Өнер адамдары карантинді қалай өткізіп жатыр?
23.04.2020
1798
0

Сахна адамдарына карантин режимі қалай әсер етуде? «Қадір» деген ұғымның да қадірі артып тұрған осынау шақта шығармашылық иелерінің уақыты қалай өтуде? Бірқатар кино және театр актерлері арасында осы сұрақтар төңірегінде сауалнама жүргізіп көрдік.

Кеңес НҰРЛАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 ҰЛТ БАТЫРЛАРЫ ҰЛЫҚТАЛСА ДЕГЕН ТІЛЕК БАР

Уақытты өткізудің ең жақсы амалы – кітап оқу.  Сахнада өзге адамның бейнесін өз бейнеңдей етіп халыққа нанымды жеткізу өте күрделі процесс.  Образды кітаптан, сырттан іздейсің, әр адамның түр-келбетіне, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне қарайсың. Осы кезде әрине ең әуелі әдебиет көмекке келеді. Білесіз ғой, өнер адамдары үйден гөрі түзде көп жүреміз. Театр екінші үйіміздей болып кеткен. Таңертең барғаннан  күні бойы сахна айналасында дайындық жұмыстарын жасап, кешке спектакльде ойнап, үйге түнде қайтатынбыз. Содан болар, кейде кітаптан алшақтап кеткендей боламыз. Қазір қайта парақтап, көп дүниені қайта парықтап жатқан жайымыз бар. Отбасымызбен, балаларымызбен дастархан басында жиі бас қосып, әңгімелесіп, өткен-кеткенді айтып, болашақты бағамдап, ел тілеуін тілеудеміз. Ептеп спортпен айналысамыз.

«Ел Арна» телеарнасынан қазақ фильмдері көптеп берілуде. Өзім де қазақ киносының өкілі болғандықтан, отандық киноларды қадағалап, қарап отырамын. Әсіресе, кейінгі шыққандары жиі көрсетілуде. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ батырлары туралы сапалы фильм түсірілсе деген тілек бар. Ұлтымыздың сандық көрсеткіші аз болғанымен, сол сұрапыл соғыста «Батыр» атағын алғандардың арасында саны жағынан бесінші орында екенбіз. Қаншама аруларымыз өмірлерін қиды майдан даласында. Ерен ерліктің үлгісін көрсеткен тұлғаларымыз қаншама. Бір ғана мысал келтірсек, Ағаділ Сухамбаев шешуші шайқаста екі қолынан жараланғанына қарамастан, жаудың пулемет нүктесіне ұмтылып, амбразураны өз денесімен жапқан. Қазір, енді,  жасымыз асып кетті ғой, «шіркін-ай осы батырлардың образын сомдасақ қой» деген арманымыз болған. Өкінішке қарай, ұлттық батырларымыздың бейнесін үлкен экранға шығара алмай келеміз. Қасым Қайсенов туралы фильм шықты, оның өзін белорусьтықтар түсірген. Баукең жайлы, Әлия мен Мәншүк жайлы фильмдер бар, бірақ аздық етеді. Мысалы, ресейліктер осы бағытта  қандай керемет кинолар түсірген. Бұл соғысты тек орыс халқы ғана жеңген секілді танылып қалады да, басқа ұлттардың қатысы жоқтай көрінеді. Осыған кейде ішің ашиды. Мемлекет осындай жағдайға атсалысса, режиссерлеріміз осындай дүниелерге назар салса деймін. Батырларымыздың дәріптелгені болашақ үшін аса қажет. Талай батырлардың аты өз дәрежесінде аталмай жүр. Біз  білерміз бірен-сараңын, ал бізден кейінгі ұрпақ үшін мүлде ұмытылып қалмай ма деген қорқыныш жоқ емес.

Қадырғали КӨБЕНТАЙ, композитор, мәдениет қайраткері

ЖҰРТ КӨҢІЛІ АЛАҢ ШАҚТА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА БЕЙІЛ БОЛА БЕРМЕЙДІ ЕКЕН

 Уақытымызды үйде отбасымыздың, балаларымыздың қасында өткізіп жатырмыз. Өкіметтің көп қабатты үйіндеміз. Анда-санда қолға гитарамызды алып, бұрынғы әндерімізді айтамыз. Шығармашылықпен қарқынды түрде айналысудамын деп айта алмаймын, өйткені елді алаңдатқан індет турасындағы әр қилы ақпараттарды естіп, көңіл күй түсіп, ештеңке істегің келмей қалатын сәт туып тұр мен үшін. Әдетте гастрольдік сапармен ел аралағанда, жақсы поэзия оқығанда ән туатын, ал мұндай алмағайып кезеңде әлдене деп ән шырқауға бейіл бола бермейді екен.

Жалғас ТОЛҒАНБАЙ, кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

 ЖАМАНДЫҚ АТАУЛЫНЫ ЖЕҢЕТІН АМАНДЫҚ ТІЛЕЙМІН

Карантин уақытында көппен бірге тәртіп сақтап, онлайн жүйесі арқылы жұмыс жасап жатырмыз. Театрымыздың актерлері, қызметкерлері әлеуметтік желілер арқылы халықпен қауышып, тікелей эфирде өз өнерлерін ортаға салып, ойларымен бөлісуде. Өнер хақындағы, өмір хақындағы сұрақтарға жауап беріп, театр мұражайы мен театрымызға еңбегі сіңген актёрлеріміз жайлы, театр тарихы туралы еркін сұхбат жүргізуде.

Күйбең тірлікпен ерте кетіп, кеш оралатын едік. Қазір отбасымыздың, бала-шағамыздың жанында отырып, олардың ойын тыңдап, көңіл-күйлерін көтеруге мүмкіндік тууда. Бір уақ балалардың сабағына да бет бұрдық. Уақытты бос өткізбейік деп кітап оқып, айтылмай жүрген әндерімізді айтып, қолымызға домбырымызды, гитара мен баянымызды алдық.

Ағайын-туыспен, әріптестермен видеобайланыспен хабарласып, жағдайларын біліп, бір-бірімізді онлайн жүйеде етке, шәйға шақырамыз, әзілдеп.

Жұмысты, театрды сағындық, әрине. Көрерменімізді сағындық. Адамдар айналасына айрықша көз тастап, бұрын-соңды сезбеген дүниелеріне аса сезімталдықпен үңіліп, бір-бірін де қайтадан жақын танығандай болып жатқан секілді, меніңше. Көп дүниенің қадірі білінуде.

Осынау қиын кезеңнен аман-саулықпен өту үшін әлем халықтары күш салып жатқанда, біздің жайбарақат отырғанымыз жарамайды ғой. Ел екенімізді көрсетіп, өтпелі шақтың ауыртпалығына бар қажыр-қайратымызбен төтеп беруіміз керек. Түн ұйқысын төрт бөліп көзге көрінбейтін «жаумен» күрес жүргізіп жатқан дәрігерлерге, тыныштық пен сақтықтың күзетшісі қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне рақметімді айтамын. Халыққа сабырлылық тілеймін. Жамандық атаулыны жеңетін амандық тілеймін.

Рабиға АҒМАНОВА, театр және кино актрисасы

 ТОРҒА ТҮСКЕН ҚҰСТАЙ БОЛҒАНЫМЫЗ РАС

 Осы қоғамның бір бөлшегі ретінде, бұл шақ кім-кімнің де көңіл күйіне кері әсерін тигізбей жатқан жоқ. Шығармашылық адамдарына тіптен ауыр тиуде. Себебі жүретін ортаң, баратын жерің көпшілікпен тығыз байланысты болғандықтан, жекеге қалып қалу қиындау. Алғашында өзімізді торға түскен құстай сезінгенімізбен, қазір аздап үйреністік.

Шығармашылықпен айналысу үшін де адамға әлдебір стимул керек қой, халықтың көңіл күйіне қарап, ол тұрғыда өнімді үрдіс жүруде дей алмаймын. Бір ғана көңіл көншітерлігі – бала-шағамыз қасымызда, ағаларыңның көп уақыты гастрольдік сапармен тыста өтетін, қазір үйде.

Пенде болған соң аяғын жете бермейтін жерлер бар ғой, теледидардан жер жаһанды аралап, саяхаттауға шақыратын бағдарламаларды тамашалап, уақытымыздың тапшылығынан көре алмай қалған киноларды көріп, күндеріміз өтуде.

Өзім сұмдық аспаз екенмін (күліп), күні бойы нешетүрлі тағамдар жасап, қол қалт еткенде кітап оқимын. Маған былтыр бір кісі айтып еді: «Кітап оқымайды екенсің» деп. Мен таң қалып бетіне қарап қалсам, бүгінде «сәнге» айналып жатқан үй жинаудан бастап керемет байып кетуге дейін үйрететін мотивациялық кітаптарды айтып тұр екен. Расымен ондай дүниелерді оқымайды екенмін деп, жапондық КОН МАРИ деген автордың «Үй жинауға үйретем» деген кітабын тауып алдым. Отыз жыл болды отбасылық өмірдің ошағын жағып келе жатқанымызға, үйдің шашылып, кірдің жуылмай тұрған кезі жоқ. Аталған кітапта не үйретеді екен деп ойлағанмын. Ал көркем әдебиеттен ешқашан қол үзген емеспіз. Сахна адамының күллі өмірі оқудан, ізденістен тұрады ғой.

Аққу БАЙЖІГІТ, әнші

 САХНАҒА ШЫҚҚАНДАЙ БІР ЖАСАП ҚАЛАМЫЗ

Карантин уақыты өнер адамдарына ғана емес, жалпы халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Мамандығым осы салаға қатысты болғандықтан, отандық тарихи фильмдерді көріп, арасында  әлемдік кино өндірісінде үлкен орны бар актерлердің шеберліктері туралы материалдарды қараймын. Көбі аңғарып жатқан шығар, адам миы тыныққанда, ойға жаңа дүниелер келеді екен. Жұбайым екеуіміз  отбасылық дуэт болып ән орындаймыз. Жақсы әуендер дүниеге келіп, репертуарымызға жаңа әндер қосылуда. Күнделікті рижмге бір өзгеріс енгізгіміз келіп, бір аптадай болып қалды, фейсбук парақшамызда тікелей эфирге шығып, бұрынғы ретро әндерден бастап қазақтың халық әндерін, өзге де көптеген әндерді шырқап жүрміз. Халық ретро әндерді сағынады екен, өте ыстық қабылдады. Үнемі қозғалыста, көп ортасында жүріп үйренген өнер адамына  сахнасыз тыныс алып, түсірілімсіз ауа жұту аздап қиындау. Сондықтан осы эфир жақсы болды бізге, елмен жүздесіп, сахнаға шыққандай бір жасап қаламыз. Жеңілдеп қаламыз.

Дайындаған Мөлдір Райымбекова

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір