Азық-түлікті қолдан қымбаттатты

Елімізде азық-түлік күн санап өсіп барады. Бұған халық наразы. Азық-түліктің қымбаттауын қолдан жасап, үстеме пайда көріп отырғандар жетерлік. Бұған Солтүстік Қазақстандағы мына жағдай мысал бола алады.
Жуырда облыстағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жеке кәсіпкер арызданып, тұрақтандыру қорындағы азық-түлікті қымбат бағаға алуға мәжбүр болғанын айтқан.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, шағымданушы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан әкімшілік кедергінің жасалғанын хабарлаған.
Кәсіпкердің айтуынша, оның ауылдық жерде дүкені бар. Сату үшін тұрақтандыру қорынан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 5 түрін алмақ болады. Алайда акционерлік қоғамда оны әлеуметтік қантты қосымша алуға міндеттеген. Бұл тауар ол жерде басқа көтерме бағамен сатушылардан 30 теңгеге қымбат болған.
«Солтүстік» ӘКК» АҚ осылайша шағын бизнес субъектілері есебінен бұрын қымбат бағаға алынған азық-түліктен құтылуды көздеген.
Ведомствоның араласуынан кейін барлық тараптардың қатысуымен кездесу өтіп, мәселе оң шешілді. Яғни, кәсіпкерлер қажетті азық-түлікті еш шектеусіз сатып ала алады.
Мамандар азық-түліктің қымбаттауының түрлі себебін айтады. Соның бірі – бағаны тұрақтандыру қорының жұмыс тәсілінің тиімсіздігі. Олар маусым кезінде азық-түлік өнімдерін арзан бағаға сатып алып, сақтап, кейін кәсіпкерлерге төмен бағамен беруге міндетті. Бірақ өздерінің істеріне немқұрайды қарайтындар жетерлік. Соның кесірінен елімізде азық-түлік бағасы тоқтаусыз өсуде.