АНА, МЕН ҰЙЫҚТАДЫМ. КӨЗІМ ҚҰМ…
09.03.2023
725
0

Түркияда болған алапат жер сілкінісі исі түркі халқын ойландырды. Бауырлас елге көмек қолын созып, қайғыларына ортақтасып жатыр. Қазақ ақындары қасіретті оқиғаға жыр арнап, көңіл айтты. Газетімізге түркиялық бірнеше ақынның зілзала кезінде жазылған жырларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Абдуллаһ САТОҒЛЫ

ЗІЛЗАЛА – 2023

Жаратқаным!
Бұл неткен апат,
Неткен сұмдық зілзала?!
Тұнық түнді жұтқан сұм қара…
Қанша жанды әкетсе де,
Бар екені байқалды,
Бізді сақтап қалатын бірлігіміз
бір ғана…

Енис МУЗБЕГ

***
Ана,
Мен ұйықтадым,
Ана,
Мен ұйықтап жатырмын.
Тербетпе,
Болды,
Шын!..
Көзімді топырақ жұмдырды,
Шашым құм.
Мен енді жоқпын.

Мені тербетпе, Ана,
Тербетпе мені.
Тербетпе мені.
Мен ұйықтадым.
Мен ұйқыдамын…
Көзім құм…
Мен жоқпын енді.

Бір кем дүниең,
Жүрегіңді тырнаған мың дүние…
Бір кем дүнием,
Үстіме түскен мың дүние…
Үйінді мен шаң-тозаң.

Сапасыз темірді қайдан білсін бала?
Расында ол бала ғой…
Ол күні сабағы да жоқ-ты.
Үштен бірі ме екен
қолданылған цемент?..
Темір мен құмы тең.
Көздері тоймағандардың күнәлары шексіз…
Қанша қаржы жымқырса
сонша қарғыс…

Енді…
Кім арқалайды жүкті?
Мені мәңгілікке жықты…
Ғаламат қамал да жоқ.
Тіпті, Вавилон да қираған.
Рухымды ұстама,
Ана!
Енді қызың жоқ.
Іздеме мені.
Тоңдым,
Қатты тоңдым…

Ескендір МУЗБЕГ
***

Ойларымда қара түн,
Көңілімде күн…
Өлең жазғыз Бахаетдин аға,
Жақсылықты жазғыз тың. 
Алғашқы жырымды,
Нәсіп қылып едім ақ күннен.
Ақ пен қараны,
Бақ пен наланы ажыратып,
Бізді бізден жақсы білген,
Ездерді де жақтырмайтын,
Каракоч деп едім.  

Екінші өлеңімді жазғанымда,
Бұлт қара,
Жарық қара,
Күн де қара…
Анадан,
Жардан айрылған қандай терең жара?!
Қапияда зар жұттым,
Жыламай қалай тұрайын?
Бұл жер сілкінісі емес,
Апат,
Аға!
Мұны көрмегенің қандай жақсы?!
Елбистан мен Марашың
Емдей алмайтындай енді жарасын…
Жер астында қалды мың-сан дүние.

Төбесіне ақ қырандар қонақтаған
жерлер,
Тепе-теңдігін жоғалтты,
Жоғалды…
Шашыңнан тырнағыңа дейін сезініп
қалалар мен ауылдарға,
Қарашы!
Күлгін қызғалдағын жоғалтты
қара жер.
Топыраққа көмілген мыңдаған
жандарға,
Қараңғылық құлады,
Жолдарын бөгеп таңдарға…

Сәбилер,
Қолдары ауыздарында,
Әрқайсысының жүзінде мұздық…
Өлі мың баланы көрсетіп,
Бір ананы бақытсыз қылған
Өмір – бір пазыл…
Олардың әрбірі бұл күнді  өткеріп,
Үмітпен атырып ақ таңды.
Сынағына төтеп беріп тағдырдың,
Арман тұнған аттанды ертеңге.
Бұл жер сілкінісі емес,
Аға,
Апат!
Бір нәрселер жақындады жаныма жасырын.
Аллам,
Мендегі «менім» тасыды…
Жер астындағы ұзақ түн еркін…
Өлім,
Қайығында тербеледі өзінше…
Қараңғы,
Қараңғы,
Қараңғы,
Мендегі «мен»…
Тағы да мені тасытты.

Аға,
Үнсіз қалмашы,
Жүрегім қырық жамау,
Сүйіншіле маған бір рауанды.
Өтірік болса да, «бәрі жақсы», – деші.

Тағдырына алданып, көктемімен
қауышпағандар…

 

Аблүлмукаддес КУТЛУ
***

Біреуінде өкініш,
Біреуінің жаны да, тәні де жаралы,
Біреуіне қол,
Біреуіне табылады-ау аяғы…
Өмір деген осы.
Бір жол тауып,
Күндерін өткереді баяғы…

Сен қатты жыларсың,
Ішіңе көмілуің тағы бар…
Жаны ашыған жүрек,
Арқаңды сүйер жан табылар. 
Өмір деген осы.
Ошақ та табылар жаны бар…

Тек,
Қайтқандар,
О, қайтқандар,
…тілім жетпейді.

Түркі тілінен аударған
Ержан ЖҰМАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір