Дина ИМАМБАЕВА. ӘЛЕМ ТАНЫМАҒАН ӘДЕБИЕТТІ «ӘДЕБИ АГЕНТ” ТАНЫТА АЛА МА?
25.04.2020
2728
4

Қазіргі заманғы кітап индустриясы – орасан зор әлем. Дамыған елдерде бұл танымал талантты авторлары, кәсіпкерлері мен кіді оқырмандары бар күрделі сала, үлкен нарық. Мұнда бәсекелестік өте қатал, кездейсоқ табысқа жету мүмкін емес. Таланттылар мен талаптыларды нарық пен оқырманның сұранысы реттеп отырады. Міне, осынау ғаламат әдеби машинаны жүргізіп отырған тетіктің бірі – әдеби агент институты.

Әдеби агент институты Батыста жақсы дамыған. Әдеби  агент – баспа мен жазушының арасындағы делдал немесе жазушының өкілі. Әдеби агенттік үшін басты тауар – жазушының кітабы. Ол интеллектуалдық меншікті басқа елге сатып өткізумен айналысады. Оның міндеті – келешегі бар отандық авторларды іздеп табу және оны сату. Пайда әкелетін кітапты тапқан соң агент автормен зияткерлік меншік құқығы туралы келісімшарт жасайды. Одан кейін лайықты баспа іздейді, кітапты жариялау мүмкіндігі туралы келіссөз жүргізеді, құқықтық жағынан сауатты келісімшарт құрастырады. Авторға тиесілі төлемақыларды қадағалап отырады. Бұл жұмысы үшін әдеби агенттер авторлық қаламақының 10-нан 20 пайызына дейінгі мөлшерде ақы алады.   

Шетелде әдеби агенттер кәсіби қауымдастықтарға біріккен. Оларға мүше болу оңай емес, еңбегіңнің нәтижесіне қарай қабылдайды. Кәсіби қауымдастыққа мүше болу агент жұмысының сапасын білдіреді. Шетелде әдеби агенттіктердің қауымдастықтары түрлі іс-шаралар өткізу, арнайы басылымдар шығару сияқты шаруалармен айналысады.

 

Шетелде кітабың шығу үшін не істеу керек?

Ең алдымен шетелдік оқырман үшін ұсынатын тақырыбың қажетті, өтімді болуы керек. Яғни, сіз оқырманның үмітін ақтауыңыз керек. Сондай-ақ сіздің кітап, айталық, АҚШ-та қабылданған сапа стандарттарына сәйкес болуы тиіс. Сіз кітап индустриясының алгоритміне бағынуыңыз керек. Алдын ала тон пішіп, шетелдік оқырманды қалпақпен ұрып аламын деу анау айтқандай оңай емес. Мәселен, біздің қазақ қоғамындағы өткір де өзекті тақырыптар олар үшін қызық болмауы әбден мүмкін. Сондықтан әдеби агент шетелдік авторды өткізер алдында оның кітабын жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан бағалайды. Тіпті осы елге ғана тән проблеманың өзін адамзат атаулыға тән адами ұғым-түсініктерге сай жеткізіп, психологиялық, философиялық деңгейде талдаған туындыларды таңдайды. Ең жақсы әдебиет өздерінде деп есептейтін, өзі білмейтін елдің жазушысына шекесінен қарайтын шетелдік оқырмандар жателдік авторлар ерекше қызықты болса ғана назар аударады. Оқырманды тартатын экзотика, тосын көзқарас, тың шешім – аударма әдебиетке қойылатын талап жоғары. Өз ұлтына ғана тән мәдени кодты бере білу, оны шетелдік оқырманға түсіндіру – ұлттық әдебиеттің ерекшелігі осында.  

Ал кітап баспасындағы редакторларға шетелдіктің ортақол шығармасы керек емес. Өйткені ондай авторды ары қарай насихаттау мүмкіндігі шектеулі: ол  ағылшынша блог жаза алмайды, оны радиоға шақыра алмайсың, т.с.с. Демек, аударма туындыға ақша салудың мән-мағынасы жоқ. Сол үшін шетелдік автордың шығармасы елді елең еткізетіндей болуы тиіс.  Мәселен, АҚШ нарығына көпшілікке арналған психология туралы жазылған кітаппен мұрныңды сұға алмайсың, олар бұл тақырыптың суын сығып, майын ішкен.

Шетелдік кітап индустриясында қабылданған сапа стандарттары да жоғары және олар біздің дүниетанымымыздан мүлде бөлек. Олардың мықты әдебиеті, әдеби дәстүрі, тұрақты ережелері бар – редакторлар шығарманы сол түсініктерге сәйкес бағалайды. Яғни, АҚШ-та кітабыңды жариялау үшін сол ережелерді сақтау керек.  Айталық, америкалық редакторға қазақтың көркемдікті сезінуі жат болып көрінуі ғажап емес. Таныс емес нәрсеге тосырқай қарау оларға да тән.

Кітабыңды шетелде шығарғың келе ме – ерекше біліміңді, кәсіби деңгейіңді көрсет, оқырманды баурап ал. Кітаптағы кейіпкер оқырманды әйтеуір бірдеңесімен тартуы тиіс, әйтеуір бірдеңе үшін оны жақсы көруі немесе жек көруі, құрметтеуі, қорқуы керек. Оқырманға сенің далаң,  табиғатың, саяси естеліктерің керек емес, ең бастысы – эмоция.    

Жоғарыда айтылғандай, шет елдерде кітап индустриясының өзіндік алгоритмі бар. Мәселен, АҚШ-тың кітап әлемінде беделді баспалар маңызды рөл ойнайды. Оның көтерме сауда өкілдерімен, журналистермен, блогерлермен сенімді, қалыптасқан байланысы бар (егер баспа үнемі бестселлер шығарып отырса, мұндай байланыс өзі-ақ пайда болады). Яғни, сатушыларды – ақшамен, баспасөзді – сапалы материалмен қамтамасыз етеді. Беделді баспалардың көпшілігі ірі холдингтерге біріккен. Баспалар қолжазбаны автордан тікелей қабылдамайды, өз қоржындарын агенттер есебінен толықтырады. Беделді, клиенттік базасы қалыптасқан баспалардың кітапханалар арасында да өз әріптестік байланысы бар.

«Кімдер әдеби агент бола алады?» дегенге келсек, көбінесе бұрынғы баспа қызметкерлері немесе жазушылықта жолы болмағандар осы салаға бет бұрады екен. Олар әдебиет пен кітап саласының бүге-шігесін жақсы білетін болғандықтан содан ақша табады. Сондай-ақ авторлық құқыққа маманданған заңгерлер, әдебиетшілер әдебиетті сатып өткізумен айналысады.

Көбінесе агенттер өзіне өзі, өз үйінде жұмыс істейді.  Тәжірибелі агенттің сөресінде жүздеген кітап үйіліп жатады, ал жаңа қолжазба ең төменде елеусіз жатуы мүмкін. Қазір әлем елдерінің балалары сүйіп оқитын жазушы Джоан Роулингтің алғашқы жазбалары осындай сатыдан өткен. Иә, әдебиетте «жұлдыз» болу өте қиын. Ол үшін талантпен қоса тынымсыз талпыныс қажет. Мәселен, ең тиімді тәсілдің бірі – шетелдік әдеби агентпен халықаралық іс-шараларда танысу. Бірақ ол үшін ағылшын тілін жақсы білуің керек. Пысық агентке тап болудың тағы бір жолы – ұсынысхатқа ие болу. Ол үшін, мәселен, шетелдік беделді бір жазушының блогын бірнеше ай бойы оқисың, белсенді түрде пікір жазасың, достасасың, ақыры ол сенің ақылды, талантты екеніңді түсінген кезде өз агентіне таныстырады. Мұнда да ағылшын тілінсіз табысқа жету мүмкін емес. Сондай-ақ кітап саудасының барлық ережелері бойынша сұраныс хат жолдау, баспалармен тікелей байланысқа шығу арқылы шетелде кітабыңды шығаруға болады.  

