Жеңіс ҚАНЕНҰЛЫ. О, МЕНІҢ ТИТТЕЙ ҚУАНЫШТАРЫМ!..
30.04.2020
2636
12

ТУҒАН ЖЕР

Алғаш тамыпты кіндігім қаны…

Тіземді бүктім құлдық ұрғалы.                                                               

Айдағар толқынын ауната берді-ау,    

Кеудемде толқыған жырдың ырғағы.                                                

 

Әлсіздігімнен дәл ұстап уақыт,

Алып ұшардай ғарышқа бақыт.

Мазамды ұрлады-ау махаббатың сенің,

Ақ жебе жаудырып алыста жатып!

 

Ақ нұр сыйлаған ашық күнімсің,

(Қараңғы қалқаға қашып тығылсын.)

Бір ғұмыр бойы күйін күйлейтін,

Сен менің мәңгі ғашықтығымсың!

 

Кереметін кеудеме жиғам өлкенің,

Сен мені күнде қинап өртедің.

Сазды сарының арылмай қойды-ау,

Қаршадайымнан сыйлаған сенің…

 

Бас қойып тірлік тұзына кермек,

Кезіп кетіппін қызы бар ел деп…

Ойламадың-ау: «кіндігінің бауын,

Тентегің ерте үзіп алар!» деп.

 

Жаныммен аңсадым жақсылық үйін,

Шаншылып көкке шапшыды құйын.

Бұл күнде, рас, мен кешіп жүрмін,

Бар мен жоқ арасындағы бақсының күйін…

 

Шексіздік – аспан жағады ә шамын?

Лаулаған тірлік – жанады ошағым.

Енді қай жаққа бастайды өмірді,

Айы жоқ аспанда – өліара шағым?!

 

ТАБИҒАТ СҰЛУЫ

Тауларың анау, қара бұлт басқан,

Көгілдір үміттен жаралыпты аспан…

Елжірейді екенмін жүрегім езіліп,

Көлбірейді етегің жел алып қашқан.

 

Өзіңе арнадым от сөйлемімді!

(Жел әлі желпіген жоқ қой көңілді.)

Өшпей-ақ қойғаны-ай ойымнан мүлдем,

Көлбіреткен кезің көк көйлегіңді…

 

Судырап төгілген сұлулық неткен!

Дидарыңнан тұр маған білініп көктем.

Сүйемін сені,

Сұлу бейнең де

Табиғатпенен бірігіп кеткен…

 

Табиғатпенен алған бірігіп…

Аяғыңа аңсарым қалған жығылып.

(Өзіңді сүюмен өтсе екен енді,

Ақынның аңғал қалған ғұмыры…)

 

Еске алып дәйім сол бір ортаны,

Сарғаюмен атар ендігі әр таңым…

Кетемін бе от басып ынтық көңілмен,

Етегіңді алып қашып жел құмартады…

 

Құшағын көрдім ашқан даланың,

(Сарайымды қайта тастан қаладым…)

Қала алмай әуре қасыңда, сәулелер,

Ала алмай қарайды аспан жанарын!

 

Сұлулық біткен алған бірігіп,

(Жортады тобынан арлан жырылып…)

Басын көтермей жатты бір сәтке,

Аяғыңа аңсарым қалған жығылып.

 

ӘКЕМ

Күйіс қайтарғанда отар қой іргеде ыңыранып,

Үй маңын толтырып ырысқа.

Әкем

 құлақ түретін жастықтан басын жұлып алып,

Түн ортасындағы бейсауыт дыбысқа…

 

Жататын едік алаңсыз көсіліп,

Жамбасқа қиыстап үркер ауғанда.

Жырға айналдырушы ем сезімдерді есірік,

Кигіз үй саңлауынан Ай нұры тамғанда.

 

Ұстасам деуші едім, арманды шалмалап,

Ойымды бөліп үрген ит үні.

Көңіл сабасынан асып төгілуге сәл қалады,

Қандай көркем еді көктеулік түні!

 

…Әкем ертесі атына мініп кеткенде,

Байқап, бақылап тұратын Ерентау бәрін.

Күн жауып,

                    «Кемпірқосақ» тұратын бөктерге,

Сұлуландырып жас табиғат ажарын.

 

Керек қой жарты емес, қиялдың бүтіні,

Әкем еді…

(Бұл күнде ол кісі жоқ…)

Шешем марқұм жаққан оттың түтіні,

Шалқып тұрғандай әлі тіршілік белгісі боп!

 

ТОРҒАЙЛАР

Ұшып жатыр,

                    қонып жатыр, міне, құстарым,

(Жолына олардың шырақ ұстадым.)

Аппақ қар бетіне шашу боп шашылған,

О, менің титтей қуаныштарым!

 

Атқанда уыздай уылжып таңым,

Тұрғанда үнсіз күмілжіп маңым;

Бытырай ұшып, жыпырлай қонып,

Тереді тынбай ырыздық дәнін…

 

Жетегіне еріп мәңгі дәменің,

(Шарлап ұшып жүр жанның әлемін…)

Үйімнің маңын күміс сазға орап,

Салатын осылар таңның әуенін.

 

(Төңірекке өзімен ырыс-құт келтіргей!)

Нүкте-көздері тым ыстық мөлтілдей.

Осылар сияқты барып қонатын,

Алып қалатын тыныштықты өлтірмей.

 

Сыйлаған мейірім, арман… – ізгі елім,

Сөнбейтін жылулық алдан іздедім…

…Қалдырған соңына өзіндік шиырын,

Көріп қаламын қардағы іздерін…

 

Бақылап, бағып жиі жағдайды,

Маңайдың сәт сайын күйін аңдайды.

Бытырай ұшып, жыпырлай қонып,

Тұрмайды орнында,

Тыным алмайды!

 

Аязы қаңтардың ашу боп басылған,

Ырыздық ереді жақын кеп қасымнан;

О, менің титтей қуаныштарым,

Аппақ қар бетіне шашу боп шашылған.             

ПІКІРЛЕР12
Аноним 30.04.2020 | 17:08

Шығармашылық жетістіктерге жете бер! Өлеңдерің өміршең болсын!

Аноним 30.04.2020 | 23:16

қаламың талмасын ақын бауырым, жеңылдык берсын нүр тогып таңырым.жыр байгеге талықпай жеткей, тастарды жарып алтын түиағың !

Аноним 01.05.2020 | 04:36

Керемет Жеңіс мырза !
Сұлу жырлар сарқылмасын!

Аноним 01.05.2020 | 09:18

керемет жеңыс мрза

Аноним 01.05.2020 | 10:34

Алга баурым керемет 👍

Аноним 01.05.2020 | 11:00

Алға ақын жеңыс қанатың талмасын.

Аноним 01.05.2020 | 12:10

Тамаша. Тіпті лирикаңыз табиғатпен астасып жатқандай…Сезімге толы жырларыңыз жазыла түссін!

Аноним 03.05.2020 | 06:16

Керемет тағыда жалынды жырлар күтеміз

Аноним 19.05.2020 | 21:05

Керемет.
Қаламың ұштала берсін!

Аноним 19.05.2020 | 21:43

Сөзде көзде тіимесін сылыу сыршыл, талғамды сөз, толғамды ои өбіскен зəр куиіндегі болашақ тұлпарды ң бейнесін өзіңнен көрінгенде и бауырым бар бол аман есен аллам Өзі жолыңды ашша түсін 19.05.20.

Аноним 19.05.2020 | 21:46

қүщтті досым !канатын талмасын !биік болсын щыгар бйгің!!!

Аноним 05.06.2020 | 11:34

Алла күш куат берсін

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір