ҚАЗАҚ – АЛТЫН ОРДАНЫҢ МҰРАГЕРІ
Қазақ х
андығының 550 жылдығын атап өту – ұлтымыздың тарихи жадысын жаңғыртты. Еуроцентристік, таптық көзқарастан құтылып, бұрынғы өткен хандардардың есімін ұлықтау болашақ ұрпақ үшін үлгі.
Дегенмен, қазақ хандығы ХV-ХІХ ғасырлар арасын қамтитын бергі тарихымыз. Бұның ар жағында Алтын Орда, одан әрі көк түрік, сәл тереңдесек, ғұндық тарихымыз жатыр. Біз – мемлекеттік тарихты басымдыққа шығаратын кеше құрылған АҚШ емеспіз. Немесе ғұн заманында мемлекеті түгілі ізі де жоқ, Отан тарихына жүгінетін Ресей емеспіз. Біз – тарихы терең халықпыз. Ал халық тарихы Ұлт тарихынан бастау алады. Елбасымыз: «Ұлттық идеяны қалыптастыру біздің өз тарихымызды жаңадан оқу негізінде ғана мүмкін болады. Сондықтан ұлттық идеяның формуласы ұлттық тарихта жатыр», – деген болатын. Сонымен, тарихымызды тануды тоқтатпай, кезең-кезеңмен саралап, ары қарай жылжуымыз керек. Келесі кезең – қазақтың Алтын Орданың мұрагері екенін әлемге мойындату.
Қазақтың қазіргі кең байтақ жерінде қазақ хандығынан бұрын, Жошы басқарған Алтын Орда мемлекеті құрылды. Оның саяси орталығы қазіргі Қазақстан жері. 1445 жылы Алтын Орда құлағаннан кейін оның аймағында бірнеше хандықтар бой көтерді. Алтын Орданың мұрагері болып Қазақ хандығы құрылды, ал Алтын Орданың халқы – қазіргі қазақ халқы. Дешті Қыпшақ елінде құрылған мемлекетті Шыңғыс ханның өзі «Қыпшақ елі» деп атады. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі болды. Ханы қазақ текті – меркіт. Жошының меркіт екендігі, оның Шағатай ұлысымен арадағы қақтығыста, Шыңғыс ханның көзінше айтылғаны туралы «Моңғолдың құпия шежіресінде» ашық жазылған. Тарихымызды айтқанда көбінесе: «Тасқа басылған, қағазға түскен ештеңеміз жоқ, көбі ауызша аңыз болып айтылады», – деп жасқаншақтаймыз. Ал осындай тарихи жазбаларды елемеу бізге сын, келешек ұрпақ алдында үлкен айып. Сондықтан осындай тарихи жазбаларды жалтақтамай әлемге паш ете отырып өз пайдамызға асыруымыз керек. Жошының меркіт екендігі Шыңғыс хан туралы қытай халқы түсірген 30 сериалы «Шыңғыс хан» тарихи сериалында да айтылады. Оның үстіне, Ресейдің біраз ғалымдары да кейінгі жылдары қазақтардың Алтын Орданың мұрагері екендігі туралы айтып жүр. Сондықтан біздің кеңес кезіндегідей жасқанатын да, жалтақтайтын да жөніміз жоқ. Қазақтардың Алтын Орданың мұрагері екенін батыл айтып, насихаттап, осы пікірдің пәрменін арттыруымыз керек. Әлемге «Қазақ – Алтын Орданың мұрагері», – деп дәйекті түрде дәлелдеп алсақ, ар жағында бүкіл түркінің Ата жұртын сақтап қалған халық екендігімізді айдай әлемге мойындата аламыз. Одан әрі Рим империясын аттан аударып түсірген Еділдей (Аттила) патшамыз (б.з. 434-453 ж.) болған ғұндардың ұрпағы екеніміз анықталады.
Қазақтың Алтын Орданың мұрагері екенін насихаттауды кешіктірмей бастау керек. Себебі, Ресейдің алдыңғы ойлы ғалымдары қазақтардың Алтын Орданың мұрагері екенін мойындағанымен, қазаққа жақсылықты қимайтын кейбір шовинистік, ұлыдержавалық, отаршылдық көзқарастағы ғалымдары «Алтын Орданың мұрагері – Ресей» деп дәлелдеуге тырысуда. Сондықтан тағы да кешігіп, апыл-ғұпыл тойлаймыз деп шала-шарпы болып қалуы мүмкін. «Кешігіп» деп отырғанымыз, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуді Ресей Федерациясының Президенті В.Путиннің: «Қазақтарда мемлекет болған жоқ», – деген сөзінен кейін пәрменді түрде қолға алдық. Кешігіп қолға алудың салдарынан уақыт тығыз болып, қазақ хандары туралы фильмімізді аяқтап үлгермей, ешкімге көрсете алмай қалдық. Ал негізінен, Қазақ хандығын атап өту туралы ойлар қазақ БАҚ-тарында 2011 жылдардан бері айтылып келеді. Мысалы, «Алматы ақшамы» газеті өзінің «Мұны басқа ұмытса да, қазақ ұмытпауы керек» деген мақаласында: «Қазір «Қазақстан», «Қазақ елі» аталып жүрсек те, бұның бастауында «Қазақ хандығы» тұр. 1465-1466 жылдары Керей мен Жәнібек сұлтандар «Қазақ хандығын құрды. Содан бері «Қазақ елі» деген ат дүниеге белгілі бола бастады. Кейбір тарихшыларымыздың айтуынша, «қазақ» сөзі бұдан бұрын да болған көрінеді. Бірақ «Қазақ хандығы», «Қазақ елі» деп аталып, мемлекет ретінде ұйымдастырған Керей мен Жәнібек хандар екені дау тудыра қоймас. Қазақ мемлекетінің бастауын осы кезеңнен бастасақ, содан бері 545 жыл өтіпті. Демек, оны да ұмытпай, мемлекет көлемінде атап өткен дұрыс», – деп жазған еді. («Алматы ақшамы». №83, 19.07.2011 ж.). Өкінішке қарай, дер кезінде қазақ БАҚ-тарындағы бұндай мақалаларға көңіл аударып, мән берген бірде-бір шенеунік, не депутат, не лауазым иелері болмады. Егер сол кезде көңіл аударылып, мән беріліп, қолға алынғанда қазір қазақ хандары туралы фильміміз де жарыққа шығатын еді. Бізде бір жаман әдет бар. Өз еліміздің азаматтары айтып, жазып жатса да лауазым иелері мән бермейді. Ал басқалар, әсіресе басқа мемлекеттің лауазым иелері біз туралы теріс пікір айтып жатса намысымыз қозып, апыл-ғұпыл, шала-шарпы іске кірісеміз. Қазақтардың Алтын Орданың мұрагері екендігі туралы насихатты да «ұзын арқау кең тұсауға» салып жүріп алар ма екенбіз…
Өз тізгініміз өз қолымызға тигенде өзіміздің тарихымызды өзіміз жазуымыз керек. «Отар елдің тарихын отарлаушы елдің өкілі жазады» деп, бұған дейінгі тарихымызды ресейліктер жазып келді. Әрине, олар өздерін көтермелеп, бізді тұқыртуға тырысып: «Қазақстан Республикасы ұзақ өмір сүре алмайды. Өйткені, тарихта қазақтардың өз мемлекеті болмаған, оларға мемлекеттілік идеясы жат» деп келді. Сондықтан «Мәдени мұра» бағдарламасын тоқтатпай, жалғастыра отырып, мемлекеттігіміздің кемел шағы Алтын Орданың мұрагері қазақ халқы екенін дәлелдеп шығуымыз керек.
Назрахмет Қали,
зейнеткер.
Алматы қаласы.