Батыста жазушы баспаны емес, баспа жазушыны іздейді

Шетелдік кітап нарығында бәсеке өте жоғары. Мысалы, Қазақстанда бәсекелестік төмен. Сала көп – жазылмаған тақырып жеткілікті. Ал ағылшын тілді әлемде кез келген тақырыпта жүздеген кітап бар. Айталық, сөреде атынан ат үркетін корифейдің туындысы тұрса, белгісіз авторды кім сатып алады? Сондықтан да әдеби агенттерге қазақстандық махаббат романдары аса қызық емес. Батыста ондайды жазатын жергілікті авторлар толып жатыр. Қазақстандық детектив пен полицейдің бастан кешкендері америкалық оқырманды тіпті қызықтырмайды (өйткені, «қазақ детективі» деген бренд жоқ). Ал фэнтези, балалар әдебиеті жанры авторларына бәсекелестік өте жоғары.   

АҚШ-та кітап өткізудің қалыптасқан жүйесі бар. Америкалық баспалар өз кітаптарын мына арналар бойынша сатып өткізеді: 1) ірі әмбебап дүкендер, онда бәрі арзан, бірақ тек бестселлерлер түседі;

2) Дәріханалар, азық-түлік дүкендері көбінесе үй шаруасындағы әйелдерге арналған жанрлық бестселлерлерді сатады; 3) Ірі кітап желілері үлкен баспалардан сатып алады, бірақ олардың мамандарына шетелдік белгісіз автор емес, Дэн Браунның кезекті кітабы қызық; 4) Жекеменшік кітап дүкендері салалық әдебиетке басымдық береді; 5) Кітапханаларда сыннан өткен әдебиет қана болады; 6) Шетелдік кітап нарығындағы ең бәсекелі орта – кітап каталогтары. Оған тап болу әр автордың арманы. Кітап каталогтары барлық жерде, мектептерде, қарттар үйінде, т.б. таралады, олардың дайын оқырман аудиториясы бар.

Ал жаңадан бастаған автор үшін интернет-дүкендер ғана қолжетімді. Егер сенің кітабыңның онлайн-сатылымы жоғары болса, ары қарай кітап дүкенінде сатуға мүмкіндік бар. Шетелде де біздегі сияқты, таралымы үлкен болса, қағаз кітаптың бағасы төмен, ал егер тираж мардымсыз болса (1000-3000 дана), онда бір дананың бағасы көркем шығарма үшін 30 долларға дейін, ал «non-fiction» (нақты фактілерге негізделген әдебиет) үшін – одан да жоғары көтеріледі. Ендеше, дәл қасында танымал автордың кітабы 14,99 доллар болып тұрса, белгісіз автордың кітабын 30 долларға ешкім алмайтыны белгілі.

Қазір әлеуметтік желілердің кең таралған кезі. Сондықтан шетелде кітабын шығарғысы келетін автор өз есімін алдымен әлеуметтік желіде насихаттауы тиіс. Бұл жылдам қимылдауды қажет етеді, өйткені кітаптан түскен табыс қысқа мерзімде сіздің шығынды, аудармашының еңбекақысын және жариялау шығынын жабуы тиіс.

Баспалар үшін автордың қаржылық мүмкіншілігі маңызды. Бастапқыда ол жазушыны қолдайды: өзінің деректер базасына пресс-релиздер жолдайды,  тегін даналарға ұтыс ойындарын өткізеді,  кітап туралы ақпаратты өз сайтына іліп қояды. Ал әрі қарай автор өзі қимылдауы тиіс.  

Қазақстанда жазушының бірінші кітабы қалай сатылды, оқырмандар қалай қабылдады, ол қадағаланбайды. Бірі болмаса екіншісін басқа баспаға барып қайтадан басынан бастауға жол ашық.  Ал, АҚШ-та бүкіл сатылымды қадағалап отыратын арнайы кеңсе бар. Баспагерлер автормен кезекті келісімшарт жасамас бұрын алдыңғы кітап қалай таралғанын, сатылған-сатылмағанын тексереді. Міне, бұл шынайы нарық әлемі.

Заманауи кітап нарығында табысқа жету үшін біздің жазушылар да жаңа технологияларды меңгеруі тиіс. Интернетте блог жүргізу, әлеуметтік желіде белсенді болу, оқырмандар қауымымен тығыз араласу, таныстар табу, өз кітабыңа сілтеме беру – бұның барлығы кітапты сатып өткізуге көмектеседі. Бірақ, ең бастысы, танымалдыққа ие болудың бір ғана жолы бар: сенің кітабың керемет әсер қалдырып, адамдар бір-біріне оны ұсынуы тиіс, яғни бәрі сапаға келіп тіреледі.

Шетелде мықты әдеби агенттер  кімді жақсы ақшаға сата алатынын алдын ала біледі. Кітап шығар кезде баспасөзде  мақтайтын немесе даттайтын мақалалар шығады. Бәрі жақсы болса керемет пікірлер беріледі. Баспагер кітап шығар алдында авторды теледидар мен радиоға   студияның қонағы ретінде шақыртады. Оқырман сарабынан өткеннен кейін барып сату  рейтингтерінде жоғары сатыға іліксе, бұл туынды кітап дүкендерінде, супермаркеттер мен дәріханаларда тұрады. Міне, атақ-даңқ пен табыс осылай келеді.

Шетелде қазақ жазушыларының мүддесін қолдаумен айналысатын әдеби агентке қойылатын басты талап – ағылшын тілін еркін меңгеру және әдебиетті сүю. Агент шетелдік баспаларға қазақ авторларының шығармаларын аудару, басу құқығын ұсынады. Кітапты аудару құқығын сату процесі жарты жылдан бір жылға дейін созылуы мүмкін.

Тәжірибелі агенттердің айтуынша, жазушы үшін шетелде ең бірінші кітабын жариялау өте қиын. Сондықтан өзіңе агенттердің, баспагерлердің назарын аудару үшін салмақты  журналдарда («New Yorker» сияқты) шағын әңгімелер жариялаудан бастау керек. Бір журнал кері қайтарса, келесісіне жіберген дұрыс. Олардың көбі коммерциялық басылым емес, қаламақысы аз, бірақ баспасөзде шығармасының жариялануы жазушы үшін мәртебе саналады.

Атақты, ауқатты жазушылар өздерінің жеке пиар-менеджерін ұстай алады. Әйтпесе ол жұмысты баспалар да атқарады: газеттерде сұхбат беру, оқырмандармен кездесулер ұйымдастыру, т.с.с. Шетелдерде жазушы баспаны емес, баспа жақсы жазушыны іздейді. Мәселен, Жапонияда баспалар жыл сайын жаңа таланттар үшін конкурстар жариялайды, әдеби сыйлықтар тағайындайды. Мұнда әр жанр бөлек және шектеу жоқ, бірнеше жанр бойынша қатысуға болады. Егер сыйлықты жеңіп алса, ол авторды баспа өз қамқорлығына алады. Бір қызығы, Жапонияда өзін-өзі жарнамалау ұят нәрсе саналады екен.

Үлкен конкурстарда жүлде алған жас жазушыға жол ашық, баспалар оны қолдайды, кітаптарын сатады. Іріктеу өте  қатаң жүретіндіктен бұндай шығарма күмән туғызбайды. Ал сен конкурсқа қатысып жеңе алмасаң, журналдар шығармаңды баспаса, баспалар хаттарыңа жауап бермесе –бәсекеге қабілетсізсің. Бейталантсың. Немесе әзірге жолың болмай жүр.

Әрине, қол қусырып қарап отырған, бәйгеге қатыспаған жазушы ешқашан жеңбейді. Табысқа жетудің басты шарты – талант қана емес, табандылық. Дегенмен, талантты адамның бәрі пысық емес. Өзіңді «өткізе» алмайсың ба, маманның қызметіне жүгін. Бәрібір де ең бастысы – өзіңе сену!   

Агенттің іскерлік қарымы, актерлік қабілеті, маркетингтік даярлығы болуы міндетті. Әдеби агент – ең алдымен мықты менеджер. Әдеби талғам ол үшін кәсіби құралдың бірі ғана. Ол бизнестегі серіктесін іздегендей, өтімді жазушыны дәл таба білуі тиіс, авторлық құқық, келіссөздер жүргізу, кітапты іріктеу және бағалау, аудару, редакциялық дайындық, және т.б. қиындықтарды шешуді меңгеруі тиіс. Тісқаққан, тәжірибелі әдеби агенттер мобильді қимылдайды, еркін, кейде тіпті агрессивті. Олар кітапты шығару құқығын сатуға мүдделі болғандықтан ақылды болуға мәжбүр де.  

Батыста әдеби агенттіктерде штаттан тыс ақша төленетін «оқырмандар» да бар, олар агенттікке келіп түскен көлемді қолжазбаларды оқып, пікір береді. Бұл жағдайда бастапқы сүзгі редактордың не агенттің талғамы емес, осы «оқығыштардың» пікіріне тәуелді болып шығады.

 

Қазақстанда әдеби агент қызметі неге қалыптаспай отыр?

Бұның басты себебі қазақ әдебиетінің әлі күнге дейін кеңестік көзқараста, кеңестік ұстанымда қалып қоюында. Кеңестік идеологияның пәрменді қаруы болған әдебиеттің арқасында ақын-жазушылар тек жазумен ғана айналысты және жақсы өмір сүрді. Қазіргі әдебиетіміздің, кітап шығаратын баспалардың басы-қасында ескі түсініктегі ақын-жазушылар отырғаны шындық. Кеңестік жүйе құлағалы отыз жылға жуықтаса да әдебиетші қауым нарыққа бейімделе алмай-ақ қойды. Бұрынғы жүйенің орнын мемлекеттік тапсырыс басты. Мемлекеттің қолдауына сүйенген жазушылар кітабының мемлекеттік тапсырыс тізіміне ілігуін күтіп, кітапханаларға таралуына сеніп, нарық тетіктерін меңгеруге немқұрайды қарайтын сыңайлы. Қазақстандағы бұрын мемлекеттік, қазір жекеменшік болған іргелі баспалардың  бір де бірінде пиар-менеджер қызметі жоқ. Құдды олар өздері басып шығарған кітаптарын сатуға, таратуға мүдделі емес сияқты. Мұндай баспалардың қоймаларында қаншама мыңдаған кітап жатқанын олардың өздері ғана біледі. Айталық, қазіргі заманғы редакциялық-баспа үдерісі «қолжазбаны қабылдау – келісім-шарт жасасу – редакциялау – рәсімдеу – беттеу – корректура – басу – дайын кітап –  маркетинг және тарату» үдерісінен тұрады. Соның ішіндегі ең маңыздысы – маркетинг және тарату. Бірақ онымен Қазақстандағы бір де бір баспа айналыспайды. Біздің баспалар негізінен кітапты беттеп, басып шығарумен шектеледі. Бітті. Баспаның міндеті саналатын жаңа авторларды табу, таныту, оқырманға жеткізу деген іс-қаракет бізде әлі атымен жоқ. Мамандардың айтуынша, әрі өзіміз де көріп жүргеніміздей, кітап саудасы ұйымдарында ресейлік басылымдар, оның ішінде көркем әдебиет ассортименттің 90% құрайды. Иә, жазушыларымыз, олар жазған жақсы шығармалар бар, баспалар кітапты бұрқыратып шығарып жатыр, ал дүкендерді шет елдің өнімі жаулап алған. Міне, елімізде кітап нарығы саласындағы заманауи білікті менеджменттің жоқтығы, жазушы кәсібін насихаттаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуі бұл саланы осылайша тығырыққа тіреді. Сөйтіп, өз оқырмандарымызды көрші елдің рухани өнімін тұтынушыға айналдырды.

Біздің елімізде әдеби агент болғысы келетіндерге басқа да кедергілер бар. Мәселен, қазақ жазушылары әдеби агент қызметіне жүгінуге дайын емес, қаржылық мүмкіншілігі де төмен. Мүмкіндігі барлары көбінесе агенттің еңбегі соған татитынына сенбейді. Одан бөлек, әдеби агент пен жазушы арасындағы құқықтық мәселелер де шешімін таппаған. Осы және басқа себептерге байланысты әдеби агент қызметіне мұқтаж жазушы ағайынның аздығы бұл қызметтің дамуын тежейді. Өйткені, қызметке сұраныс болмаса ұсыныс та болмайды. Мұндай жағдайда жазушылар өз бетімен Батыстық агенттіктермен, баспагерлермен хат жазысып жұмыс істеуіне, ең болмағанда халықаралық жәрмеңкелерге қатысып көруіне болады. Бірақ, ол үшін өз туындысының шедевр екеніне сенімді болуы тиіс. Өйткені  қазіргі заманда әдеби шығарма да кәдімгі тауар, оны сол тауар сияқты сатып өткізу керек. Бірақ, тауардың сатылуы қашан да оның сапасына тәуелді. Сондықтан, нарықта не өтімді екенін зерттеп, зерделеп отыратын маркетологтар тәрізді жазушылар да оқырман сұранысын жіті аңғарып отыруы, уақыт талабына сай әрекет етуге тиіс. Жазып қана қоймай, өзіңді, өз өніміңді жарнамалай білу керек. Ол үшін – әлеуметтік желіні тиімді пайдалану, оқырмандармен кездесу, тұсаукесерлер өткізу, т.с.с. кітапты оқырманға жеткізудің түрлі тәсілдері мен жолдары бар. Тағы да сол Д.Роулингті мысалға келтірсек, ол жылына 200 рет оқырман ортасымен жүздеседі екен. Оның ішінде сұхбаттар, шеберлік сағаттары, балалар ауруханаларына бару және басқа қайырымдылық шаралары бар. Танымалдыққа жеттім деп тоқмейілсімеудің арқасында ол дүние жүзіндегі ең табысты жазушының бірі болып отыр.   

Кітап саласының майын ішкен мамандар алдағы уақытта көркем әдебиетке қызығушылық өсе түспесе кемімейтінін айтады. Оған дәлел – кітап дүкендеріндегі әлемдік бестселлерлерге сұраныс. Мейлі ол электронды кітап болсын, дәстүрлі қағаз кітап болсын, оқырман кітаптан ажырамайды. Ең  бастысы, жақсы туындыны оқырманға жеткізу. Шетелде танылмас бұрын жазушы ең алдымен өз елінде танылуы керек. Оны таныту үшін нағыз әдеби агенттің де қызметін пайдалану артық болмас еді.   

 

ПІКІРЛЕР4
Аноним 25.04.2020 | 23:02

Бізде өзінің қазағына жақсы кітабымен әбден танылмай жүріп, шет тілдерге аудартуға асығатын «модашылар» бар. Ал қазағы жоғары бағаламаған кітап онда жетіп құнды болмайды, ешбір агент жоқтан бар жасай алмаған, жасай алмайды да. Бүгінде марқұм бір жазушымыз (аты-жөнін атау ыңғайсыз болар) бізде жолын табумен мемлекеттік силық алған романының шет елдердің 22 тіліне аударылғанын айтып жүретін еді. Ол романы, шет ел былай тұрсын, өзіміздегі әдеби-сыни талдауларда да атала бермейді. «Модашылардың» ойланулары керек-ақ!

Аноним 26.04.2020 | 19:50

Біраз ақпаратқа қагықтық. Алайда ақын — жазушылардың кітаптары өз елімізде дұрыс гасихатталмай жатқан осы бір алмағайып кезеңде адеби агенттер ұстау — қаламгерлерімізге ғайып дүниедей…

Аноним 29.04.2020 | 14:39

Қазақстандағы Жазушылар одағы сол әдеби агенттіктің қызметін атқаруы керек еді…

Аноним 30.04.2020 | 12:10

Шетелде Әуезовтың «Абай жолын» аударып ұсынсаң ешбір баспа оны жаратпайды. Табиғатты суреттеп совет тұсында қаламақыны мол қарпу үшін бетін қалыңдатқан кірпіштей қазақ романдарының ешбірі Батыс оқырмандарының биік талғамына сай келмейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір