Оқыған сайын оқылмаған дүниенің көптігіне көзім жетуде
24.04.2020
1171
0

Шағын шаһар сыртында жатқан жұпыны ғана ауыл менің «Бағаналы Орда –Басты Ордам»… ғұмыр дастаным басталған әз мекенім, кіндігімнің қаны тамған қыстақ еді. Ескінің көзі есіл қарттар Бұлақты деп ат қойыпты. Ертеде бұлаңдаған ерке бұлағы болса болған шығар, мен ес білгелі қырқа астындағы қырық үй ауыз суға да жарымай, өркениеттің өзге де «жетістіктерінен» де сырт қалды. Алайда, ауылда ауызы дуалы ақсақалдар бар еді… Қабайдың Оралбайы, Асанның Қуанышы, Төкеннің Сәтегі қатарлы қарттар өскелең өрендерге аңыз айтып, шежіре тарқатудан жалыққан емес. Өз атам Мұсаның Сыздығы бабалардың батырлығын, ғашықтардың ғажап сезімдерін жырлаудан танбады. Біздің көненің сөзіне құштарлығымыз да, ақ қағазға таңбаланған кітаби сөзге құмарлығымыз да сол қыстақтан бастау алды.

Одан бері қанша кітап оқылды?! Қаншасы оқылмады?! Анығы – оқыған сайын оқығанымның соншалық аз екендігіне, әлі оқылмаған дүниенің соншалық көптігіне көз жеткізуім…

Менің түсінігімде кітапқа адалдықтан айну діннен шығумен шамалас. Тәңірдің жазуымен тағдырдың тәлкегіне түскен жылдарда да жалғыз жан серігім кітап болды. Жазуға мүмкіндік болмаса да, жабықта жалқы қамақта жатқан жанға кітап оқуға мұрсат берілуі екі өкпесі қабынып, тынысы тарылғанға ауа жұтқызғанмен, я, ит арқасы қияндағы шөлдерде кенезесі кепкеннің ауызына су тамызғанмен сауабы бірдей шығар…

Рухани азық түгілі, тігерге тұяғы қалмай, ішер ас, киер киімге зәру болып, ел іші қалт-құлт күй кешкен жылдарда жүздеген кітапханалар жабылып, пақырларыңыз мыңдаған дана жауһарларға иелік етіп қалған жайы бар. Жылдар менің баға жетпес байлығымның қатарын молайтып, қарасын көбейтпесе, құнын арттырмаса, азайтқан жоқ. Байырғы досым Беделханның Бақыты екеуіміз қала басшылығына алып шаһардың қалтарыс тұсында қалған шағын бір ауданның қалың қазағына аса қажет кітапхана ашуды ұсынған едік.Өз кітапханамды басы бүтін сол құтхананың қорына тарту етсем, керемет бастама болып, қаламгер ағайын, ұлт жанашырлары ізгі ниетпен іліп әкетсе, кітапханамыз гүлденіп, шеткеріде жатқан жұршылыққа жан рахатын сыйласа деген үміт болатын. Алаш баласының ғана емес, адамзаттың апшысын қуырған мына зауал да өтер, өмір де өзінің қалыпты арнасына оралар, ол арман да орындалар… Құдай қаласа!

Төрт қабырғаға қамалып, терезеге телміру таңсық емес пендеңізге ай өткелі прозадан Сафуан Шаймерденов шығармаларының біразын қайта оқу («Жыл құсы» повестін күні кеше түгестім), Байбота Қошым-Ноғай ағамыздың «Тәңірі таразысы» жыр жинағымен танысу, шығыстанушы-түрколог Тілеуберді Тыныбайын ағатайымның ғажап ғылыми еңбектерімен сусындау бақыты бұйырды. Арнайы ден қойып, желіде жарияланып жатқан қаламгер қарындастырымның шығармаларына, жазбаларына баса назар аудардым. Поэзияда Танакөз Толқынқызы, Ләйлі Құндақбай, Нұргүл Маулина, прозада Аягүл Мәнтай, публицистикада Қаракөз Смәділ, Әлия Құдайбергенованың қаламдарынан шыққан дүниелерді оқудан жалықпадым, жазғандары жанымды жадыратты…

Армян ақыны Аветик Исаакянды, украин ақыны Леся Украинканы, американ ақыны Генри Уодсуорт Лонгфеллоны аздап оқуға, бірнеше өлеңдерін аударуға мүмкіндік болды. Олжас Сүлейменовтің бір жинағын қайта оқыдым. Ана тілімізге аудардым…

Жазушылар одағы Басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет бастап, Президент мырза қоштаған, аға буын қаламгерлер жалғастырған жақсы іс (челлендж деп аталатынын білдім, оның онша жақсы емесі де болады екен) Ел ішінде қолдау тауып, ұлтымызды оқуға құштар, озық та жасампаз Дәулеттердің алдыңғы легіне жеткізсе ғой… Бұл да бір арман! Өзім әрі жанашыр аға, әрі адал дос, жазушы Дәурен Қуаттан қабылдап алған аманатты баһадүр бауырым, ақиық ақын Беделханның Бақытына, жігіттің қазағы, ғалым, археолог Ерден Оралбайға, ақжарма азамат, жазушы Қанағат Әбілқайырға, Ел еркесі, керемет сазгер һәм әнші Роза Әлқожа қарындасыма, «ақындардың анасы», Жамбыл атындағы кітапхананың меңгерушісі Ғазиза Құдайбергенге табыстадым. Бек рахмет, жайсаң жандар!

Ержан АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір