар еді. Атам атақтан да, даңқтан да абыройын биік қоятын. Адал адамның келешегі кемел болатынын үнемі айтып жүретін. Артынан өрбіген ұрпағын да адалдықтың тұнығымен суарып, бойларына шыншылдықтың дәнін септі. Өйткені атамыз даңқтан абыройдың биік екенін ешқашан ұмытқан емес.

Майдангер атам 1922 жылғы 10 мамырда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Фрунзе ауданына қарасты Абай ауылында дүниеге келген.              1942 жылдың 12 наурызында әскер қатарына шақырылып, үш ай әскери дайындықтан өтеді. Ұрыс даласында соғысуға машықтанғаннан кейін Иркутск қаласына барған. Ол жерден 5-6 айдан соң І, ІV Украина майданында болады. Атам 318-Новороссийск ІІ-Суворов атындағы дивизияның құрамында болды. 1943 жылы 19 ақпанда Украинаның Харьков қаласындағы кескілескен ұрыста кеудесінен жараланып, госпитальға түседі. Емделіп болған соң көп ұзамай І Украина майданының құрамында Львов қаласын азат етуге қатысқан. Сол ұрыста көрсеткен қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Чехословакия жерінде Гуменье, Пошице, Волоколамск қалаларын азат етуге атсалысады.

Ержүрек атамның майдандағы «Ерлігі үшін» медалін алуға мына оқиға себеп болған екен. Украинаның Казино селосының маңында толықтыру күтіп жатқан әскерлерлерге тылдағы селодан бір әйел келіп оншақты неміс солдатының үйінде тамақтанайын деп жатқанын баяндайды. Содан бірнеше солдат ауылға келіп үйді қоршауға алады. Командирдің шешімімен үйді қоршауға алып терезеден граната тастау керек болған. Сол сәтте жаңағы әйел үйдің ішінде екі баласының қалғанын ескертіп, булығып жылай бастаған. Қазақ жігіттері қашанда қыз баланы мәпелеп, ананы, әйелді сыйлап, жесірін жылатпаған халық емеспізбе?! Сол сәтте менің атам қалайда үй ішіндегі екі баланы аман алып қалу үшін өз жанын беруге дайын тұрған еді. Атам командирдің шешімімен жылдам ішке кіреді. Жау солдаттары қарусыз жайбарақат отырса керек, сасқалақтап қалады. Қарсы алдынан шыққан неміс офицері жанталасып тапаншасына жармасқанда оның қолын қайырып, тапаншасын ұшырып түсіреді. Содан жаңағы неміс солдатын тұтқынға алады, оны көрген өзге солдаттар да қолдарын көтеріп беріле бастайды. Сол күйі оншақты немістің барлығын сыртқа айдап шығады. Осы ержүрек ісі үшін «Ерлігі үшін» медалін иемденеді. Өзін қоярға жер таппай уайымдап шарасыз күй кешкен әйелдің де балаларын құтқарып, анасымен қауыштырады.

 1945 жылы Чехославакияның Горный-Элена қаласында жаумен шайқасып жүрген кезінде соғыс аяқталып, Жеңіс мерекесін сол жерде қарсы алады. Соғыс аяқталған соң «Прикарпатский» әскери бөлімінде әскери қызметін жалғастырып, елге 1946 жылдың 17-ші қарашасында абыроймен оралады.
         Батыр атамның марапаты мұнымен тоқтаған жоқ. «Даңқ» орденін зенитно-артиллериялық дивизиясының құрамында жау самолетін атып түсіргені үшін алған. Ал «Қызыл жұлдыз» орденін Чехословакияның Моровск, Острова қалаларын азат етудегі ерлігі үшін омырауына таққан. Соғыс жылдары Маршал Сталиннен  Моровская Острова (1945 жыл 30 сәуір), Кошице (1945 жыл 20 қаңтар), Оломоуц (1945 жыл 8 мамыр), Чехословакияның Новы Тарг (1945 жыл 29 қаңтар) қалаларын жаудан босатқаны үшін 4 рет алғыс хат алады, «Прикарпатск» әскери округінің командирі генерал-полковник Галицкий мен генерал-майор Новиковтың мақтау қағаздарымен марапатталады. 1946 жылы «ІІ-ші дәрежелі Суворов дивизиясының Новороссийскідегі даңқты жауынгерлік жолдары» атты картасы табысталады.

Өз еліне оралғаннан кейін де алғыстар тоқтаған жоқ. 1985 жылы СССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумінен 1967 жылы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының 20 жылдығына медальмен, 1975 жылы Ұлы Отан соғысына 30 жылдығына, Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында І дәрежелі Отан соғысының орденімен, «Фашистік басқыншыларға қарсы күресте көрсеткен батылдығы, төзімділігі мен ерлігі, СССР Қарулы күштерінің құрылғанына — 40 жыл», 1980 жылы СССР Қарулы күштерінің құрылғанына — 60 жыл толуына, 1988 жылы СССР Қарулы күштерінің құрылғанына — 70 жыл толуына медалімен, 1995 жылы Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков медалімен марапатталды.

Атамның сұрапыл соғыс жылдарындағы ерлігі бір төбе, ал ауданның дамуына, гүлденуіне жылдар бойы сіңірген еңбегі толассыз. 1952 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы конференциясына қатысып, Партия ұйымының шешімімен делегат болып КПСС мүшесіне кіреді. Сайлау нәтижесі бойынша Түркістан ауданының халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланып, туған жерінің дамып-гүлденуіне үлес қосқан ел таныған, сыйлы азамат болған. Қызмет жолында көптеген жылдар ферма меңгерушісі болып, астық бригадасының бригадирі болып қызмет атқарған. Адал еңбектің арқасында белгіленген норманы асыра орындағаны үшін Кеңес Жарлығымен «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталады. «Еңбектегі ерлігі» үшін медалімен, 1977 жылы СССР Ауыл шаруашылығы министрінің атынан «1976 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен, бірнеше рет Құрмет грамоталарымен наградталады. Көзі тірісінде бірнеше рет Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың құрмет грамоталарымен марапатталған.

Өтегенұлы Сұлтан – Ұлы  Отан соғысының ғана емес елге адал қызмет еткен Еңбек ардагері. Өмірлік ұстанымын адалдықпен өрбіткен атам 2003 жылы өмірден озды. Өмір бойы қайырымдылықпен айналысып, жетім-жесірлерге қорған болған, әлеуметтік төмен отбасыларды панасына алып, төрінен орын берген. Көзі тірісінде ұлы әкем Ерлепестен, қыздарынан тараған ұрпақтан немере-шөберелерді сүйіп кетті. Қазір де сәлемдескен үлкен кісілердің барлығы «Сұлтекеңнің немересісіңбе?!» деп сыйлап жатады. Бізді еркелетіп, алақанында аялап өсірген атам жайлы естеліктерді қарап отырып еріксіз көзіме жас келуде, ол сағыныштың көз жасы деп ойлаймын.

Атамның жайдары мінезі, ерлігі, елге сіңген еңбегі – ел есінде. Осындай Ұлы тұлғаның немересі болғанымды мақтанышпен айта аламын.

                                                              СҰЛТАНОВА Жаңыл Ерлепесқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің
Адам ресурстары басқармасы персоналмен жұмыс бөлімінің бас маманы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір