ҚОБЫЗ КИЕСІ ДАРЫҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ  
21.04.2020
1614
3

Есімі елімізден асып, әлемге тараған қобызшы, ҚР еңбегі сіңген қайраткері Раушан Оразбаеваның орындауында бірнеше күй тыңдап таң қалдым. Бұл не құдірет? Желдің гуілі, судың сылдыры, самал желмен тербелген қамыс-құрақтың сыбдыры. Көгілдір көлдің көркі, сұңқылы жан тебірентер әсем әуен мен керемет күй туғызатын аққу-қаздар көлді айналсоқтап ұшып жүргендей. Түһ, мына қобыз қалай-қалай сұңқылдайды! Құстарша сайрап, адамша сөйлейді ғой! Бұрын қалай байқамағанмын! Әлде адамына жолықпай жүрдім бе екен? Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп кие қонған, қасиет дарыған қобыз үнін тыңдауға да бір сәт уақыт таппаймыз. Дәл осылай табиғи дыбыспен құстардың үнін салатын аспап жоқ-ау, сірә.

ҚОБЫЗ – РАУШАН, РАУШАН – ҚОБЫЗ

Күйлерін тыңдаған соң Раушан Оразбаевамен танысқым келді, күй қорын білуге құмарлығым артты. Жеке таныстығымыз жоқ болғандықтан телефон арқылы хабарласуға мәжбүр болдым. Сәл қобалжып телефон нөмірін тердім, бірақ тәуекел ете алмадым. Жасы кіші болғасын ұялдым ба, әйтеуір, «мені дұрыс түсінбей қала ма?» деген ой мазалады. Сол сәт қасымда консерваторияның ІV курс студенті, қылқобызшы Дүйсен Өркен тұрған.

– Өркен, Раушан Оразбаеваны танисың ба?

– Ой, ағай, ол кісіні кім танымайды?

– Телефон нөмірі бар ма?

– Бар.

– Менің сұрақтарымды өз атыңнан қойып сөйлесе аласың ба?

– Менің дипломдық жұмысымның тақырыбы Раушан апайдың шығармашылығы еді, жақсы болды, ағай, – деп, Өркен қуана-қуана келісті.

Ірі тұлғалардың есімі неғұрлым танымал болған сайын, олардың өздері де соғұрлым сыпайы, биязы, көпшіл, ақкөңіл болады ғой. Өркеннің кібіртіктеңкіреп қойған сұрағына толық жауап беріп, бірнеше сағаттан соң өзі хабарласатынын айтты. Кешті күттім. Алдамады. Раушан Оразбаева өзі хабарласты. Менің өтінішімді жерге тастамай, репертуарын Өркенге жазып жіберіпті. Жалпы, Раушан Оразбаеваның күй қорында жүзден аса күй бар екен. Көбі домбыра мен сыбызғы күйлері. Домбыра күйлерін қобызбен тарту өте қиын. Өйткені домбыра күйлерінің  қағыстарының өзі бір ғылым, төмен, жоғары қағыстарынан бөлек жүздеген қағыстары бар. Қобыз күйлерінде қағыс деген жоқ, ышқышпен ысып орындалады. Домбыра күйлеріндегі қағыстардың орындары ауысып кетсе күйдің «тілі» күрмеледі, «айтары» азаяды, ырғағы бұзылады. Қағыс – домбыра күйлеріндегі ең негізгі және басты ерекшелік. Онсыз домбыра сөйлемейді. Ендеше, домбырадағы қағыс қандай ерекше болса, басқа аспапқа домбыра күйін лайықтағанда, сол қағыс ерекшеліктері сақталуы тиіс. Мұндай күрделі мәселені  шешу – кез келген қобызшының, жалпы кез келген сауатты музыканттың қолынан келетін дүние емес. Әйтпесе, бес мыңға (кейбір деректерде сегіз мыңға) жуық қазақтың домбыра күйлерін кез келген орындаушы қалаған аспаптарына лайықтап тарта бермес пе еді?! Раушан Оразбаеваның білімділігі, шебер интерпретаторлығы, жоғары деңгейлі кәсіби шебер екені осыдан-ақ байқалса керек. Шынын айтсам, профессионал болу да, білімді болу да аздық  етеді. Бұл жерде күйлерді санамен түсіну, түйсік пен түйсіну керек. Күйді құбылыс ретінде қабылдап, тылсым деп танып, шынайы түсінгенде ғана күй санаңда жаңғырып, жаңа қалыпқа, яғни сен түсінген формаға енеді. Міне, енді күй дайын, тек алғаусыз аспапқа түсір, орындауынан мүдірме. Ал қағыс жүрек пен сананың сүзгісінен өтіп, ысқыштың оң және сол тартысына айналады. Тек дөп басып, дәл орында. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен, орындалуы өте күрделі процесс. Шынайы махаббатпен орындалған, шын жүректен шыққан күй ғана жүректерге жетпек. Бұл орайда Раушан Оразбаеваның қобызға, күйге шын ғашық екеніне еш күмән жоқ. Ол қобызын қолына алғанда әлемді ұмытады, тылсым дүниеге енеді. Біртұтас қобызға, бүтін күйге айналады. Оны қобыздан бөлек, күйден бөліп қарауға, тануға мүлдем болмайды.

Раушанның орындауында кез келген ән, күй, шығарма өзгеріп, құбылып, жайнап шыға келеді. Ол шығармаларды Раушанның орындауында тыңдағаннан кейін, сол шығармалардың алғашқы түпнұсқасы домбырада немесе басқа аспапта туған дегенге сене алмайсың. Қай-қайсысы да тек қобызға арналып шыққандай әсер етеді. Міне, нағыз музыканттың композиторлық дарыны, импровизаторлық қабілеті. Бұл жөнінде Раушанның өзі де: «Өзіме қатты ұнаған кез келген шығарманы тарта бастағанымда ішкі дүнием астаң-кестең болады. Сол шығарманың ішіне еніп кететіндігім сондай, кейде өзім түсінбейтін жағдайды бастан кешемін». Жалпы, Раушан өзіне ұнаған шығармаларға импровизация жасағанды ұнатады. Көптеген шығармалары тыңдаушысына сол импровизация күйінде жетті. Соның айқын дәлелі – түрікменнің «Наз» әуеніне жасалған импровизация.

РАУШАННЫҢ ТӨЛ КҮЙЛЕРІ МЕН БАЙ КҮЙ ҚОРЫ

Кез келген күйші, орындаушы аспабын еркін игергенде кемеліне келіп, шеберлігі шыңдалғанда күйдің қасиетін түсіне бастайды. Күйді көп білгендіктен, түсініп тартқандықтан орындаушының ішінде «алтын» түйін пайда болады. Күйге деген жоғары талғам пайда болады. Күйді түсініп тартқан күйшінің санасында күйлер жаңғырады. «Ана күйдің орта буыны былай тартылғанда ғой, мына күйдің сағасын мен былай тартар едім» деген түйсік пайда бола бастайды. Тіпті кейбір күйлердің бірнеше қолдан шыққанын санамен сезіп, байқап та отырасың. Келе-келе орындаушы да күй шығаруға талпына  бастайды. Көп жылғы орындаушылық шеберлікпен жиналған күй қоры орындаушының интуитивті түйсігін дамытады. Ал, орындаушының репертуарының бай болуы өзі шығарған күйлерінің өзге күйлерге ұқсамауына, қайталанбауына кепіл болады. Орындаушы өзі де шығарған күйлерінің өзге күйлерге ұқсап кетпеуін қадағалап отырады. Ал, күй қоры аз болса салыстыру мүмкіндігі шектеледі. Аспаптың барлық қыр-сырын меңгерген, құпиясына қаныққан орындаушы ғана «күй» деген телегей теңізге сүңгуге тәуекел ете алады. Міне, осындай қасиеттерге ие болып шеберлігі шыңдалған, кемеліне келген Раушан Оразбаева да өзінің төл күйлерін көпшілікке ұсына бастады. Бұл   бұлтартпас заңдылық еді.

Алғашқы күйі – «Алтынбек». Елімізге белгілі тұлға. Ұлтын, елін шын сүйген азамат. Осы кісінің қазасынан бір күн бұрын Раушан түс көреді. Қоғамда бір өзгеріс боларын, қазақ елі ірі тұлғасынан айырылатынын сезеді. Бірақ нақты кім екенін айта алмайды. Ертеңіне елге жеткен суық хабар, кешегі көрген түс Раушанды есеңгіретіп жібереді. Құлазыған көңілдегі өкініш кеудеден көтерілген өксікке қосылып, қос ішекті қоңыр қобыздан күй болып, көз жасына араласа ағады. Қоңыр қобыз күңіреніп «Алтынбек, Алтынбек» деп  анық сөйлеп жатты. Раушанның алғашқы күйі осылайша дүниеге келген еді.

Раушан Оразбаеваның репертуары тек қазақ күйлерімен шектелмейді. Бүгінде әлемнің ысқышты аспаптарының атасы атанған біздің қылқобыздан скрипка, альт, виолончельдердің  пайда болғаны жасырын емес. Демек, қылқобызда да әлемнің кейбір классикалық шығармаларын орындауға болатыны күмән туғызбайды. Мұны тағы да Раушан Оразбаеваның орындауында тыңдап, тамсануға болады. Кенжебек Күмісбековтің «Поэмасы», «Фараби сазы», «Концерттік пьесасы», Базарбай Жұманиязовтың «Концерттік күйі», Ермұрат Үсеновтің «Өмір-дастан», «Қойлыбай бақсы», Қуат Шілдебаевтың «Қаракемер», Ақтоты Райымқұлованың «Арал мұңы», Серік Әбдінұровтың «Тұран», «Айналайын», «Диуани хикмет», «Тілеп абыз», Ерболат Андосовтың қобызға, флейтаға, гобойға арналған пьесалары және Гольтерманның «Каприччиосы» Раушан Оразбаеваның орындауында арнайы қылқобызға жазылған шығармалардай әсер етеді.

«АҚҚУЛАР САЗЫ»

  2018 жылы Раушан Оразбаеваның «Аққулар сазы» еңбегі жарық көрді. Кітаптың алғы сөзінде: «Бүгінгі күннің ең дарынды қобызшыларының бірі – Раушан Оразбаева. Оның өнері қобыздың байырғы бабалардың қолынан дарыған сиқырлы күшін сақтай білген. Раушанның қолындағы қобыз – тірі жан секілді, ол жай дыбыс шығарып қана қоймайды, «сөйлейді», адамның жан-дүниесінің байлығы мен әлемнің барша бояуының қатпар-қыртысын ашып көрсетеді», – дейді өнертану ғылымының докторы, профессор Әсия Мұхамбетова. Расында да Раушанның қолындағы қобыз тірі жан секілді сөйлейді.

  «Аққу күйлерінің» ерекшеліктері көп-ақ. Алдымен көзге түсетіні – кітап ішіндегі СD диск. Екіншіден, бұл жинақ – қазақтың күй өнеріндегі «Аққу» күйлерінің басын қосқан алғашқы еңбек десек, қателеспейміз. Басым көпшілігі – домбырада тартылатын күйлер. Автордың өзі бұл жайында: «Домбыра күйлерін қобызға лайықтап тарту, біріншіден, қобызшының орындаушылық шеберлігін арттырады, екіншіден, күй орындауға түрлі жаңа әдістер, тың штрихтар енетін болады. Осы техникалық мүмкіншіліктер орындаушылық өнерді жоғарғы деңгейге көтеріп, қобыздың қыр-сырын тереңірек ашады», – дейді. Кітаптың тағы бір жаңалығы – Раушан Оразбаева домбырада орындалатын «Аққу» күйлерін жинап, қылқобызға алғаш лайықтаушы. Бұл қобызшылардың репертуарын байытып, кәсіби шеберліктерін ұштары, сөзсіз.

 Жалпы, қай күйді де мәнерлеп тарту керек. Алдымен тарихымен танысып, берілген нотадағы барлық белгілерді (f, p, mf, mp, т.б.) мүмкіндігінше сақтап орындаса, ырғақтық ерекшеліктеріне көңіл бөліп, нақышына келтіре тартса, кез келген күйдің «тілі» шығады. Бұған көп дайындық пен үлкен шеберлік керек екені айтпаса да түсінікті. Бұл жөнінде Раушан Оразбаева «Аққулар сазы» еңбегінің әдістемелік нұсқауында: «Аққу күйлері көркем бейнелеу күйлері болғандықтан, ысқышпен динамикасын шебер орындаудың маңызы зор. Мысалы, Ықыластың «Аққу» күйінің 2-нші нұсқасына назар аударсақ, туынды басындағы аққулардың ұшып, қалықтап,  су бетінде қанатын сабалап барып алысқа ұшып кететін көрінісі диминуэндо арқылы берілді, сондай-ақ күй соңындағы аққулардың біртіндеп алыстап бара жатқан қиқулары. Әсіресе дыбыс ауытқууына (микроинтонация) мән беру керек», – дейді.

 «Аққулар сазында» «Аққу» атты күйлердің жиырма алты түрі, олардың әрқайсысының түрлі нұсқаларымен қоса ноталық үлгілері берілген. Күйлердің шығу тарихы және орындаушылар мен жеткізушілер жөнінде де біраз мағлұматтар бар. Тек осы күйлердің барлығы кітап бетінде қалмай, сахна төрінде орындалса деген тілегіміз бар.

 Ал біздің кейіпкеріміздің әлемді қобызымен аралап таңырқатқаны, шетелдіктердің арнайы іздеп келіп Раушаннан сабақ алатыны – өз алдына бөлек әңгіме. Біз қасиетті қобыз киесі дарыған талантты қазақ қызына толағай табыстар тілейміз.

 Төлепберген ТОҚЖАНОВ,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 01.05.2020 | 13:33

Осындай шын өнерпаздарды жазғандарыңыз дұрыс болды.Әйтпесе Қорқыттың күйі деп, өз күйін тықпалап жүрген де адам бар. Өткен ғасырдың 70-жылдары ма екен, сол шамада, Қорқыттың бес күйі табылды дегеннің өзінде кәсіби мамандар сақтықпен қарау керек деген, ал сонда қазір 2019-2020 жылдары соны күтіп жатып па Қорқыт атаның күйі, соны ойлауы керек еді газетшілер деп ойлаймын. Ал Раушан шын өнер иесі ғой. Жұлдызы жарқырай берсін.

Аноним 03.05.2020 | 16:12

Раушан Оразбаева менің ұстазым..ҚҰӨУ-нің оқытушысы..Өте керемет жан. Жаны жұмсақ,сабырлы жан.. Қобыз күйлерін ерекше бояумен,жана деммен ойнайтын кісі.. Дәстүрлі өнердің нағыз жанашыры..

Аноним 12.05.2020 | 20:50

Керемет. Аңыз адам

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір