Дулат ИСАБЕКОВ. МЕН ҮШІН КІТАП ОҚУ – «КИСЛОРОДТЫ ЖАСТЫҚ»
24.04.2020
1312
2

Дулат Исабеков

Есейген шағында Кеңес өкіметінде өмір сүріп қалған адамдардың сол заманнан аңсайтын нәрсесі бар ма? Бар. Тіпті, көп десе де болады. Соның бірі – кітапқұмарлық. Кез келген тұрмысы тәуір үйге бара қалсаң, алдымен мақтанатыны – жинаған кітаптары болатын. Ол кезде «қазіргі прозаның шеберлері» (мастера современной прозы), «Халықтар достығы кітапханасы» «Роман газета» журналының өзі 1,5 млн. тиражбен шығушы еді.

Оның жанынан шығатын кітаптар да миллиондаған тиражбен тарайтын. Әлі есімде, 200 томдық «Әлем әдебиеті» сериясына жазылудың қаншалықты қиын болғандығы. Ал кітаптардың таралымын айтсаңшы! Фантастика! Менің кітап сөремде сол кезде шыққан кітаптардың таралымына қарасам, өз көзіме өзім сенбеймін. 700000, 1 млн, 1,5 миллион дана! «Жазушы», «Жалын» баспаларынан қазақ тіліндегі кітаптардың таралымы 300000-нан кем болмайтын. «Жұлдыз» журналының таралымы – 260000-ға жеткен кезін де көріп едік. Тіпті, менің ең алғашқы кітабым «Бекет» 240000 данамен басылып шығып еді (ол кезде мен 5 курстың студенті болатынмын). Мен байғұс сол тираждың өзін азсынып едім-ау.
Бәрі ертегі сияқты.

Ол кезде «кітап оқы» деп айтудың өзі ерсі саналатын. Қазір кітап оқу дәстүрден алыстап бара жатыр. Сондықтан да кітаптарымыз 1000-2000 таралымнан аспайды. Қалың қазақ әдебиетсіз өмір сүре алмайды, күндердің күнінде бәрібір кітап оқуға қайтып оралар деп сенемін.
Карантин болсын, болмасын, жазушы адам кітапсыз өмір сүре алмайды. Мен үшін кітап оқу – «кислородты жастықпен» бірдей. Соңғы бір жылда Пушкиннің 10 томдық шығармалар жинағын бір сөзін қалдырмай оқып шықтым. Көне Грекия философтары мен ертедегі Рим философтарының еңбектерін сүзіп шықтым. Ондағы мақсатым – сол ақындар мен данышпандардың ойларын Абайдың философиялық тұжырымдамаларымен салыстыру болды. Соның нәтижесінде «Пушкин. Абай. Және басқалар» деген көлемді мақала жазып бітірдім.
Бүгінгі әдебиеттен де тыс қалмау керек. Соңғы оқығандарым – А.Асқардың, Ж.Әлмашевтің, С.Сыбанбайдың, Д.Қуаттың кітаптары болды. Дәурен Қуат – ешкімге ұқсамайтын, тілі де бөлек, кейіпкерлері де тосын, айтар ойлары да, уақиғалары да жұмбақ сырға толы жазушы екен. Әсіресе, оның тіл байлығына риза болдым. Дәуренмен замандас жазушылар қазақ тілінің сиқырлы бояуы мен құнарын ұмытқан шығар деп жүруші едім, оның «Бөрі соқпақ» кітабын түгелдей оқып шыққан соң, ол ойымнан арылып, «Құдайға шүкір, тіл құнары мен сиқырын өз анасы мен жер анасының қасиеті арқылы бойына сіңіре білген қаламгерлер бар екен» деп қуандым.
Классиканы оқумен қатар өз әдебиетімізді оқуды да ұмытпайық. Жазушылар Одағының төрағасы Ұ.Есдәулетовтен басталған кітап оқу жөніндегі эстафетаны мен Бексұлтан, Төлен, Қадірбек, Әннес, Қажығалиларға жолдаймын. Жоғарыда мен атаған кітаптарды үй қамақта босқа отыра бермей, оқып шығыңдар.

ПІКІРЛЕР2
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір