Ардақ ӘМІРҚҰЛОВ. Балыққа азық кім берер…
21.04.2020
709
0

«Қазақ әдебиеті» газетінің бүгінгі онлайн сұхбатына танымал режиссер Ардақ Әмірқұлов қатысты. Шығармашылық пен кәсіпкерлікті қатар алып жүрген режиссер карантиндегі кейбір олқылықтарға тоқталды.

 «Қазақ әдебиеті»: Күллі әлемді әбігерге салған аты жаман дерт бәрімізді үйге қамап қойды. Сіз осы уақытты қалай өткізіп жатырсыз?

Ардақ Әмірқұлов: Бұл бір сынақ болды. Талай шаруа жиналып тұр. Қазір бір киноның жұмысымен отырмын. Соның жобасын жасаймын, пысықтаймын, ой қосам, кем-кетігін түзеймін дегендей. Ертең «Ал, бастайық» дегенде аңтарылып қалмас үшін әр детальді мұқият қараймыз. Киноның творчестволық жұмысы өз алдына, құжаттарын реттеудің өзіне талай уақыт кетеді. Мәселен, қазір жоспарлап отырған киномызға ақша әлі аударылған жоқ. Негізі кино көбіне осындай көктем, жаз мезгілінде түсіріледі ғой. Егер қаржы уақытында бөлінбесе киноны қыста түсіреміз бе? Әлде биыл мүлде кино түсірілмей ме? Осындай қызық жағдайлар да каронавируспен бірге қолды байлап тұр.

«Қазақ әдебиеті»: Қазір елде, үлкен қалаларда қатаң тәртіп орнады. Дегенмен, талапқа салғырт қарап жүргендер аз емес. Өзіңіз бұл талапты қаншалықты сақтап отырсыз?

Ардақ Әмірқұлов: Үйде қамалып қалған әсіресе ер адамдарға өте қиын. Бірақ, тәртіпке бағыну керек. Ең бастысы, адам өзінің жеке басы үшін, отбасы үшін тәртіпті сақтауы қажет қой. Сенің денсаулығың, амандығын алдымен өзіңе керек емес пе? Сондықтан мен қазір үйден шық десе де шықпаймын. Сақтық керек, амандық керек.

«Қазақ әдебиеті»: Жылқыны жақсы көретін едіңіз. Балық өсіретінсіз. Ол жағы қалай болып жатыр?

Ардақ Әмірқұлов: Екеуін де бағып-қағып, өсіріп жатырмыз. Бірақ, карантинге байланысты біраз қиындық туындап отыр. Мәселен, біз балыққа азықты шетелден аламыз. Өзімізде ондай өнім жоқ. Міне, сол азықты жеткізу, тасымалдау оңай болмай тұр. Ары-бері өткізбейді. Бізге табиғатты көруге, жылқыға мініп қыдыруға, балық аулап, демалуға туристер көп келетін. Қазір шекара ғана емес, қалалар мен облыстар жабылған соң ол тоқтады. Оны жақсы түсінем, адамдардың амандығы үшін ол керек. Ал, жылқы мен балыққа азығын алып өтуге рұқсат беру керек қой. Мәселен, балық шаруашылығы өте баяу дамиды, егер азықсыз қалдырып, балықтарды қырып алсақ, оны қайта жолға қою үшін кемінде алты, жеті жыл керек. Сосын, балықтарды сатылымға шығаруға, сауда орындарына апарып беруге мүмкіндік беру қажет қой. Дәл қазір жұртқа балық, витамин аса қажет емес пе? Осы жағы дұрыс жолға қойылмай отыр. Бұл жалғыз менің басымдағы қиындық емес, әр шаруашылықтың өз қиындығы жетерлік. Соны ескерсе болатын еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір